Алматыда қандала қаптады

Жаймашуақ жаз – демалыс мау­сымы басталып, халықтың арқаны кеңге салар шағы. Алайда мұндай алаң­сыз кездің шырқын кейде жән­діктер бұзады. Әсіресе, солардың ішін­дегі ең «сүйкім­сіз­деуі» – қан­дала биыл алматы­лық­тардың әб­ден мазасын алды.

Шаһар тұрғындары көшелер мен аулаларда, терезелерде қандаланың қаптап кеткені жайлы айтып, дабыл қақ­қан еді. Әлеуметтік желі арқылы жанай­қайын жеткізген жұрт қандала пайда болғалы бері тыныш ұйқыдан қалғанын айтады. Мәселен, қала тұрғыны Ольга Колесникованың сөзінше, қаладағы Абай мен Саин көшелері қиылысының аумағында орналасқан үйлерге қандала москитті торлар арқылы кірген. Ал тағы бірі қандаланың түнгі уақытта қапта­ғанын, тіпті иісінен дем ала алмайтын халге жеткенін айтып шағымданады. Олар қауіпті жәндікпен күресудің бірнеше тәсілін қолданып көрсе де, нәтиже болмаған. Яғни, үйге жүргізілген тазалық жұмыстары, арнайы препараттар, терезедегі москитті торлар қандаланың таралуына тосқауыл бола алмаған. Тұр­ғын­дардың ойынша, бұл мәселе ағаш­тарға дұрыс күтім жасалмағаннан ушы­ғып жатыр.

Айта кетейік, аталған паразиттің 40 мыңнан аса түрі бар. Саны жылдам көбейетін жәндіктің ересегі бір мезетте 300-500 жұмыртқа шығарып, олар 40 күн ішінде өсіп-жетіледі. Қандала үшін ең жайлы орын – жылы үй. Мамандар үй жайлы болса, қыс пен жазға қарамастан, маусым бойы белсенді болатынын ескертеді. Көбіне түнде, адам ұйқыға батқан кезде «жорыққа» шығады. Ағаш­тан жасалған жиһаздарда, төсек-орын­дарда, киімдерде, тіпті еден астында да жиі кездеседі. 

Жазкен Жиембаев атындағы Қазақ өсімдік қорғау және карантин ғылыми-зерттеу институтының өсімдікті био­логия­лық қорғау бөлімінің басшысы Нұржан Мұхамадиевтің сөзінше, Алма­тыда қаптаған жәндік қарағаш қандаласы екен.

– Бұл қандаланың кең таралған түрі –  Arocatus melanocephalus. Қарағаш қандаласы деп те аталады. Шамамен осыдан 4-5 жыл бұрын көбейген, сосын қайта азайды. Қарағаш қандаласы адам өмірі үшін қауіпті емес. Шақпайды. Бірақ адамнан шошыған кезде қорғаныш ретінде өзінен жағымсыз иіс бөледі. Сол арқылы адамға қолайсыз жағдай туды­рады. Қарағаштың тұқымдарымен қоректенеді. Жақында олар қыстауға кетеді. Ағаш қандалаларының ошақтары көбіне жеке аулаларда қалыптасады. Уа­қытылы тазалық жұмыстары жүргізіл­меген, ластанған орындар, ескі ағаштар – қандаланың шоғырлануына негізгі себеп, – дейді маман.

Н. Мұхамадиев қалада жеке аула­лар­дың ағаштарын өңдеу кезінде пробле­малар бар екенін жасырмады:

– Кейбір тұрғындар жәндікпен күресуге келген қызметкерлерді ауласына кіргізбейді. Бір тұрғын ауласын дәрілеп беру үшін мамандар шақырса, екіншісі қарсы шығады. Пәтер тұрғындарының бір-бірімен дұрыс келісе алмауынан қандаланың ошақтары қалып қояды. Ескі, дұрыс күтім жасалмаған ағаштар – қандалалар үшін қолайлы орын. Қазір әкімдік мұндай ағаштарды кесуді жос­пар­лап отыр. Ал ағаш әктеу эсте­тикалық көрініс ретінде әсер береді. Ағашқа күтім жасауда тек әкті қолдану жеткіліксіз. Бұдан жәндіктер жойылып кетпейді. Әкке тотияйын қосып, ағашты әктесе, жәндіктермен күресуде пайдалы. Олар қыстап жатқан дернәсілдер мен патогенді микроорганизмдерді күйдіріп жібереді, – дейді ол.

Сондай-ақ энтомолог маман ағаш қандаласымен күресудің жолдарын атап өтті. Оның айтуынша, дуст, ДДТ құралдар бірнеше жылдан бері қолдануға рұқсат етілмеген дәрілер тізімінде екен.

– Жәндіктерді жоюға арналған улы дәрілер, аты айтып тұрғандай, қауіпті. Сондықтан санитарлық, техникалық  қауіпсіздікті басты назарға алуы тиіс. Одан бөлек, өсімдік қорғау ережесін де есте сақтаған жөн. Сіз қолданған пре­параттан үйіңіздегі бір адамның аллер­гиясы болуы мүмкін. Адамдар дезин­фекцияны өздігінен орындамай, арнайы мамандардың көмегіне жүгінгені дұрыс. Терезедегі москитті торларға эвкалипт немесе самырсын майын жағып қойса, жәндік иістен қашады. Ағаш қандала­сымен күресуде халық емін қолданып көруге болады. Мысалы, кірсабын, сарымсақ, пияз ерітіндісін езіп, терезенің айналасына сепсе, адам денсаулығы үшін де қауіпсіз. Дүкеннен дуст препараттарын байқап қалдым. Негізінде бұл қолданыста рұқсат етілмеген. Себебі олардың қалдықтары өте қауіпті. Әсері топырақта 100 жылға дейін сақталады. Адамзат үшін қауіпті ауруларды тудырады. Өсімдік қорғау саласында бұл дәрілер он жылдан бері тізімнен алынып тасталған, – дейді Н. Мұхамадиев.

Қала тұрғындарының мәселесін шешуде қандай шаралар қолға алынды? Бұл жөнінде Алматы қаласы Экология және қоршаған орта басқармасының бас маманы Нұркен Ақмырзадан сұрап білдік:

– Басқарма биыл жасыл желектерді зиянкестерден төрт рет өңдейді. Қазіргі уақытта үшінші кезең бойынша жұмыс­тар басталды. Сарапшылардың пікірін­ше, ағаш қандаласының көбеюіне осы жылғы ауа райы, атап айтсақ, көктемнің жаңбырлы болуы, одан кейін күннің бірден жылынуы өте қолайлы болған, – дейді басқарма өкілі.

Айта кетейік, қандала қаптайтын мұндай жағдай бес жылда бір қайталанып отырады екен.

Алтынай БАУЫРЖАНҚЫЗЫ,

Алматы қаласы

© коллаж: Елдар Қаба