Түркия президенті Режеп Ердоған өткен сенбіде Еуропаға барғысы келетін сириялық босқындарға шекараны ашатынын мәлімдеген болатын. «Біздің еліміз мигранттардың жаңа толқынын ұстап тұра алмайды» деді ол. Грекия билігі шекарадағы қалыптасқан жағдайға байланысты Еуроодақтағы әріптес мемлекеттерден көмек сұрады. Грекияға өтпек болған он мыңдай мигрант Түркияның шекарасында тоқтатылды. Дегенмен 500-ге жуық адам қайыққа мініп, Грекияға қарасты Эгей теңізіндегі аралдарға жетіп алғаны белгілі болды. Грекия полициясының мәліметінше, Лесбос аралына 300-дей кісі жеті қайықпен жетсе, Самос аралына 150 адам төрт қайықпен, Хиосқа 80 адам екі қайықпен барған. Айта кетейік, Түркия өз территориясында 3,7 млн сириялық босқынға орын берген. Одан бөлек, ресми Анкара Иран, Ирак, Ауғанстан және басқа да елдерден босып келгендерге есік ашқан болатын. 2016 жылдың көктемінде Анкара мен Брюссель заңсыз мигранттар ағынын тоқтату туралы келісім жасасты. ЕО елдерімен жасалған осы келісім бойынша Түркия босқындарды өзінде ұстап, ЕО елдеріне жібермеуді міндетіне алды. Есесіне, ЕО-дан 6 миллиард еуро көлемінде қаржы алуы тиіс болатын. Сондай-ақ сол жолы Брюссель Түркияны Еуропа одағына мүшелікке кіргізу туралы келісімді жеделдетеміз және Түркия азаматтары үшін ЕО визасыз режим енгіземіз деген уәде берген. Алайда бұл екі келісім де әлі орындалған жоқ. Түркия билігі сириялық босқындарды асырау қиынға соғып жатқаны туралы бұрын да бірнеше рет мәлімдегені есте. Дегенмен батыс мемлекеттерінен уәде етілген көмек келмеген соң мигранттарды қару ретінде қолдану тәсіліне көшкендей. Кейбір саясаткерлердің жазуынша, Ердоғанға Еуропалық елдердің Сириядағы жағдайды тұрақтандыру ісіне белсенді кіріспей қойғаны ұнамаған. Сондықтан босқындарды қоя беріп отыр. 29 ақпаннан бері Түркия территориясынан жүз мыңнан аса мигранттың шыққаны анықталды. Қайыққа тиеліп, ашық теңізге шығып кеткен босқындардың алды Грекия мен Болгария шекарасына жетті. Грекияның шекара әскері мен мигранттардың арасында бірнеше қақтығыс болып, полиция көзден жас ағызатын газ қолданғаны айтылуда. Грекияның премьер-министрі Кириакос Мицотакис жексенбі күні қауіпсіздік кеңесінің отырысын өткізіп, шекара күзетін күшейту туралы шара қабылданды. Еуропа одағы 2015 жылғы мигранттардың жаппай ағылуынан іш жиып қалған. Бес жыл бұрынғы ахуал қайталана ма деп қауіптеніп отыр. БҰҰ-ның мәліметтеріне сүйенсек, Еуропа елдерінде мигранттар саны 90 миллионға жақындап қалды. Олардың көбі балалар мен жасөспірімдер. Сол себепті ЕО Афиныға шекара мәселесіне көмектесуге әзір екенін жеткізді. Австрияның канцлері Себастьян Курц Facebook-те «2015 жылғы жағдай қайталанбауы тиіс. ЕО шекарасында заңсыз мигранттарды тоқтату керек. Біз қосымша полиция жіберіп, шекараны қорғауға дайынбыз» деп жазды. Франция президенті Эммануэль Макрон да Грекия мен Болгария шекарасында орын алған жағдайға байланысты аталған елдерге көмектесуге дайын екенін жеткізді. Германиядағы Христиан-демократиялық одағының (ХДО) сарапшысы Норберт Рёттген Сириядағы дағдарыстың күшеюіне байланысты Ресейдің ұстанымын айыптап, ЕО елдерін ресми Мәскеуге қысым көрсетуге шақырды. «Ресей агрессиялық соғысын тоқтатуы керек. Егер Мәскеу көнбесе, онда біз Ресейге қарсы жаңа санкциялар енгізуіміз керек», – деді ол. Сонымен бірге неміс саясаткер мигранттардың мәселесін реттеу үшін Түркиямен ынтымақтастықты жалғастыру керек екенін жеткізді. Заңсыз мигранттар ағынының екінші толқынын реттеуге байланысты 5 наурызда Хорватияның астанасы Загребте ЕО сыртқы істер министрлерінің кездесуі өтпек. Дастан ДУМАН