АҚШ Ауғанстанда 19 жыл соғысып, бұл елден әскерін шығаруға бел байлады. КСРО-ның өзі армиясын осы таулы өлкеден бірден шығара қоймаған еді. Америка да сарбаз қайтару операциясын 14 айға созбақ. Сонымен, Дональд Трамп мұндай қадамға неге барды? Ауғанстан АҚШ үшін екінші Вьетнамға айналған жоқ па? 29 ақпан күні Қатар астанасы Доха қаласында АҚШ өкілдері мен «Талибан» қозғалысының жетекшілері кездесіп, 19 жылға созылған соғысқа нүкте қоятын келісім жасасты. Бүгіннен-ақ бұл кездесуге тарихи деген баға берілуде. Алайда бәрі олай ойламайды екен. Мәселен, Иран бұл АҚШ-тың капитуляциясы деген мәлімдеме таратты. Сөз болған кездесуде құжатқа АҚШ-тың Ауғанстан бойынша арнайы өкілі Залмай Халилзад пен «Талибан» жетекшілерінің бірі Абдул Ғани Барадар қол қойды. Сондай-ақ бұл шараға АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы Майк Помпео, БҰҰ, НАТО, ШЫҰ-ның өкілдері қатысты. Аталған құжатқа сай, қос тарап келесі шарттарды орындауға келісті. Егер талибандықтар келісімді бұзбаса, АҚШ 14 айда әскерін шығарады. Бұдан бөлек, АҚШ және Ауғанстан үкіметі 5 мың «Талибан» мүшесін түремеден босатса, қарсы тарап мыңға жуық тұтқынды еркіне жіберуі міндетті. Талибандықтар АҚШ пен оның одақтастарына шабуыл жасамай, ауған жерін теріс мақсатта қолданбауы қажет. Аталған қарулы қозғалыстан ақырындап санкциялар алынып тасталады. Сондай-ақ АҚШ үкіметі Ауғанстанның территориялық бүтіндігіне кепілдік беріп, оның ішкі саяси ісіне араласпауға міндеттеме алды. Осы арқылы АҚШ ауған жеріндегі 13 мың әскерін еліне қайтармақ. Мұндай құжат АҚШ-тың келісімінсіз қабылданбайтыны белгілі. Оған қоса, құжат шарттарына қарасақ, міндеттеменің көпшілігі Вашингтонның мойнында әрі олар бұған дейін жүргізілген қарулы операцияның мәнін жоятын мағынадағы шарттар. Егер бұл келісім АҚШ-қа тиімсіз болса, онда Трамп мұндай қадамға неге барды? 19 жыл жүргізілген соғыс, талай сарбаздың қазасы, ғаламат қаржылай шығын босқа кеткені ме? Әрине, ойға келетін бірінші жауап – АҚШ-тағы биылғы президент сайлауы. Олай дейтініміз, Трамп билікке келмес бұрын армияны Ауғанстаннан шығарамын деп уәде берген. Міне, сол уәдесін орындау үшін ол талибандықтардың қойған шартына көнген секілді. Себебі әскер шығарып, уәдесін орындады деген аргумент сайлау алдында Трампқа саяси салмақ беруі әбден мүмкін. Неге? Бұған дейін экс-президент Барак Обама АҚШ армиясын Ирак және Ауғанстаннан елге қайтарамын деп сан рет мәлімдеп, оның үдесінен шыға алмаған еді. Сондықтан әскер мәселесі – Америка қоғамында маңызды тақырып. Әсіресе, бұл сайлауалды кампания, сайлаудағы дебат кезеңінде өткір мәселеге айналады. Осы жайттарды ескерсек, Трамп сайлауда жеңу үшін барлық қадамға баруға даяр екенін байқау қиын емес. Дональд Трамп өзіне тиімсіз болса да, дегенінен қайтпайтын саясаткер екені белгілі. Мәселен, былтыр Сириядан әскерін шығарамын деп мәлімдеме жасағанда оны демократтар да, өз партияластары – республикалықтар да сын садағына алған. Өйткені ол осы шешімі арқылы Сириядағы жетекші рөлді Ресейге бергенін мойындады деуге болады. Солай болып та жатыр. Қазір Сирияның ішкі ісінде Башар Асадты қолдаған Мәскеудің сөзі жүріп тұр. Сарбаздар елге аман оралды деген аргумент айтылса да, АҚШ-тың әскери қолбасшылары, саясаткерлері бұл шешімге көңілі толмады. «Талибан» қозғалысымен келісімге келуінде де осы мәндес әрекеттерді байқауға болады. Трамп «Талибан» қозғалысымен келісімге келгені үшін тағы да қатты сынға ұшырауы мүмкін. Оған бірнеше себеп бар. Біріншіден, АҚШ Ауғанстанда үлкен шығынға ұшырады. 19 жыл уақытын жұмсады. Осы уақыт аралығында америкалықтар 2 300 сарбазынан айырылып, 20 мыңнан астамы жараланды. Көпшілігі мүгедек болды. Тек 2014 жылдан бері 45 мың Ауғанстан үкіметінің әскері көз жұмды. 92 мыңдай бейбіт халық опат болды. Сарапшылар 19 жылда АҚШ бюджетінен Ауғанстанға түрлі мақсаттарға 2,4 триллион доллар бөлінген дейді. Яғни, осындай ауыр шығынға қарамай, Трамп қарсыласымен келісімге келді. Екіншіден, «Талибан» – БҰҰ террористік деп таныған топ. Ал Трамп осы қозғалыспен шарт жасасып, оның өкілімен қол алысуға тапсырма беру арқылы террористі мойындады, осы арқылы оларды заңдастырды деген сөз. Ал әлемдік практикада террористермен келіссөз жүргізілмейді деген қағида бар. Үшіншіден, АҚШ 2001 жылы қазан айында ауған жеріне неге басып кірді? Өйткені сол жылы 11 қыркүйекте Нью-Йорк және басқа да қалаларда болған ірі террактілерге айыпты деп танылған әл-Каида террористік тобы мен оның жетекшісі Усама Бен Ладен «талибандықтардың» жерінде тығылып жатты. Қолға тапсыруын талап еткенде, бас тартты. Яғни, Трамп террактілерге жанама түрде айыпты болған «Талибан» қозғалысымен келісімге келу арқылы ұлттық күресті тоқтатып тастағандай болды. Міне, ертең АҚШ президентінің саяси оппоненттері оған осындай айыптар тағуы мүмкін. Алайда екінші жағынан қарасақ, Дональд Трамптың шешімінде логика бар. Ол 1989 жылғы Михаил Горбачевтың қадамын қайталады. 19 жылдан соң АҚШ армиясында жеңіс те жоқ, нәтиже де шамалы. Бірақ ары қарай онда әскер ұстаудың мәні де аз. Себебі 19 жылдан кейін де Ауғанстан территориясының 40 пайызын «Талибан» қозғалысы бақылап отыр. Жалпы, бұған дейін екі тарап арасындағы келіссөз сан рет басталған, бірақ бірнеше шабуыл ұйымдастырылған соң дипломатиялық талпыныстар тоқтатылған еді. Оған қоса, талибандықтар Ауғанстанның қазіргі заңды үкіметін мойындаудан, олармен келіссөз жүргізуден бас тартып отыр. Ал бұл жағдай елде қос билік орнағанын көрсетеді. Сонымен өз тарихында Британ империясымен, Кеңес Одағымен, Америка Құрама Штаттары секілді ірі державалармен соғысып, ешбірінің отарына айналмаған ауған елі тағы да тәуелсіздігін сақтап қалды деуге болады. Бірақ ортақ билік, үкімет жоқ. Ауғанстан – әлі де ең кедей, дамуда артта қалған мемлекеттің бірі. Индустрия, инфрақұрылым жайлы сөз қозғау тым ерте. Алайда осыған қарамай соғыс өртінің өшкені маңызды. Бас аман болса, бөрік табылады демекші, елі аман болса, экономикасы әлі де өркендеуі ғажап емес. Нұрмұхамед БАЙҒАРА