Астанада стоматолог-дәрігер, медицина ғылым­дарының кандидаты Жеміс Айдарбекова өз басынан өтіп жатқан жағдайға байланысты Мемлекет басшысынан араша сұрады.
Жалған анықтамамен жарға жықты
1,618
оқылды

Оның айтуынша, бұрынғы күйеуі Мәскеу қаласындағы №4 П.Б.Ганнушкин атындағы пси­хиа­триялық емханаға зорлықпен жатқызып, «есі дұрыс емес» деген жалған анықтама жасатқан. Мұны қасақана түрде жеке кә­сі­бін тартып алу мақсатында ұйымдастырған. Бүгінгі таңда осы емханада адамды зорлықпен жатқызу үшін 40 мың рубль жет­кі­лікті екені анықталған. Осы емха­надан алынған анықтама Ж. Айдарбекованың Алматы қала­сындағы тіс емханасын тартып алып, үш баласын көруге құқығы шектелуіне негіз болған екен. Бұл мәселе бойынша бірнеше мәрте қылмыстық іс қозғалғанмен, бұ­рынғы күйеуі Р.Гаджиевке заң шең­берінде еш шара қолданыл­маған.

Бүгінгі таңда өз еңбегімен құрған кәсібінен де, үш баласы­нан айырылған ана көптеген заң бұзушылық болып жатқанын күйіне жеткізді. 

– Мен Руслан Гаджиев есімді Қазақстан азаматына тұрмысқа шықтым. Біздің үш баламыз бар. Өзімнің жеке тіс емханамды 2007 жылы ашқан болатынмын. Ал күйеуім онда қарапайым тіс дә­рігері болатын. Бүгінгі таңда бұ­рынғы күйеуім жалған анықтама арқылы жеке кәсібім мен бала­ларымды тартып алды, – дейді ол. 

Түрлі жағдайлармен қоқан-лоқы көрсеткен күйеуі оған айт­қан талаптарына келіспесе жағ­дайы бұдан да қиын болатынын айтып қорқытқан. «Маған кәсібіңнің 100 пайызын бересің, есесіне саған үй қалады» деп уәде берген күйеуінің сөзіне сенген ол ақырында барлығын тартып алмақ болғанын айтады.

Ж.Айдарбекова қаншама дәлел-дәйектері бола тұра, құзыр­лы мекемелердің ешқандай әрекетсіз отырғанына қынжы­лады.

Наурызбек САРША