Петропавлда тұңғыш рет бизнес өкіл­дері үшін дауларды шешудің баламалы тәсілдеріне арналған форум өтті.
Дау мұраты – біту
777
оқылды

Қазақ даласының ерекшелігі – дауды сот­қа жеткізбей, бітімгершілік жолымен ше­шу. Біздің елімізде дауды сот арқылы ше­шу тым ұзаққа созылатыны, тараптарды жа­лықтыратыны және жалпы, аса жақсы үр­діс саналмайтыны да осы жиында ай­тыл­ды. 

Бұл орайда «AMANAT» партиясы об­лыс­тық филиалы мен «Халықаралық ме­диация орталығы» қоғамдық бірлестігі өкіл­дігінің арасында жасалған меморандум ая­сында бірқатар мәселе оң шешімін табу­да. 

«Биыл 31 мамырда қол қойылған ме­мо­рандум шеңберінде тараптар бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып, бірлесе жұ­мыс істеп жатыр. Біз жеке және заңды тұл­ғалар арасында туындайтын дауларды рет­теудің соттан басқа балама тәсілдерінің ар­тықшылықтарын кеңінен тарату мақ­сатында ынтымақтастықты жүзеге асы­ру­да­мыз. Сондай-ақ біз дауларды медиация тәр­тібімен реттеудің артықшылықтары ту­ра­лы халықты хабардар етеміз, түрлі дау­­ды реттеуде медиаторлардың қаты­суы­мен бір-бірімізге жәрдемдесеміз. «Заң­гер­лік көмек», «Құқықтық көмек» партиялық жо­балары аясында қоғамдық қабылдау алаңын­да азаматтарды қабылдаймыз. Жү­гіну­­шілердің мәселелері Алтын би Қал­кен­қызы бастаған бітімгерлердің қаты­суы­­мен қаралады әрі бірқатары оң ше­ші­мін тауып та жатыр», – деді «AMANAT» пар­тиясы Солтүстік Қазақстан облыстық фи­лиалының атқарушы хатшысы Жеңіс Асанов.

Оның айтуынша, меморандумға қол қойылғаннан бері 2 айға толар-толмас уа­қыт­та 7 қабылдау өткізіліп, оған 50-ден астам адам жүгінген. Олардың өтініші не­гізі­нен еңбек келісімшартынсыз жұмысқа орналасу немесе оның шарттарының құры­лыс, ауыл шаруашылығы салаларында сақталмауы туралы. Жалпы, жыл басынан бері қоғамдық қабылдау бөлмесіне келіп түс­кен өтініштің 80-нен астамы – еңбек дау­лары мен жұмысқа орналастыруға бай­ланысты. Оның ішінде еңбек заңна­ма­сының бұзылуы, жалақы төлемеу, зейне­та­қы төлемдерін аудармау туралы арыздар бар. Мәселен, «Петропавл қаласының ха­­лық­аралық әуежайы» АҚ-ның зейнета­қы төлемдері бойынша 2007 жылдан бас­тап 2021 жылға дейінгі қарызы 34 миллион тең­ге шамасында. Жұмысшылар еңбек өті­лін жоғалтып, ең төменгі кесте бойынша зей­нет демалысына шығып жатқандарына на­разы. Сондай-ақ еңбек келісім­шар­тын­сыз адамдарды жұмысқа қабылдап, ақыр соңында еңбекақысын төлемеген құрылыс ком­паниялары мен ауыл шаруашылығы құры­лымдарына қатысты шағым көп. Мә­селен, Ғ.Мүсірепов атындағы аудандағы ЖШС-лардың бірінде 26 сәуірден бастап 28 маусымға дейін көктемгі егісте атқарған жұмысы үшін небәрі 50 мың теңге жалақы алған жұмысшы араша сұрап «AMANAT»-қа келген. Мұндай шағымдардың кейбіреуі пар­­тияның араласуынан кейін қанағат­тан­дырылды. Мәселен, Уәлиханов ауда­нын­да тұратын Қымбат Ысқақова, ақжар­лық Ғалия Ахметова, «КазЕврострой» ЖШС-ынан маңдай ақысын талап еткен ағайын­ды Губанковтардың мәселесі оң ше­шімін тапты. Кейбір мәселе бойынша ауыз­ша, жазбаша ақыл-кеңес берілді. 

«AMANAT» партиясының облыстық фи­лиалы алдағы уақытта да азаматтардың мә­се­ле­лерін шешу, құқықтық сауат­ты­лы­ғын арттыру мақсатында медиаторлармен бірлескен жұмысты жалғастыруға мүдделі. Медиаторлар да кет әрі емес. «Халық­ара­лық медиация орталығы» республикалық қо­ғамдық бірлестігінің негізін қалаушы, ме­диация сарапшысы Назым Тулекеева, әсі­ресе қоғамдық қабылдау алаңын пай­да­лануға ниетті екенін қадап айтты. 

Бүгінде ел Президенті барлық даудың 90 пайызы медиация жолымен шешілуі тиіс деген міндет қойып отыр. Назым Мү­тәл­лапқызының айтуынша, медиацияның кө­мегімен шешімін тауып жатқан мә­се­ле­лердің тең жартысы отбасы-тұрмыстық қа­рым-қатынасқа байланысты. Одан кейін­­гі орында – жасасқан келісімнің шарт­тарын орындамауға қатысты даулар. 

«Қазір тіпті аса ауыр емес қылмыстық іс­тер бойынша да медиация дамып келеді. Соңғы кезде мемлекеттік органдар мен қо­ғам бітімгершілікке бойлары біртіндеп үйреніп келеді. Оған статистика дәлел: 2014 жылы медиация жаңа басталған кезде ел бойынша барлығы бір мың процедура жа­салса, қазір төрт мыңнан астам. Біздің мақ­сатымыз – осындай форумдар арқылы көп істі сотқа жеткізбей шешуге болаты­нын насихаттау», – деді медиация сарап­шы­сы Назым Тулекеева. 

Бірақ оның айтуынша, Солтүстік Қа­зақ­стан облысында медиация 2021 жылдан бері ғана жақсы серпін алған. Себебі оған дейін бұл өңірде орталықтың өкілі бол­ма­ған. Бүгінде медиацияны дамыту бойынша солтүс­тіктегі өкілдік алдыңғы қатарда. 

Солтүстік Қазақстан облысы бойынша IMC өкілдігінің директоры, сондай-ақ Сол­түстік Қазақстан, Ақмола, Қостанай, Қа­рағанды облыстары бойынша өңірлік кура­торы Алтын Би Бесембаева келтірген дерек­терге үңілсек, 2021 жылдың сәуірінен бастап осы күнге дейін 6 300-ден астам ме­диация процедурасы өткізіліпті, ал биыл­ғы жылдың алғашқы жартысында екі мың­ға жуық дау бітімгерлік жолымен ше­шімін тауып, тіпті шаңырағы шайқалғалы тұрған 50 шақты отбасын сақтап қалудың сәті түскен. Даудың барлығы 100 пайыз ше­шімін тапқан. 

Форум жұмысына қатысқан Солтүстік Қазақстан облыстық сотының төрағасы Ер­бол Жанғазин бүгінде ел заңнамасы дау­дың бітімгершілікпен аяқталғанына ба­ғытталып отырғанын, соттар да тарап­тар­ды татуластыруға ықпал ететінін атап өтті. Ол сондай-ақ медиацияның уақыт пен қаржы үнемдеу, дауды тиімді шарт­тар­мен шешу, достық қарым-қатынасты сақ­тап қалу сияқты артықшылықтарына тоқ­­­­талды. Қазір облыс соттарында 31 та­ту­ластырушы судья жұмыс істейді. Сот төра­ғасының айтуынша, биылғы жылдың бірін­ші жартысында талап-арыздардың 18 пайызы бітімгершілік жолымен шешілген. 

Қазақстандық медиаторлар соңғы кез­де халықаралық деңгейдегі дауларды ше­шуге де атсалысып жүр. Халықаралық ме­диация орталығының құрылтайшысы Қай­рат Тулекеевтің айтуынша, осы уақыт ішін­де халықаралық дәрежеде 23 елдің қа­тысушыларымен екі мыңдай процедура өткізіліпті. 

Қазақстан дүниежүзінде медиация бойынша көшбасшыға айналуы әбден мүм­кін. Себебі қазақ халқының ұлы дала­сы – ұлы өркениеттің аумағы, аты аңызға ай­налған билер мен қолбасшылардың ту­ған жері. Бітімгершілік – қазақтың қа­ны­на туабіткен генетикалық код. Сон­дық­тан халықаралық деңгейде көш бастауға еліміздің әлеуеті де, мүмкіндігі де жетерлік. Форумда медиаторлар осы мәселені де көтерді. Ендігі мақсат – қазақ халқының салт-дәстүрін негізге алып, ұлы далада ежел­ден жұмыс істеген билер институты­ның жаңартылған заманауи нұсқасын күл­лі әлемге паш ету. 

Роза ШӘКЕН,

Солтүстік Қазақстан облысы