Құм құрсауындағы ауылдар

Атырау облысындағы он­даған ауылға құм басу қаупі төніп тұр. Басты себеп – те­ңіздің тартылуы мен құрғақ­шылық. Соның салдарынан, толассыз көшкен қызыл құм ауыл ішіндегі үйлерді басып қалуы мүмкін.

Қазір Атырау облысындағы Исатай ауылы құмның құрсауында қалды. Ауыл тұрғыны Фаруза Сұлтана­лиева үреймен өмір сүріп жатқан­дарын айтады. 

«Құмның толассыз басуы ауыл ішіндегі қозғалысты қиындатып жіберді. Кез келген уақытта құм үйімізді басып қала ма деп қор­қамыз. Толассыз көшкен құмға аңызақ жел қосылғанда, қайда кетерімізді білмейміз. Терезелерді ашып, желдету арман болып қалды», – дейді ауыл тұрғыны. 

 Исатай ауылының әкімі Аслан Ғұбаштан білгеніміздей, қазір ауылда жағдай қауіпті. Құм тоқтату мақсатында сексеуіл егу жұмыс­тары қолға алынғанымен, мердігер компания бұл шаруаны аяқсыз қалдырған. 

«Былтыр құм тоқтату жұмыс­тарына 115 млн теңге бөлінді. 27 мың түп сексеуіл егілді. Бірақ мердігер компания жұмысты сал­ғырт ұйымдастырғандықтан, нәтиже болмады. Бүгінде ауылдың ішіндегі қызыл құмды далалық жерге арнайы көліктермен шығару жұмыстарын ұйымдастырып отырмыз. Бірақ дамылсыз көшіп жатқан құм бой бермей тұр», – дейді Исатай ауылының әкімі Аслан Ғұбаш. 

Құм басу қаупі төніп тұрған ауылдардың қатарында Зинеден, Сағыз, Қарабау, Нарын, Қаракөл, Жасқайрат елді мекендері бар. 

Атырау облыстық Табиғи ре­сурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары Нұргүл Қалиеваның айтуынша, соңғы 10 жылда об­лыста құм көшкіні белең алып бара жатыр. 

«Сексеуіл егу жұмыстары тап­сырылған «Қайсар» ЖШС кепіл хат беріп, алдын алу бағы­тындағы жұмыстарды аяқтауға уәде етті. Жұмыстар нәтижелі атқарылмаған жағдайда сотқа жүгінеміз. Ал егер Исатайда қолға алынған жұмыс жемісін берсе, шағылға көмілген елдімекендердің іргесіне сексеуіл егу жалғасатын болады», – деді Нұргүл Қалиева. 

Жалпы, құм көшкіні бүгін ғана пайда болған проблема емес. Осы ретте біз ауыл шаруашылығы ғы­лымдарының докторы, профессор Бақтыбек Таубаевтан мәселеге байланысты пікірін сұрап көрдік. 

«Құм көшкінін тоқтатудың екі амалы бар. Біріншісі – ауылды біртіндеп қолайлы аймаққа көшіру. Екіншісі – жауапкершілікті қолға алып, нақты шаралар қабылдау. Бұл екі жолдың екеуі де орасан қар­жыны қажет етеді. Бірақ ауыл­дарды бәрібір құм көшкінінен құтқару керек», – дейді профессор.

Ғалымның пікірінше, сексеуіл егумен бірге, ауылдардың маңын жасыл оазиске айналдыру да маңызды. 

«Құм басу проблемасы осыдан біраз жыл бұрын Маңғыстау об­лысында болды. Маңғыс­таулықтар Алматыдағы География институты ғалымдарымен бірлесіп, үлкен жұ­мыс атқарды. 2007 жылы Маңғыс­тау облысындағы Сенек ауылының маңында шамамен 400 гектардай тоғай пайда болып, құм­ның жыл­жуы тоқтатылды. Осы­лайша, Маң­ғыстаудың шөл дала­сында тұңғыш рет бір ауылдың маңы жасыл ал­қап­қа айналды», – дейді ауыл ша­руа­шылығы ғы­лым­дарының док­торы, профессор Б.Таубаев. 

Иә, қазір Атырау облысында ауылдардағы құм көшкінін тоқтату үшін сексеуіл егу, ағаштардан қор­ған тұрғызу бағытында жұмыстар атқарылып жатыр. Бірақ әңгіме жұ­мыстарды үйлестіруі тиіс мер­дігер мекеменің істі салғырт ұйымдастыруында болып отыр. Сексеуіл егу басқа да, оны күту – басқа жұмыс. 

«Мәселен, мердігер мекеме был­тыр ауылға сексеуіл егіп кетті. Бірақ ол суарылмады. Суаруға өзіміз араласайық десек, ауылда техника жоқ. Ал мердігер мекеме жауапкершілік алғаннан кейін, ағашты егумен шектелмей, оны суарып, әрі қарай өсуіне де жауапты болуы керек», – дейді Зинеден ауы­лының әкімі Ерлан Ескендірұлы.

Қалай десек те, құм көшкінін тоқтатуға қалың өскен ағаш кө­мектесе алады. Мердігер мекеме ағашты еккен күннің өзінде, әрі қарай оған күтім тұрақты көрсетілуі керек. Осы ретте шалғай ауылдарды қажетті техникамен қамтамасыз ету мәселесі де назардан тыс қалмаса дейміз.

Баян ЖАНҰЗАҚОВА