Осылайша, қағаз беттерінің экранға ауысқаны баспагерлерді жаңа қадамдар жасауға итермелесе, оқырман үшін мүмкіндіктер аясын кеңейтті. Қазақ аудиториясы да әлемдік трендтен қалыс қалған жоқ. Соңғы онжылдықта қазақ тіліндегі кітап нарығы кеңестік кезеңде қалыптасқан ережелерден бас тартып, нарық заңдылықтарына бет бұрғанын көріп отырмыз.
Жай ғана әлемдік бестселлер кітаптар түпнұсқа тілден қазақ тіліне тікелей аударылып басылуының өзі саннан сапаға бет бұрудың алғашқы қадамы іспетті көрінеді. Буккросинг-сөрелерінің пайда болуы, кітапханалардың заманауи технологияларға сүйеніп жұмыс істеуі, кітап қорының цифрлық форматқа ауысуы – бәрі де қазақстандық оқырманның көкжиегін кеңейтуге бағытталған игі шаралар.
Қазақ тіліндегі басылымдар әзірге ішкі нарықтан өзіне тиесілі үлесін кеңейтуге тырысып бағуда. Дегенмен алдағы уақытта қандай өзгерістер күтіп тұрғанын бағамдау үшін әлемдік нарыққа шолу жасап көрелік.
2021 жылы дүниежүзі бойынша кітап нарығы 138,35 млрд АҚШ долларына бағаланды және 2022-2030 жылдар аралығында жылдық жиынтық өсу қарқыны (CAGR) 1,9%-ға өседі деп күтілуде.
Нарық не дейді?
Оқу тәжірибесін жеңілдете түсетін инновациялық шешімдерді нарықтың өсіміне тікелей әсер етуші фактор деп қарастыруға болады. Дегенмен нарықта сауда немесе заңнамалық басылымдармен салыстырғанда академиялық баспагерлер басым түседі. Өйткені олар мен білім беру жүйесі арасында симбиотикалық байланыс бар. Бұл баспалардың көпшілігі техникалық, медициналық және кәсіптік біліммен айналысатын мектептерге, колледждерге, университеттерге және ғылыми-зерттеу институттарына тікелей қызмет көрсетеді.
Нарықтағы басты мәселелердің бірі – баспа және электронды кітап бағасының өсуі. Осы себепті тұтынушылар қазір кітаптың жаңа данасын сатып алудың орнына балама нұсқаларын іздейді. Нәтижесінде, оқырмандар қымбат кітаптарды «қолдан» сатып алу немесе авторлық құқығы күмәнді электронды нұсқаларын жүктеу сияқты «қолжетімді» жолдарын табуға тырысады.
COVID-19 нәубеті дамыған нарықтардағы сауда көлемінің ұлғаюына себеп болса, баспа өндірісі дұрыс жолға қойылмаған елдерде, керісінше, тұтыну мөлшерінің төмендеуіне әкеп соқтырды. Пандемия бүкіл әлем бойынша жүздеген мың адамды үйде жұмыс істеуге мәжбүр етіп қана қоймай, тұтынушыларға өзін-өзі дамытуға мүмкіндік берді. Осындай хаос кезеңінде үйде өнімді уақыт өткізу мақсатында кітаптар үлкен сұранысқа ие болғаны жасырын емес. Бұл өз кезегінде әлемдік кітап нарығының өсуіне ықпал етті.
Ал Қазақстан жағдайында, керісінше, соңғы кезде баспа үйлерінің саны артқанымен, баспа ісі нарықтағы өз позициясынан ығысып, өзге салаларға орын бергенін байқауға болады. Мәселен, тәуелсіздік алған жылдары Қазақстанда 12 баспа тіркелген болса, қазіргі таңда мұндай кәсіпорындардың саны 271-ге жеткен. Ұлттық статистика бюросының дерегіне назар аударсақ, 2019 жылы баспа нарығы 76,9 млрд теңгені құрап, соңғы онжылдықтағы шарықтау шегіне жеткенін көреміз. Ал былтыр бұл көрсеткіш 35,8 млрд теңгемен шектелген. Мұның себебін, біріншіден, пандемиядан іздесек, екіншіден, аймақтағы геосаяси және экономикалық ахуалдың ықпалы деуге болады.
Баспа бизнесінің «локомотиві»
Жоғарыда айтып өткеніміздей, отандық кітап нарығында да әзірге академиялық басылымдар басқа сегменттермен салыстырғанда көш бастап тұр. Оның ішінде білім оқулықтары өткен жылы 682,7 млн теңгені құраса, 60,3 млн теңге көлемінде ғылыми-техникалық және академиялық кітаптар басылып шыққан. Балаларға арналған кітап нарығы 26,4 млн теңгені құрап, алғашқы үштіктің соңына жайғасқан.
Тіпті, қазақ тіліндегі алғашқы кітаптың өзі де академиялық мақсатта жарық көрген Ахмет Байтұрсынұлының араб графикасына негізделе отырып жасаған «Әліппе» болатын. 1922-23 оқу жылында 14 оқулық, оның ішінде «Грамматика», «Физика», «Алгебра», «Педагогика», «Мектеп гигиенасы», Сұлтанбек Қожановтың «Арифметика оқулығы», Иса Тоқтыбаевтың «Бастапқы география» оқулықтары болды. Сондай-ақ Әбубәкір Диваев «Қамбар батыр»,«Қобыланды батыр», «Алпамыс батыр», «Қыз Жібек», «Шора батыр» жырларын жинақтап, кітап ретінде басып шығарды.
Баспагерлер арасында «балаларға арналған кітаптар – ең бәсекеге қабілетті нарық» деген пікір бар. Өйткені, балалар әдебиеті баспа бизнесінің «локомотивтерінің» бірі бола алатынын барлық баспагерлер түсінеді. Отандық баспа өндірісіндегі кітаптардың шамамен 70 пайызы қазақ тілінде шығарылады. Бір қызығы, кітаптар кішкентайларға немесе жастарға арналған. Өйткені жасөспірімдердің көп бөлігі оқудан гөрі компьютерлік ойындарға бейім. Сала мамандарының айтуынша, кез келген кітап маркетингке мұқтаж. Бүгінде кітапқа да тауар ретінде қарап, нарық заңдылықтарына сай барлық құралды пайдалану қалыпты жағдайға айналып келеді. Қалай болғанда да, енді ғана еңсе түзеп келе жатқан ішкі нарық субъектілері үшін көршілес елдің баспаларымен бәсекелестікке түсу оңайға соқпасы анық.
Маңызы терең маркетинг
Соңғы жылдардағы геосаяси және экономикалық жағдай да баспа өнімдерінің өзіндік құнының шарықтауына әсер еткеніне куә болдық. Қазіргі таңда отандық нарықтағы қағаз, сия секілді баспа ісіне қажетті қосалқы заттардың барлығы-дерлік Ресейден тасымалданады. Ресей мен Украина арасындағы жанжалдың әсерінен қағаз бағасының күрт қымбаттап кеткенін де білеміз. Сарапшылар мұны сол кездегі рубль құнының күшеюімен байланыстырып отыр.
«Бірақ қазір ресейлік валюта жанжалға дейінгі деңгейге түскенімен, баспахана өнімдерінің құны сол қалпында қалып қойды», – дейді «Мазмұндама» жобасының авторы Шыңғыс Мұқан.
Дегенмен өзге факторлармен салыстырғанда маркетингтің маңызы жоғары екенін ескерсек, бар назарды нарық заңдылықтарына бұру қажеттігін түсінеміз. Қазіргі таңда мұны толықтай баспаның жауапкершілігіне жүктеу де әділетсіз дер едік. Өйткені автор да шығарманы жазу барысында-ақ оның нарықтағы орнын бағамдай алуы және оқырман сұранысына сай болуын қамтамасыз етуі қажет.
Ш. Мұқан бұл тұрғысынан әлі де классиктерге сұраныс көптігін алға тартып отыр. Оның айтуынша, нарықта қазіргі қазақ авторлары көп деп айтуға әлі ерте.
– Соңғы уақытта әсіресе проза жанры төмендеп кетті. Содан болар, кез келген кітап дүкеніне барып қазақша кітаптарға көз жүгіртіп шықсаңыз, Абайдан басталатын кеңес үкіметі кезінде қалыптасқан ақын-жазушылардың кітаптарын көресіз. Дегенмен кітапқа деген сұранысты тудыратын маркетинг. Сондықтан егер маркетингі жақсы болса, кез келген жақсы шығарманың сұранысын арттыруға болады. Ал, керісінше, насихаты төмен болуы себепті жақсы жазылған шығармалардың өзі сатылмай сөреде жатып қалуы да ғажап емес, – дейді ол.
Сондай-ақ қазіргі таңда редакторлар мектебі – бізде үлкен мәселе, өйткені сауатты редакторлар мен аудармашылар тапшы.
– Осыған дейін қазақ редакторларының мектебін қазақ баспасөзі қалыптастырып келген болатын. Мәселен, «Егемен Қазақстан», «Жас Алаш», «Қазақ әдебиеті» газеттері және «Жұлдыз» журналы секілді басылымдар қазақ редакторларын тәрбиелеп шығарды. Қазір ақпараттық технологияның дамуы себепті мерзімді басылымдар кенже қалып қойды. Сондықтан редакторлық мектеп те қиын жағдайға тап болған секілді. Ал ақпарат айдынына шыққан сайттардың қазақшасы сын көтере бермейді. Баспадағы редакторлар мектебіне келер болсақ, өзіміз де шет тілін меңгерген, аударманы түпнұсқа мәтінмен салыстыра отырып өңдей алатын редакторларға мұқтажбыз. Мұндай редакторлар – өкінішке қарай, жоқтың қасы, – дейді Шыңғыс Мұқан.
Қолжетімді кіапхана қайда бар?
Ал ендігі мәселе, осы азды-көпті жарық көріп жатқан шығармалар оқырманға қаншалықты қолжетімді? Жекеменшік кітап дүкендерінен бөлек, мемлекет тарапынан қандай жобалар іске асырылды?
Picodi.com талдаушыларының дерегіне сүйенсек, әлемдегі қоғамдық кітапханалардың қолжетімділігі жағынан Астана 22-орында тұр. Осы зерттеуге енгізілген қалалардың ішінде Брюссельдегі қоғамдық кітапханаларға қолжетімділік оңай. Қаланың әрбір 10 мың тұрғынына 1 кітапханадан келеді. Салыстыру үшін айтсақ, Ұлыбритания астанасы Лондонда бұл көрсеткіш – 0,39, ал Берлинде – 0,25. Ал елордада орналасқан қоғамдық кітапханаларды әрбір 10 мың тұрғынға шаққанда 0,15 кітапханадан келеді. Соңғы мәліметтерге сәйкес қалада тұратын 1,2 миллионнан астам адамға 18 мемлекеттік кітапхана қызмет көрсетеді.
Аймақтардағы ахуалға келсек, Көкшетауда бұл көрсеткіш – 0,78, Қызылордада – 0,72 және Талдықорғанда – 0,67. Алматы қаласында тұрғындардың көптігі себепті кітап алу әлдеқайда қиын, онда 10 мың тұрғынға тек 0,13 кітапхана қолжетімді.
Америкалық кітапханалар қауымдастығының мәліметі бойынша қоғамдық кітапханалар қоғамдастық өмірінде маңызды рөл атқарады, тұрғындарға мәдени іс-шаралар өткізуге және кездесуге орын береді. Бүгінде біз де кітапханаларда түрлі мәдени шаралардың ұйымдастырылуы себепті креативті хабтарға айнала бастағанын көріп жүрміз. Бұл, бір жағынан, халықтың оқуға деген ынтасын арттырса, екінші жағынан, саланың өзге бағытта өркендей түсуіне сеп болады деп сенеміз.
Камила ЕРКІН