Екі қабаттан тұратын үйдің тарихы тым әріде жатыр. Біз көрген-білгенімізді, көңілге түйгенімізді бөлек жаза жатармыз. Осы сапарда Батыс Алашорда тақырыбына қатысты алаштанушы, ғалым Дәметкен Сүлейменованың көптеген зерттеу еңбектерін көрдік. Сөйтіп, елордаға келе салысымен Дәметкен апайды іздеген едік. Апаймен әңгімеміз де Жымпитыдағы «Алаш» үйінен басталды.
– Алашорда тақырыбын сөз еткенде Шығыс Алашорданы көбірек қозғаймыз да, Батыстағы Жаһанша бастаған топ сырт қалып қоятын секілді. Мұның себебі неде? Әлде Батыс Алашорданы зерттеушілер аз ба?
– Астанаға көшіп келгеніме үш жылдай болып қалды. Алаш тақырыбына, Алашордаға қатысты жиындарға жиі қатысып тұрамын. Сондай кездерде Әлихан, Ахмет, Міржақып есімдері жиі аталады да, Батыс Алашорда, Ойыл уәлаяты, Жаһанша, Халел есімдеріне келгенде тым-тырыс, үнсіз қалып қояды. Былтыр Жаһанша Досмұхамедовтің туғанына 135 жыл толды. Сол кісінің мерейтойын республикалық деңгейде атап өтейік деп «Ақ жол» партиясы басшыларына хат жаздым. Ғылыми-практикалық конференциялар өткізейік деген ой болған еді. Ешқандай хабар да жоқ, ешқандай мәлімет те болған жоқ. Сол хат ескерусіз қалып қойды.
Жаһаншаның мерейтойы Оралда, өзі туған аймақта дүркіреп өтті. Түрлі іс-шара ұйымдастырдық. Флешмобтар өткіздік. Менің жолдасым да тарихшы. Өмір бойы Хамза Есенжанов туралы зерттеп келе жатыр. Ол кісінің есімін жақсы білесіздер. Әйгілі «Ақжайық» трилогиясының авторы. Қуғын-сүргін көрген кісі. Бұрнағы жылы «Алжирге» бардық. Сенесіз бе, музейде Батыс Алашордаға қатысты ақпарат мардымсыз. Жалғыз Жаһаншаның суреті ғана тұр. Бұл тақырыпты зерттеп келе жатқаныма 27 жылдан асып кетті.
5 монографиялық еңбек жаздық. Батыс Алашорда десе, үнсіз қала алмаймын.
– Жалпы, Батыс алашордашылардың әйелдері «Алжирде» тұтқында болған ба?
– Болған жоқ. Себебі бұлардың көпшілігі орыстан әйел алды. «Алжирде» тек Сейітқали Меңдешовтің әйелі қамауда болған. Сейітқали Меңдешов – Бөкей Ордасынан шыққан адам. Ол кісі нағыз коммунист, Алашордаға қарсы болған. Сөйткен Сейітқали Меңдешов 1937 жылы «Халық жауы» болып ұсталып, 1938 жылы атылды. Қазақ мемлекетін құрамыз деген Әлихан, Ахмет, Жаһаншалар да 1937 жылы ұсталды. Олар да «Халық жауы» болып атылды. Міне, қараңыз: Кеңес үкіметіне қызмет еткен адам да жоқ, «оған қызмет етпейміз, Кеңес үкіметін мойындамаймыз, біз қазақ мемлекетін құрамыз» деген адамдар да жоқ. Сонда Кеңес үкіметіне бәрібір болып тұрғаны ғой. Оларды неге құртты? Себебі олардың бәрі өте білімді адамдар еді. Қазақта білімді адам болмауы керек сияқты. Өйткені қазақты мәңгүрт ретінде 70 жыл билеп-төстеу керек болды. Сондықтан білімді, зерек, халықты соңынан ертеді-ау деген адамдарды шетінен құртып жіберді. Мысалы, Әбдрахман Әйтиев. Ол кісі негізінен Жаһаншаларды қолдаған адам. Оларды ұстап әкеткен кезде де тірек болған кісі. Бірақ Кеңес үкіметіне қызмет етті. Сонысына қарамастан оны да «халық жауы» деп қуғындап, құртып жіберді. Кеңестік жүйенің саясаты – олар оқыған қазақты біріктірмеу керек екенін жақсы меңгерген. Сосын уақыты келгенде екі топты да жойып жіберді.
– Батыста Жаһанша мен Халел деңгейінде қызмет атқарған, аты көп айтылмай жүрген алашордашылар көп болған секілді. Олар неге ұзақ уақыт зерттелмей қалды?
– Ондай адамдар өте көп болған. Мәселен, Дәулетше Күсіпқалиев. Арғы атасы – хан тұқымы. Сөйте тұра, 1917 жылы земствоны басқарады. Ойыл қаласында өткен Орал қазақтарының 2-ші съезінде оны земство басшысы етіп тағайындайды. Өте білгір дәрігер болған. Ханның тұқымы болса да, үрім-бұтағымен Алашқа қызмет етті. Бақтығали Бисенов – алғашқы қазақ дәрігерлерінің бірі. Орал қазақтарының төртінші съезінде, яғни 1918 жылы 18 мамырда Ойыл уәлаяты құрылды. Жеті мүшесі сайланды. Басшысы – Жаһанша Досмұхамедов. Заңгер, бірнеше тілді меңгерген, жанып тұрған адам. Қарапайым отбасынан шыққан. Жаһанша жасынан зерек болған, бес жасында атқа мінгізіп, ислам дінін қабылдатып, молдаға оқуға береді. Екі жыл молдадан дәріс алады. Одан кейін Оралда ашылған орыс-қазақ мектебінде білім алып, кейінірек әскери училищеге оқуға түседі. Сонда жүріп неміс, орыс, латын тілін меңгереді. Мәселен, Халел Досмұхамедов. Полиглот емес пе? Бірнеше тілде сөйлеп қана қойған жоқ, лингвистикалық сингармонизм заңын ашып тұр. Ал өзінің мамандығы – дәрігер. Бұлар неге шетінен білімді болды? Оның бірнеше себебі бар. Біріншіден, білім беру жүйесі өте мықты дамыған. Патша үкіметі қазақтардың балаларын оқытпауға тырысқан. Соған қарамастан сол жылдары Орал әскери-реалдық училищесінде 18 бала білім алған екен. 1903 жылы осы училищені Халел бітіріп шықса, 1905 жылы Жаһанша бітіреді.18 баланың бәрі стипендия алып отырған. Оның бірін руды, елді басқарып отырған сұлтандар төлеген. Екіншіден, бұлар Орал губернаторының стипендиясымен оқыған. Оларға бір емес, бірнеше стипендия төлеген. Қазір біз білімді, мықты студентке осындай жағдай жасай аламыз ба?
Патша үкіметі кезінде қазақ балалары аз оқыған. Бірақ аз оқығанымен, сол кездегі билер, сұлтандар, ел басқарып отырған қазақтар зерек, оқимын деген балаларды өз қаражатымен оқытып отырған. Байлар байлық деп дүние жинай бермей, сол дүниесінен инвестиция деп білімге ақша құйған. Өз баласына ғана емес, жоқ-жітіктің де балаларын оқытқан. Қазір қалталылардың балалары шетелдерде білім алуы мүмкін, бірақ қарапайым адамдардың балаларының білім алуына мүмкіндік жоқ. Ол заманда бай-кедей деп қарамай, кім зерек, соған инвестиция құйған.
– Жымпитыдағы Алашорданың батыс бөлімшесі отырған үйде Жаһанша бастаған топ қанша уақыт билік құрған?
–1918 жылдың мамырында Орал қазақтарының 4-ші съезінде Ойыл уәлаяты атты уақытша үкімет құрылды. Ойыл уәлаятын құрғаннан кейін олар бірден қазіргі мемлекеттік құрылым секілді жұмыс істеген. Ең алдымен территориясын бекіткен. Ойыл уәлаятының территориясына Торғай облысының бір бөлігі, Ақтөбе, Атырау, Орал өңірі кірген. Екіншіден, телефон, телеграф байланыстарын ұстаған. Бұл туралы Жаһаншаның Дутовқа жазған хаты бар. Оны біз тауып алдық. Сол хатында: «Ендігі беретін бұйрықтарыңыздың барлығын тек Жымпитыға бересіздер. Оның басшысы – Жаңғожа Мергенов. Сол кісімен хабарласып отырыңыздар» дейді. Бұл үкімет қыркүйекке дейін Ойыл уәлаяты деп аталған. Оны неге таратты? 1918 жылдың 8 қыркүйегінде Уфада уақытша үкімет басшыларының қатысуымен үлкен жиын өтеді. Оған Кеңес үкіметі ғана қатыспайды. Керенский, әскер – ақ гвардияшылар – Құрылтай жиналысы комитеті (Комуч), Алашорда үкіметі мүшелері келеді. Үлкен құрылтайға жиылғандар «жаңа үкімет құрылады» деп ойлайды. Уфадағы жиында алашордалықтарға тосынсый жасайды. Олар бірден «Алашорда үкіметін тарату керек» дейді. Осыдан-ақ олардың қазақтарға көзқарасы қандай болғанын байқауға болады. 1918 жылдың 11 қыркүйегі күні кешкісін Уфа қаласында төтенше съезд ашады. Осы съезде Алашорданың батыс бөлімі құрылып, Ойыл уәлаяты тарайды. Өзгелерге көз қылып, Ойылды таратады да, Алашорданы сақтап қалып отыр. Батыс Алашорданың жетекшісі қылып Жаһаншаны, оған көмекші болып Халел сайланады. Оған Әлихан Бөкейханов пен Ахмет Бірімжанов қол қояды. Батыс Алашорданың орталығы ретінде Жымпитыны таңдайды. Съезде бекітілген тағы бір мәселе – Батыс Алашорда кез келген жағдай туса, шешімді өздері қабылдай береді. Ол кез қиын-қыстау, аласапыран кезең. Азамат соғысы жүріп жатыр. Бір жағында Колчак үкіметі бар. Орынборды Дутов әскерлері басып алған. Орал казактары тағы бар. Кеңес әскері Колчакпен соғысып жатыр. «Орал – қақпа. Ресеймен шектесіп жатыр, сондықтан билік өз қолдарыңызда» дейді. Жаһанша, Халел бастаған батыс алашордалықтардың қызметі нағыз қайнаған соғыстың кезінде, елдегі саяси жағдайдың өте күрделі уақытында осылай басталған.
– «Батыс Алашорда бөлініп кеткен» деген пікірлер де жиі айтылады. Неге?
– Рас, «Жаһанша – Халел бастаған Батыс Алашорда Әлихан бастаған топқа қарсы шығып, жеке бөлініп кетті» деген пікірлер айтылып келді. Бұл дұрыс емес. Себебі олар тарихи оқиғаны талдау керек. «Олар бөлініп кетіп, өз алдына мемлекет құрмақшы болды» деген жаңсақ пікір. Өйткені Әлиханның өзі қол қойып, Батыс Алашорданы құрып отыр. Әлиханның сөйлеген сөзіне дейін бар. Сол кездегі елдегі саяси ахуалдың күрделігіне байланысты Әлихан Бөкейханов бастаған Алашорда үкіметі дұрыс шешім қабылдай білді. Себебі бұлар Ресеймен шекаралас жатқан аймақта Алашорда үкіметін құрып, қазақ халқының мал-мүлкін талан-таражға салмай, соны қорғап қалды. Жаһанша мен Халелдің Батыс Алашорданы құрғандағы қызметі өте күрделі жағдайда өтті. Олар тіпті Оралдағы ақ казақтармен келісімшартқа отырады. Орынбордағы Дутовпен, Самарадағы Комуч үкіметімен келісімге келеді. Жаһанша Досмұхамедовке «Комучқа мүше болып кір» деп айтқан. «Әуелі жағдайға қарай көрейін» деген сырғытпа жауап қайырған Жаһанша кейін Батыс Алашорданы құрып алған соң Комучқа мүшелікке өтеді. Кейінірек бұл үкіметтің өзі тарқап кетеді. Алашорданың Батыс бөлімі Комучтан алатынын алып қалады. 600 винтовка, екі пулемет, 2 автомобиль алады. Қару-жарақ, ақшалай көмегі тағы бар. Алашорданың батыс бөлімін күшейту үшін қару-жарақ ауадай қажет еді. Мұны Жаһанша тиімді пайдаланды.
– Дәл осы кезде Батыс Алаш әскері құрыла ма?
– Ақ казактың 25 офицерін өзіне келісімшартпен қызметке алады. Себебі қазақтар сайын далада еркін өскен. Олар мерген, аттың үстінде қылыш сермей біледі. Бірақ әскердің темірдей тәртібін біле бермейді. Жаһаншаға Алаш әскерін құру үшін олардың әдіс-тәсілін меңгеру қажет болды. Комучтан алған қару-жарақты игеру тағы бар. Сөйтіп, Алаш әскерін үйретуге ақ казактың офицерлері көмекке келді. Жаһаншаның әскерін кім басқарғанын білесіз бе? Сабыр Сарығожин. Ол кісі Жымпитыда, яғни Қаратөбеде туған. Ол Мәскеуде император атындағы әскери академияны бітірген. Тілге өте жетік, әскери білімі күшті болғандықтан, оны патша үкіметі елге жібермей, өзіне алып қалған. Соғыс болып жатқан аймақтың бәрінде Сабыр басқарып отырған. Алашорда үкіметі құрылғанға дейін патша үкіметіне қызмет еткен адам. 1918 жылы келіп, Батыс Алашорда әскерінің басшысы болады. Бір жыл жұмыс істейді. Бір жыл ішінде Алаш әскерін дайындап, сықитып сапқа қойып кеткен. Көрдіңіз бе, бұлардың бәрі шетінен білімді адамдар болған.
– Неге бір жыл? Бір жылдан кейін Сарығожин қайда кеткен?
– 1919 жылы Сабыр Сарығожинді шетелге асырып жібереді. Жаһаншалар тықыр таянып келе жатқанын сезе бастаған ғой. Оны Кеңес үкіметінің аман алып қалдырмасын білген соң шетелге асырып жіберген. Оның кейінгі тағдыры белгісіз. 1925 жылы Германияда қайтыс болған деген ақпарат бар. Ол кісінің ұрпағы Қаратөбеде тұрады. Ол туралы деректерді жақындары іздеп, таба алмаған. Алаштанушы Елдос Тоқтарбай бірде маған «Сабыр Сарығожиннің құжаттарын таптым» деген еді. Кітап шығарып жатыр екен, соған қосамын деген. Бізде 1919 жылға дейінгі құжаттары ғана бар. Одан кейінгі тағдыры белгісіз. Жақын-жуықтары елде қалған. Өзі жалғыз кетіпті.
– «Батыс Алаш әскері екі мыңнан асқан» дейді. Әскер қатарында тағы қандай мықты азаматтар болды?
– Екі мың деген аз. Қазірдің өзінде екі мыңнан астам әскердің дерегін таптық. Бұл тақырып әлі жабық жатыр. Жалпы, Алаш әскерінің құрамы өте көп болған. 2000-нан астам адамның қанша тілектесі, ниеттесі болды. Соларға қызмет еткендер бар. Олардың бәрін алашордашылар деп құртып жіберді ғой.
– Бір кездері Берік Әбдіғалиұлы Алаш әскерін зерттеп, арнайы жинақ та жариялады. Ол кітапқа Батыс Алаш әскері туралы деректер толық енді ме?
– Екі мың адам деп енгізілген. Ол бер жағы ғана, оның саны одан да көп екенін зерттеп, тауып жатырмыз. Болат Мүрсәлім де бұл тақырыпты зерттеп жатыр. Жаһанша Досмұхамедовтің әскерін үйреткен, соған қызмет еткен Молданияз Бекімов деген кісі болған. Оралдың әскери училищесін бітірген, кейін Мәскеуге оқуға түседі. Сабыр Сарығожин сияқты оны да патша үкіметі уысынан шығармай, өз әскеріне алып қалған. Оның да үрім-бұтағы Қаратөбеде тұрады. Бұл кісі Пушкиннің «Капитан қызын» қазақшаға аударған адам. Қазақ тілінде балаларға арнап, аңыз-әңгімелер жазған. Әскери адам болса да, бірнеше тілді жетік меңгерген. Бекімов те Жаһаншаның әскерінде қызмет еткен. Кейінірек Кеңес үкіметі жағына шығып кеткен. Ол жаққа не себепті өтті, ол туралы мәліметтер жоқ. Кейін Қытайға жіберіпті. Қытайға кеткеннен кейінгі өмірі белгісіз. Өте тұйық адам болған. Тағы бір мықты азаматтардың бірі – Жаңғожа Мергенов. 2017 жылы электронды поштама қызық хат келді. Хатта: «Менің әкем Жаңғожа Мергенов. Мен сол кісінің баласымын. Қазір жағдайым ауыр, ракпен ауырып жатырмын. Менің әкемді тарихи ізденіс жолына түсіруіңізді сұраймын. Суреті болса, тауып берсеңіз, жақсы болар еді» делінген. Дереу хабарластым. Онкологиямен ауырып, ауруханада жатыр екен. Әкесі туралы шағын кітап шығарыпты. «Сол кітаптың электронды нұсқасын жіберем» деді. Кітаптың жартысы келді, жартысы жоқ. Жаһаншаның өзін қорғайтын 100 адамнан тұратын әскері болған. Жаңғожа Мергенов сол мобильді топты басқарып отырған. Ол 1921 жылы қайтыс болады. Алашорда тарқап, көпшілік өз еркімен Кеңес үкіметі жағына шыққан уақытта Жаңғожа Мергенов еліне қайтып кетеді. Ол кісі қуғын-сүргінге ұшырамаған, ауырып қайтқан секілді. Баласы әкесі туралы деректерді өмір бойы іздеген.
– Толық зерттелмеген Алаш қайраткерлері әлі бар ма?
– Алаш әскері, Алашорда мүшелеріне қатысты жабық тақырыптар әлі бар. Мүлдем зерттелмеген тұлға да көп.Архивке жиі барам. Әсіресе, Орал архивінде жиі отырамын. Ол жақта Айнамкөз деген мықты архивист қыз бар. Бірде Орал архивіне барғанымда Айнамкөз қолыма бір папканы ұстатты. Сыртында «1937-1940 жылдар аралығы, Ұлы Отан соғысы қарсаңындағы құжаттар» деп берілген. Ашып қалсам, ішінде ылғи Алаш әскері. Әдейі осындай керек құжаттың көбін басқа папкаларға салып жіберген. Ол папкаларды көп іздей бермейді. Оның ішінде жоқ деп ойлап, қарамай өтуің де мүмкін. Төрт кісінің дерегін жылдамдатып жазып алдым. Әйтпесе, көшіруге рұқсат бермейді. Ол адамдар туралы деректер еш жерде жоқ. Міне, осындай қиындықтарға қарамастан Алашқа қатысты, Алаш әскеріне қатысты деректерді табуымыз керек.
– Жымпитыға барған сапарымызда Жаһанша Досмұхамедовтің көлігін көміп кеткені туралы дерек естідік. Ол көлікті әлі күнге дейін таба алмағанын айтады. Ол сіз айтқан Самарадағы әскер – ақ гвардияшылар (Комуч) үкіметі берген көлік пе?
– Жаһаншаның көлікті көміп кеткені рас. Ол Комучтан екі автомобиль алған. 1919 жылы қараша айында Жымпитыдан Ойылға көшеді. Ойылға көшіп, ұзақ тұра алмайды. «Қызыл әскер Ойылға келе жатыр» деген хабар жеткен соң желтоқсанның басында Жаһанша үкіметті Қызылқоғаға көшіреді. Кейін Кеңес үкіметі жағына шығады. Ойылға көшкенде Жаһанша бір автомобильмен барады. Бір көлік қайда кетті? Майсақ деген Жаһаншаның атқосшысы болған. «Өте мұқият адам еді» дейді. Ол кісі сотталмаған. Өмір бойы ешкіммен сөйлеспей, біреуге тіс жармаған. Сол Майсақ өз ұрпағына: «Жаһанша бір автомобильді бүкіл құжатымен Шағылдың құмына көмді» деп айтып кетеді. Құм сусымалы, көшіп жүреді. Көшкен сайын автомобиль бата береді екен. Көлікті қалай көмген дейсіз ғой. Әуелі жылқыны сойып, киізді ішмайымен майлаған. Көлікті сол киізбен ораған. Жылқының ішмайына құрт-құмырсқа жоламайды екен. Сол көлікті әлі іздестіріп жатырмыз.
– Көлікте қандай құжаттар болуы мүмкін?
– Жаһанша Досмұхамедов – заңгер адам. Өте білімді, стратег кісі. Кеңес үкіметі жойып жібере ме деген қауіппен маңызды құжаттардың бәрін көлікке тыққан сияқты. Егер көлік табылса, біраз құпия құжатқа қол жеткізер едік.
– Әңгімеңізге рақмет!
Әңгімелескен
Гүлзина БЕКТАС