Қураған ағаштар алаңдатып тұр

Алматыға айтылар мадақ сөздердің басым көпшілігі әсем табиғаты, биік таулары мен жасыл желегімен байланысты екені рас.

Қала көрінісіне бояу беріп, көркіне көрік қосқан да осы – ағаштар. Алайда олардың бәрі бірдей жайқалып тұр деуге келмейді.

Алматылықтар ескі ағаштардың көптігі оқыс оқиғаларға апарып соғуы мүкін екенін айтып шағым­данады. Әсіресе, қатты жел тұрған кезде ағаш бұтақтары құлап, аула­да­ғы көлікті басып қалуы, я болма­са ойнап жүрген баланың не өтіп бара жатқан жүргіншінің үстіне құлап, бір жерін майып қылуы мүмкін. Тіпті соңы адам шығынына алып келген оқиғалар да аз емес. «Мұн­дай ағаштардың астынан өту – басымызды қатерге тіккенмен бірдей» дейді жергілікті тұрғындар. 

Бүгінде шаһарда жалпы саны 4 миллионнан астам ағаш өседі. Соның ішінде 84 мың ағаш – әбден қураған. Оның 35 мыңы көше бойларында болса, 49 мыңы аулаларда орналасқан. Алматы қаласы Экология және қоршаған орта басқармасының мониторинг бөлімінің басшысы Нұрлан Құтты­баев­тың айтуынша, ағаштарды ті­зім­деу жұмысы 2019 жылы жүр­гізілген. Нәтижесінде, қала тұр­ғын­дарының өміріне қауіп төн­діретін шіріген ағаштар анықтал­ған. Әбден қураған ағаштарды кесу жұмысы былтыр басталған. Бас­қарма биыл 16 925 ағашты кесуді және оның орнына 169 250 көшет отырғызуды жоспарлап отырғанын айтады. Қызметке 33 бригада тар­тылса, оның ішінде 180-нен астам адам жұмыс істейді. Ал Жасыл экономика басқармасының бөлім басшысы Олжас Жаныспаевтың дерегіне сүйенсек, діңі бұзылған ағаштардың басым бөлігі ХХ ғасырдың 60-70 жылдары отыр­ғызыл­ған. Қатер төндіруі мүмкін ағаштарды зерттеп, анықтау үшін әр ауданда қоғам қайраткерлері мен жасыл желекке бейжай қарамайтын аза­мат­тардан тұратын «Жасыл ко­мис­сия» құрылған. Олардың қата­рында экологтар мен биологтар да бар. Алмалы ауданындағы «Жасыл комиссияның» басшысы Омар Нұрхайдаров ағаш кесу жұмыстары Алматы қаласының экономикалық жағдайын жақсартып, әлеуетін арттыруға үлесі барын алға тар­тады:

– Адамдар біздің апатты ағаш­тар тізімін жасауда нені негізге алатынымызды, жасыл жапырақты ағаштың қалай апатты болып сана­ла­тыны жайлы сұрақтарды жиі қояды. Түбі шіріген ағаш үйге, ба­ла­лар алаңына, машинаға құ­лауы әбден мүмкін ғой. Сондық­тан біз ағашты түбімен алып тастау қажет екенін түсіндіреміз, – дейді ол. 

Сондай-ақ Омар Нұрхайдаров Алмалы ауданында қанша ағаш кесу жоспарланып отырғанын атап өтті:

– Алмалы ауданында барлығы 2200 ағаш кесу көзделген. Біз жасыл желектерді өзіміз зерттейміз әрі арнайы барып көреміз. Қажет болған жағдайда ҚазҒЗИ қызмет­керлерін тартамыз, – дейді «Жасыл комиссияның» басшысы.

Ал ішкі өзегі зақымданған ағашты қалай анықтайды? Осы мәселе турасында Жазкен Жием­баев атындағы Қазақ өсімдік қор­ғау және карантин ғылыми-зерттеу институтының өсімдікті биология­лық қорғау бөлімінің басшысы Нұржан Мұхамадиев айтып берді. Оның сөзінше, апатты ағаштарды анықтауға арналған арнайы құ­рыл­ғы бар. Құрылғы арқылы ағаштың діңін бұрғылап, шіріктің бар-жо­ғын біле аласыз.

– Қаламызда ағаштың көбі кәрі. Жасыл кеңістіктің жасы таби­ғатқа қарағанда төмен. Себебі қалада ағаштар ауыр металдарды сіңіреді, әртүрлі механикалық за­қым­ға ұшырайды. Сондықтан жа­­сыл қорды үнемі жаңартып оты­ру керек. Құрылғымен бұрғылаудан кейін біз ағаштан бак­тери­ология­лық егіс алып, зерт­теу­ден кейін қорытынды шығарамыз. Жыл сайын шамамен 200-300 жасыл желекті тексереміз. 84 мың апатты ағаш бар болса, бірнеше жылдан кейін апатты ағаштар қатарына қосылатын ауру ағаштар тағы бар, – дейді ғылыми-зерттеу институты өкілі.

Еске салайық, жақында алма­ты­лықтар қарағаш қандаласының көбейгенін айтып дабыл қаққан еді. Ескі ағаштар тұрғындардың ты­ны­шын алған қандаланың оша­ғына айналған. Мамандар өткен ғасырда отырғызылған ағаштардың көп­тігі, дұрыс күтім жасалмауы зиянкестердің шоғыр­лануы­на негізгі себеп екенін ескертті.

Алтынай БАУЫРЖАНҚЫЗЫ,

Алматы қаласы