Арда туған азамат

Бауыржан Жақып – арда туған атпал азамат! Ол биыл алпысқа толды. Баукең бұл алты асуды алқынбай-ақ, жұлқынбай-ақ алды. Осы алты белеске желе жортып, жеңісті де жемісті жетті.

Ал бұл жеңіс пен жеміске құрбы-құрдастары қызыға да қызғана қарайтыны тағы да рас. Өйткені толағай табысқа ие болу – екінің бірінің майдайына жазыла бермейтін бақ. Ал енді сол бақты көтеріп жүру де оңай емес. 

Ел аузында мынадай тәмсіл бар: «Бақ әуелі адамның аяғына ілінеді. Аяғына келген бақты көтере алмаған, аяғын шалыс басып, жүрісінен жаңылады. Егер аяғына келген бақты көтере алса, бақ өрлеп белге келеді. Белге жеткен бақты көтере алмаған не ұрпақсыз қалады, не өзінен тараған ұрпағына кесірі тиеді. Егер беліне келген бақты көтере алса, бақ өрлеп кеудеге келеді. Кеудеге келген бақты көтере алмағанның кеудесіне нан піседі. Өзгеден гөрі өзін жоғары санағыш болып, менмен, өркеуде болады. Ондайдан бақ кетіп қалады. Егер кеудеге келген бақты көтере алсаң, бақ өрлеп аузыңа келеді. Бұл кезде айтқаныңа ел ұйиды. Адамда ауыз – біреу, құлақ – екеу, яғни айтпас бұрын көп тыңдауымыз керек. Бірақ көзіміз құлағымыздан жоғары орналас­қан, сондықтан көрмей тұрып, естігені­мізге сенбеуіміз қажет. Ал адамның миы бәрінен жоғары тұр. Демек, көргеніміз бен естіген өсегімізді айтпас бұрын ойлануымыз керек. Аузындағы бақты ұстағанның ендігі кезегі – көзінде. Көзіне келген бақты көтере алмағанның көзін шел басып, бар мен жоқты, жақсы мен жаманды айыра алмайтын халге жетеді. Көздегі бақты көтере алсаң, бақ жоғарылап басыңа орнайды. Кетпес бақ деп соны айтады. Басына бақ қонған адам – дана адам». Ендеше Баукең де басына кетпес бақ қонған дана адам десек, әсте қателесе қоймаспыз. 

«Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» дейді атам қазақ. Сол айтқандай, Баукеңнің жақсылығын айтып, нұрын тасытатын кез келген секілді. Ол – қазақ әдебиеті мен журналистикасының һәм руханиятының отымен кіріп, күлімен шығып жүрген жаны жайсаң жампоз журналист-жазушы. 

Арғымақ аттың құйрығы –

Әрі жібек, әрі қыл.

Ер жігіттің белгісі – 

Әрі мырза, әрі құл, – 

деп осы азаматқа арнап айтса жарасады.

Бауыржан Өміржанұлы – менің әрі ұстазым, әрі кураторым. 1988 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық универ­ситеті журналистика факультетіне оқуға түскен күннен бастап, ағалы-інілідей сыйласып келеміз. «Аға болсаң – ақыл айт, ақыл айтсаң – мақұл айт» демекші, ылғи да бауырына тартып, ағалық ақылын айтып, қолдан келген көмегін берді. Ол тек маған ғана емес, екінші топқа, тіпті бүкіл курс студенттеріне қамқорлық көрсетті. Бірінің басынан сипаса, екіншісінің арқасынан қақты. Оқу корпусында, №5 жатақханада өтетін түрлі әдеби-мәдени шаралардың басы-қасында жүрді. Өзі дәріс оқыған 1-курс пен 5-курс студенттерінің бәрінің аты-жөндерін жатқа білетін. 2013 жылы біз 20 жылдық, 2023 жылы 30 жылдық кездесу өткіздік. Осы екі бас қосуда да бізбен бірге болды. Сонда да бәрімізді шатастырмай, аты-жөнімізді толық атап отырды. Айтпақшы, 20 жылдық кездесу кезінде «Қолтаңба» атты кітап шығар­дық. Сол жинаққа Баукең алғы сөз жазып, бүкіл курс студенттеріне шама-шарқынша сипаттама беріпті. Тіпті, басым көпшілігінің қай жерде, қандай қызмет атқаратынына дейін атап көр­сет­кен. Бұл не деген жады?! Қайран қаламын!

Тағы бір айта кететін жайт, өзім білім нәрін алған Қара шаңыраққа келіп, дәріс оқуыма себепкер болған да – осы Баукең. «Саған базар жағалаған жараспайды. Одан да шәкірт тәрбиеле» деп жеке кәсіппен айналысып жүрген жерімнен қоярда-қоймай шақырып алды. Ол кезде Баукең Мерзімді баспасөз кафедрасының меңгерушісі еді. Кейін декан болды. Бұл кезде де марапаты мен шарапатын аяған жоқ. «Балғабек Қыдырбекұлы – публицист» деген кандидаттық диссертация тақырыбын бекітіп беріп, өзі жетекшілік етпек болды. Бірақ мен «Айқын» газетіне қызметке ауысып кетіп, дер кезінде кандидаттық диссертациямды қорғай алмай қалдым. Оған Баукең емес, өзім кінәлімін. «Ұстаз болу – өз уақытын аямау, өзгенің бақытын аялау» деген осы шығар, бәлкім!

 Жоғарыда айтып өткенімдей, студенттік шақта да, кейін бірге қызмет атқарған кезде де, Баукеңнің үйінде талай рет болып, Махаббат жеңгеміздің қолынан шай іштік, ет жедік. Отбасы боп араластық. Әлі есімде, алғашқы курстардың бірінде оқып жүрген кезімізде Баукең білім жетілдіру мақса­тында Мәскеуге оқуға аттанды. Сонда жақын туған-туыстарын шақырып, ас берді. Сол жиынға курстас досым Мұхтар Атабек екеумізді шақырды. Бұл – бізді өз бауырындай жақын тұтқаны­ның белгісі. Әйтпесе, Баукеңнің бізден басқа шақыратын адамы жоқ деймісіз?! 

 «Ауылын көріп, азаматын таны» дегендей, 2000 жылдардың басында Баукеңнің еліне барып, Өміржан ағамыздың 60 жылдық мерейтойын, кейін тағы бір барғанымда Ержан деген інісінің үйлену тойын басқардым. Бұл тойға Алматыдан қазақтың ақиық ақыны Төлеген Айбергеновтің асыл жары Үрниса жеңгеміз, қызы Салтанат Айбергенова, Журналистика факуль­тетінің деканы Намазалы Омашев, Баспа ісі және редакциялау кафедрасы­ның меңгерушісі Қайрат Сақ тағы басқа құда-жекжаттары мен құрметті қонақтар келген болатын. Той үш күнге ұласты. Сол сапарда Баукеңнің асыл анасының қолынан дәм татып, әкесінің ақ батасын алдым. Негізі, Өміржан ағамыз ел бас­қарған, ауылда атақ-абыройы зор атпал азамат еді. Ол – қазақтың көрнекті ақы­ны Төлеужан Ысмайыловтың зиратына ескерткіш орнатып, өз ауылы мен көрші ауылға қос бірдей балабақша салып, пайдалануға берген кісі. Ауыл тарихын жазып, кітап етіп шығарған шежіреші. Сондай-ақ өзі туып-өскен ауылдан аспан асты дала мұражайын ашқан да – осы Өмекең. Ал ондай кісіден туған баланың осал болуға қақысы жоқ. Бау­кеңнің «Туған үй» деп аталатын өлеңін­де: 

Сен неткен жарық, нұрлы едің,

Арманым тұнып тұрған үй.

Жарқылдап балғын күндерім,

Сауық пен сайран құрған үй, – деп келетін шумағы бар. Ақынның өлең арнаған осы үйінде бір аптадай аунап-қунап жатқаным әлі есте. Айт­пақшы, сол тойда Баукеңнің «Социалис­тік Қазақстан» деген ауылының атауын «Капиталистік Қазақстан» деп атап, әзілдегенім бар еді. Сөйтсем, кейін бүкіл ауыл тұрғындары ауыл атауын «Капиталистік Қазақстан» деп атап кетіпті. Оны маған Баукеңнің өзі айтып: «Аузың дуалы екен» деп күлгені бар. 

Сол сияқты Баукең де менің туған жерім – Түркістанда болып, аға-інілеріммен жақын танысып, туған бауырдай араласып кетті. «Сыйластықты найза бойламайды» дейді дана халқы­мыз. Сол айтқандай, әлі де ынта-ықы­ласы­мыз сондай ыстық. Осы сапарында ол «Түркістан», «Қожа Ахмет Ясауи», «Тайқазан», «Қылует», «Қанағат» атты өлеңдер циклін жазып, «Қазақ әдебиеті» газетінде жариялады. Кейін ол жеке өлеңдер жинағына енгізілді. 

«Жолдасы жоқ жігіттің – олжасы жоқ» дейді атам қазақ. Сол сияқты «Жолдасы көптің – жорғасы көп» деген де сөз бар. Егер осы қағидаға сүйенер болсақ, Баукеңнің жолдасы да, жорғасы да, олжасы да көп. Кезінде арқалы да ақиық ақын Жұматай Жақыпбаев талапты да талантты жас ақындардың басын қосып, қағанат құрған болатын. Сөйтіп, олардың талабы мен талантына һәм жасына қарай шен берген екен. Мәселен, Қажытай Ілиясов – кеңесші, Мейірхан Ақдәулет – илхан, Әуесхан Қодар – гоан, Әбубәкір Қайран – саид, Бауыржан Үсенов, Есжан Айнабеков, Нұрлан Мәукенұлы, Светқали Нұржанов, Темірғали Көпбаев, Қайрат Әлімбеков, Гүлнар Салықбай, Қазыбек Иса, Кәдірбек Құныпияұлы, Айсұлу Рүстемова және Бауыржан Жақып – бәрі жаужүрек нояндар болыпты. Бұдан кейін Баукең әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде, «Қазақ энциклопедиясы» баспасында, Қазақ­стан Жазушылар одағында қызмет атқара жүріп, қаншама дос арттырды. Бірін – аға, енді бірін – іні етті. Олардың бәрі – мықты ақындар, жампоз журна­лист-жазушылар, қысқасы, қазір олар қазақ әдебиеті мен журналистикасының дамуына сүбелі үлес қосып жүрген қабырғалы қаламгерлер. Осыған қарап-ақ Баукеңнің кім екенін пайымдай беруге болады. 

Абайдың Қасқабұлағы,

Қырық өрім таспа бұлағы,

Аспанның аспа бұлағы,

Отыз жыл ойран салса да,

Қырық жыл қырғын болса да,

Мөлдіреп жатыр суы әлі,

Абайдың Қасқабұлағы! – деп өзі жырлағанындай, Бауыржан Жақып 1963 жылы бұрынғы Семей облысы Абай ауданы Аққора ауылында туған. Бұл – қасиетті Меккеде қазақ үшін мешіт салдырған Құнанбайдың, ұлы даланың дара да дана данышпаны Абайдың, одан қала берсе, Мұхтар Әуезовтің, Шәкәрімнің, Тәттімбеттің, Әміренің, Сапарғали Бегалиннің, Төлеужан Ысмайыловтың, Камен Оразалиннің кіндік қаны тамып, өсіп-өнген жері. Баукең осы ғұламалар мен қабырғалы қаламгерлердің рухани қазынасынан нәр алды. Мұнан кейін қазіргі Қазақ ұлттық университетінің Журналистика факультетін бітірген соң Қазақ теледидарының әдеби-драмалық хабарлар бас редакциясында еңбек етіп, «Дидар», «Халық қазынасы», «Жыр жазамын жүрегімнен», «Сұхбат» әдеби хабарларын, ал «Алатау» телеарнасы арқылы «Өлең – сөздің патшасы», «Баспасөзге шолу» циклді хабарларын жүргізді. Сондай-ақ «Айтыс» хабарын жасауға да қатысты. Мұнан кейін «Жалын» баспасында редактор болып жұмыс істеді. 

1986–2001 жылдары әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде оқытушы, аға оқытушы, деканның оқу ісі жөніндегі орынбасары, Журналистік шеберлік және әдеби редакциялау кафедрасының меңгерушісі, Баспа ісі кафедрасының, Мерзімді баспасөз кафедрасының меңгерушісі, Журналис­тика факультетінің деканы болып абы­ройлы қызмет атқарды. Осы жылдары мыңдаған шәкірттер тәрбиеледі. Олар­дың бәрі қазір ұлан-байтақ еліміздің түкпір-түкпірінде еселі еңбек етіп жүр.

«Даналық ойдан дән ізде» деген қағиданы ұстанып, 1994 жылы про­фес­сор Тауман Амандосовтың жетекші­лігімен «Мұхтар Әуезов – публицист» атты тақырыпта кандидаттық диссер­тация­сын, ал 2004 жылы академик Зейнолла Қабдоловтың жетекшілігімен «Қазақ публицистикасының қалыптасу, даму жолдары» деген тақырыпта доктор­лық диссертациясын сәтті қорғады. Осы жылдар аралығында екі жүзден аса ғылыми мақалалар жазып, 1997 жылы доцент, 2005 жылы профессор ғылыми атағына ие болды. 2006 жылдан бастап, Қазақстан Журналистика академиясы­ның академигі, 2007 жылдан бастап, ҚР Жоғары мектеп ұлттық ғылым академия­сының корреспондент мүшесі, 2011 жылдан бастап, Халықаралық Шыңғыс Айтматов академиясының академигі. Қазір ҚР ҰҒА-ның корреспондент мүшесі. Бұл атақ-дәреженің барлығы табанақы, маңдай термен келгені анық.

2009 жылы «Қазақ энциклопедия­сының» бас директор – бас редакторы болып тағайындалды. Осы баспаны басқарған кезінде «Қазақстан ғылымы», «Балалар энциклопедиясы», «Қаныш Сәтбаев», «Математика», «Психология», «Жас шахматшы», «Қазақстан таби­ға­ты», «Атамекен», «Айбын» атты энцик­ло­педияларды жарыққа шығарды. Мұнда да оның ұйымдастырушылық қабілеті мен іскерлігі анық байқалады.

«Өзің үшін еңбек қылсаң, өзі үшін оттаған хайуанның бірі боласың» деп хакім Абай айтқандай, 2015 жылдың наурызынан бастап әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті ректорының кеңесшісі – «Өнегелі өмір» сериялық басылымы бас редакторының орын­басары қызметін атқарады. Ал 2018 жыл­дан бері Қазақстан Жазушылар одағы Басқарма төрағасының орын­басары болып ерен еңбек етіп келеді. Әрі Қазақ ұлттық университетінде дәріс оқиды. Бұл – өзі үшін емес, елі үшін қызмет атқарудың үлгісі! Әрбір азамат дәл осылай қызмет атқарса, Қазақ елі әлдеқашан дамып кетер еді. 

«Ғылымды үйреніп, оны өмірде қолданбаған кісі – жерін айдап, дәнін сеппеген адамға ұқсас» деген екен Сағди ғұлама. Бұл жағынан келгенде Баукеңнің ұпайы түгел. Өйткені ол өлең де, ғылыми еңбек те жазды. Қос салада қаламын қатар тербеді. Сөйтіп, қазақ әдебиеті мен ғылымының дамуына зор үлес қосты. Оның «Аудитория», «Баспалдақ­тар», «Бір кеменің үстінде», «Парусь времени», «Аралым – арым, Балқашым – бағым», «Көзімнің нұры», «Ай­дын­дағы аспан», «Мұхтар Әуезов – пуб­лицист», «Ақ лақ», «Қолтаңба», «Уақыт ұршығы», «Қазақ публицистикасының қалыптасу, даму жолдары», «Публицис­тикалық шығармашылық негіздері», «Қызыл қайың», «Абайдың Қасқа­бұла­ғы», «Елік­көрген», «Менің далам» атты әде­би һәм ғылыми еңбектері тасқа ба­сыл­ды. Ал таңдаулы жырлары «Екі мың жылдық дала жыры» антологиясына, «Жыр маржаны» атты он томдық қазақ поэ­зиясының антологиясына енгізілді. Туын­дылары орыс, түрік, украин, македон, түркімен, қырғыз тілдеріне аударылды. 

Бауыржан Жақып – «Дарын» мемлекеттік және Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлықтарының лауреаты. Елімізде және шетелде өткен бірнеше байқаулардың жеңімпазы. «Құрмет», «Парасат» ордендерінің иегері. Мұның бәрі – жоғарыда біз атап өткен әдеби және ғылыми еңбектерге берілген жо­ғары баға. 

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ