Атырауда заманауи мектептер көбейді

Атырау облысының білім саласында жағымды жаңалықтар мол. Биыл Атырауда алғаш рет әскери бағыттағы «Сармат» ма­мандандырылған мектеп-лицей-ин­тернаты және елімізде танымал сана­латын BINOM мектептер желісінің екеуі ашылып отыр.

Әскери бағыттағы «Сармат» мамандан­дырылған мектеп-лицей-интернаты болашақта мамандығын әскери қызметпен байланыс­тырғысы келетін балаларға үлкен мүмкіндіктер ашады. Мектеп директоры Ерлан Дайрабай­ұлының айтуынша, биыл 1-2 шілде күндері «Сармат» мамандандырылған мектеп-лицейінде білім алушыларды қабылдау бойынша конкурстық іріктеу аяқталған. 

«Әскери мектепте білім алуға ниет білдірген 500-ге жуық атыраулық оқушы екі кезеңнен тұратын емтиханға қатысты. Конкурстық іріктеудің бірінші күнінде олар қазақ тілі мен математикадан тестілеуге қатысса, екінші күні денешынықтыру қабілеттерін бағалаудан сынға түсті», – деді Ерлан Дайрабайұлы.

Белгілі болғанындай, биылғы оқу жылында 7-8-9-сыныпқа барлығы 120 оқушы қабыл­данады. Әр сыныпта 20 баладан білім алады.

«Яғни, екі 7-сынып, екі 8-сынып және екі 9-сынып болады. 2025 жылға қарай мектептегі бала санын 300-ге дейін жеткізу мақсаты тұр. Ата-аналар мен оқушылар жедел ақпарат алуы үшін sarmat.edu.kz ресми сайтын және Facebook пен Instagram әлеуметтік желілерінде арнайы парақшаларымызды іске қостық», – деп нақтылады мектеп директоры Ерлан Дайра­байұлы. 

Атырау қаласына қарасты Жаңаталап окру­гінде бой көтерген білім беру нысанының құрылысы биыл аяқталды. 300 орынға есеп­телген мектепте балалар толыққанды күндізгі ауысыммен білім алады. Мұнда облыс аудан­дарынан келген балалар үшін жатақхана да бар. 

Мұндағы оқушыларға 6 мезгіл тамақтану, төсек орны, әскери киім үлгілері, оқу-құрал саймандары мен спорттық жабдықтары тегін қарастырылған. Әзірге мұндай үлгідегі мектеп еліміздің санаулы ғана аймақтарында бар.

Білім саласындағы тағы бір ірі жаңалық – Атырауда биыл екі бірдей BINOM мектебі ашылады. Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік арқылы салынып отырған заманауи мектеп­тердің әрқайсысы 2 000 орындық.

Қазір Атырау қаласындағы Нұрсая, Сарыарқа ықшамаудандарында салынған екі BINOM мектебінде оқушылардан құжат қабылдау жүріп жатыр. Бұл мектептерде екі ауысымда 8 мың бала білім алатын болады. 

Заманауи дизайнда тұрғызылған, қажетті материалдық-техникалық базамен жабдық­талған мектептерде қазақ және орыс тілдерінде оқытылады. Мектептерде жаратылыстану-математикалық және жаратылыстану-гумани­тарлық бағыттар жоспарланған. 

Әл-Фараби атындағы BINOM мектебінің директоры Өнербек Әскербекұлының ай­туынша, бұл мектептерде STEAM оқу кабинеті қарастырылған. Яғни, жалпы мемлекеттік стандартқа сай білім берумен бірге, бұл мектептерде оқушылар техника, инженерия, өнер, математика, жаратылыстану ғылымдары бойынша заманауи форматта қосымша білім алады.

«Әр мектепте 92 кабинет, оның ішінде физика, химия, биология пәндерінен 6 кеңейтілген зертхана және лаборанттық бөлмесі бар 8 информатика кабинеті, 2 спорт залы, 48 орындық мультимедиялық сынып, 320 орындық акт залы, ойын залдары, кітапхана, 75 орындық моноблоктары бар «Таным» шығармашылық технологиялар орталығы, асхана және медициналық пункт бар. 

BINOM мектептерінде тәжірибелер жасауға арналған 3D принтері, металл және ағаш ою шеберханалары, мата өңдеу және технология шеберханалары, аспаздық шеберханалары, робототехника кабинеті бар», – дейді әл-Фараби атындағы BINOM мектебінің дирек­торы Өнербек Әскербекұлы. 

Атап өтерлігі, мектептер аумағында натуралистік аймақтар, жүгіру жолы бар футбол және баскетбол алаңдары, work-out алаңдары, бастауыш сынып оқушыларына арналған түрлі ойын кешендерімен жабдықталған ойын және кәсіпқой спорт алаңдары бар. Биометриялық қауіпсіздік жүйесіне толық басымдық берілген. Мұнда инклюзивті сыныптар да бар. 

Атырау облысы әкімінің орынбасары Жасұлан Бисембиевтің айтуынша, қазіргі уақытта аймақта 200 жалпы білім беретін мектепте 143 481 оқушы білім алуда. «Барлығы 4 апатты мектеп тіркелген. Осы орайда, 4 мектеп салынып жатыр. Өңірде 11 үш ауысымды мектеп бар. Бұл мәселе әрқайсысы 2 мың орындық екі BINOM мектебі ашылған кезде шешіледі. Сондай-ақ Береке ықшамауданында 1 200 орындық мектеп пайдалануға берілді. Ал жыл соңына дейін екі мектептің құрылысын аяқтау жоспарланған. Сондай-ақ №3, №16, №17 мектепте әрқайсысы 250 орындық үш жапсаржай құрылысының жобалық-сметалық құжаттамасы жасақталуда», – деді Жасұлан Бисембиев.

Ерекше атап өтерлігі, 2022 жылы облыс бойынша 25 мектепке модернизация жасалды. 2025 жылға дейін ауылдардағы 128 мектеп қосымша жабдықталады. «Яғни, пәндік ка­бинеттер жасақталады, кітапхана мен асханаға жөндеу жұмыстары жасалады. Жиһаздар жаңар­тылады. Өйткені мектептердің материал­дық-техникалық жағынан жабдықталуы – оқушылардың пәндерді түсініп, игеруіне ықпал ететіндігі белгілі», – дейді Жасұлан Бисембиев. 

Баян ЖАНҰЗАҚОВА