Қарағанды облысына қарасты Шет ауданында тұратын 74 жастағы Дәрібай Оспанов есімді ақсақал жақында пауэрлифтингтен өткен Азия, Океания және Африка чемпионатында ардагерлер арасында екі мәрте жеңіске жетіп, екі рекорд жаңартты.
Әлем таныған ақсақал
1,439
оқылды

Жарыс оңайға соқпады. Өйткені оған  әлемнің 80 елі­нен келген спортшылар қа­тысқан болатын. Бұл жа­рыста Дәрібай Оспанов 83 келі салмақ дәрежесінде пауэрлифтингтің екі түрі­мен ардагерлер арасында М-4 (70 жастан асқан) кіші топта бақ сынасты. Клас­си­када ол отыруда – 130 келіні, жатып сығымдап кө­теруде – 120 келі және бі­тімге тартуда 150 келіні, жал­пы 400 келіні бағын­дырды. Осылайша, жалпы есепте I орынды иемденді. Жаб­дықты түрде  отыруда – 140 келіні, жатып сығымдап кө­теруде – 150 келіні, бітімге тартуда – 160 келіні, жалпы есеп­теген­де, 450 келіні ырқына көндірді. Сайыстың бұл кезеңінде де бас жүлдегер атанып, ардагерлер арасында Азияның аб­солютті чемпионы ретінде танылды. Ал жабдықты түрде 150 ке­ліні жатып сығымдап көтергені және 450 келіні көп­сайыс­та көтергені үшін Азияның екі рекордын орнатты.

– Мен спортқа ойламаған жерден келдім. Ауыр жат­ты­ғу­лар­дың арқасында Азия мен әлемнің бірнеше дүркін чем­пио­ны атандым. 63 жасымда халықаралық дәрежедегі спорт ше­бері атағын алдым. Әлемдік рекордты 2021 жылы 72 жа­сым­да Теміртауда өткен Қазақстан чемпионатында қайта­ла­дым. Гонконгтағы чемпионатқа төрт ай дайындалдым. Әрине, қиын болды, бірақ жақсы нәтиже көрсеттім. Сегіз медаль жеңіп алдым, қазір он дүркін Азия чемпионы, әлемнің үш дүр­кін күміс жүлдегерімін, – дейді Дәрібай аға.

Ақсақалдың бұған дейінгі жарыс жолындағы еңбегі жоғары ба­ғаланып, ақпан айында Қарағанды облысының әкімі Ер­мағанбет Бөлекпаев Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан алғысхат, сағат және Бурабайдағы демалыс үйіне жолдама табыс еткен болатын. Дене шынықтыру және спорт басқармасы ақсақалды спорттық құрал-жабдықтар сер­тификатымен марапаттады.

Қазақстанның бірнеше дүркін чемпионы, пауэрлифтингтен Азия мен әлемнің екі дүркін чемпионы, Еңбек сіңірген жат­тық­тырушы Дәрібай Оспанов 1949 жылы теміржолшылар от­басында дүниеге келген. Ол ата-анасының ізін басып, бүкіл өмі­рін теміржолға арнаған. Спортпен жас кезінен айналысқан. Соңғы 18 жылда пауэрлифтингке қатты қызығушылық та­ныт­қан. Ол өзінің алғашқы жеңісін 2010 жылы Филиппинде өткен Азия чемпионатында қанжығалапты, бұл додада салмағы 140 келі штанганы көтерген.

Дәрібай Оспанов үш бала тәрбиелеп, олардың барлығының спортқа деген сүйіспеншілігін оятқан. Кенже ұлы Қараманды 13 жасынан бастап өзі жаттықтырады. Нәтижесінде, Қараман Қазақстанның еңбек сіңірген спорт шебері, пауэрлифтингтен ха­лықаралық дәрежедегі спорт шебері атанды. Ол жарыстарда өнер көрсетіп қана қоймай, туған ауылы Ағадырда балаларды жаттықтырады.

Үлкен ұлы Алмаз Оспанов –  халықаралық дәрежедегі спорт шебері, жоғары санатты жаттықтырушы. Ортаңғы ұлы  Ма­нас Оспанов спорт шебері. Әулеттің жастары да үл­кен­дерінен үлгі алуда. Дәрібай Оспановтың немересі Айтас – пауэрлифтингтен сайыстарға бірнеше мәрте қатысқан, спорт шебері нормативін орындаған.

Дәрібай Оспанов мұнымен тоқтап қалмайтынын айтады. Ол аптасына бес рет жаттығуды жалғастырып, ұлдарымен бір­ге биылғы халықаралық жарыстарда Қазақстанның на­мы­сын қорғауға әзірленіп жатыр.

– Қазан айында Моңғолиядағы әлем біріншілігіне қа­тысу­ды жоспарлап отырмыз, ал маусым айында Үндістанға бара­мыз. Жарысқа тұрақты түрде дайындаламыз. Спорттағы ұзақ өмір сүрудің басты құпиясы – жата бермей, үнемі дене­шы­нықтырумен айналысу, жақсы қан айналымы үшін сыртта жү­гіру қажет. Сонымен қатар алдымызға мақсат қойып, оларға қол жеткізуіміз керек. Менің мақсатым – еңбек сіңірген спорт ше­бері атағын алу және бірнеше рет чемпион болу, – дейді спорт ардагері.

Спортпен шұғылданып қана қоймай, әлемдік бірін­ші­лік­терде атой салып жүрген Дәрібай ақсақалдың жеңісті де же­місті жолы  жастарға үлгі...

Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ,

Қарағанды облысы