Биылғы 5 сәуірде Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жер қатынастары саласындағы көрсетілетін мемлекеттік қызметтерді цифрландыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға қол қойды.
Жүйедегі шикілік қолды байлайды
962
оқылды

Онда жер және құқықтық кадастрлар базасын біріктіру жолымен жер ресурстары мен жылжымайтын мүліктің бірыңғай базасын цифрландыру және қалыптастыру бойынша түзетулер қабылданған болатын.

Бұл өзгерістер жер телімдерін беру тәр­тібін жеңілдетіп, құжаттарды қарау және бекіту мерзімін қысқартады. Ал азамат­тардың бос жер телімдері туралы ашық ақпаратқа, бас жоспарларға, елді мекендерді егжей-тегжейлі жоспарлау жобаларына, ин­женерлік желілер сызбаларына, инф­ра­құрылымды қарауға қолжетімділігін арт­тырады. 1 шілдеден бастап республиканың 88 қаласында елді мекендер шегіндегі жер телімдері жаңа, оңайлатылған тәртіп бойын­ша, яғни жер комиссиясынсыз бе­рілуі тиіс. Демек, құжаттарды қарау және ке­лісу ұзақтығы қысқартылады деген сөз. Алайда тұрғындар мен кәсіпкерлер, шаруа­шылық иелері үшін тиімді тәсілді дер ке­зінде қолданысқа енгізуге министрлік дайын болмай шықты. Бұл туралы Пар­ла­мент Мәжілісінің депутаты Болатбек Наж­мет­динұлы дабыл қақты.

 «Ауыл шаруашылығы министрлігі субсидия алу үшін платформа 100 пайыз дайын деп есеп берген болатын. Алайда шаруалар субсидия алуға өтінім беруде үлкен мәселелерге тап болды. Басқасы басқа, шаруалардың әрбір жұмысы жер қатынастары саласына тікелей қатысты. Сондықтан жеңілдетілген қаржыға қол жеткізер кезде мұндай мәселелердің алдынан шығып жатқаны олардың сағын сындырады. «Электронды үкімет» веб-порталының жер қатынастары саласына қажетті тұстарының жұмыс істемеуі шаруаларды ғана емес, бүкіл қазақстандықтардың жұмысына кедергі келтіреді», – деді Мәжіліс депутаты Болатбек Нәжметдинұлы Шымкент қаласындағы кәсіпкерлер палатасында өткен жиында. 

Себебі жоғарыда атап өткендей, 1 шілдеден бастап жер телімдері оңайлатылған электрондық тәртіп бойынша берілуі тиіс болатын.

Мәжіліс депутаты бизнес-қоғамдастық өкілдерімен және мемлекеттік орган басшыларымен кездесу барысында электронды жүйенің функ­ционалдық жұмысындағы үлкен кемшіліктерге бұдан алдын да назар аударғанын жеткізді. Ол кезде депутат емес, кәсіпкер ретінде бірқатар шаруаның осы мәселеде проблема туындайтынын ескерткен. Міне, айтса айтқандай, осы жағдай қазір алдынан шығып отыр. Ал тиісті ведомство өкілдері Мемлекет басшысы қол қойған Заңды, яғни жер учаскелерін берудің жаңа тәртібін іске асыруды бірқатар себепке байланысты қам­тамасыз ете алмағанын көрсеткен. Осылайша, түзетулерді енгізу 1 тамызға шегерілген. Алайда Мәжіліс депутаты бұл шегеру шиеленіскен жағдайды түзете алмайтынын айтады. 

 Заңға 5 сәуірде қол қойылды, теориялық тұрғыдан алғанда, сол кезде де мемлекеттік органдар оны қолданысқа енгізу үшін барлық нормативтік-құқықтық актілерді ұсынуы керек еді. Бірақ қазірдің өзінде, шілде айының соңы болса да Ауыл шаруашылығы министрлігі дайындауы тиіс он нормативтік-құқықтық актінің тек төртеуі ғана тіркелген. Тағы алтауы ма­құлдануда. Осылайша, Жер кодексіне енгізілген өзгерістердің орын­далуын қамтамасыз ету онсыз мүмкін емес заңға тәуелді актілерді бекітудің барлық мерзімдері бұзылды. Жалпы алғанда, осындай ондаған үш актіні әзірлеу қажет. Барлығы жаңа жүйені енгізуге дайын еместігін көрсетеді. Өйткені, екі ереже әлі бекітілмеген. Оның бірі – Бірыңғай мем­лекеттік жыл­жымайтын мүлік кадастрын жүргізу, екіншісі – Қоғамдық кадастрлық картаны жүргізу, – деп атап өтті тағы да Болатбек Нажметдинұлы.

Кадастрлық картада жер, құқықтық және қалалық кадастрлардан алынған мәліметтер болуы керек. Яғни, ЖАК бар, ал оны жүргізу ережелері жоқ. Бекітілмеген ереже салдарынан жеке және заңды тұлғалар сұралып отырған жер учаскесін бөлу схемасын қалыптастыра алмай отыр. «Электрондық үкіметтің» веб-порталында «Жер қатынастары» бөліміндегі қызметтер тізбесінде Кодекстің 44-2-бабының тәртібімен жер учаскесіне құқық беру жөніндегі осы қызмет пайда болмағандықтан, көрсетілетін қызметті алушының тиісті өтінім беруге мүмкіндігі болмай отыр. 

Қауіптісі, аталған мемлекеттік қызметтерді ала алмай отырған азаматтар мен бизнес субъектілері арасында коллапс пен шиеленіс туындау қаупінің алдында тұр. Тұрғындар тарапынан ЖАК арқылы өтінім бере алмағандықтан, қаланың жергілікті атқарушы органына ауызша жүгінген кезде әкімдік өкілі өтінімді қағаз түрінде қабылдау Кодекстің 44-2-бабында бұл көзделмегені туралы жауап бергені бойынша деректер кездесіп отыр. Демек тұрғындар ЖАК арқылы да, қағаз түрінде де өтінім қалдыра алмай жатыр.

Кәсіпкерлік палатасындағы Заңға түзетулерді енгізу төңірегіндегі жағдайды талқылау аясындағы жиынға «Атамекен» ҰКП Құрылыс департаментінің директоры Нәзира Үсенова мен Цифрландыру вице-министрі Әсет Тұрысов онлайн режимде қосылды. Нәзира Үсенова Қоғамдық кадастрлық картаның өзіне қатысты тұстарынан көп сұрақ туындағанын атап өтті.

 «Алдымен, ол дұрыс жұмыс істемейді және бұл жер учаскесіне құ­қықты алу былай тұрсын, қажетті кадастрлық ақпаратпен танысудың өзі мүмкін емес. Іздеу функциясы жұмыс істемейді, спутниктік суреттердің сапасы өте төмен, ғимараттардың жердегі нақты орналасқан тұсында едәуір жылжу байқалады. Тіпті кейбір ғимараттар өзендерге «отыр­ғызылған». Бұл әлеуетті инвесторлар мен кәсіпкерлік субъектілеріне қа­жетті ақпарат алудың орнына керісінше болып отыр», – деді департа­мент директоры. 

Сонымен бірге вице-министрді кезінде берген уәделері бойынша сұрақтың астына алды. Бұрын қызмет алушылардың өздерін қызықтырған бос жер учаскелерімен, бас жоспармен егжей-тегжейлі таныса алатынына уәде бергенін ренішпен жеткізді.

«Бірыңғай мемлекеттік жылжымайтын мүлік кадастрының сайтында жалпыға қолжетімді болып табылатын ЖАК-ты мұқият зерттеп, картада жарияланған ақпарат толық қамтылмағанын анықтадық. Интерфейс пен навигация пайдаланушылар үшін түсініксіз, мемлекеттік тілге дұрыс аударылмаған Бірақ, ең бастысы, ЖАК-ты зерттеу кезінде пайдаланушыға өзін қызықтыратын жер учаскесін өз бетінше таңдауға және бейнелеуге мүмкіндік беретін функция табылмады», – деді тағы да Назира Үсенова. 

Алайда Әсет Тұрысов тағылған айыптардың барлығын жоққа шығарды.

«Мамандар ең бірінші кезекте жер және құқықтық кадастрларды біріктіруге күш жұмсап отыр. Цифрландырудың функционалдық мүмкіндіктеріне келетін болсақ, бұл – Цифрландыру министрлігінің саналы қадамы. Айталық, бұл деректердің барлығы Еgov-те арнайы жұмыс режиміне енгізілмеген, өйткені нормативтік-құқықтық актілерсіз олардың мұны істеуге құқығы жоқ. Жүйе 31 шілдеге дейін міндетті түрде жұмыс істейтін болады», – деп уәде берді вице-министр. 

Қатысушылар веб-порталда салаға қатысты шикіліктің көп екенін ескеріп, оның ай соңына дейін шешіле салатынына күмәнмен қарады. Ал Болатбек Нәжметдинұлы енді жер заңнамасын өзгертуге уәкілетті органдардың дайын емес екенін айтып, Үкіметке үндеу жолдайтынын жеткізді. 

Назгүл НАЗАРБЕК,

Шымкент қаласы

© коллаж: Елдар ҚАБА