Ол бұрын киноға да, жар­намаға да түскен. Жастар арасында біршама танымал еді.
Көлігім мен пәтерімнен басқа активім жоқ – Нұрлан Өтешев
1,937
оқылды

Бүгінде Кәсіподақтар фе­де­ра­циясы төрағасының орын­­басары қызметін ат­қарып жүр. Әрі Астана қала­лық мәслихатының депу­таты. Кейіпкеріміз – Нұрлан Өтешев. Біз оған бірқатар сұрақ қойдық. Жауаптан жалтармады.

«Креслоқұмар» емеспін

– «Кресло» – отырып, ой жи­науға, демалуға мүмкіндік бе­ретін жиһаз. Оның біздің ұғым­дағы ауыспалы мағынасы – тақ, билік. Жалпы, билікке көз­­қарасым жақсы, бірақ «кре­сло­құмар» емеспін. Ешқашан маған «кресло» керек деп ұм­тыл­ған жоқ­­пын. Осы ұстанымнан айны­мауды мақсат тұтамын. 

Жалақымды жасырмаймын

– Биылдан бастап Toraigyrov University коммерциялық емес акционерлік қоғамынан 635 мың теңге жалақы аламын. Бұған дейін бұл жерде 3 жыл тегін жұмыс істедім. Қазір корпоративтік басқару арқылы оқу орнының стратегиялық дамуына атсалысып жатырмын. Мұндай жалақыны тұрақты алып тұру үшін міндетімді мінсіз атқаруға тиіспін.

Кәсіподақтар федерациясы төрағасының орынбасары ретінде 450 мың теңге табыс табамын. Ал «Меркі-Радон» шипажайы» акционерлік қоғамы директорлар кеңесінің төрағасы лауа­зы­мын­дағы қызметім үшін 200 мың теңге кесімді жалақы тағайындалған. Бұл шипажай Кәсіподақтар федерациясына қарайды. 

Сайлау алдындағы уәдемді орындап келемін

– Мәслихат депутаттығына «AМАNАТ» партиясының партиялық тізімі бойынша өттім. 2007 жылдан бері партияның құрамындамын. «Нұр Отан» болған кезінде саяси ұйымның Жастар саясаты және сыртқы байланыс департаментін басқардым. Бұл партия – мен үшін басқа партиялар оның деңгейіне күні бүгінге дейін жете алмаған партия.

Сайлау алдында халыққа мәслихатқа немесе Мәжіліске өте қалған жағдайда еңбек адамының мүддесі мен құқығын қорғауға уәде бердім. Қазір осы бағытта жұмыс атқарып жатырмын. Таяуда қала әкімімен кездесу болады. Сонда бірқатар ұсынысымды жариялаймын. 

Астана қаласы мәслихат депутаттарының арасында түрлі саланың өкілі бар. Олардың арасында қалталы азаматтар да жоқ емес. Жеке өзіме келетін болсам, отбасымды толық қамтамасыз етуге мүмкіндігім жетеді. Несиеге алған көлігім мен пәтерден басқа активім жоқ.

«Саясаткер» болудың жауапкершілігін сезінемін

– Формальды түрде саясаткермін. Өйткені мәслихат депута­тымын. «Сен саясатпен айналыспасаң, саясат сенімен айналысады» деген сөз бар. Қазіргі қоғам саясатпен айналыстырмай қоймайды. Жалпы, саясатқа бүгін келіп отырған жоқпын. Бұған дейін жастар саясатының өкілі болдым. Ел арасында мені саясаткер деп айтып жатады. Бұл атқа лайықпын ба, білмеймін, дегенмен жауапкершілігін сезінемін. 

Басшылыққа біліміммен жеттім

– Алдыңғы буын ағалардан көмек емес, ақыл сұраймын. Себебі олардың берген бағыт-бағдары мен кеңесі жолымды ашатынын білемін. Кезінде Мақсұт Нәрікбаев ағамыздың шарапатын көп көрдім. Сол кісінің маған берген ақылы мен артқан сенімі 23 жасымда жоғары оқу орнында проректор болуға бел буғызды. Студент кезімде Совет Сейітов, кейін Ералы Тоғжанов, Дархан Қалетаев сынды ағалардың ақылына құлақ түрдім. Бақыт Адамсопиев ағамен күні бүгінге дейін ақылдасамын. Олардың ақылын көмек, қолдау деп білемін. 

Басшылық қызметке еңбегім мен білімім арқылы жеттім. Ешкімнің алдына барып, қызмет сұраған емеспін. 

Баадур Цуладземен бірге киноға түстім 

– Баадур Цуладземен бірге киноға түстім. Мен үшін бұл үш ұйықтасам түсіме кірмеген оқиға болды. Кеңес және грузин актері, кинорежиссер, сценарист, тележүргізуші, марқұм Баадур Цуладзені балабақшаға барып жүрген кезімде экраннан көретінмін. Оның «Буратиноның шытырман оқиғалары» деген фильмде ойнағаны есімде сақталып қалды. Тағдырдың жазуымен Эля Гильманның «Сюрприз» қысқаметражды фильмінде бірге киноға түстім.

Студент кезімде Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» ки­ностудиясы мен «Кино» фирмасы бірлесіп түсірген, режиссер Лейла Аранышеваның «Десант» деген киносында басты рөлді сомдадым. «Астана – жүрегім менің!» киноальманахына да түскенім де бар. 

 Сценарий жазатын компаниямыз болған

– «Өзіміз ғой продакшн» деген атпен компания құрдық. Тобымызда Доспанбет деген жігіт болды. Ол Big Data-мен айналы­сады. Қазір KazData деген сайты бар. Бұл сайтқа жазылу арқылы ғана кіре аласың. Осы сайт сарапшылар 2 апта істейтін сараптаманы 15 минутта жасап береді. Бұл сайтқа әлемге әйгілі компаниялар жүгінеді. Осындай жобаның басында жүрген жігіттің ұсынысымен түрлі түсірілімдерге сценарий жазатын болып келістік. Жобаға Қазақ мем­лекеттік заң университеті көңілді тапқырлар клубы коман­дасының капитаны, «Алтыншы бекет», «Қол» фильмдерінің сценарисі, қазір белгілі заңгер Азамат Айтжан есімді жігітті тарттық. 7 ай бірге жұмыс істедік. Кейін мен жобадан шығып кеттім. 

«100 доллар және сары майка»

– Қарағанды сырасын жарнамалайтын роликке түскен кезім де бар. Келісім барысында режиссер мен продюсер біркүндік түсірілімге Роза Рымбаеваға қанша қаламақы төлесе, маған да сонша төлейтіндерін айтты. Тапқан табысым 100 доллар және сары майка болды. Жарнама танымалдығымды арттырды. Көшеде емін-еркін жүре алмайтын жағдайға жеттім. Жарнамаға түскеніме ешқашан өкінген емеспін. 

Жазып алған 

Абылай БЕЙБАРЫС