«Халыққа көмек» партиялық жобасының басты мақсаты – азаматтардың арыз-шағым, өтініш-тілектерін дер кезінде шеше отырып, әлеуметтік проблемаларға көмек көрсету. Аталмыш жоба арқылы жыл басынан бергі 7 айда «AMANAT» партиясы Шымкент қалалық филиалының қоғамдық қабылдау бөлмесінде 506 қабылдау болып, 512 өтініш қаралған. Бүгінде оның 193-і оң шешімін тапқан. Бұл туралы филиалдың атқарушы хатшысының орынбасары Бегайдар Төлегенов атап өтті.
«Шешімін тапқан мәселелердің бірқатарын атап өтуге болады. Мәселен, «Халыққа көмек» партиялық жобасы аясында 2023 жылдың 24 наурыз күні «AMANAT» партиясы Қаратау аудандық филиалының қоғамдық қабылдау бөлмесіне хабарласқан Нұртас шағын ауданының тұрғындары атауы жоқ көшеге шағал тас төсеу жұмыстарын жүргізу мәселесі бойынша көмек сұрап қабылдауға келген болатын. Аталған мәселені қалалық мәслихат депутаты Қайрат Имашев өз бақылауына алды. Нәтижесінде, аталған көшеге депутат демеушілігімен 2,2 шақырым жолға шағал тас төселді. Ал Базарқақпа тұрғын алабындағы Алай және Балқан көшелерінің тұрғындары мәслихат депутаты Байкен Аширбаевтан көшелерге жөндеу жұмыстарын жүргізіп, асфальт төсеуді сұраған. «AMANAT» партияы фракция мүшесі тарапынан жолданған депутаттық сауалдың нәтижесінде мердігер мекеме «Қазығұрт-Проект» ЖШС орташа жөндеу жүргізіп, асфальт төсеп берді», – деп атап өтті Бегайдар Мұсаұлы.
Сонымен қатар биылғы сәуір айында «AMANAT» партиясы Абай аудандық партия филиалының қоғамдық қабылдау бөлмесіне хабарласқан Шымкент қаласының тұрғыны «Авто-Нұр» базарына қатынайтын жол маңына мүмкіндігі шектеулі азаматтар мен жаяу жүргіншілер жүретін жолақ қарастырылмағанын айтып, аталған мәселені шешуге ықпал етуді сұрап өтініш білдірген. Көп ұзамай партияның ықпалымен «Авто-Нұр» базарына кіретін негізгі көшенің бойына көлік кептелісін болдырмау және жаяу жүргіншілер қауіпсіздігін қамтамсыз ету мақсатында жаяу жүргіншілер жолағы салынған.
Жалпы, Шымкент қаласындағы партия филиалына тұрғындар тарапынан келіп түскен өтініштер қатаң бақылауға алынып, шешімін тауып жатқанын атап өткен жөн.
Назгүл НАЗАРБЕК,
Шымкент қаласы