Шымкент қаласының республикалық маңызы бар қалалар санатына қосылғалы бұл тарихи шешім қаланың болашағы үшін үлкен мүмкіндіктерге жол ашты.
Шымкент – бизнеске қолайлы қала
1,056
оқылды

Бұл сөзімізге былтырғы «Алтын сапа» сыйлығы аясындағы «Бизнес жүргізуге қолайлы жағдай жасаған үздік өңір» санаты бойынша арнайы сыйлықты Шымкент қаласының әкімдігіне Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өз қолымен тапсыруы дәлел бола алады. 

Соңғы бес жылда өнеркәсіп өнімінің көлемі 492 млрд теңгеден 937 млрд теңгеге жетті. Шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны 58 мыңнан 110 мыңға дейін өсті. Қала бюджеті 5 жылда 4 есе көбейіп, 146 миллиардтан 642 миллиард теңгеге жетті. Мұның бәрі де кәсіпкерлікті жеткілікті түрде қолдаудың нәтижесі дер едік.

Шымкент қаласының мегаполис деген статусқа ие болуы инвесторларға, бизнес өкілдеріне, әсіресе, жас кәсіп­керлерге, жалпы, барлық азаматтарға тың мүмкіндік­тер ұсынды. Экономика жылдан-жылға дамып, инвестициялық ахуал бірте-бірте жақсарып келеді. Жергілікті билік бизнес­тің алдындағы кедергілерді жою және и­н­фрақұрылымды дамыту бойынша барынша нәтижелі жұмыс атқаруда. 

Қалада өндіріс алаңдарына қажет­тіліктің артуына байланысты жаңадан жалпы аумағы 867 гектарды құрайтын 5 өн­діріс аймағын құру жұмыстары жүр­гізілуде. 

Ал өнеркәсіп саласын алып қарайтын болсақ, жыл сайын қаншама заманауи, инновациялық өнім шығаратын кәсіп­орындар, зауыт-фабрикалар ашылып жатыр. Соның бірі – біздің компания­мыздың қаржыландыруымен  ашылғалы отырған «Стандарт» жеке индустриалды аймағы. Шымкент қаласындағы бұрынғы қорғасын зауытының орнында біз ауқымды жобаны қолға алып отырмыз. Ол негізгі екі бағыттан тұрады: біріншісі, осы аймақта жинақталып қалған 4,5 миллион тоннадай өндірістік қалдық­тарды қайта өңдеу арқылы мыс, күміс концентратын және мырыш оксидін өндіретін зауыт салдық. Бұған дейін қаланың экологиясына, тұр­ғындардың денсаулығына зиянын келтіріп жатқан өндірістік қалдықтарды өңдеп, кәдеге жаратып жатырмыз. Жобаның екінші бағыты – «Стандарт» жеке индустриалды аймағын құру. Яғни, біздің компания бұрынғы қорғасын зауытының аумағын тазалап, инвестор ретінде өз қаражатымыздың есебінен барлық инфра­құрылым желілерін жүргіздік. Енді бұл аумаққа заманауи талапқа сәйкес келетін өндірістік ғимараттар, ангарлар салатын боламыз. 

Шағын зауыт немесе цех ашу үшін кәсіпкер мемлекеттен жер алуы керек. Одан кейін ол жер теліміне электр қуатын, жол, су, газ бен кәріз жүйелерін жеткізу де­ген де өте ауқымды жұмыс. Әрі мұның барлығын техникалық талаптарға сәйкес­тендіріп, тиісті органдардан рұқсат алуға тура келеді. Оған қоса, өрт қауіп­сіздігі ережелеріне сәйкестігін растау керек болады. Ал біздің индустриалды аймаққа келіп, дайын өндірістік ғимаратты жалға алған кәсіпкер осы кедергілер мен әуре­шіліктен құтылады. Өндірістік құрыл­ғыларын орнатып, жұмысын дереу бастап кетуіне болады. 

Алғашқы кезеңде 27 мың шаршы метрлік ангарлар биыл салынып бітеді. Әрі қарай тағы да ғимараттар салып, аймақты кеңейте беретін боламыз. Болашақта бұл аймақта шамамен 100 шағын және орта кәсіпорын жұмыс істейді деген болжа­мымыз бар. 

Жалға алу тарифтерін Шымкент қала­сының әкімдігімен келісе отырып белгі­лейміз. Бұл жердегі ең үлкен жеңілдік – бизнесмендер Шымкентте ғана жұмыс істейтін «Іскер қала» атты бірегей өңірлік бағдарлама арқылы мемлекеттен көмек алуына болады. Атап айтқанда, алғашқы өндірістік ғимаратты жалға алу ақысының 75 пайызы, екінші жылы 50 пайызы және үшінші жылы 25 пайызы субсидияланады. Осы үш жылдың ішінде бизнес өкілдері аяғынан тұрып, ары қарай өз қамын өзі істей алатын жағдайға жетуі тиіс. 

Шымкент қаласында тек қана өнер­кәсіп саласы ғана емес, құрылыс та ерекше қарқынмен дамып келе жатыр. Соның айғағы ретінде 5 жылдың ішінде 3 миллион 700 мың шаршы метр тұрғын үйдің салы­нуын айта аламыз. Қазір әр жыл сайын 1 мил­лион шаршы метрден астам үй салы­нып жатыр. Бұл тек халықты баспанамен қамтамасыз ету мәселесін шешіп қана қоймайды. Өткен жылы қала экономика­сына 550 миллиард теңге инвестиция салынған болса, соның 200 миллиардтан астам тұрғын үй құрылысына бағыт­талып­ты. Яғни, құрылыс саласы Шымкент экономикасының негізгі қозғаушы күшіне айналып отыр десек қателеспейміз. 

Бүгінде мемлекет өнеркәсіпті дамыту, шағын және орта бизнесті қолдауға баса назар аударып отыр. Шымкент қаласын­дағы «Іскер қала» өңірлік бағдарлама­сындағы қолдау тетіктері кәсіпкерлер үшін тиімді.

Бір ауыз сөзбен айтқанда, Шымкенттің мегаполис статусына ие болуы оның қарқынды дамуына және инвестициялық тартымдылығының артуына жол ашты. Еліміздің үшінші мегаполисінде еңбек етемін, бизнес жүргіземін, алға басып, табысты боламын деген азаматтарға бар­лық мүмкіндік бар.

Серікжан СЕЙІТЖАНОВ,

 «Саутс-Ойл» компаниясының президенті