Қазақстан уран қоры бойынша да, оны өндіруде де әлемде көшбасшы ел. Мұндай жетістікке біздің ел бір күнде келе қойған жоқ. Байлық бабадан қалған мұра болса, оны тиімді игере алу бүгінгі ұрпақтың жетістігі.
Әлемге жылу сыйлайтын кәсіпорын: ҮМЗ уранды қалай ақшаға айналдыратынын көрсетті
4,229
оқылды

Өткен аптада еліміздің бір топ журналисі Өскемендегі «Үлбі металлургия зауытына» (ҮМЗ) ат басын бұрды. Журналистерді стратегиялық нысанға апаруды «Қазатомөнеркәсіп» компаниясы ұйымдастырды. Екі күн бойы тілшілер уранның қалай отын таблеткаларына айналатынынан бастап, оны жылу бөлгіш құрамаларға орналастыру сәтіне дейін өз көзімен көрді. Міне, осы өнімдер шетелге қыруар қаржыға сатылып, ел бюджетінің бір бүйірін толтырып отыр.

Мәселені әу бастан баяндап, ҮМЗ-ның тағы қандай өнімдер өндіретініне үңілсек.

ҮМЗ халықаралық сенімге ие кәсіпорын

1997 жылдан бастап «Қазатомөнеркәсіп» Ұлттық атом компаниясы» АҚ құрамына кірген ҮМЗ атом энергетикасы, электрондық, металлургиялық өнеркәсіп және басқа салалардың қажеттіліктері үшін уран, бериллий, тантал және ниобий өнімдерін өндіреді. Жыл он екі ай, тәулік бойы жұмысын тоқтатпаған кәсіпорында 4000-ға жуық қызметкер еңбек етеді. Қызметкерлердің орташа жалақысы қандай деген сұрағымызға компания басшысы Сергей Бежецкий күлімдеп өте жақсы деп тіл қатты.

– Өздеріңіз жаңа байқаған боларсыздар, біздің мекеменің аумағы – 142 гектар. Бұл жерде бірнеше ірі өндіріс ошақтары орналасқан. Бұйырса, сіздерге Атом электрстанциялары үшін өндірілетін отын таблеткалары мен жылу бөлетін құрамаларды дайындайтын өндіріс ошақтарын көрсетеміз. Біз, сонымен қатар бериллийдің кен концентраттарын өңдеуден бастап тантал-ниобий сирек металлдарынан өнімдер дайындаймыз. ҮМЗ-ның құрамына «Машзавод» мекемесі де кіреді. Кәсіпорын 1996 жылы құрылған және атом, тау-кен, өңдеу, химия және мұнай-газ өнеркәсібі үшін полимерлі материалдардан, болаттардан және қорытпалардан күрделі жоғары дәлдіктегі жабдықтарды өндіруде үлкен тәжірибесі бар.  Біздің кәсіпорынның конструкторлық-технологиялық бөлімінің жоғары білікті мамандары заманауи ақпараттық технологияларды пайдалана отырып өнімнің жаңа түрлерін әзірлеуді жүзеге асырып келеді, – деді «ҮМЗ» АҚ Басқарма басшысы Сергей Владимирұлы.

Бүгінгі таңда ҮМЗ бериллий өнімін өндіру бойынша әлемде 2-орында, тантал өнімін өндіру бойынша 4-орында тұр.

ҮМЗ аумағында, сондай-ақ Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттіктің (АЭХА) Төмен байытылған уран (ТБУ) банкісінің қоймасы орналасқан. ТБУ банкі дегеніміз – АЭХА бақылауындағы төмен байытылған уран резерві. Ол АЭХА мүше жекелеген мемлекеттерде ядролық отын өндіру үшін шикізаттың кепілді қорын қалыптастыру үшін құрылған. Осы шикізатты жеткізуде іркілістер болған жағдайда мұндай елдер банкте сақталатын ТБУ қорын пайдалана алады.

Стратегиялық шикізат қорларын біздің елде сақтау кездейсоқтық емес. Біріншіден, кәсіпорынның уран гексафторидімен жұмыс істеуде 50 жылдық тәжірибесі бар. Екіншіден, барлық қажетті инфрақұрылым, білікті қызметкерлер базасы жасақталған. Ал банкті күзетуді мамандандырылған мемлекеттік құрылым жүзеге асырады. Яғни қауіпсіздік жоғары деңгейде ұйымдастырылған.

Бетпақдала мен Алтайдың құты әлемге жылу сыйлайды

Бұған дейін біз уранның қалай өндірілетінін Түркістан облысындағы Қазатомөнеркәсіпке қарасты «Инкай» және «Орталық» кеніштерінде көрген болатынбыз. Енді, міне, сол сары ұнтақ Бетпақдаладан Алтайдың баурайына дейін тасымалданып, уран таблеткаларына айналатын процесті тамашалап тұрмыз.

Бізді зауыт жұмысымен уран өндіру жөніндегі «ҮМЗ» АҚ директорының орынбасары Алексей Болтанов таныстырды. Ескі ғимарат болса да мұрты бұзылмаған зауыттың іші-сырты тап-таза. Қауіпсіздік ережелерін сақтай отырып, арнайы киім киіп уран өндірісінің барлық сатысымен танысып шықтық. Бүгінде зауыт AFA 3G дизайн таблеткаларын жасау үшін француздың Framatome компаниясынан сертификат алған. Бұл ҮМЗ жұмысының жоғары стандарттар бойынша жұмыс істейтінін дәлелдейді.

Осының нәтижесінде Қытайлық компаниялар мен ҮМЗ арасындағы келісімшарт жасалып, шығыстағы көршімізге отын таблеткаларын жеткізу жүзеге асырылуда. 2021 жылдан бастап ҮМЗ «Үлбі-ЖБҚ» ЖШС-на отын таблеткаларын жеткізуге кірісті.

Уран таблеткалары өте кішкентай болады. Алайда оның қуаттылығы сізді таңғалдырмай қоймайды. Мәселен, 7 граммдық бір таблетка 700 келі көмірдің қуатын бере алады. Қолғап киген саусаққа әрең ілінетін таблетканың ұзындығы – 13 мм, ал диаметрі – 8 мм. Кәсіпорын жылына 400 тоннаға дейін таблетка өндіре алады.

Бұдан бөлек, «ҮМЗ» құрамында уран бар материалдардың кең спектрін қайта өңдеу арқылы 235U бойынша 5%-ға дейін байытылған керамикалық сұрыпты уран қостотығы ұнтағын өндіре алады.

Жалпы зауыт өнімі Солтүстік Америка, Еуропа және Азия елдеріне жеткізіледі.

«Үлбі-ЖБҚ» мекемесінен үміт көп

Таблеткаларды өндіру процесі өте күрделі, ал енді оларды жылу бөлетін құрамаларға (ЖБҚ) орналастыру тіпті қиын шаруа. Бұл жерде математикалық есеп пен геометриялық дәлдік қажет етеді.

Уран өндірісінен соң біз «Үлбі-ЖБҚ» ЖШС мекемесіне бас сұқтық. Бұл Қазақстан-Қытай бірлескен кәсіпорны: 51 пайызы «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ тиесілі, ал 49 пайызы қытайлық CGNPC-URC компаниясының еншісінде. Кәсіпорын 2021 жылы іске қосылды. Кәсіпорынның жұмысымен бізді «Үлбі-ЖБҚ» ЖШС бас директоры Арман Сүлейменов таныстырды.

– Бұл жаңа зауытта жылу бөлетін құрамалар мен олардың компоненттері шығарылады. Зауыт жылына 200 тонна өнім шығарады. Дайын жылу бөлетін құрамалар ҚХР атом станцияларына жеткізіледі. Жоба аясында 140-тан астам жұмыс орны құрылды, – деді Арман Асхатұлы.

Аумағы ат шаптырым жерді алып жатқан ЖБҚ өндірісі робототехниканы және басқа да заманауи технологияларды қолданумен жүзеге асырылатын көп сатылы процесс.

Бірінші өнеркәсіптік жылу бөлетін құрама 2021 жылғы 12 тамызда шығарылды. 2022 жылғы желтоқсанда кәсіпорын ҚХР АЭС-ке 68 жылу бөлетін құрама жеткізді. Оларды зауыт серіктесі табысты қабылдады. ЖБҚ екінші партиясы 2023 жылдың мамырында сәтті жеткізілген.

P.S.:

Екі күн бойы ҮМЗ аумағында өндіріспен танысып, жұмысшылардың жағдайына көңіл бөлдік. Зауыт қызметкерлері үш ауысымда еңбек етеді. Тиісті еңбек демалысымен қатар арнайы сауықтыру орындарына да жіберіліп тұратыны қуантты. Алайда зауыт аумағындағы ауа сапасы сын көтермейді. Мұны өзіміз де сезініп көрдік. Зауыт аумағында жүргенде көршілес өзге де өндіріс ошақтарын байқадық. Олардың мұржасынан шыққан көк түтін сау адамды ауру қылатынын байқадық. Әрине, өкінішті.

«ҮМЗ» АҚ Басқарма басшысы Сергей Бежецкий  кәсіпорын зиянды заттардың табиғи ортаға түсуін барынша шектейтін технология қолданылатынын айтты. Өскеменнің экологиясының нашарлануына зауыттың тіпті 1 пайыз да үлесі жоқ деді ол.

Асқар Беков