«Бұл неғылған заманға ісім түсті...»

Әлеуметтік желіде Абайдың «өмір сүр­мегенін» ойжота «дәлелдеп» шық­қан­нан соң әйгілі желеу сөздің иесі З.Батаева өзінің бұл екпінін тіпті үдете түсіп, енді оның ақыл-ойына, біліміне, мұсылмандық оқу жүйесіне күмән кел­тіруге көшіпті.

РЕДАКЦИЯДАН:

Қазақ үшін Абайдан қымбат тұлға жоқ. Қалың ел оны шамшырақ тұтады. Дегенмен соңғы бірер жыл бұрын зерттеуші Зәуре Батаева Абай Құнанбаевтың шығармашылығына күмән келтірген, оны өзінше дәлелдемек мақалалар жазғаны бар. Биыл жыл басында көлемді сұхбат берген-ді. Ал абайтанушылар қарсы уәж айтуға тым асыға қоймағандай көрінген. Бірақ белгілі абайтанушы, филилогия ғылымдарының докторы Тұрсын Жұртбай асықпай, сабырмен ой қортып, жүйелі сөз айтуға бекінсе керек, редакцияға көлемді мақала жолдапты. Біз қысқартпадық, оқырманға ұсындық.

 

АБАЙ «ТОЛЫҚ АДАМ» БОЛҒАН

Әлеуметтік желіде Абайдың «өмір сүр­мегенін» ойжота «дәлелдеп» шық­қан­нан соң әйгілі желеу сөздің иесі З.Батаева өзінің бұл екпінін тіпті үдете түсіп, енді оның ақыл-ойына, біліміне, мұсылмандық оқу жүйесіне күмән кел­тіруге көшіпті. Ұлттық ар-на­мысымыз, ақыл-ойымыздың бас құжаты деп жүрген Абайдың ақыл-ойына күдік келтірген «сандыраққа» қалай төзуге болады. Бұл тақырыпқа бұрын да қалам тартып ем, енді Абайды мәңгүрт қатарына қосқанын оқы­ғанда төзімім таусылып, «жазған құлда шаршау болмас» деп, мұндай да сараместік болады екен-ау деген түршігумен тағы да қолыма қалам алдым. Ал бұл З.Батаева дем беруші, жетекші өзіміздің үкілеп жүрген абайтанушы-академик екенін естігенде, дымымыз шықпай қалды.

Сонымен, З.Батаеваның келесі сан­дырағы мынадай: «Абайдың ресми өмір­баянын жазушылар 19-ғасырда сахараны жайлаған сауатсыздық деңгейін, білім сапасының төмендігін мүлдем ескермей келді. Олардың айтуынша, Абай медреседе үш жыл діни білім алып, шіркеу мектебінде үш ай орысша оқып, өзінің ерекше қабілетінің арқасында аса күрделі саналатын орыс тілін ғана емес, сонымен қатар парсы, араб тілдерін, статистикалық ғылымдар мен шығыс пен батыстың философиясын өз бетімен меңгеріп алыпты-мыс. Біз қазір «Абай» деп атайтын адам ерекше дарын иесі болды десек те, дала көшпендісінің қиын-қыстау өмірін кешіп жүріп, өздігінен осыншама білім мен біліктілікті меңгеріп алуы мүмкін емес нәрсе. Мысалы, біз екінші тілді меңгеру ғылымына сүйенсек, тіл үй­рену – аса күрделі ми үрдісі, ол үшін сол тіл­де сөйлейтін ортаға толықтай сіңісу не­месе ұзақ уақыт бойы арнайы сабақ алып, жаттығу – негізгі талаптар. Барлық стандарт бойынша дарын иесі боп саналатын Иоганн Вольфганг Гетенің өзі латын, грек, француз, ағылшын және италиян тілдерін 4-5 жа­сынан бастап, осы тілдер ана тілі болып та­былатын мұғалімдердің қадағалауымен және күнделікті дәріс алу арқылы ғана үйрене алған екен. Шіркеу мектебінде өз ана тілінде оқыған орыс балалармен қатар отырған қазақ балаға орыс тілінің аса күр­делі дыбыс жүйесін және емлесін кім жеке түсіндіріп жатады? Оған қоса...», – деп жал­ғанды жалпағынан түгендеп, медреселік оқу жүйесін, оның ішінде жәдидтік бағыттағы оқу бағдарламасын білмей, өзі жиі жүгінетін «кеңестік үгіт-насихаттың» желеуіне еріп, желпілдей жөнеледі.

Әттең, тақырып аясы көтермейді. Әйтпесе... Әйтпесе дейтін несі бар өзі!

Иә, Абай тура осында айтылған Гете да­нышпанның деңгейіндегі білім иесі болған және З.Батаева бұл жолы Абайдың ақыл-ой теңдесін дұрыс таңдаған. Мен өзім, Гете, Пушкин, Абайды Архимандрит Сергий айтқандай, «заманынан озып туған адамдар» деп есептеймін. Егер, істің байыбына барса, бұған ілгеріде жарияланған айғақтар дәлел бола алар еді. Иә, З.Батаева тіл үйренудің жолын дұрыс көрсетіп отыр. Абай да тура Гете сияқты: «латын (тілінің орнынан – шағатай), грек (тілінің орнына – араб), француз (тілінің орнына – парсы), ағылшын (тілінің орнына – орыс) және итальян (тілі­нің орнына – түрік) тілдерін 4-5 жасынан бастап, осы тілдер ана тілі болып табылатын мұғалімдердің қадағалауымен және күнде­лікті дәріс алу арқылы үйренген».

Құнанбай сол үшін арнайы діни білімі бар Ғабитханды ауылына көшіріп әкеп, мектеп ашқан. Абай сол мектепте 5 жасынан бастап оқыған, сегіз жасынан бастап екі­жылдық орта білім беретін медреседен «Мұхтасарды» (грамматика) тәмамдаған. Бұл – бүгінгі орта мектептің деңгейі. Ға­битхан молда Құнанбайға: «Мына балаң ерекше қабілетті, енді арнайы медресеге апар. Онда ғылым оқуын оқытады», – дейді. Үш айдан кейін Құнанбай әуелгі берген Ғабдүлжаппар имамның медресесінен алып: «Мына жас молданың оқуы тура оқу екен (жәдидтік бағдарлама)» деп Ка­малитдден (Камаридден) хазірет ұстаздық ететін Ахмет Риза медресесіне береді. Ал Камалитден (Камаридден) хазірет – ислами ойлау жүйесіне бетбұрыс әкелген, жадидтік ағым­ның негізін қалаушы, Ресей империя­сында ғана емес, мұсылман дүниесіне мағлұм ғұлама Шаһабуддин (Шагабутдин, Ши­ғабутдин) –Маржанидің алғашқы шә­кіртінің бірі. Семейдегі қадыми бағыттағы он бес мешіттің имамдары мен «жадидтік» бағытты пантүркистік, панисламистік қоз­ғалыс деп түсінген патшалық жазалау жүйесі Камалитдден хазіретті Семейден шеттеді. Ол сол кездегі шағын елді мекен Баянауылға барып, жеке мектебін ашады. Камалитден хазіреттің мұндағы алғашқы шәкірті – Мәшһүр-Жүсіп. Осы Камалитдден хазірет­тің мектебінен оқығандардың ең соңғы шә­кірттері Қаныш Сәтбаев пен Шапық Шокин, ағайынды Хайыржан мен Халижан Бек­хожиндер, Ақжан Машанов және солармен ілесе шыққан 25 ғылым докторы бар.

Демек, Абай тәлім алған орта – тура Гете тәрбиеленген ортамен бірдей, артық та емес, кем де емес. Араб, парсы, шағатай, түрік, орыс «тілдерін 4-5 жасынан бастап, осы тілдер ана тілі болып табылатын мұ­ғалім­дер­дің қадағалауымен және күнделікті дәріс алу арқылы ғана үйренген». Яғни,
З.Батаева айтқан «барлық стандартқа» толық сай.

Бұл күмәнға орай жауабымды: пайым-парасатына жоғары баға берген, дін жолын ұстағандықтан да, өтірік айтты деуге кел­мейтін архимандрит Сергиймен болған дін таласындағы Абайдың мына сөзін қысқаша тәмсіл етумен қайырамын.

«1882 жылы «Алтай миссиясынан» жаңа Қазақ миссиясы бөлініп шықты» (Н.Таль­берг «История Русской Церкви» кітабында (Jordanville, 1959. [репр. изд. Свято-Ус­пенского Псково-Печерского монастыря, 1994. - С. 766.) ... 1895-1898 жылдары ара­сында Қазақ миссиясының алғашқы бас­шысы архимандрит Сергий (Петров) болды» [Священник Борис Герасимов «Старинные церкви на территории Семи­палатинской области» (Ыбырай С. Жарым адамнан – толық адамға. – Нұр-Сұлтан: Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ, 2020. – 254 б. Б212-213).

1901 жылы Алматыда миссионерлік епархиальдік мекеме ұйымдастырылды. Алматыдағы кафедралық соборда қазақ­тарды салтанатты түрде шоқындыру рәсімі өткізілетін болып жоспарланды. «Семей мис­сиясының» архимандриті Сергий мұмылмандарды дағуаға-пікір таласына шақырды. Көкбай Жанатайұлы ол туралы:

«Сонымен, кейінірек жылдарда, Семейге миссионер Сергий деген кісі келіп, мұсылман дінін қорғаушы молда, имамдар болса – сөйлесемін, – деп іздегенде, Семей қаласындағы мұсылман оқымыстыларының барлығы араларынан бір ауыздан Абайды сайлап шығарып, Сергийден жеңілмей, өз дінінің абұйырын аман сақтап шығуына мешітке жиылып, мінәжат қылып, Абайға бата беріп, тілек тілеп жөнелткен» (Абай ту­ралы естеліктер. Жинақ/Көкбай ақсақал­дың естелігі//Семей.: – Абайдың мемеле­кеттік қорық-мұражайы. – 2010. 1 т, 260 б., Б177), – деп еске алады.

Екі ой иесінің дағуаласуы алдында Абайдың қандай көңіл күйде болғанын түсіну қиын емес. Таным тұрғысынан алғанда, егер бұл ақыл сынағы майданында Абай жеңілген жағдайда, оның халқын заман-ақыр, ал өзін қияметтік талқы күтіп тұр еді. Бұл естелікке орай білдірген
С.Ыбырайдың жапон ғалымы Томохико Уяманың «Қазіргі заманғы империяларды салыстыру» жинағына білдірген:

«1898 жылы Семейге Омбы епар­хиясынан православиелік дінбасы келіп: «Мен мұсылман дінбасымен кездесуім керек», – деп талап қылғанда, дін тартысы жайында мәжіліс болады екен деп шала ұққан жергілікті татар, қазақ жамағаты бірауыздан Абайды жіберуді ұйғарғаны – хакімнің ислам дінін қаншалықты біле­тіндігінен хабар беріп тұрса керек» (Ыбырай С. Жарым адамнан – толық адамға. – Нұр-Сұлтан: Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ, 2020. – 254 б. Б212-213) [212-213], – деген пікірі орынды.

Абай мен архимандрит Сергийдің құпия пікір таласы (дискуссиясы) екі жарым сағатқа созылған. Абайдың досы, осы оқи­ғаның куәсі Көкбай молланың айтуынша (мазмұндалып берілді):

«Семей қаласындағы мұсылман оқы­мыстыларының барлығы мешітке жиылып, дін-исламның ар-ожданын қорғауды Абайға тапсырып, мінәжат қылып, бата беріп шығарып салады. «Ақ шіркеудің» (қазір де бар) алдында жиналған священниктер мен поптар: «Қазір сендердің сақалдарыңды кесеміз», – десіп сапыларын жалаңдатып тұрады».

Архимандрит пен Абайдың арасында 17 мәселе туралы сұрақ-жауап алысады.

«Абай христиан дінінің нанымы бойынша «Үш жүзді құдай» (Христостың құдайлық үш сипаты, яғни Тройца) деген ұғымға қарсы дау айтыпты».

Архимандрит Сергийдің астарлата қойған бұл сұрағына Абай:

«(Құдайдың – Құдайлық) бірлігіне (жалғыздығына) үш жүзді болу жараса ма (сия ма), сол үш сипат бір жүзінде болса, Құдайлығына сын, мін (көп) бола ма?» – деп қысқа әрі түсінікті жауап беріпті. «Бірақ бұл сөзге Сергийдің не айтқанын толық біл­меймін».

Сыртқа шыққанда поптар мен священ­никтер сапыларын, аса таяқтарын көтерісіп, шуылдасып, Абайды сөзден ұтпақ болғанда Сергий:

«Сендер шуылдақты қойыңдар. Ибра­һим Құнанбаев сендердің тістерің бататын кісі емес. Заманынан озып туған адам», – деп тоқтатыпты.

Иә, З.Батаева қанша жерден өрекпіп, сенімсіздік танытса да, архимандрит айт­қандай, Абай – өз «заманынан озып туған адам». Абай да Гете сияқты «толық адам». Оған, Германиядағы Эльминау елді ме­кеніндегі Гетенің мұражайына барып, есіктен кіргеннен шыққанға дейін естіліп тұратын Абайдың Гетенің «Қараңғы түнде тау қылғып» атты өлеңіне жазылған ән әуенін тыңдап та көз жеткізуге болады. Мүмкін содан кейін барып ақыл-ойы, білім дәрежесі, талант қуаты теңдес данышпан­дардың рухы өздері өлген соң да бірімен-бірі үндесіп жатқанына иланар.

 Ал Абай мен архимандрит Сергийдің арасындағы бақастық (дискуссия) туралы толық мағлұмат алғыңыз келсе, біздің «Дәрілқарап» атты зерттеуімізге көз қырын салуыңызға болады.

Кезекті, ұзына реті бойынша оныншы «сандырақ»: Енді З.Батаеваның А.Януш­кевичті «плагиат еткені» аздай, атақты аме­рикалық публицист Джордж Кеннаның әйгілі «Сібір және жер аудырылу» атты жолжазбасын жоққа шығаруға көшеді. Сенбесеңіз, оқыңыз:

«Ескеретін ең маңызды бір мәселе – Джордж Кеннан Абайдың өзін көрмеген адам. Кеннан – Семейге 1885 жылы осы аймаққа жер аударылған саяси белсен­ділердің жағдайын зерттеу үшін барған тілші. Қалашықтағы жаңадан ашылған жалғыз кітапханадан «Батыс ойшылдары Спенсер, Бокль, Льюис, Милль, Тэн, Леббок, Тайлер, Хаксли, Дарвин, Лайель, Тиндаль, Альфред Рассел Уоллес, Маккензи Уоллес және Сэр Генри Мэн еңбектерін көріп, таң қалған» Кеннан айдауда жүрген 25 жасар Александр Леонтьевпен сұхбат­тасады. Жаңа кітапхананың қалашық тұр­ғындарына ұсынар интеллектуалдық пайдасы жайлы әңгіме үстінде Леонтьев Кеннанға «кітапханаға келіп қана қоймай, сонымен қатар Бокль, Милль және Дрейпер сияқты авторларды оқитын Ибрагим Конобай атты көзі ашық кәрі қырғызды (a learned old Kirghis)» танитынын айтады... Бірақ Кеннанның кітабындағы «Абайға» қатысты деген деректер шындық деп қабыл­данбауы тиіс, себебі осы деректің де біраз қисынға келмейтін тұстары бар...», – деп судырата жөнеледі.

Сөйтіп, 1885 жылы, яғни Абай Қарамола сиязында төбе би болған, Долгополовты Бақанастағы ауылына қымызбен емделуге апарған жылы, шамамен 14-19 шілде ара­лығында Семейге Американың саяхат­шы ғалымы Дж.Кеннан келген. Оның 1891 жылы Нью-Йоркта және Лондонда қатар шыққан, кейін дүниені аралап кеткен өзінің «Сібір және жер аударылу» атты атақты кітабындағы Абай Құнанбайұлының (Конобайдың) білім деңгейінен мағлұмат беретін жол жазбаны «шындық деп қабылданбауы тиіс» деп үкім айтып, оны:

«Біздің Абай туралы жалпылама хабарымыздың тегі болып табылатын, бірақ қазақтарға аса таныс емес дереккөздің бірі – АҚШ тілшісі және саяхатшысы Джордж Кеннанның «Сібір және жер аудару жүйесі» атты кітабы. Кітап ресми түрде 1891 жылы ағылшын тілінде жарық көріп, оның ше­телде шыққан орыс тіліндегі аудармасы Ресейге астыртын жеткізіліп, әсіресе қу­ғынға ұшыраған саяси белсенділер мен төңкерісшілдер арасында бұл кітап аса танымал болған еді [38]. Осы кітаптағы бірер параграф Абайдың өмірбаянының кейбір тұстарын құрастыруға негіз болды. Дегенмен қазірде Абайға қатысты қазақ және орыстілді материалдарда мүлдем бұрмаланып беріліп жүрген осы бөліктерін мұқият оқысақ, он­дағы деректердің біз қазір «Абай» деп атай­тын адамға қатысы өте аз екенін байқаймыз», – деп Дж.Кеннанның да, ол туралы пікір айтқандардың да еңбектерін сенімсіз әде­биеттің қатарына қосады.

Бұл деректі кезінде біз де аударып жа­риялағанбыз. Сонда, онда не жазылған және нақты қай жері бұрмаланған? З.Батаева: «Қазірде Абайға қатысты қазақ және орыстілді материалдарда мүлдем бұрмаланып беріліп жүрген осы бөліктерін мұқият оқысақ, ондағы деректердің біз қазір «Абай» деп атайтын адамға қатысы өте аз екенін байқаймыз», – дегенде, аударма барысында бұрмаланған қандай «сенімсіз деректерді» айтып отыр? Соны салыстырып, айырма­шылығын табу үшін әрі Дж.Кен­нанның жазғанынан оқырмандардың мағлұматы болуы үшін сол үзікті толық келтіремін:

 Дж.Кеннан: «Жиналған қауым мүше­леріне бізді таныстырып болғаннан кейін қызу, еркін әңгіме басталды. Менің қойған сұрағыма байланысты, Леонтьев маған Семей кітапханасының тарихы туралы айтып берді. Ол: Кітапхана тек қана саяси жер аударылғандар үшін ғана үлкен игілікті іс атқарып отырған жоқ, сонымен қатар ол қала тұрғындарының ой-өріс тіршілігіне де жан бітірді, – деді.

– Тіпті, қазақтар да (Түпнұсқада: қыр­ғыздар да – Т.Ж.), – деді ол, – ара-тұра оның қызметін пайдаланып тұрады. Мен, бір білімді қазақтың қариясын (старика-киргиза) білемін, оның аты-жөні Ибрагим Құнанбай (түпнұсқада – Ибрагим Конобай), ол кітапханаға тек қана келіп қоймайды, сонымен қатар ондағы Бокль, Милль және Дрейпер (түпнұсқада солай - Т.Ж.) сияқты авторлардың да кітабын оқиды.

– Сонда, сіздің, – деп дауыстады бір студент, – Семейде Милль мен Дрэпердің шығармаларын оқитын кәрі қазақ тұрады деп айтқыңыз келіп тұр ма?!

– Иә, дәл солай, – деп сеніммен қасқая жауап берді Леонтьев. – Мен оны алғаш көргенімде, оның менен индукция мен дедукцияның арасындағы айырмашылықты сұрағаны қатты таң қалдырды. Кейіннен көзім жеткеніндей, ол шынында да ағылшын философиясын жақсы біледі екен және содан кейін мен атаған кітаптардың барлы­ғының да орыс тіліндегі аудармасын оқып шығыпты.

– Сіз ол оқығандарының бәрін түсінді деп ойлайсыз ба? – деп сұрады әлгі студент.

– Мен екі кеш бойы одан Дрэпердің «Еуропаның ақыл-ойының дамуы» атты шығармасы бойынша емтихан алдым, – деп жауап берді Леонтьев, – шындығын айтуым керек, ол мұны өте орнықты түсініпті.

– Менің назарымды мына мәселе аударды, – дедім мен, – кітапханадағы кітап­тардың көпшілігі, соның ішінде ағылшын ғалымдарының шығармалары, цензураның бақылауынан өтсе де, қолға беруге тыйым салынған еңбектер екен. Неге бұлай: әуелі кітапты оқуға рұқсат береді де, артынан тыйым салады?

– Біздің цензурамыздың ұстанымы өзгеше, – деді жер аударылғандардың біреуі. – Сіз мынаны қалай түсіндірген болар едіңіз: мысалы, Адам Смиттің «Адамзат байлығы» сияқты кітаптарға тыйым салын­ған, ал Дарвиннің «Тектердің тарихы» мен «Адам­заттың шығу тегі» атты шығармала­рына рұқсат берілген. Соңғы шығармалар алдың­ғысына қарағанда әлдеқайда қауіпті емес пе?!» [Джордж Кеннан. Сибирь и ссыл­ка. Путевые заметки. 1-2 том (1885-1886 гг..// С.-Петербург. Русско-Балтийский инф. Центр БЛИЦ. -1999. 1 том. 198-199 бет].

Ал осы мәтіннің қай жері бұрмаланып аударылған? (Әттең, орысша нұсқасын беруге мақала көлемі көтермейді). Соншама бір баламасы табылмайтындай күрделі ойға құрылған философиялық жазба да емес. Немесе З.Батаеваның оны сыныққа сылтау етіп, «айтсам бітті» деп, сүйкей салған әдеткі дөйдала дақпырты ма? Әлде Дж.Кеннан атаған батыс ғұламаларын Абай оқыды дегенге іштарлық жасап, қимай отыр ма? Дж.Кеннанның бұл пікірі «білгісі келмеген кісінің өзіне» де бір нәрсе аңғартса керек еді. Бұған саңылауы ашылмаса, амал жоқ, шын­дығында да ол «білгеннің тілін алма­ның» дертіне шалдыққан «бақас ғылымның» иесі болып табылады емес пе?! Шындығында да, бұл жолы кәдімгі бақастығымыз жайына қалыпты.

«Оған қоса, (Абайдың) өмірбаянын жазғандар Кеннанның кітабына сүйеніп Абайдың Еуропа ойшылдарын оқығанын сан қайталаса да, оның бұл «қызығушылығы» 20-ғасырда «Абай» атынан басылып шыққан жазбалардан көрініс таппады. Біз қазір «Абай» деп атайтын адам (Бұл арада, Абай Құнанбайұлы емес, ойдан жасалған Абайды айтып отыр – Т.Ж.) дарынды ақын және ойшыл болғанына күмән жоқ, бірақ оның пәлсапалық шабыты Кеннанның кітабында аталған авторлар емес, оның пәлсапасы Ислам дініне, жәдидшілдік пен көшпен­ділердің көне даналығына негізделген. Қысқаша айтқанда, 1885 жылы жазылған Кен­нанның кітабындағы «Ибрагим Коно­бай» жайлы деректер ол адамның біз қазір «Абай» ден танитын ақын екендігін рас­тамайды».

Астафир-алла! Қисынсызды осылай да қидалап келтіруге болады екен-ау! Дж.Кеннаның жазбасын растап жатпай-ақ қояйық. Онсыз да ол – әлемді аралап кеткен әйгілі кітап. Тек осындағы З.Батаеваның жой­даусыз аталағына сәл кідіріс жасайықшы.

1. З.Батаева: «Кеннанның кітабында аталған авторлар емес, оның пәлсапасы Ислам дініне, жәдидшілдік пен көшпен­ділердің көне даналығына негізделген», – дейді.

Осының алдында ғана жәдидшілдікті Абай білмеді деп еді ғой. Енді бұл бұлтағы қай бұлтақ?

2. «1885 жылы жазылған Кеннанның кітабындағы «Ибрагим Конобай» жайлы деректер ол адамның біз қазір «Абай» ден танитын ақын екендігін растамайды... Егер «Ибрагим Конобай» мен «Абай» бір адам болса, онда оның досы Леонтьев неге бұл қырғыздың «атақты ақын» екенін айтуды ұмытып кеткен?» – дейді.

Сонда бұл біз білетін Ибрагим (Абай) Құнанбаев болмаса, онда әлгі даналығымен еуропалықтарды тамсандырған Ибрагим Конобай (Біз де бопсалап көрейік: осындағы «Конобай» мен Құнанбайдың дыбысталуы орысша «Кунанбай» дегенге қарағанда өзара ұқсас сияқты. Жә, бұл, жәй, бұра тартқан долбар) деген қазақ қайда кетті екен, ә? Ондай оқымыстылардың соңында қандай да бір із қалса керек еді ғой. Ондай із жоқ. Демек...

Біздің пайымдауымызша, ол адам жоғарыдағы ояз: «Пайымды, ықтиятты, жігерлі, діни тұрғыдан байсалды, даралана көрінетін» деп, статистикалық комитеттің хатшысы: «Өте сауатты қазақ, оның үстіне орысша қиыстырып жаза алатын Ибрагим Құнанбайұлы Өскенбаев», – деп атын атап тұрып жарыса жазған Абайдың, яғни Ибрагим Құнанбаевтың нақ өзі.

3. «Леонтьевтің «Ибрагим Конобай» атты қырғыз танысы – егде жастағы адам. Ресми өмірбаянына сүйенсек, Абай 1845 жылы туған, яғни Кеннан Леонтьевпен кездескен 1885 жылы Абай қырық жаста ғана болуы тиіс. Ал қырық жастағы адам, тіпті 19-ғасырдың стандарттары бойынша да «кәрі» болып есептелмейді».

Жиырма бес жастағы жігітке 40 жастағы қысы-жазы қырдың қырпулы желінің өтінде жүрген жігіт ағасы, әрине егде көрінеді. Сонымен қатар уезд бастығы К.Навроц­кийдің:

«Ол тым тез қартайып, денесі ауырлап кетті, қазақтардың ісіне араласпайды, рубасылардың үздіксіз кеңес сұрап келгеніне қарамастан, ол партия таласына аралас­пайды» (2.ҚР ОМА, 1. Ф-15,0-2, 399-іс. Семи­полатинское областное правление секретная часть. Нач: 25 марта 1903г. Окон­чено – 9 июля 1905 г. Дело о рекационнаго движении мусульманского духовенство. 114 листах; 37-38) – деген мінездемесін еске алғанымыз дұрыс.

4. З.Батаева: «Леонтьев «Ибрагим Конобай» атты танысын ақын деп суреттеген жоқ. Ал Байтұрсынов пен Әуезовтің жаз­ғандарына қарасақ, ақын «Абай» өз за­мандастары арасында үлкен атаққа ие болған».

Залалсыз күдік, бұл арада З.Батаева дұ­рыс айтады, 1885 жылға дейін Абай ақындық жолға түскен жоқ. Тек сол жылы, Долгополов ауылына барып қайтқаннан кейін ғана:

«Жасымда ғылым бар деп ескермедім,

Пайдасын көре тұра тексермедім.

Ер жеткен соң түспеді уысыма,

Қолымды мезгілінен кеш сермедім»,

– деп өзінің қолына қаламды кеш алғанын өкінішпен айтты, яғни «Абайдың ақындығы» 40 жастан кейін басталды. Ал оның ақындығы туралы Ахаң (Байтұрсынов) мен Әлекең (Бөкейханов) арада отыз жыл өткен соң жазып отыр. 1885 жылы Леонтьев – 25 жаста, Бөкейханов – 19 жаста, Қар­қаралыдағы мектеп-техникум оқушысы, Байтұрсынов – 12 жаста. Абайдың әлі басталмаған ақындық өмірі туралы олар бұл кезде пікір білдіре алмайды. Демек, З.Ба­таева­ның мұнысы – қисынсыз қыжыртпа.

Ал Абай болса, тура сол күндері, яғни Джордж Кеннан Семейге келгенде, Шар өзені бойындағы Карамола сиязына төбе билік етіп қайтып, іле соңынан жазылған арыз-шағымдарға байланысты тергеу астын­да жүрген еді. Әрине, Дж.Кеннанның Се­мейге келгенін естіді. Ондай сирек оқиға­ның шағын қалада дабырасыз қалуы мүмкін емес.

Міне, осылай елегізи өрекпіп отырып, жоғарыда біз көрсеткен деректердің бар­лығын да, соның ішінде Дж.Кеннанның жаз­басын да жоққа шығарған З.Батаева, соң­ғы жауабында өзінің ілгерідегі «санды­рақтарында» айтылған «елітпесін» қорыта келіп:

«Существовал ли казахский поэт и фи­лософ «Абай Кунанбаев», выучивший русский язык за три месяца в приходской школе, а потом, будучи, как и все его сопле­менники, сезонным кочевником, без ка­кого-либо формального образования самостоятельно углубившийся в труды западных мыслителей и русских классиков? Мой ответ: нет, не существовал и не мог существовать (!)» [5.5], – деп қорытынды жасайды.

Сөйтіп, З.Батаева батыл түрде:

«Біріншіден: «Ибрагим Құнанбай» деген адам ақын болмаған»;

Екіншіден: біз қазір «Абай» деп танитын адамның ол кезде «Абай» деген лақап аты әлі болмаған. «Абай өмір сүрген жоқ»;

Үшіншіден: «Слова назидания» побуж­дали казахов презирать себя, своих предков, язык и культуру» – Абайдың «Қара сөздері» («Ғақлия сөздері») қазақтардың өздеріне, ата-бабаларына, тілі мен мәдение­тіне деген жеккөрінішін оятты», – деп жар салады.

Ал керек болса. Осыдан кейін дымыңды сыртқа шығарып, деміңді алып көр. «Кел­генде Жиенқұлға шықпайды үнім» деген керауыздың кері осы, міне. Бұған не шара!

О, шындығында да, ұлтымыздың ар-ожданын қорлауға жол берілген «бұл неғылған заманға ісіміз түсті?!.» (Абай).

Сонда З.Батаеваның түпкі мақсаты – Абайдың көзін құртып, жер бетінен атын өшіріп тыну ма? Шынымен де, пиғылы сол болса, онда не дейміз? «Ызалы күлкінің өзі де уайым», – деп Абай айтқандай, ызалы шарасыздықпен бас шайқап, мыналардың қасында елеусіздеу көрінетін, бірақ, жауап берілуге тиісті бірер пікірді назарға ұсы­намын.

АБАЙ «ДЕЙ САЛДЫМҒА» КӨНБЕЙДІ

Турасына көшкенде, мен З.Батаеваның төмендегі өрекпулеріне дәлел іздеп, са­лыстырып жатпаймын. Мұндағы айтылған пікірсымақтар – пікір емес, өз сөзіне өзі еліктеп, өзінің желеу сөздеріне өзі ықтап, желөкпелікпен айтылған «дей салдымдар».

Бірінші «дей салдым»: «Абай десек – Әуезов, Әуезов десек – Абай дегеніміз» деген қағида қалыптасты. Алайда Абайдың «Абай (Ибрагим) Кунанбаев» [37] атты ең алғашқы және кейін ықпалы аса зор болған өмірбаянды 1905 жылы Әлихан Бөкей­хановтың орыс тілінде жазғаны. Ал Мұхтар Әуезовтің Абайдың шығармашылығымен тек қана 1933 жылдан бастап айналыса бас­тағаны жайлы 2000 жылдарға дейін оқыр­мандардың басым көпшілігіне беймәлім болды».

Осылай да парықсыз сөйлеуге болады екен-ау! Мұның барлығы Абайдың «көзін жоғалтып» тынғаннан  кейін қолға алған «М.Әуезов деген жазушы жоқ», «Абай жолын» Л.Соболев жазып берген. Ол
А.Янушкевичтің «Күнделіктерін» НКВД-ның тапсырмасымен жазған» деген қауе­сетнамасына дайындық болса керек. 

Ал М.Әуезовтің алғашқы: «Абайдың өнері һәм қызметі» («Абай» журналы, 1918, №2) және «Абайдан соңғы ақындар» («Абай» журналы, 1918, №5) мақалалары 1918 жылы жарияланған болатын. 1924-1927 жылдар аралығында Көкбай мен Тұрағұлды қатыстыра отырып Абайдың толық жинағын құрастырып, баспаға тапсырған. 1922-1924 жылдары Ділдәнің, Көкбайдың естеліктерін жазып алған. 1924-1925 жылдар аралы­ғында жинақты дайындап, түсініктер беріп, баспаға тапсырған. Алаш қайраткерлерінің кітаптары мен оқулықтарын шығармау туралы 1927-1928 жылғы қаулыдан кейін, З.Батаева сенімді зерттеуші ретінде жүгі­нетін Ғ.Тоғжановтың және Ә.Байділдиннің, І.Қабыловтың, С.Мұқановтың, т.б. Абайды байшыл-буржуазияшыл деп жаппай әшкерелеулердің кесірінен кітап шықпай қалған. Ол тыйым салынған кітаптар туралы қаулының тізімінде бар. М.Әуезовтің түр­меге қамалуына байланысты жинақ шығару жұмысы төрт-бес жыл тоқтап қалған. 1933 жылы І.Жансүгіровтің кепілдік редактор­лығымен басылған. Ал Абай туралы алғашқы көлемді «Абайдың туысы мен өмірі» атты монографиясы 1934 жылы «Әдебиет майданы» журналында жарияланды.  

«Әуезов Бөкейханов жазған өмірбаян нұсқасын өзгертпей, Абайдың ата-бабалары туралы, әсіресе Абайдың әкесі туралы ақпаратты кеңейтіп, көп ұзамай-ақ роман жанрына бұрылып кеткен еді», – деп
М.Әуезовті кемсітудің тіпті де еш жөні жоқ.

 «Абайдың ақындық өмірі» атты 1934 жылы жарияланған, көлемі тасқа басыл­ғанда 100 беттен астам монографияны Ә.Бөкейхановтың 3-4 беттік ақпараттық қазанамасымен еш салыстыруға келмейді. Және ол кезде Әлекең – Әлихан Бөкейханов тірі болатын. Тіпті, тура осы 1934 жылы Әлекең Мұхтарға хат та жазған. Бірақ «тыңшылар» ол хатты табыс етпей, почтадан кері қайтарып жіберген. Ол хатты Әлекең үйіне барған Ә.Марғұланға: «Бұлардың қырағылықтары осындай», – деп күліп отырып көрсеткен (Махат Д., Марғұлан Д., Жұртбай Т. Академик Әлкей Марғұланның ғылыми-эпистолярлық мұрасын жинау, жүйелеу және зерттеу. Пікірлер, рецен­зиялар, хаттар, ашық хаттар. Ұжымдық монография. – Алматы, «Асыл кітап» баспа үйі, 2021. – 240 б.). Ал енді осы деректі қазақ әдебиеті тарихынан алшақ мамандықтың иесі, сонау Жапониядағы қазақ қоғамына ынталы ғалым Томохико Уяма қазақ әде­биетінің маманы З.Батаеваға:

«Ол Мұхтар Әуезов Абай туралы 1933 жылға дейін жазбаған дейді, бірақ оның Абай туралы бірнеше шығармасы бар, олар 1918 жылы «Екеу» деген бүркеншік атпен шыққан, Турағұл Кұнанбаев пен Әуезовтікі деп саналған немесе Әуезов пен Жүсіпбек Аймауытовтікі. Тағы да, ол бұл анықтамамен дауласуы мүмкін, бірақ алдымен оларды оқып шығуы керек», – деп жөн сілтейді.

Жөн сөз және шындық. Оған құлақ аса қоймаған З.Батаева жалт беріп Алаш қайраткерлерін өзінің арандату әрекетіне тартады (мазмұндалып берілді): 

«1905 жылғы «қазанаманы расында да Бөкейханов жазған болса, ол бұл қазанама арқылы саяси мәлімдеме жасауды көздеуі мүмкін. Осыдан бірнеше ай бұрын ғана Бөкейханов – Ахмет Байтұрсынов және Міржақып Дулатов сияқты басқа ұлтшыл­дармен бірге орыс үкіметінен қазақтардың діни және жер меншіктігі құқығын талап етіп, 14 500 адам қол қойған петицияны жазуға қатысқан еді. Бөкейханов өз атынан жазған қазанама осы саяси жобаның бір бөлігі екеніне еш күмән жоқ. Абайдың бейнесі арқылы Бөкейханов өзінің саяси жобасының шығармашылық компонентін құрады: ұзақ уақыт орыстандыру саясатын көздеген орыс-қазақ зиялыларына орыс мәдениетіне толық сіңісе отырып, өзінің көшпелі мәдениетінен қол үзбеген, үлгі тұтарлықтай мінсіз қазақ бейнесін көр­сет­кісі келсе керек. Бұл уақытта Бөкейхановтың саяси-мәдени жобасы партия деңгейінде пісіп-жетілмеген еді. Ол тек 1917 жылы Алаш Орданың құрылуымен өз мәресіне жетті. Осы аралықтағы жылдарда Бө­кейханов, Байтұрсынов және Дулатов үшеуі бірігіп, көптеген мәдени-ағартушылық жобаларын жүзеге асырды. Солардың бірі – 19-ғасырда өмір сүрген «Ибраһим (Абай) Құнанбай» деген біртуар ақын және ойшыл қазақтың өмірі мен шығармашылығын үлгі етіп, халыққа тарату жобасы еді», – деген «алаш рухты» сөзінің астарында аса қауіпті арандату жатыр.

Мұндағы «жоба» деген сөзге мән беріңіз. Демек, Абай өмір сүрмеген, ол Алаш қоз­ғалысын жандандыруды көздеген, қадағалап тұрып назар салыңызшы:

«Бөкейханов, Байтұрсынов және Дулатов үшеуі бірігіп ... 19-ғасырда өмір сүрген «Ибраһим (Абай) Құнанбай» деген біртуар ақын және ойшыл қазақтың өмірі мен шығармашылығын үлгі етіп, халыққа тарату ЖОБАСЫ  екен».

Сонымен, біз рухани кие тұтып жүрген Абайымыз бар-жоғы «мәдени-ағартушылық Жоба (!)» ғана боп шықты, яғни құр сүлдер ғана екен!

Абайдың, құр сүлдер – Жоба емес, Абайдың өзі де, өлеңдері де өмірлік шындық екенін, Ибрагим Құнанбаевтың – Құнан­байдың ұлы Абай екеніне куәлік беретін (күніміз соған да жетті), Абайдың адам ретінде нақты өмір сүргенін дәлелдейтін және Абай өлеңдерінің қолжазбасы бол­ғанын, Әлихан Бөкейханов ол қолжаз­баларды Абайдың өмірбаянын жазарда  Кәкітай мен Тұрағұлдан  сұратып алдыр­ғанын растайтын құрыштан құйғандай мығым да нақты дерек бар. Ол – Әлихан Бөкейхановтың 1915 жылы Кәкітай өлгенде жазып, «Қазақ» газетінің сол 1915 жылғы №105  санында жариялаған азанамасы. Онда өзінің Кәкітаймен жан аяспас дос-жар болғанын, мұны түрмеден алып қашуға да ұмтылып, Тұзқалаға жасырынып келгенін сүйіне айтады. Ал З.Батаева арандатып, дақпырт таратып отырған Абайдың қол­жазбасы мен Кәкітай туралы:

«Бүгін, 10-ыншы февральда Семейден Медеу (Оразбайдың ұлы – Т.Ж.) телеграм соқты, 6- февральда Кәкітай (Кітапша аты – Ғабдолхакім) Ысқақұлы Құнанбаев опат болды деп. Кәкітайдың әкесі Ысхақ – ақын Абайдың інісі. Кәкітайдың жасынан сүйіп, Абай қасына ертіп баулыған. Абай қасында жүріп, ішкөл (мектеп) көрмей Кәкітай орысша оқу, жазу білген. Абай білетін Еуропа писательдерімен Кәкітай да таныс, оқыған еді. Ыһтихад-талап арқасында ұста болған, орысша топта сөйлеуге ұялмайтын, сөз білетін еді. Мен депутат сайланып шық­қан соң Семей қаласының орыстары клубта бізді қонақ қылғанда, орыс шешендеріне Кәкітай жауап қайырған: «Біз Михаэлис фікіріндеміз, солардың шәкірті Ғалиханды сайлауымыздың себебі осы» деп. Абайдың тәржіма һалін жазған Кәкітай. Осы екі ісінен Кәкітай білімі оқушыларға анық болар. ... 1904-інші жылы Абай марқұмның өлеңдерін кітап қылып басыңдар деп балаларына хат жаздым. 1905-інші жылдың апрель айында Кәкітай Абайдың жазба кітабін (қолжазбасын –  Т.Ж.) алып, Омбыдағы маған келді. ... Кәкітай біздің үйде бірер жұма жатты. Абай, Пушкин, Лермонтов сөздерін бірге оқып, мәз-майрам болдық. Анық таныстық» (Қараңыз: Ғали-хан. Кәкітай (Мүнәһиб), «Қазақ», және Әлихан Бөкейхан. Шығармалары, Құрас­тырған С.-Х. Жүсіп (Аққұлы), көп томдық, VIII том/ Астана, Сарыарқа. -2016.600 б., Б473-475) , – деп елжірей еске алады.

Міне, бұл «Мүнәһиб» осыған дейін айтылып келген және осындан кейін де айтылатын «Абай – өмірде болмаған адам. Оны саяси идеология, үгіт-насихат құралы үшін Ә.Бөкейханов ойлап тапқан, қолдан жасаған» деген З.Батаеваның дақпырты мен сандырағына тыйым салар деп үміттенеміз.

1906 жылы Ә.Бөкейханов қамаққа алынғанда (Кәкітай құтқарамын деп Тұзқалаға барған жолы) ол қолжазбаны Керекудің (Павлодардың) түрмесіндегі тергеушілердің тәркілегенін, ал Ә.Бө­кейхановтың: «Қазақтың аса көрнекті ақыны Ибрагим Құнанбаевтың қолжазба­сын қайтарып беруді және оны пәленбай мың сомға бағалағаны» туралы түрме бастығына жолдаған хаты архив мұрағатында бар екенін ескертсек, бұл уәжімізге З.Ба­таева сене қояр ма екен!? Бұған сенбей, дау мен жала тапса, онда бұл адамға еш тоқтам жүрмейтін болғаны. Мейлі, сенсін, сенбесін, бәрібір, тағы да абайтанушылар білмейді, айтпады демесін. Ал тергеудегі бұл қолхатты кезінде ғалым З.Тайшыбаев «Қазақ әде­биеті» газетінде жариялаған болатын.

 Жә, шыдамның да шегі бар. Енді жоғарыдағы «Мүнәһибтан» кейін Абай «мәдени-ағартушылық жоба» емес, нақты өмір сүрген адам екенін, 1909 жылғы жинақ Абайдың өз жинағы екеніне қысқаша түсініктеме берумен шектелемін де, онсыз да созылып кеткен, мені де есеңгіретіп тастаған қыжылымды аяқтаймын.

З.Батаева: Біріншіден: 1909 жылғы  кітаптың «көшірмесінің беттері неге сон­шалық нашар күйде (желімделген)? Дәл осы кезеңде шығарылған басқа кітаптар, мысалы, Жүсіп Көпейұлының кітаптары, өте жақсы күйде сақталған. Екіншіден, сол заманда шыққан басқа кітаптардан өзгеше, осы екі кітаптың да шыққан уақыты мен орнын көрсететін ішкі-сыртқы колофоны жоқ. Ресми ақпарат бойынша, кітап Санкт-Петербургтегі Бораганский&К баспасынан шыққан, бірақ не сыртында, не ішінде колофоны жоқ болғандықтан, бұл ақпаратты растау тіптен мүмкін емес. Колофонның жоғына қоса, мәселені қиындата түсетін тағы бір нәрсе – 1900 жылдары қазақ тіліндегі кітаптар Санкт-Петербургте емес, Қазанда немесе Орынборда шығарылған еді», – дейді.

З.Батаева «желімделген жыртық» кө­шірмені қайдан көріп жүр екен? (Зады, суреттеуіне қарағанда, Әдебиет институ­тының қолжазба қорындағы кітап болса керек) Ішкі-сыртқы мұқабасы сақталған, «колофоны» көрсетілген, мәтіндері анық, Кәкітай Ысқақұлы жазған Абайдың өмірбаяны бар, біз көрген 1909 жылғы кітаптың ішкі мұқабасы да, барлық мәтін де сақталған. Ал Борағанский – қырым татары, Баспаханасы С-Петербургта болған. Бастырушы Кәкітай Ысқақов: «Қазан баспаларынан шығару мүмкін болмады, сондықтан да, С-Петербургте бастырдық» – деп жазған. Бұл кітаптың ішкі мұқабасында (колофонында) көрсетілген. Қолына түскен кітапқа қарап  пікір айту асылық. Өзге-өзге, дәрілқарап дәуірдегі күлтөбеге көмілген қазақ кітаптары мен қолжазбаларының тарихы көзі қарақты адамға мәлім болса керек. Сондықтан да, бұған тоқталып жатпаймын. Тек Томохико Уяманың бұл кітапты қайдан табуға болатыны туралы:

«Ол Абайдың алғашқы кітабын 1909 жылы Санкт-Петербургте И.Бораганс­кийдің баспадан шығарғанын растау мүмкін емес деп айтады, өйткені Орталық акаде­миялық кітапхананың сайтында басылым­ның мәліметтері бар титулдық парақ кітаптың екі электронды нұсқасында жоқ. Бірақ басқа кітапханаларда, соның ішінде Санкт-Петербургтегі орыс ұлттық кітапха­насында да бұл кітап бар. Қ.Мұхамедханов­тың Бораганский туралы кітабында титул парағының фотокөшірмесі бар», – деп кеңес бергенін назарға сала кетеміз.

Міне, осы кеңесте З.Батаеваның:

«Оған қоса, Мұхтар Әуезов 1940 жыл­дары Абайдың ешқандай суреті жоқ екенін басып айтқан еді... Ал осы кітаптардың біріндегі Абайдың суреті қайдан жүр?», – деген сұрағына да жауап берілген.

Расында да, қайдан жүруші еді, сол 1909 жылғы кітаптің ішінде, Кәкітай жазған өмір­баянның алдында Абайдың аты-жөні­мен қоса, туған-өлген жылы көрсетіліп тұрып түскен суреті бір бетке тұтас жеке берілген (Суретті қараңыз). Ал осы кітаппен он үш жасынан таныс Мұхтар Әуезов ол суреттің барын білмеді – деу еш қисынға келмейді.  Мүмкін: отбасымен түскен (1.Қызы Пакизат, ұлдары Тұрағұл, Әубәкір, Мағауия, жамағаты Еркежан, келіні Ка­малия­мен, 2. Ұлдары Ақылбай, Тұрағұлмен  түскен) суреттер кейін табылды десе бір жөн. Бірақ Абайдың ауылында немерелері­мен асық ойнап өскен, батасын алған Мұхтардың ол суреттерді көрмеуі мүмкін емес деп ойлаймыз.

 Соңғы ескертпелер мен жауаптарда айтылған жайларға анық көз жеткізу үшін 1909 жылғы Тұрағұл Абайұлы мен Кәкітай Ысқақов құрастырып шығарған Абайдың жинағына Кәкітай жазған өмірбаянды ыңғайы келгенде  дербес ұсынамын.

Соңғы уәж: Мүрсейіттің қолжазбасы және оның жалғандығы, Мүрсейіттің өзі өмір сүрмеген адам болуы мүмкін екені туралы долбар:

«Абайдың өзінің қолжазбалары болмауы себепті ғалымдар Мүрсейіттің «қолжаз­баларын» маңызды дереккөз деп санайды. Алайда бұл «қолжазбадағы» мәтіндердің авторы Мүрсейіт емес, Абай екеніне қандай дәйек бар? Бұл мәтіндердің авторы Мүр­сейіт­тің өзі емес екенін кім дәлелдей алады?»

Анық нәрсені не үшін дәлелдеу керек және оны дәлелдеудің мұқтаждығы қандай? Әлде Абайдың өлеңдерін Мүрсейіт жазды деу үшін бе? Солай сияқты. Әйтпесе, жоғарыда көрсетілген К.Ысқақовтың «Өмірбаянында» соның бәрі тігісі жазылып тұрып баяндалған. Ондағы айтар лажы:

«1907 жылғы көшірмеде «Қазақ халқы­ның шығу тегі туралы бірер сөз» деп атала­тын тарихи мәтін бар... Ал 1910 жылғы қол­жазбада жоқ, неге ұмытып кеткен? Біздің бұл сұраққа да жауабымыз жоқ».

Біздің жауабымыз бар. Өлең мен тарихи баяндау екеуі – екі бөлек жанрдағы шы­ғарма. Сондықтан да, арнайы бір мұқтаждық болмаса,  олардың бөлек көшірілуі табиғи.

«Осы аталып отырған жылдардан кейінгі уақытта Мүрсейіттің «қолжазбасы» қайда болыпты? Бұған да жауап жоқ. Бір білеріміз – Мүрсейіттің «қолжазбалары» бұқараға тек қана 1950 жылдары таныс­тырылды. Сондай-ақ біз 1905 және 1910 жылғы «қолжазба­лардың» Алматыдағы орталық ғылыми кітапхананың қорында екенін білеміз. Абайдың 2005 жылғы толық жинағын әзірлеген редакторлардың сөзіне сүйенсек, 1907 жылғы көшірмесі 1950 жылдарға дейін Мұхтар Әуезовтің жеке меншігінде болып, қазір Мұхтар Әуезовтің музейінде екен».

З.Батаева дұрыс айтады, ол қолжазба «Әуезов үйі» мәдени орталығының қорында, сол сөреде сақтаулы тұр. Мұны осы мұра­жайдың  бұрынғы қызметкері ретінде растай аламыз. Ал орталық музейде Мүрсейіттің тағы бір қолжазбасы бар. Оны Абайдың немересі Уәсилә Мағауияқызынан сол кездегі музей директоры Әбіш Жиреншин сұрап алған. Музейдің кейінгі директоры Нұрсан Әлімбаев бұл қолжазбаның текс­то­ло­гиялық тұрғыдан салыстырылған нұс­қасын түсініктер бере отырып жеке кітап етіп бастырып шығарды. Ал Мүрсейіттің өзі өмірде болған, туған, өлген жылы, зираты белгілі. Мүфтибек Рақымбайұлы Мүрсейі­тов осыдан біраз жыл бұрын дүниеден озды. Екінші  өкілетті немересі (шешесі бір, әкесі басқа) – әйгілі әнші Жәнібек Кәрменов. Екеуінің де ұрпақтары қазір бар, өсіп-өніп отыр. Үш-төрт жыл бұрын ата-бабалары туралы естеліктер жинағын шығарды. Мүрсейіт туралы Томохико Уяма айтқан:

«Бұрын мен 1911 жылы жазылған және қазақ жерінің тәуелсіздігіне шақырған құжатта кейінгі кезеңдердің орфографиясы мен сөздік қорын қолданғандықтан, оның жалған болып көрінетінін байқадым. Мен Мүрсейіттің қолжазбаларын мұқият зерт­теген жоқпын, бірақ әлі күнге дейін ешқандай күмәнді белгіні таба алмадым» деген пікірі – қаперде ұстайтын пікір.

Ал енді бір тосын жайт, өзінің бұл сандырақтары Қазақстан ғалымдарының ашу-ызасын тудырып отырғанын, демек, сыңар езулеген тұстарының бар екенін З.Батаева жақсы біледі екен. Ондағы пікірлердің дұрыс-бұрыстығына сын көзі­мен қарап, шешім қабылдаудың орнына қазақ қауымын солай шулатып қойғанына масаттанатын сыңай танытып:

«... и мои статьи официальная филология Казахстана восприняла негативно. Группа академиков и писателей, считающих себя экспертами в истории «Абая» и Алихана Букейханова, устроили настоящую ис­терику, посылая на мою голову проклятия и оскорбления. Такая реакция меня ничуть не удивила: нападение на личность оп­понента – излюбленный прием советской пропагандистской машины и, к сожалению, многих людей, получивших образование в советское время. Но есть и положительные отзывы, и не только от западных и российс­ких, но и от казахстанских ученых, что очень важно», – деп өзін олардан артық санаған өктем рай білдіреді.

Сол З.Батаева айтып отырған абайтану ілімінің өкілі саналатын «байбаламшыл, кеңестік насихат миына сіңіп кеткен, бірақ: «арсызды – арсыз, жаланы – жала» деп айтуды ұстанған «қарғап сөйлейтін» адам­ның бірі біз шығармыз. Мүмкін: «Өзіңде бармен көзге ұрып, Артылам деме өзгеден. Күн­дестігін қоздырып, Әуреге қалма езбе­ден», – деп Абай айтқан ақылды ұстанып қалмай, өзі айтқандай, әу бастан «қарғанып сөйлеу» керек пе еді? Алайда «Қыз бала ғой, өзі шетте жүр. Түбінде бір байқалар» деп үміт артқамыз. Ол үміт ақталмады.

Тек бұл бағыттың ең қауіптісі әрі өкі­ніш­тісі, З.Батаеваға еліктеп, Абайды жек­көрінішті, қазақтың жауы етіп көрсетуші, дүниенің бәрін жоққа шығарушы ниглист топ қалыптасып келеді. Егер де З.Батаева­ның: «Но есть и положительные отзывы, и не только от западных и российских, но и от казахстанских ученых, что очень важно», – деп жазғанындай, ғалымсымақтар бар болса және ол топтық, тобырлық  сыпат алса, онда бұл бағыт қоғамдық құндылықты бағалаушы қазақ қауымының ертең екіге бөлініп кетуіне әкеп соғуы мүмкін.

Бір таңғалдыратыны, бұлар еш нәрседен қысылып-қымтырылмайды, өзгенің пікі­рімен санаспайды. Сондағы сылтаулары: «Абай қазақты сынайды», – дейді. Қазақты емес, қазақтың бойындағы жаман қасиет­терді сынап отыр ғой. Намыстанса, түзелгені қай­сы. Қазір «Қазақстан» десең шетелдіктер «кор­рупция» деп ыршып түседі. Өйткені «жал­­­ған намыспен, шынның бетін бояу» (Абай) арқылы еліміздің «жемқор, парақор, қыл­­мыскер» атағын шығарды. Сонда Абайдың:

«Әрбіреудің тілін, өнерін білген кісі, онымен бірдейлік дағуасына кіреді, аса арсыздана жалынбайды. Жақсы білгенді жорғалықпен көңілін алсам екен деген надан әке-шешесін, ағайын-жұртын, дінін, адамшылығын жауырынынан бір қаққанға (мақтағанға) сатады. Тек майордың (орыс шенеунігінің) күлгені керек – деп к...і ашыл­са да, қам жемейді... Бірақ орыс ғылымын баласына үйреткен жандар соның қаруымен тағы да қазақты аңдысам дейді» («Жиырма бесінші сөз») – деген сөзі «жаңа қазақтың» деніне тән мінезді әшкерелеп тұр емес пе!

Мұның қай жерінде жеккөрініш бар.

Абайға қандай өштігі бар екенін біл­меймін, осы дүрмеккке ілесіп, өзінше білімсіп «қазақты аңдып жүргеннің»  бірі –  Жанұзақ Әкім деген «данышпан» бар екен. Ол өзінің тораптағы желсөзінде:

«Қазаққа ес кіргенде, Абай ескіреді» - дейді Асқар Сүлейменов. Абайдың бар жазғаны 1 том (50-60 өлең және сонша қарасөз, Гете 146 том жазған). Оның 10-нан астамында қазақты кемсіту. Сол үшін ком­мунистер оны 70 жыл бойы ұлттық идеоло­гия­ның негізгі етіп алды. Коммунистік идеологияның негізі болған Абай азат Қазақстанға қалай рухани көсем болады?! Жалпы Абайда: елім, жерім…  ұлт-азаттық күрес туралы ештеңе көрмедім. Яғни, ол арқылы ұлттың рухын көтеру мүмкін емес?! Абайтану институтын ашып алып, оны «60 жыл зерттеп», яғни, оны «кормушкаға» ай­налдырған арамза алаяқтар мен тауықмилар қаптады. Барлық қасиетті кітаптарда «Ха­лық – құдайдың бір аты» – дейді. Абай – пенде, (ендеше) Құдайдың құлының сол Құдайды, яғни (халықты) жүйелі түрде сынап-кемсітуіне ешқандай құқығы жоқ. Құдайға сенген Абайдың оны білмеуі мүмкін емес. Яғни, қара сөзді НКВД жазды. Тарының дәні мен кебегін айыра алмайтын соқыр тауық кейбір қазаққа бәрі жем болуда. Қазақтың есі қашан кіреді?!.. Батыс елдері, бір адамды дәріптеу – күпірлік, үңгірлік, тобырлық сана екенін түсінді. Олар әулие, пайғамбар… емес, қатардағы пенде, Құдайдың құлдары, қанша да­нышпан болса да. Қазақ, Герағаң (Герольд Бельгер) жазатын, «Адамзаттың Абайы», «Шығыстың Шыңғысы» деген санды­рақтардан арылу керек. М.Мағауиннің 1970 жылдары шыққан хрестоматиясында: «Қазақ әдебиеті Абайдан басталады» – дейді. Сонда оған дейін қазақта әдебиет болмады ма? Ол: «Қазақта әдебиет, тарих, мемлекет, шегара… ештеңе, тіпті қазақтың өзі бол­мады» – деген советтік, одан кейін соңғы 30 жылдағы солақай идеологияның санды­рағы», – деп жазыпты.

Кім сандырақтап «құдайсынып отыр», оны уақыт көрсетер. Бірақ та өзін-өзі сыйлатқысы келген пенде немесе «хақтың шын құлы»:  «Түзу кел, қисық-қыңыр, қырын келмей, Сыртын танып іс бітпес, сырын көрмей», – деп Абай айтқандай, қырыстанып, қыжырынбай, «жалған намыспен шынның бетін боямас»  болар.

Міне, З.Батаеваның «батальонының жауын­герлерінің» «қазағымсынған» дау­рық­палары осындай. Осындайда Абайдың:

Жамантайдың баласы Көжек деген,

Әркімге өсек тасып безектеген.

Досын келіп досына жамандайды,

Шіркінде ес болсайшы сезед деген, –

мысқылы есіңе түседі.

Бұлар кімді-кімге мұқатып отыр? Гогольдің әйгілі: «Над кем смеёшься, над собой смеёшься» деген сөзінің керін келтіріп отыр. Бұлардың Ә.Бөкейханов пен М.Әуезовтің жазбағанын жазды деп арандатып, тәлкек еткені өз алдына дербес тақырып. Оған жауапты сол Әуезовтің атын алып отырған әдебиет институты мен «Әуезов үйі» мұражайы беруі тиіс. Бізге анығы, Л.Әуезованың кезінде де, біздің тұсымызда да (1990-1998), З.Батеваның меншікті тілшісі М.Сүгірбаева:

«10/01/2023 Казахстанский филолог и культуролог Зауре Батаева, давно и успешно работающая за рубежом, выступила с сенсационными статьями о том, что ав­тором «Слов назидания» является не Абай, а Мухтар Ауэзов и один из лидеров «Алаш-Орды» политтехнолог Алихан Букейханов. В пользу ее версии говорит то, что архивы автора «эпопеи казахской жизни» засе­кречены до 2093 года», – деп сендіргеніндей ешқандай тыйым болған емес.

Егер де ондай шара 1998 жылдан кейін қабылданса, онда оның анық-қанығын мұрагерлік құқыққа ие Мұрат Әуезов пен Дияр Қонаев біледі.

Әуезов «Сталиннің фавориті» емес

«Абайды арандатумен тыйылмай, екіесті күйдегі елірудің жетегімен қыза-қыза келе, З.Батаева енді Ә.Бөкей­хановқа, А.Байтұрсыновқа, М.Әуезовке азуын білепті. Бұған тоқтам бола ма, жоқ па өзі? Қысқартып айтқанда, менің білетінім, сірә Абайды мазақ қылған­дарға, арандатқандарға қарсы арнайы тергеу жүргізіп, сот арқылы үкім шығара­тын кез келген сияқты. Бұдан әрі Абайды арандатуға жол беру – мемлекеттік тұр­ғыдан қабылданып жатқан Қаулылардың пәрменсіздігін танытады. Мемлекеті­міздің бетіне шіркеу түсіреді. Екінің бірі. Өзге жол жоқ.

«Ортамызда ойнақтап жүргің бар-ау, Оп-оңай жаға салып аққа қара», – деп Мұқағали айтқандай, қашанғы арымызды бояп, барымызды аяққа таптамақ?!» – деп үш-төрт жыл бойы са­намды езіп, зықымды алған ойларым­ды аяқтай бергенімде, астафиралла, желіден тағы да сумаң етіп З.Батаева мен М.Сүгірбаеваның:

«12/01/2023 Опубликованная вчера первая часть интервью с филологом Зауре Батаевой вызвала бурную реакцию у читателей. Нашлись как сторонники, так и ярые противники выдвинутой ею версии... Сегодня мы публикуем вторую часть интервью с ней, где Зауре утвер­ж­дает, что: «ни для кого не секрет, что прототипами многих текстов, вошедших в корпус «Слов назидания», являются статьи других авторов, в частности, Алихана Букейханова (Дала Уалаятының гәзеті, 1889) и Жусипбека Аймауытова (журнал «Абай», 1918). Таким образом, «Слова назидания» несут в себе отпе­чатки как фальшивки, так и плагиата», – деген «сандырақтың сандырағы» шыға келгенде, жағамды ұстадым.

Өздерін-өздері жебеп, мардымсыған бұл сұхбатында, З.Батаева өзін енді қо­рытынды жасап, үкім шығаратын соттың эксперті дәрежесіне көтеріп, жоғарыда көрсетілген барлық еліре-елегізген бей­бастақ қисындарын «тұжырым­дап­ты». Желідегі жетектеуші М.Сүгірбаева:

«Как общественность и в первую очередь исследователи-литературоведы творчества Абая, а также историки, спе­циализирующиеся на XIX веке, вос­приняли ваши работы? К слову: поэту Евгению Курдакову, когда он, исследуя биографию Абая, пришел к выводу, что тот употреблял опиум, пришлось, как рассказывал культуролог Ауезхан Кодар, уехать из страны», – деген арандатушы сұрақ береді.

Оған З.Батаева:

«Евгений Курдаков, будучи сам поэтом, как никто другой понимал, что лирика – это внутренний мир поэта, его личный опыт и переживания, поэтому он был совершенно прав, пытаясь найти личность поэта в самих текстах», – деп жауап береді.

Сөйтіп, Абайды «апиыншы» деп бүкіл елді шулатқан Е.Курдаковтың сан­дырағын «дұрыс» деп есептейді. Біз Е.Курдаковтың «Смерть Абая» (Абайдың өлімі) атты («Книжное обозрение», 17 августа 1990 года) сандырағына орай кезінде «Екіестінің елегізуі немесе Абайға араша» (Қараңыз: «Ол боламын демеңдер!..» Астана, 2021, 584 б., 184-193 беттер) атты жауап жазғанбыз. Есті ақын болатын, ақыры көптің ұятына шыдамай, «шетелге паналауға», яғни ол кезде ше­карасы белгіленбеген Алтай өлкесіндегі іргелес жатқан ауылына кетті деп ес­тігеміз. Кейінгі тағдырын білмеймін. Жолы болсын!

Бұл жалған әдеп сақтағансып, жа­сырып қалатын жай өкпе-наз емес. Себебі бұл арада Абайдың, Бөкейха­новтың, Әуезовтің, сонымен қатар Талас сияқты жазықсыз марқұмдардың ар-намысы, демек бүкіл қазақ ұлтының абырой-ұжданы талқыға түсіп тұр. Се­бебі З.Батаева шығарған үкім бойынша: Абай – адам емес, қолдан жасалған «қа­ғаз данышпан», жалған-плагиат ақын, ал Бөкейханов пен Әуезов – фа­льси­фи­катор, арандатушы. Сенбесеңіз, шыдам­дылық танытып оқып шығы­ңыз­даршы (мен түпнұсқаны ықшамдап келтіремін):

Бірінші үкім-қорытынды: «Су­ществовал ли казахский поэт и философ «Абай Кунанбаев», выучивший русский язык за три месяца в приходской школе, а потом, будучи, как и все его сопле­менники, сезонным кочевником, без какого-либо формального образования самостоятельно углубившийся в труды западных мыслителей и русских клас­сиков? Мой ответ: нет, не существовал и не мог существовать. Этому вопросу я посвятила все 8 глав статьи «Загадка Абая» и две главы статьи «В поисках «Абая»: письма Адольфа Янушкевича, ещё одна советская подделка».

З.Батаеваның мұнда көрсеткен же­лідегі желдіртпесіндегі сәйкессіз­дік­термен жоғарыда таныстыңыздар. Қайталап жатпаймын. Ал:

«А здесь, в этом интервью, вкратце суммирую результаты анализа пер­воис­точников», – дегендегі тұжырымы мынау:

«Сегодня ни для кого не секрет, что прототипами многих текстов, вошедших в корпус «Слов назидания», являются статьи других авторов, в частности, Алихана Букейханова (Дала Уалаятының гәзеті, 1889) и Жусипбека Аймауытова (журнал «Абай», 1918). Таким образом, «Слова назидания» несут в себе отпе­чатки как фальшивки, так и плагиата».

Ә.Бөкейханов пен Ж.Аймауытовтың қай мақаласы Абайдың қай «Қара сөзінде» жүр? «Бояушы бояушы дегенге сақалын бояйды» дегеннің нақ өзі. Сонша құпия болатындай, оны З.Ба­таевадан басқа кім айтыпты? Өзінің жаласына өзі жал тауып, жаламалап соға беруге бола ма? деп алады да, дем алмай:

Екінші үкім-қорытынды: «Второй этап генезиса начинается с момента появления авторства «Абая» в начале XX века, когда Алихан Букейханов, объе­динив усилия с Ахметом Байтурсыновым и Миржакыпом Дулатовым, начал вво­дить имя «Абай», как поэта и философа, в узкий круг казахских интеллектуалов, постоянно цитируя его в своих жур­нальных статьях и публикуя сборники его стихов. Есть стилистические приз­наки, указывающие на то, что эти трое сотрудничали как в написании, так и в редактировании этих стихов... Эти данные позволяют думать, что «Абай» был неким конструктом, созданным несколькими авторами. И все же автором многих стихов и переводов, припи­сы­ваемых сегодня «Абаю», был сам Алихан Букейханов, который, начиная с 1889-го по 1937 годы, под разными псевдонимами регулярно переводил произведения русских классиков на страницах разных печатных изданий», – дейді.

Міне, Абай осылай «қағаз қуыршақ» ақынға айналыпты. Сөйтіп, еш шімірік­пестен Әлекең (Әлихан Бөкейханов) мен Жақаңды (Міржақып Дулатовты) «ұр­лықшы» (плагиат), арандатушы (фальси­фикатор) деп жариялайды. Осы әрекеті арқылы бұл екеуі бүкіл қазақ руханиятын жалған жолға салған болып шығады. Олар – ұлтын алдайтындай мұндай жал­ғандыққа барғанша, өмірін қиюға дайын ар-ожданның иелері. Олар – жалған идеяның жандайшаптары емес, кері­сін­ше, жалған, қондырма идеяларға қарсы күрескен ар-ождан қа­һармандары. Шір­кін-ай, осы даурықпаға сенетіндердің соны түсінетіндей сәл сана саңылауының болмағаны ма? Сөйтіп, ойдан дұшпан (Абай) тауып, қиялдан жазалаушы қаһарман тауып (Бөкейханов, Дулатов), өзінің жалған елесімен өзі арпалысып, соңында жәйімен ғана «дей салады». Мен бұған жауап іздеп әуре-сарсаңға түспеймін. Бар нәрсе – бар, Абай өмір сүрген, өлең жазған. Жоқ нәрсе – жоқ. Әлекең өлең жазуды машық етпеген. Ал Жақаңның көркемдік ойлау жүйесі, мәнері, сөздік қоры, ішкі ырғағы, өлеңдерінің мазмұны мүлдем басқа.

Бұған да қанағат тауып, айызы қанбаған З.Батаева енді М.Әуезовке азу білейді.

Үшінші үкім-қорытынды: «Третий и заключительный этап появился в начале 30-х, когда советская власть с помощью Мухтара Ауэзова решила вылепить из «Абая» казахского поэта и прорусского мыслителя национального уровня, приписав ему авторство 43 прозаических текстов. Таким образом, канон «Абая», с которым мы все знакомы с детства, был успешно создан именно на этом этапе...

Скорее направленная на оправдание, чем на обратное, эта статья ненароком проливает свет на еще одну важную проблему – соавторства. Изучение ар­хивных материалов помогло выяснить, что роман «Путь Абая» практически был переписан председателем цензурного комитета (Главное управление по делам литературы и издательств (Главлит) СССР Леонидом Соболевым на русском языке, а потом уже переведен на ка­захский. Не новость, что тотальная цензура в СССР доходила до полного абсурда, но скрытое соавторство Ауэзова с фаворитом Сталина в создании романа, где история казахов искажена и оболгана, а сами казахи изображены карикатурно безобразно, вероятно, до сих пор не мешает казахстанской филологии счи­тать этот роман чуть ли не энциклопедией казахской культуры и образцом жанра».

Ой, тәубә, бағанағы – бағанағы ма, сорақылық мына арадан шықты. М.Әуе­зовтің тауқыметті тағдырынан еш хабары жоқ адамның сөзі ғой. Сонда, «Алаш­орданың құйыршығы» ретінде 1919 жылдан бастап, 1954 жылдың ақпанынан дейін қуғыннан көз ашпаған, 1930–1932 жылдары түрмеге қамалған, 1936–1939, 1947–1953 жылдары тұрақты түрде идеологиялық қысымға ұшыраған, 1953 жылы сәуірде Қазақстанның Орталық комитетінде тұтқынға алу туралы шешім қабылданатын сәтте Мәскеуге жасырын қашып барып, бас сауғалаған Мұхтар Әуезовті «Сталиннің фавориті» деп айтуға қандай адамның дәті шыдайды?

Бұл – сандырақтың сандырағы.

«Абай жолын» жазуылуына Л.Со­болевтің еш қатысы жоқ. Оған М.Әуе­зов­тің мұражайындағы жазушының «Абай» романының бірінші, екінші кітабының қолжазбасы дәлел. Сонымен қатар Т.Нұртазиннің, ішінара М.Жан­ғалиннің түпнұсқаны жолма жол аударма жасаған қолжазбалары бар. Әуеліде, А.Никольская мен Т.Нұр­тазиннің, Н.Ановтың аудармасы арқылы баспадан ресми түрде жарияланды. Л.Соболевтің аты кейінгі Мәскеу басылымдарында барып қосылды.

Ал Л.Соболев пен М.Әуезовтің шығармашылық, достық байланысы Соболевтің жамағаты Михальцеваға жазған «Хаттарының» жинағында бір­шама қамтылған. Аударма барысында қандай қиыншылықтар мен келіс­пеушіліктер орын алғаны да сонда ашық баяндалады. М.Әуезовтің де Л.Собо­левпен аударма туралы жазысқан, кейде қатты айтылған пікірлері бар хаттары да сақталған. Ол хаттардың мазмұнынан-ақ, «Абай жолын» жазуға Л.Соболевтің де, цензураның да еш қатысы жоқ екенін байқауға болады.

Сонымен қатар цензураның шы­ғармашылық процеске мүлде қатысы жоқ, ол Қауіпсіздік комитетінің жа­нын­дағы бақылаушы шағын ғана топ еке­нінен З.Батаеваның хабары жоқ-ау деймін. Әйтпесе, «Абай жолындай» ұлы шығарма жаза алатын адамның идео­логиялық қате іздеп, біреудің жазғанын тексеріп, көз майын тауысып, цензурада істеп несі бар? Қисынсыз қиял. Оның үс­тіне, Соболевтің бейнелеу стихиясы – теңіз бен теңізшілер, Әуезовтің көркем әлемі – дала, көшпенді өмір. Көркем әлем стихиясы үшін мұның шешуші маңызы бар.

Ал З.Батаеваға: 2093 жылға дейін М.Әуезов туралы Мәскеу архивінің жабық екенін жеткізген Огрызко деген­нің не «кеміріп» жүргенін және З.Ба­таеваға қандай ақыл бергенін білмеймін. М.Әуезовті жоққа шығаруға тырысып жүрген ол қандай әдебиетші өзі? З.Ба­таеваның:

«Меня наверняка спросят, как так получается, что факты ложного авторс­тва, фальсификации и даже незаслу­женные награды, полученные, мягко говоря, за мошенничество, никак не сказываются на писательской репутации Мухтара Ауэзова, а его имя гордо произ­носится наряду с теми, чьи имена он помог сталинскому режиму стереть с нашей исторической памяти? Чем объясняется незыблемость и живучесть его советского наследия – монументаль­ный «Абай Кунанбаев», как сфинкс охраняющий ложь и подделки, пода­ренные нам Советским Союзом? Ответы на эти вопросы мы находим в статье Вячеслава Огрызко, где он пытается всеми средствами представить Мухтара Ауэзова как жертву цензуры, при этом ни словом не обмолвившись о том, что тот не может считаться автором романа, написанного коллективными усилия­ми», – деп мойындауына қарағанда, ол да Әуезовке «кекті» адамның бірі сияқты.

«Вячеслав Огрызконың» архивті кертіп-кеміріп жүргендегі әрекеті, сол кезде КПСС Орталық комитетінің өнер бөліміне қарасты бір бөлімшеде істейтін Л.Соболевтің жамағаты Михальцеваның: аударманың қаламақысы мардымсыз – деген мағынада жазған арызы болса керек. Ол мәселе кезінде талқыланып, арыз­дың дәйексіздігі туралы Л.Соболев­тің өзі жауап беріп, тындым тапқан. Ал ол әйелдің күйеуіне деген «өкпесі мен еркелігінің» М.Әуезовке және «Абай жолына» еш қатысы жоқ. Сондықтан да З.Батаева қанша өзімшіл, өрмінез, өркөкірек болса да, әдеп «стандартын» сақтап:

«советская власть с помощью Мух­тара Ауэзова решила вылепить из «Абая» казахского поэта и прорусского мысли­теля национального уровня, при­писав ему авторство 43 прозаических текстов»;

«но скрытое соавторство Ауэзова с фаворитом Сталина в создании романа, где история казахов искажена и обол­гана»;

«роман «Путь Абая» практически был переписан председателем цензурного комитета (Главное управление по делам литературы и издательств (Главлит) СССР Леонидом Соболевым на русском языке, а потом уже переведен на казах­ский»;

«он ... не может считаться автором романа, написанного коллективными усилиями»;

«как так получается, что факты лож­ного авторства, фальсификации и даже незаслуженные награды, полу­ченные, мягко говоря, за мошенничество, никак не сказываются на писательской ре­путации Мухтара Ауэзова»;

«Чем объясняется незыблемость и живучесть его советского наследия – монументальный «Абай Кунанбаев», как сфинкс охраняющий ложь и подделки, подаренные нам Советским Союзом?», – деп аспанға қарап шалқақтамай, әдеби-сыни пікір айтудың нормасын сақтағаны дұрыс болар еді.

Бір ұлттың (өзінің ұлтының демей-ақ қоялық, тағы да бір ілікке қалармыз) ар-ұятына баланып бағаланған, дүние жүзі мойындаған М.Әуезовті «өтірік пен жасандылықтың ескерткіші» деп кеу­десін басып, таптамай, аяғын тартып жүргені лазым. Әйтпесе, Абай айтқан:

Мен боламын демеңдер,

Аяқты алшаң басқанға.

Екі көзің аларып,

Құр қарайсың аспанға.

Бір ғылымнан басқаның,

Бәрі кесел асқанға.

Үйткен адам жолығар,

Кешікпей-ақ тосқанға, –

дегеннің кері келіп жүрмесін.

Өйткені қаншама «ғылым», «стан­дарт» деп өзеурегенімен, З.Батаеваның мына бопсасынан, ғылымның иісі де шықпайды. Құр байбалам ғана!

Осындай сандырақтармен таныса отырып байқағаным, бұларға дауа жоқ екен. Күн өткен сайын «сандырақтары» күшейіп, «Біз де білеміз деп есе бермей таласып, күре тамырын барған сайын білеулете адырайтып келеді». Бұрынғы адырайтқан адырайтқан ба, енді тікелей өктемдікпен үкім шығаруға көшті. Өздері «қастаншықпағыр кеңестік жүйе» деп орынды баға берген мемлекеттің жазалау жүйесіндегі үкім шығарушы жалдаптардан да асып түсетін жайы бар.

Сонау Америкада жүріп, шындыққа «жалғанның жібін жалғап» (Абай) шәкірт оқытып жүрген, өтіріктің отына оранып, өзін-өзі күйдірген, бізді де күйінді еткен З.Батаеваға арттағы ел-жұрт­ты есіне сап, «қайта ашар есігіңді қат­ты жаппа» деген сыңай танытып, соңы салғыласуға айналып бара жатқан, бірақ бар қыжылымызды, шынымызды жеткізуге ұмтылған өзімнің де бұл «сан­дырағымды» «соқтықпалы, соқпақсыз жерде өсіп», қысалы-құсалы өмір кеш­кен ұлы Абайдың:

«Ызалы жүрек, долы қол,

Улы сия, ащы тіл,

Не жазып кетсе, жай сол,

Жек көрсең де өзің біл», – деген жазалы назасымен аяқтаймын.

Шыным осы.

Мақсат-парқы жоқ, бас-аяғы жоқ, мән-мағынасыз, таусылмайтын бұл не қылған жеккөрініш! «Мен қажыдым, не лажы» деп Абай айтқандай, мен де қажы­дым. Тек: «Айналайын-оу, адыраңдай бермей әдеп сақта. Елдегі әке-шеше, ағайын-туыс, дос-жараныңды ойла. Оларды жерге қаратпа» дегім келеді. Осы көрсеткен емеурін уәждерге иланбасаң, ойландырмаса, тағатың сабыр бермесе, онда шынымен де, қарағым, сенің жаныққан жан-жүйе дертіңе дауаның болмағаны.

Онда бетіңнен жарылқасын. Бірақ бұл бет алған бетің оң беталыс емес.

 

Тұрсын ЖҰРТБАЙ,

 

жазушы, филология

 

ғылымдарының докторы,

 

абайтанушы, әуезовтанушы