Ең алғаш Сейдахмет Бердіқұлов спорт тақырыбын әдебиетте де, журналистикада да кәсіби деңгейде жазып, биік дәрежеге жеткізді.
Ұлттық құраманың жағдайы қиын – Аслан Қаженов
763
оқылды

Кейін осы жолды таңдап, спорт журналистикасында еңбек еткен небір тұлғалар болды. Спорт журналисі болу үшін кәсіби біліктілік пен жаза білу жеткіліксіз. Спорт журналисі елінің патриоты, спортшылардың жанашыр жанкүйері ғана емес, осы саланың сарабдал сарапшысы болуы керек. Біз жас болса да, спорт журналистикасында аянбай тер төгіп жүрген Аслан Қаженовпен сұхбаттастық. 

Жанкүйерлердің қолдауынан еден дірілдеді

– Аслан Қаженовты біреу ақын ретінде, енді біреу спорт журналисі ретінде таниды. Жалпы спорт журналистикасына қалай келдіңіз? 

– Өлең жазу – хоббиім. Шығарма­шы­лық­пен айналысқан кезде жаным рахат­та­нады. Ал журналистика – нан табатын кә­сібім. 2008 жылы әл-Фараби атындағы Қа­зақ ұлттық университетіне түсіп, жур­налистика факультетін бітірдім. 2012 жы­лы «Хабар 24» арнасы алғаш рет ашылып жат­қан болатын. Сонда жұмысқа ор­на­ластым. Басында барлық саланы қамтитын жал­пы жаңалықтар жазып жүрдім. Саяси сұх­баттар да алдық. Егіс алқабынан сю­жеттер жасап, ауылшаруашылық, ме­ди­ци­на, әскери тақырыптарды да зерттеп көр­дім. Кейін спорт журналистикасына бет бұ­руыма Амангелді Сейтхан ағамыз түрткі бол­ды. Шамамен 2016 жылдары Астанаға ауы­сып, Амангелді ағамыздың қасында жү­ріп тәлімін алып, спорт саласына бет бұр­дым. Барлық саланы бірдей білгенше, бір саланы тереңірек зерттеген, сол сала­ның мәселелерінің шешілуіне ұйытқы бол­ған дұрыс екен. 

– Талай байрақты бәсекеден тікелей эфир­­­де репортаж таратып жүрсіз. Есіңізде ерек­ше сақталған, көрермендерді дүр сіл­кіндірген жарыс бар ма? Сол туралы айтып бе­ріңізші? 

– Есте қалғаны – Ташкент қаласында өт­кен соңғы әлем чемпионаты. Себебі бұл до­даға қазақтар көп жиналды. Әнұранды да бүкіл халық болып хормен шырқадық. Мах­мұт Сабырханның тақия киіп шық­қа­ны, Дулат Бекбауовқа көрермендердің ту бер­гені ерекше есімізде қалды. Соңғы фи­­­­налдық жарыстарда 12 мың орынды аре­наның 7-8 мыңына қазақтар жиналды. Бар­­лығы бірдей спортшыларға қолдау біл­дірген кезде аренаның едені дірілдеді. Мен штативке камера қойып қойғанмын. Еден ді­рілдеген кездерде камераны қолыма алып түсірдім. Кейін боксшылардан «сез­діңіз­дер ме?» деп сұрадым. Сөйтсем, бокс­шы­лар да қолғабын киіп дайындалып жат­қан кезде киім ауыстыратын бөл­ме­лерге дейін еденнің дірілі сезіліпті. Мұндай ерек­ше жағдайларды бұрын тек ки­но­лардан тамашаласақ, осы чемпионатта кө­зімізбен көрдік. 

– Спорт журналисі ретіндегі басты қар­уы­ңыз – сын. Ал сын айтамын деп опық же­ген кездеріңіз болды ма? 

– Иә, сын айтамыз. Бірақ сын естіген еш­кімге ұнамайды. Біздің еліміздегі қа­лып­тасып қалған түсінік бойынша адамдар мә­селемен емес, сол мәселені айтқан жан­мен күреседі. Мен ондай кезде: «қазір ау­зым­ды жабасың, қорқытасың, бірақ бұл мә­­­­селе сол қалпы қалады. Мен болмасам да, ертең басқа бір журналист келіп тағы сол мәселені көтереді» деп айтамын. Ең оңайы – сынды қабылдап, мәселені шешу. Сон­да кейін ешкім сұрақ қоймайтын бо­ла­ды. Түннің ортасында хабарласатындар да, күш көрсеткісі келгендер де, сотқа сүй­регендер де болды. Басшылыққа ха­бар­ласып, қысым көрсеткісі келгендер де бар. Мұн­дай болуы да заңдылық. Ең бастысы, шын­дық біздің жағымызда. Мен көтеретін мә­селелерді заң мен логика жүзінде тек­се­ріп, зерттеп аламын. Қандай кедергілер бол­са да түбінде шындық жеңеді. Сол жер­ден тоқтап, артқа шегінетін болсам, жур­на­листік атыма сын. Сондықтан бұл жол­да, шындық жолында бәріне дайын­быз. 

– Бір сұхбатыңызда «Бұрын қазақ елі Головкин үшін ерте оянса, қазір Шавкат үшін теледидарға телміреді» депсіз. Ал өзіңіз үлкен спортта кімге жанкүйерсіз? 

– Мемлекет Олимпиадалық спорт түр­лерінде басымдық беріп, үлкен қаржы бө­леді. Сондықтан олимпиадалық бағыт­тар­ды зерттеп, осы салаға терең үңілуге тыры­самын. Бір спортшыны кумир санап, елік­теп кетпеймін. Жалпы ұлттық құра­ма­ға, соның ішінде боксқа, күреске, таэквон­до, дзюдо, ауыр атлетикадағы ел намысын қорғайтын спортшыларға жанкүйермін. Спортшылардың барлығын жақсы көре­мін, бәріне жаным ашиды, тілектеспіз. 

Елімізде спорт дәрігерлері жетіспейді

– Парижде өтетін Жазғы Олимпиада ойын­­­дарына тура бір жыл қалды. Ұлттық құра­малардың дайындығының басы-қасын­да жүрсіз. Қоржынға қай спорт түрінен ал­тын түседі деп ойлайсыз? 

– Иә, Париж олимпиадасына тура бір жыл қалды. Кәсіпқой спортта бұл – өте қыс­қа мерзім. Ұлттық құраманың жағ­дайы, жалпы алғанда, қазір қиын. Мұны еш­кім терең үңіліп, зерттеп жүрген жоқ. Мен осы салада ақпарат таратып жүрген­дік­тен сырттай қанықпын. Париж Олим­пиа­дасында бокстан кемі бір алтын, дзюдо бір қола алады деп үміттенеміз. Жауапты министрлік Рыбакина бір медаль әкеле ме деп үлкен сенім артып отыр. Күтпеген спорт түрлерінен бір кездері Баландин жүзу­ден топ жарса, мәнерлеп сырғанаудан Де­нис Тен, фристайлдан Галышева суыры­лып алға шықты. Сол сияқты бұған дейін көп айтыла бермеген спорттың түрінен де жеңім­паздар шығуы мүмкін. Айталық, сем­серлесуден, спорттық гимнастикадан, әр­тістік жүзуден алған тарихи медальдар олим­пиада да қайталануы мүмкін. Токио­дағы сәтсіздіктен кейін 4 жыл өтті. Қатты ешнәрсе өзгерген жоқ. Жүзден жүйірік, мыңнан тұлпар таланттар шықпаса, Олим­пиадалық спорт түрлерін дамытуда жүйе бір жолға қойылған жоқ. Тұрақты болашақ чемпиондарды шығаратын резерв те жоқ. 

– Осы жолғы әлем чемпионатында дзю­дошыларымыз көңілден шықпады. Олардың сәтсіздігін көбі спорттық медицинаның әл­сіз­дігінен деп пайымдады. Елімізде спорттық медицина қай деңгейде дамыған? 

– Елімізде спорттық медицина өте тө­менгі деңгейде. Бұл мәселе көптеген спорт түрінде кездеседі. Құрамаларға спорт дәрі­гер­лері жетіспейді. Одан бөлек фармаколог, физиотерапевт, диетолог сияқты спорттық дайындықты реттейтін мамандар тапшы. Федерациялардың қаржысы бар болса да, лайықты маман таба алмайды. Кезінде ме­дициналық университеттерде спорттық медицина деген кафедралар болған. Бірақ олар уақыт өте келе жабылып қалған. Қа­зір спорттық медицинаға арнайы дәрі­гер­лер дайындамайды. Бүгінде спортшының қабілеті, физикалық дайындығы немесе ло­гикасы емес, спорттық медицинаның дең­гейі маңызды. Көп жарыста спорттық медицина шешуші рөл атқарады. Мұны біраз жарыстан байқадық. Бокстан ұлттық құрамада мұндай мамандар бар. Ал басқа спорт түрлерінде медицина мамандары тапшы. Болған күннің өзінде дәрігерлердің қабілеті әлсіз. Федерациялар әлем бойын­ша мықты кадрларды іздеп жатыр. Бірақ шетелде де спорттық дәрігерлер сұранысқа ие әрі аз. 

Легионерлерді жарылқағаннан ештеңе шықпайды

– Медаль алған чемпиондарымыздың абыройын «допинг» құртады. Ал осы до­пинг­ті қолдануға оларды не итермелейді? 

– Бұл мәселе өте өзекті. Айтылып жат­қан себептер де баршылық. Бірақ, менің ойым­ша, біздің спорттық жүйе, сосын бап­керлер кінәлі. Қолданыстағы заң та­лап­тарында құрлықтық, халықаралық және әлемдік деңгейде жеңіске жеткен спорт­шыларға үстемеақы төленеді. Жа­ла­қы­ларына қосымша 30-60 пайыз үсте­ме-а­қы алу үшін, спортшылар тезірек нәтиже көр­сетуі керек. Ал ол үшін жасөспірім кез­дерінде дәрі беріп, әлемдік жарыстарға тү­сіреді. Нәтижеге қол жеткізгеннен кейін баланың болашақтағы тағдыры бапкерді алаңдатпайды. Бірінші себебі осы. Тек ауыр атлетикада ғана емес, футболда да, бокста да «допингтер» кездесіп жатыр. Әр жағдай әртүрлі. Допинг дегеніміз – үлкен қасірет. Әлем елдерінде допинг қолданғаны үшін спортшыны қылмыстық жауап­кер­шілікке тартады. Бізде мұндай заң жоқ. Тек алған сыйақысын мемлекетке қайтаруы керек деген талаптар бар. Оның өзін бүгін­ге дейін ешкім орындаған жоқ. 50 ауыр ат­ле­тіміз допингпен ұсталса да мемлекетке бір теңге қайтарған жоқ. Сондықтан жа­заны, заң талаптарын күшейтпей, бұл мә­­­селе шешілмейді. 

– Легионер мәселесі күн тәртібінен түс­кен емес. Бұл – әлемде бар үрдіс. Ал сіз мил­­­лиондаған қаржыға легионер шақыруды құп­тайсыз ба? 

– Легионерлерге түбегейлі қарсымын. Бұл пікірімді бұған дейін де ашық айтып жүр­дім. Өйткені легионерлер бізге 1990 жыл­дары тәуелсіздік алған кезеңдерде ғана ке­рек болды. Сол тұста еліміздің атын шы­ға­рып, көк туымыз бен әнұранымызды та­­нытуымыз қажет еді. Одан бері отыз жыл өтті. Бұл мәселе өзектілігін жойды. Адам да, қоғам да өзгерді. Бірақ спорттың басы-қа­сындағылар әлі сол тоқсаныншы жыл­дар­дағы түсінікпен жүр. Үлкен спортқа легио­нер шақырып, жылдам, жасанды же­тіс­тікке жетеді де, солай есеп береді. Сөйтіп, жоғары жаққа «барлығы керемет» деп сендіреді. Жақында конькиге Ресейден 3 легионер спортшы келді. Тағы екі спорт тү­рінен легионер шақырды деген ақпарат бар. Бұл спортшылар Қазақстанда туып-өс­кен спортшылардың жолын жабады. Ұлт­тық құрамадағы жерлестеріміздің ор­нын иемденіп, солардың айлығын алады. Легионерлер белгілі бір келісімшартқа оты­рып, көк паспорт алады. Бірақ оның қан­дай келісімшарт екенін бізге жария­ла­майды. Ол жерде де ақша жүреді. Азамат­тық­тың да қадірі кетеді. Ең қауіптісі, бо­ла­шақ спортшылардың жолын жабады. Легионерлерді әкеліп жатқан азаматтар: «Олар білгендерін балаларға үйретеді» деп сылтау айтады. Бірақ бүгінге дейін бала­лар­ды тәрбиелеп жүрген бір легионер спортшыны көрген жоқпыз. Көпшілігі ақ­шасын алады да, кейін елдеріне тайып тұра­ды. Олардың келіп, кеткенінен біздің елге де пайда жоқ. Қазақтілді аудитория, қазақ қоғамы легионерлерге түбегейлі қар­сы. Менің де ойым солармен бірдей. Жеңілсе де Олимпиадаға қазақ балалары барсын. Мейлі олар үздік нәтижеге жетіп, чем­пион болмай-ақ қойсын. Бірақ үлкен жа­рысты көрсін. Ол бала ешқашан Ота­нынан кетпейді. Жинаған білімін бола­шақта өзінен кейінгілермен бөліседі. Жеңе алмаса да бір қазақтың баласына жол ашып берейік. Легионерлерді жарыл­қа­ған­нан ештеңе шықпайды. 

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан 

Көктем ҚАРҚЫН