Венгрия мемлекеті – біздің тәуелсіздігімізді алғаш мойындаған елдердің бірі. Тарихы тамырлас, ғұмыры тағдырлас мажар жұртымен біздің мәдени байланыс жоғары деңгейде. Осы бір мәдени байланысты нығайтуға үлкен үлес қосып жүрген жандардың бірі – Раушангүл Мұқышева. Қазақтың әдеби құнды жәдігерлерін мажар тіліне аударып, мажардың көркем әдебиеттерін қазақ халқына насихаттап жүрген жанмен жақында сұхбаттасудың сәті түсті.
Мажар халқының тағдыры біздікімен ұқсас – Раушангүл Мұқышева
4,415
оқылды

– Раушангүл Зақанқызы, сіз ұзақ жыл­дар бойы Венгриядағы Сегед уни­верситеті Алтаистика ка­фед­расында қа­зақ тілі мен әдебиетінің оқытушысы ре­тінде қазақ тілі мен әдебиетінен, Ор­та Азия түркілері мәдениетінен дәрістер оқып келдіңіз. Елге оралғаныңызға жылға жуық­тапты, не се­беп болды?

– Анама, туған-туыс, дос-жа­ранның ортасына оралдым. Мажар хал­қы бөтен ел болған жоқ. «Бір күн қонағы болсаң, мың күн сәлем бер» деген, ондағы достарым, әріптес­те­рім­­мен әлі күнге ха­бар­ласып, сөй­ле­сіп тұрамын. Ма­жарс­тан­да жылдар бойы жиған білімім мен тәжірибемді елімнің қажетіне жұм­са­сам деп келдім. Мажар елінде жүр­ген­де де туған елім­нен қол үзбей, «Қа­­зақ әдебиеті» га­зетінің, осы AIQYN газетінің меншікті тіл­шісі бо­лып, үне­мі қазақ-мажар мә­дени байла­ныс­тары, Мажарстан тура­лы мақала, сұх­баттарымды жазып тұрдым. Сегед уни­верситеті Алтаис­ти­ка кафед­ра­сы­ның шақыруымен Қа­зақстаннан үз­бей ғалымдар, сту­дент­тер келіп тұра­тын. Мажар хал­қы­ның бай тарихымен танысып, тілін үйреніп қайттым. Ма­жарс­танға сапар шегерде мажарша бір сөз білмеп едім. Сонда Ақселеу Сейдімбек аға қып­шақ­танушы Ишт­ван Мандоки Қоңы­р­мен достығын айтып, «Раушан, ма­жар­дың тілін үйрен, себебі мажарлар – Азияны ең көп зерттеген халық. Сон­дағы көп қа­зы­наның кілтін ұстап кел» деп еді. Ғы­лыми жетекшім Зәки Ах­метов та ақ батасын беріп шығарып салған бо­латын. Елге, Алтайға келіп, Өске­мендегі өзім білім алған шаңы­рақ Сәрсен Аманжолов атындағы Шы­ғыс Қазақстан университетіне орал­дым. 

– Сіз қазақ-мажар мәдени, әдеби байланыстарын зерттеп келесіз. Ғы­лыми ізденістеріңізде қандай жаңалық­тар бар?

– Бұл тақырыптың аясы өте кең, се­бебі тамыры ‒ тереңде, мыңжылдық­тарда. Жинаған материал ұшан-теңіз, отырып жазатын уақыт болса, талай кітапқа жүк болатын дүние дер едім. Мажар-қазақ байланыстары сонау ғұн, сақ мәдениетінен бастау алып, бүгінге дейін жалғасып отыр. Мажар әде­биетімен таныс болғалы бері са­лыс­тырмалы әдебиеттануға бет бұр­дым. Қазақ әдебиеттануында оның Шәмшиябану Сәтбаева, Зәки Ахме­тов, Маргарита Маданова секіл­ді ға­лымдар салып кеткен соқпағы бар. Ма­жар халқының тағдырында қазақ тари­хымен ұқсас тұстары да көп. Сон­дықтан әдеби үдерістерінде де қа­зақ әдебиетімен үндестік мол. Қып­шақ мәдениетінің мұралары да терең үңілуді талап етеді. Әсіресе, аумағының үштен бірінен айырылған мажар халқында да қазір шетелде, бір­ақ өз топырағында тұрып жатқан ақын-жазушылар бар. Біздегі қан­дастардың тағдыры осыдан айны­май­ды. Қозғайтын тақырыптары мен әде­би сарындары да бірдей. Осы та­қы­рыпты зерттеулерімнің бір тарауы­на айналдырсам деген ойым бар.

– Шетелдік студенттерге қазақ ті­лін үйретіп жүрген ұстаз ретінде ай­тыңызшы, қазақ тілін оқыту әдістемесі қаншалықты жақсы жүйеленген?

– Қазақ тілін оқыту әдістемесі әсі­ресе соңғы онжылдықта жақсы да­мып келеді. Тіл үйренем деген ниет бол­са, әдістемелік құралдар, кітаптар бар­шылық. Бұл кітап шығаруды до­ғару керек деген сөз емес. Тіл – жанды құбылыс, ал қазіргі уақыт сынап се­кілді, сусып тұр. Тіл үйреткенде осы өз­герістерді ескеруге мәжбүрміз. За­манауи технологиялар тіліне айналуға қазақ тілінің әлеуеті жетіп артылады. Тіл білімін қазақ тілбілімінің классик ғалымдары жүйелеп берді. Қазір Ах­мет Байтұрсынұлы атындағы Тіл бі­лімі институты жаңа зерттеулер жүр­гізіп жатыр. Қазақ тілінің ұлттық кор­­пусы жасалды және ол үздіксіз то­­лығып жатыр. Негізі, тілді оқыту жүйе­­сі академиялық тіл білімінсіз мүм­кін емес. Тілді грамматикасыз оқы­туды өз басым қолдамаймын. Бірақ оны жеткізудің жолын жүйелеу десеңіз, ол басқа әңгіме. Грамматика деген тілдің табиғаты ғой. Шығыс Қа­зақстан университетінде Сәрсен Аманжолов оқулары жылда өткізіледі. Осы университеттің Гуманитарлық ғылымдар жоғары мектебінің қазақ, орыс филологиясы және журналис­ти­ка кафедрасы биыл да осы ғылыми кон­ференцияны халықаралық дең­гей­де өткізбек. Осы кафедра ұжымы қа­зақ тілі мен әдебиетін қазақ тілді емес аудиторияда оқытудың кешенді әдістемесін жасап шықты. 

– Сіз ұстаздық еткен білім ошағы­ның біздегі жоғарғы оқу орындарының айыр­машылығы бар ма?

– Сегед университетін айтып тұр­ған болсаңыз, ол – ғылыми универ­ситет. Нобель сыйлығының лауреаты Сент-Дөрди Альберт ғылым сала­сын­­дағы жаңалығын осы универ­си­теттің қабырғасында ашқан. Мен жұ­мыс істеген Алтаистика кафед­ра­сында зерттеушілікке көп мән бе­рі­ле­тін. Бірінші курстан бастап, сту­дент­ке ғы­лыми мәтін жазудың әдіс­терін, күр­делі ғылыми мәтінді жазу­дың тә­жіри­бесін үйретеді. Басында бір сөй­лемді дұрыс жаза алмайтын сту­дент­тің 3-курста жазған мәтінін оқып таң­ғаласың. Студент пен оқы­тушы ара­сындағы байланыс тығыз. Қа­зір біз­дің елде де осы пәнге ерекше көңіл бө­лініп жатыр. Қазақстанда да «Ака­де­мия­лық жазу және ғылыми зерт­теу не­гіздері» пәні енгізілгелі бір­неше жыл болды. 

Еуропалық Одақтың білім са­ла­сына бөлетін гранттары қазір қазақ­стан­дық университеттерге де қолже­тім­ді. Бұған Ғылым және жоғары бі­лім ми­нистрлігі, сондай-ақ Еу­ропа ел­деріндегі Қазақстан елші­лік­­тері лайық­ты қолдау көрсетіп отыр. Мә­селен, жуырда Сәрсен Аман­­­­­жолов атындағы Шығыс Қазақ­стан уни­вер­ситетінің ректоры Мұхтар Төлеген EUt+ Еуропалық техникалық уни­вер­­ситеттер альянсымен келісімге қол қойды. Биыл Аманжолов универ­си­тетінің студенттері АҚШ-қа, Поль­ша, Румыния секілді елдерге білім алу­ға аттанғалы отыр.

– Біздің тәуелсіздігімізді алғашқы­лардың бірі болып мойындаған мажар халқы қазақ мәдениеті туралы қандай пі­кірде?

– Еуропада қазақтарды мажар­лар­дай жақын тұтатын халық сирек-ау. Жиырма жылдан астам уақытта қа­зақтар туралы ешқандай жағымсыз пі­кір естіп, оқымадым. Ал мажар шы­ғыстанушылары қазақтар туралы жа­зып кеткен еңбектерінде қазақ хал­қының адамдық қасиетін өте жо­ғары бағалаған. XIX ғасырда мажар сая­хаттанушылары қазақтармен кез­дес­кенде, қазақтардың ең жақсы қа­сиет­терін көріп, жазып кеткен. Олар­ды теріп-жинап қойдым. Қол тигенде аударып қазақ жұртына таныстырсам деген ойым бар. Сол кездегі біздің ата-бабаларымызға мың алғыс, оқып ұрпақтары біз риза болып отырмыз. Со­ларды оқып отырып, бүгінгі қазақ ту­ралы шетелдік ғалымдар не жазып қал­дырады екен деген ойға қаласың. Бү­гінгі қазақ кейінгі ұрпақтары ұял­май­тындай тірлік жасап жатыр ма екен деп ойлауымыз заңды. Мажарс­тан­да жүргенде Брашшаи Шамуэльдің «Қа­зақтар» деген этнографиялық зерт­теуін аударып жариялаған едім. 

Сегед университеті Алтаистика ка­федрасы қазақ тілі лекторын, яғни ме­ні өздері арнайы шақыртып, жа­ла­қы, үй, медициналық сақтандыру – бар­лығын өздері төлеп қазақ тілін оқыт­ты. Осының өзі қазақ халқына, ті­ліне деген құрметтің бір белгісі ғой. Будапешт қаласының тура ортасында Абайға төсмүсін орнатты, жыл сайын 250 қазақ студентіне Мажарстанның ең үздік жоғарғы оқу орындарында оқу грантын беріп отыр. 

– Кезінде «Бізге тіл мамандарын қа­зақ тілін шетелдіктерге үйретуге бау­литын арнайы институт ашу керек» деп Президентке арнайы хат жазған едіңіз. Бүгінгі таңда осы мәселе шешімін тауып жатыр ма?

– Ол кезде Мажарстанда жүрген ке­зім еді ғой. Хатыма кезінде құзырлы ми­нистрліктен жауап алған бола­тын­мын. Сегед университетіндегі басқа шетел­дік лекторлардың жағдайын көріп отырып, шетелдік тәжірибені өзі­мізде қалай жүзеге асырсақ деген ой еді. 

– Аударма саласында жемісті еңбек етіп келесіз. Мажар әдебиетінен соңғы уақытта қандай шығармаларды аудар­дыңыз?

– Көркем аударма – көңіл мен ой­дың шоғырлануын қажет ететін са­ла. Аударма – өзі бөлек өнер саласы де­сем, артық айтқандығым емес. Шет тіл­дегі мәтіннің құнын түсірмей, ру­хын жеткізу, шет тілі мен ана тілінің ара­сындағы айырмашылықтың тігі­сін жазып, мәдени ерекшеліктерді бүл­дірмей, бүтін жеткізуге шеберлік қа­жет. Ол үшін өмір бойы еңбектену ке­рек. Соңғы жылдары Ади Эндре, Геза Чат, Дежө Костоланиден аудар­ған­дарым жарық көрді. Әрине, мүм­кіндігінше көбірек дүние аударғым ке­леді. 

– Сіз мажар әдебиетіндегі тұран­шыл­дық туралы жазып едіңіз. Жалпы, осы тұраншылдық идеясы мен біздегі Алаш идеясының ұқсастықтары бар ма?

– Ұқсағанда қандай. Мажар мә­де­ниетіндегі тұраншылдықты кейбір ға­лымдар ел басына қиыншылық түскенде оқтын-оқтын бой көрсететін өт­пелі құбылыс деп сипаттайды. Мен мұ­нымен аса келісе бермеймін. Тұ­ран­шылдық мажар мәдениетінің ажы­­ра­мас, құрамдас бөлігі. Ол ‒ ма­жар­лардың Шығыспен байла­ны­сы­ның көрінісі. Мажар тұраншылдығы  әде­биетте ғана емес, мәдениетте, су­рет өнерінде, архитектурада да өз ізін қалдырған ағым. Ол бүгін де із-түс­­сіз ғайып болған жоқ. Мажар тілі, ру­ханиятымен бірге жасасып келеді. 

Алаш арыстарының арманы азат, тәуелсіз, бай, басқа елдермен терезесі тең Қазақ мемлекетін құру болса, тұ­ран халықтарының бірлігі олардың бас­ты мақсаттарының бірі еді. Мағ­жанның тұран жырларының ішінде «Алыс­тағы бауырыма» атты өлеңін Мұс­тафа Шоқай «Түркістан ақын­дары­нан» деген атпен «Түркістан» жур­налында 1930 жылғы санында жария­лаған еді. Алаш қайраткері ұлт азаттығына жеткізетін дұрыс жолды түрік­шілдік деп ұғып, Мағжанның атал­мыш өлеңіне тұран идеясы үшін ең құнды және ең пайдалы өлең деген ба­ға беруі ‒ осы ойларымыздың дә­лелі. 

– Венгриядағы қазақ диаспорасы туралы айтып өтсеңіз. Қаншалықты жиі бас қосады. Қандай мәдени іс-ша­ра­лар ұйымдастырылады?

– Мажарстанда қазақ диас­по­ра­сы­ның ұйтықысы Иштван Мандоки Қоңырдың жары Оңайша Мандоки апай. Будапештегі Қазақстан елші­лігі­нің жанында «Абай» орталығы құ­­­рылған. Айша апай сонда қазақ­тар­дың басын қосып, әртүрлі шаралар өткізеді. Сегед қаласында Иклади Гүл­жан деген құрбым тұрады, қазақ дәс­түрі мен тілін ардақтап, отбасында, айналасына насихаттап жүреді. Қа­зақтар елшілік ұйымдастырған іс-ша­раларға белсене қатысады. Дебрецен университетінде Нәзира Абдинасир деген жас ғалым ғылыми елші ретінде қа­зақтың жастарының басын қосып, ғылыми конференциялар ұйымдас­тырып жүр. 

– Алда қандай жоспарларыңыз бар?

– Жоспар, мақсат көп. Қазақ көр­кем аудармашылар институтын ашса деген идея бар. Тіл білетін жастарға да жұмыс табылар еді. Англияға жи­дек теруге бармай, лайықты жалақыға елде жұмыс істер еді. Төл әдебиетіміз де шетелге танылар еді. Әлемнің әр­түрлі елінде білім алып, жұмыс істеп, қа­заққа қызмет етсем деп жүрген жас­тар көп. Екі тілде, қазақ және ма­жар тілдерінде аударма жинағымды шығарсам деген де мақсатым бар.

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан 

Наурызбек САРША