– Раушангүл Зақанқызы, сіз ұзақ жылдар бойы Венгриядағы Сегед университеті Алтаистика кафедрасында қазақ тілі мен әдебиетінің оқытушысы ретінде қазақ тілі мен әдебиетінен, Орта Азия түркілері мәдениетінен дәрістер оқып келдіңіз. Елге оралғаныңызға жылға жуықтапты, не себеп болды?
– Анама, туған-туыс, дос-жаранның ортасына оралдым. Мажар халқы бөтен ел болған жоқ. «Бір күн қонағы болсаң, мың күн сәлем бер» деген, ондағы достарым, әріптестеріммен әлі күнге хабарласып, сөйлесіп тұрамын. Мажарстанда жылдар бойы жиған білімім мен тәжірибемді елімнің қажетіне жұмсасам деп келдім. Мажар елінде жүргенде де туған елімнен қол үзбей, «Қазақ әдебиеті» газетінің, осы AIQYN газетінің меншікті тілшісі болып, үнемі қазақ-мажар мәдени байланыстары, Мажарстан туралы мақала, сұхбаттарымды жазып тұрдым. Сегед университеті Алтаистика кафедрасының шақыруымен Қазақстаннан үзбей ғалымдар, студенттер келіп тұратын. Мажар халқының бай тарихымен танысып, тілін үйреніп қайттым. Мажарстанға сапар шегерде мажарша бір сөз білмеп едім. Сонда Ақселеу Сейдімбек аға қыпшақтанушы Иштван Мандоки Қоңырмен достығын айтып, «Раушан, мажардың тілін үйрен, себебі мажарлар – Азияны ең көп зерттеген халық. Сондағы көп қазынаның кілтін ұстап кел» деп еді. Ғылыми жетекшім Зәки Ахметов та ақ батасын беріп шығарып салған болатын. Елге, Алтайға келіп, Өскемендегі өзім білім алған шаңырақ Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетіне оралдым.
– Сіз қазақ-мажар мәдени, әдеби байланыстарын зерттеп келесіз. Ғылыми ізденістеріңізде қандай жаңалықтар бар?
– Бұл тақырыптың аясы өте кең, себебі тамыры ‒ тереңде, мыңжылдықтарда. Жинаған материал ұшан-теңіз, отырып жазатын уақыт болса, талай кітапқа жүк болатын дүние дер едім. Мажар-қазақ байланыстары сонау ғұн, сақ мәдениетінен бастау алып, бүгінге дейін жалғасып отыр. Мажар әдебиетімен таныс болғалы бері салыстырмалы әдебиеттануға бет бұрдым. Қазақ әдебиеттануында оның Шәмшиябану Сәтбаева, Зәки Ахметов, Маргарита Маданова секілді ғалымдар салып кеткен соқпағы бар. Мажар халқының тағдырында қазақ тарихымен ұқсас тұстары да көп. Сондықтан әдеби үдерістерінде де қазақ әдебиетімен үндестік мол. Қыпшақ мәдениетінің мұралары да терең үңілуді талап етеді. Әсіресе, аумағының үштен бірінен айырылған мажар халқында да қазір шетелде, бірақ өз топырағында тұрып жатқан ақын-жазушылар бар. Біздегі қандастардың тағдыры осыдан айнымайды. Қозғайтын тақырыптары мен әдеби сарындары да бірдей. Осы тақырыпты зерттеулерімнің бір тарауына айналдырсам деген ойым бар.
– Шетелдік студенттерге қазақ тілін үйретіп жүрген ұстаз ретінде айтыңызшы, қазақ тілін оқыту әдістемесі қаншалықты жақсы жүйеленген?
– Қазақ тілін оқыту әдістемесі әсіресе соңғы онжылдықта жақсы дамып келеді. Тіл үйренем деген ниет болса, әдістемелік құралдар, кітаптар баршылық. Бұл кітап шығаруды доғару керек деген сөз емес. Тіл – жанды құбылыс, ал қазіргі уақыт сынап секілді, сусып тұр. Тіл үйреткенде осы өзгерістерді ескеруге мәжбүрміз. Заманауи технологиялар тіліне айналуға қазақ тілінің әлеуеті жетіп артылады. Тіл білімін қазақ тілбілімінің классик ғалымдары жүйелеп берді. Қазір Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты жаңа зерттеулер жүргізіп жатыр. Қазақ тілінің ұлттық корпусы жасалды және ол үздіксіз толығып жатыр. Негізі, тілді оқыту жүйесі академиялық тіл білімінсіз мүмкін емес. Тілді грамматикасыз оқытуды өз басым қолдамаймын. Бірақ оны жеткізудің жолын жүйелеу десеңіз, ол басқа әңгіме. Грамматика деген тілдің табиғаты ғой. Шығыс Қазақстан университетінде Сәрсен Аманжолов оқулары жылда өткізіледі. Осы университеттің Гуманитарлық ғылымдар жоғары мектебінің қазақ, орыс филологиясы және журналистика кафедрасы биыл да осы ғылыми конференцияны халықаралық деңгейде өткізбек. Осы кафедра ұжымы қазақ тілі мен әдебиетін қазақ тілді емес аудиторияда оқытудың кешенді әдістемесін жасап шықты.
– Сіз ұстаздық еткен білім ошағының біздегі жоғарғы оқу орындарының айырмашылығы бар ма?
– Сегед университетін айтып тұрған болсаңыз, ол – ғылыми университет. Нобель сыйлығының лауреаты Сент-Дөрди Альберт ғылым саласындағы жаңалығын осы университеттің қабырғасында ашқан. Мен жұмыс істеген Алтаистика кафедрасында зерттеушілікке көп мән берілетін. Бірінші курстан бастап, студентке ғылыми мәтін жазудың әдістерін, күрделі ғылыми мәтінді жазудың тәжірибесін үйретеді. Басында бір сөйлемді дұрыс жаза алмайтын студенттің 3-курста жазған мәтінін оқып таңғаласың. Студент пен оқытушы арасындағы байланыс тығыз. Қазір біздің елде де осы пәнге ерекше көңіл бөлініп жатыр. Қазақстанда да «Академиялық жазу және ғылыми зерттеу негіздері» пәні енгізілгелі бірнеше жыл болды.
Еуропалық Одақтың білім саласына бөлетін гранттары қазір қазақстандық университеттерге де қолжетімді. Бұған Ғылым және жоғары білім министрлігі, сондай-ақ Еуропа елдеріндегі Қазақстан елшіліктері лайықты қолдау көрсетіп отыр. Мәселен, жуырда Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің ректоры Мұхтар Төлеген EUt+ Еуропалық техникалық университеттер альянсымен келісімге қол қойды. Биыл Аманжолов университетінің студенттері АҚШ-қа, Польша, Румыния секілді елдерге білім алуға аттанғалы отыр.
– Біздің тәуелсіздігімізді алғашқылардың бірі болып мойындаған мажар халқы қазақ мәдениеті туралы қандай пікірде?
– Еуропада қазақтарды мажарлардай жақын тұтатын халық сирек-ау. Жиырма жылдан астам уақытта қазақтар туралы ешқандай жағымсыз пікір естіп, оқымадым. Ал мажар шығыстанушылары қазақтар туралы жазып кеткен еңбектерінде қазақ халқының адамдық қасиетін өте жоғары бағалаған. XIX ғасырда мажар саяхаттанушылары қазақтармен кездескенде, қазақтардың ең жақсы қасиеттерін көріп, жазып кеткен. Оларды теріп-жинап қойдым. Қол тигенде аударып қазақ жұртына таныстырсам деген ойым бар. Сол кездегі біздің ата-бабаларымызға мың алғыс, оқып ұрпақтары біз риза болып отырмыз. Соларды оқып отырып, бүгінгі қазақ туралы шетелдік ғалымдар не жазып қалдырады екен деген ойға қаласың. Бүгінгі қазақ кейінгі ұрпақтары ұялмайтындай тірлік жасап жатыр ма екен деп ойлауымыз заңды. Мажарстанда жүргенде Брашшаи Шамуэльдің «Қазақтар» деген этнографиялық зерттеуін аударып жариялаған едім.
Сегед университеті Алтаистика кафедрасы қазақ тілі лекторын, яғни мені өздері арнайы шақыртып, жалақы, үй, медициналық сақтандыру – барлығын өздері төлеп қазақ тілін оқытты. Осының өзі қазақ халқына, тіліне деген құрметтің бір белгісі ғой. Будапешт қаласының тура ортасында Абайға төсмүсін орнатты, жыл сайын 250 қазақ студентіне Мажарстанның ең үздік жоғарғы оқу орындарында оқу грантын беріп отыр.
– Кезінде «Бізге тіл мамандарын қазақ тілін шетелдіктерге үйретуге баулитын арнайы институт ашу керек» деп Президентке арнайы хат жазған едіңіз. Бүгінгі таңда осы мәселе шешімін тауып жатыр ма?
– Ол кезде Мажарстанда жүрген кезім еді ғой. Хатыма кезінде құзырлы министрліктен жауап алған болатынмын. Сегед университетіндегі басқа шетелдік лекторлардың жағдайын көріп отырып, шетелдік тәжірибені өзімізде қалай жүзеге асырсақ деген ой еді.
– Аударма саласында жемісті еңбек етіп келесіз. Мажар әдебиетінен соңғы уақытта қандай шығармаларды аудардыңыз?
– Көркем аударма – көңіл мен ойдың шоғырлануын қажет ететін сала. Аударма – өзі бөлек өнер саласы десем, артық айтқандығым емес. Шет тілдегі мәтіннің құнын түсірмей, рухын жеткізу, шет тілі мен ана тілінің арасындағы айырмашылықтың тігісін жазып, мәдени ерекшеліктерді бүлдірмей, бүтін жеткізуге шеберлік қажет. Ол үшін өмір бойы еңбектену керек. Соңғы жылдары Ади Эндре, Геза Чат, Дежө Костоланиден аударғандарым жарық көрді. Әрине, мүмкіндігінше көбірек дүние аударғым келеді.
– Сіз мажар әдебиетіндегі тұраншылдық туралы жазып едіңіз. Жалпы, осы тұраншылдық идеясы мен біздегі Алаш идеясының ұқсастықтары бар ма?
– Ұқсағанда қандай. Мажар мәдениетіндегі тұраншылдықты кейбір ғалымдар ел басына қиыншылық түскенде оқтын-оқтын бой көрсететін өтпелі құбылыс деп сипаттайды. Мен мұнымен аса келісе бермеймін. Тұраншылдық мажар мәдениетінің ажырамас, құрамдас бөлігі. Ол ‒ мажарлардың Шығыспен байланысының көрінісі. Мажар тұраншылдығы әдебиетте ғана емес, мәдениетте, сурет өнерінде, архитектурада да өз ізін қалдырған ағым. Ол бүгін де із-түссіз ғайып болған жоқ. Мажар тілі, руханиятымен бірге жасасып келеді.
Алаш арыстарының арманы азат, тәуелсіз, бай, басқа елдермен терезесі тең Қазақ мемлекетін құру болса, тұран халықтарының бірлігі олардың басты мақсаттарының бірі еді. Мағжанның тұран жырларының ішінде «Алыстағы бауырыма» атты өлеңін Мұстафа Шоқай «Түркістан ақындарынан» деген атпен «Түркістан» журналында 1930 жылғы санында жариялаған еді. Алаш қайраткері ұлт азаттығына жеткізетін дұрыс жолды түрікшілдік деп ұғып, Мағжанның аталмыш өлеңіне тұран идеясы үшін ең құнды және ең пайдалы өлең деген баға беруі ‒ осы ойларымыздың дәлелі.
– Венгриядағы қазақ диаспорасы туралы айтып өтсеңіз. Қаншалықты жиі бас қосады. Қандай мәдени іс-шаралар ұйымдастырылады?
– Мажарстанда қазақ диаспорасының ұйтықысы Иштван Мандоки Қоңырдың жары Оңайша Мандоки апай. Будапештегі Қазақстан елшілігінің жанында «Абай» орталығы құрылған. Айша апай сонда қазақтардың басын қосып, әртүрлі шаралар өткізеді. Сегед қаласында Иклади Гүлжан деген құрбым тұрады, қазақ дәстүрі мен тілін ардақтап, отбасында, айналасына насихаттап жүреді. Қазақтар елшілік ұйымдастырған іс-шараларға белсене қатысады. Дебрецен университетінде Нәзира Абдинасир деген жас ғалым ғылыми елші ретінде қазақтың жастарының басын қосып, ғылыми конференциялар ұйымдастырып жүр.
– Алда қандай жоспарларыңыз бар?
– Жоспар, мақсат көп. Қазақ көркем аудармашылар институтын ашса деген идея бар. Тіл білетін жастарға да жұмыс табылар еді. Англияға жидек теруге бармай, лайықты жалақыға елде жұмыс істер еді. Төл әдебиетіміз де шетелге танылар еді. Әлемнің әртүрлі елінде білім алып, жұмыс істеп, қазаққа қызмет етсем деп жүрген жастар көп. Екі тілде, қазақ және мажар тілдерінде аударма жинағымды шығарсам деген де мақсатым бар.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан
Наурызбек САРША