Өзен арналарындағы өт­кел көпір Ақмола облысында халықты қапалы еткен аса бір өзекті мәселе болып тұр. Өңірдің бірнеше айма­ғында көпірлердің апатты жағдайға жетіп бұзылуы салдарынан ауыл тұрғындары жылдар бойы ауыр азаптың тауқы­метін тартып келеді.
Көптің алаңы – көпір
857
оқылды

Әсіресе, көктемгі су тасқыны кезінде көпірдің жоқтығынан, яки бұзылып жатуының салдары­нан апталап тіпті, айлар бойы сырт­қы әлеммен мүлде қатынас­сыз қала­тын ауылдар баршылық. Солар­дың бірі – Атбасар ауданын­да­ғы Қашқар өзеніндегі көпір өзен айналасын­дағы бірнеше ауыл жұртын әбден қинаған. Жа­най­қайын билікке жылдар бойы жеткізгенімен, әзірге айтылған құр­ғақ уәденің арты мүлде сиыр­құйымшақтанып кеткендей. 

Қашқар өзеніндегі бұл көпір Атбасар ауданының Есенгелді, Новомариновка, Сепе және Сочинское ауылдарына ортақ. Облыстық маңызға ие Атбасар –Сочинское тасжолындағы бұзыл­ғалы бес-алты жыл болған кө­пірдің кесірінен осы төрт ауыл жыл сайын көктемде тасқын су­дан асып өте алмай зардап шегеді. Сыртқы әлеммен мүлдем байла­ныссыз қалатын ауыл тұрғындары биыл тіпті бірнеше апта бойы қарапайым азық-түлік пен дәрі-дәрмекке де жете алмай дағдарып қалған. Өзен арнасында төтенше жағдай қызметі кезекшілікпен моторлы қайықпен азық-түлік пен басқа да қажеттіліктерді жеткізіп амалдаған. Құрылысқа қаржы бөлінбеген емес, айналасы 200 метрден аспайтын көпірге бюджет қоржынынан 600 мил­лион теңге сомасында қаржы да бөлініпті. Бірақ арада жылдар өтсе де, көпір құрылысы басталған күйі жүрмей тоқтап қалған. Тұр­ғындар көпірдің аяқтал­мауының салдарынан қысы-жазы ойлы-шұңқырлы айналма жолмен он­даған артық шақырым артық жол жүруге мәжбүр екенін айтады. Алайда бұл жолды да көктем уақытында су шайып кетеді. 

«Қашқар өзеніндегі көпір жылдар бойы осындағы бірнеше ауылдың бас ауруы болып тұр. Облыс әкіміне де бірнеше рет хат жаздық. Бірақ еш жөнді жауап болмады. Жыл сайын көктемде жолды шайып кетеді. Жол мүлдем болмай­ды. 600 миллион теңге қаржы бөлінген. Былтыр қыстың ортасында қар лақтырып жұмыс істеп жүрген. Ал жаз бойы көпір басында тірі жан болған жоқ. Құ­рылыс тоқтап қалған. Жұмысшы­лары қаржы төлемеген соң жұ­мыстан кетіп те жатыр. Көктемде балаларды мектептер олимпиа­даға жібергісі келеді. Төтенше жағдай комитетінің моторлы қайы­ғымен өткізуге мәжбүр болды. Егер балалар қайықтан құлап қалса не болмақ? Өзім де қаладан ауылға жолды су басып жатса да басымды бәйгеге тігіп, несие төлеу үшін көліктің орта­сына дейін су кешіп өттім. Бұл сұмдық қашанға дейін жалғаспақ? Билік неге қозғалмайды? Неге әрекет жасалмайды?», – дейді ашынған Есенгелді ауылының тұрғыны Нұрбай Жүсіпов. 

Алдымен түйінді мәселе туралы Атбасар ауданының әкімдігінен білмек болдық. Алайда аудан әкімдігі облыстық маңызға ие жол болғандықтан, бұл жолдың өздеріне қатысы жоқ екенін айтып ақта­лып, еш жаңа­лықтан хабары жоқтығын меңзеп, азар да безер болды. 

«Атбасар – Сочинское тас­жолы – облыстық маңызға ие трасса­лардың бірі. Сондықтан жол да, ондағы көпірдің құрылысы да облыстық Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бас­қар­масына тиесілі. Біз құрылыс­тың қашан және қалай аяқтала­тынын білмейміз. Бұл мәселені осы басқармадан ғана біле аласыз. Аудан әкімдігінің оған еш қатысы жоқ. Бұл туралы еш мәлі­метіміз де жоқ», – деді Атбасар ауданы әкімінің баспасөз хат­шысы Михайл Майер.

Расында да, Қашқар өзеніндегі көпір құрылысына жауапты мекеме Ақмола облысының Жолау­шылар көлігі және автомо­биль жолдары басқармасы болып шықты. Атбасар – Сочинское тасжолының 19 шақырымындағы көпір құрылысы осыдан 2021 жылы басталыпты. Аяқталу уақыты әлдеқашан болғанымен, құрылыс­тың бітпеуіне құрылыс материалдары бағасының бірнеше есеге шарықтап кетуі себеп бол­ған. Басқарма басшылығы көпір­дің құрылысын тек келер жылы аяқтау жоспарланғанын жеткізді. 

«Көпір құрылысы жобасы 2018 жылы жасалған. Ал жалпы құрылыс жұмыстары 2021 жылы басталды. Қазіргі уақытқа дейін ескі көпір бұзылып, орнына темір тіреулер мен беларқалары салын­ған. Құрылыс жұмыстарының жалпы құны 600 миллион теңге болған. Бірақ құрылысқа қажетті материалдардың құны күрт қымбаттап кетуіне байланысты аталған жоба бірнеше рет түзетуге ұшырады. Мәселен, қолданыла­тын арматуралар мен металл бұйымдар құны сметаға сәйкес бағасы орта есеппен 107 пайызға дейін өскен. Сметада тоннасы үшін 212 462 теңге болса, оның қазіргі нарықтық құны тоннасына 465 мың теңгеге жетіп отыр. Жо­ғарыда айтылғандар негізінде жобаға қайтадан түзету енгізуге шешім қабылданды. Жобаны то­лықтай аяқтау 2024 жылға жоспар­ланып отыр. Әзірге баға­сыз бел­гісіз сараптама жасалған­нан кейін қан­шалықты өсетіні белгілі бол­мақ», – дейді Ақмола облысының Жолаушылар көлігі және авто­мобиль жолдары бас­қармасының басшысы Владимир Кулаков. 

Құзырлы органдар бағаның қымбат­тауын негізге алып жобаны жылдар бойы созып келеді. Бір­неше мәрте түзету енгізілген жоба қашан қайта басталатыны да әзір беймәлім. Көпір салынбай өзен­нің айналасын мекен еткен ауыл­дардың келер көктемде де дәл осындай күйге түсері хақ. Бұл орай­да қаржыны уақытында игер­меген жауапты орындардың сыл­быр тірлігі мен мердігердің жауап­сыздығы осы жағдайға душар еткендігі анық. Сондықтан қада­ғалау органдары аталған жағдайға барын­ша назар аудар­ғаны жөн. 

Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, 

Ақмола облысы