Бірі бұл жиынды клубта атап өтсе, енді бірі караоке-барларда, табиғат аясында, Spa-салондар мен лимузиндерде ұйымдастырады. Осылайша, сауықкеш өткізу жарысқа айналып барады. Бұл салттың қайдан шыққанын, біздің қоғамға қалай әсер етіп жатқанын сарапшылардан сұрап көрдік.
Бұлбұл КӘПҚЫЗЫ,
этнограф:
Ысырапқа жол берген дұрыс емес
– Жалпы тұрмысқа шығатын қыздың туысқандарымен, құрбыларымен, ауылымен қоштасуы бұрыннан бар. Қызға жақындары дастарқан жайып, қимас дүниелерін сыйға тартқан. Қазіргі жастардың бетін қайтара беруге болмайды. Егер hen party-да, яғни «құрбы шайда» қыздар әдептен аттап кетпесе, бәрі орнымен болса, неге қарсы боламыз? Дәстүрдің озығы да, тозығы да бар. Жастардың жаңашылдығын қолдауымыз керек. Бұрын қыздарымыз алысқа ұзатылған. Ал бүгінде қыздар күйеуге шыққаннан кейін өз ортасынан алыстап кетпейді. Әлеуметтік желі де, байланыс та дамыған. Мұндай жағдайда тұрмысқа шығатын қыз еркін өмірімен қоштасып, достарымен әдемі сырласу кешін жасап атап өтсе артық емес. Бірақ шеттен шығып, алкогольді ішімдік ішіп, ысырапқа жол бергендері дұрыс емес. Кейбір қыздар hen party жасауда «бір-бірімізден асамыз» деп жарысады. «Біреу тойып секірсе, біреу тоңып секіреді» деген сөз бар. Нen party өткіземіз деп астамшылық пен ысырапқа жол берген дұрыс емес. Ежелгі қазақ қоғамы «қызды қырық үйден тыю керек» деген. Қазір қыздың қылығын бүкіл әлеуметтік желі аңдып отыр. Сондықтан «құрбы шай» өткізудің де өз талабы болуы шарт.
Әйгерім ҚҰСАЙЫНҚЫЗЫ,
Халықаралық құқық маманы:
Hen party – жаһанданудың тенденциясы
– Нen party жасауды қазақтың «бастаңғы» дәстүріне ұқсатып жатады. Бірақ бастаңғының өткізілуі мен тәртібі бөлек. Ал hen party-дың тарихы әйелдердің құқығын қорғаумен тікелей байланысты. Жалпы АҚШ-та, Канадада бұл жиынды Bachelorette party деп атаса, Ұлыбритания, Аустралияда hen party дейді. Яғни бойдақтықпен қоштасу кеші. «Нen» деген сөз ХVII ғасырда «әйел» деген сөздің сленгі ретінде қолданыла бастаған. Бұл – жазылмаған дәстүр, қоғамда қалыптасқан мәдениет. Сондықтан бұған мемлекет те, заң да дұрыс немесе бұрыс деп баға бере алмайды. Адамдардың таңдау құқығы бойынша өзі өткізетін қалауларының жиынтығы. Мен осындай hen party-ге қарағанда бастаңғыны немесе ежелде қазақтарда той күні белгіленгеннен кейін жеңгелері күнде кешке қызды шайға шақыратын дәстүрді қалпына келтірейік деген әртүрлі пікірлерді оқыдым. Бірақ hen party жаһанданудың тенденциясы болғандықтан, біз оны бастаңғымен алмастыра алмаймыз. Медиаларда hen party-ды «қызойнақ» деп те аударып қолданады. Алайда бұлай аудару дұрыс емес. Себебі «ойнақ» деген сөз негативті жағынан қолданылады. Ал hen party – той алдында қыздың құрбыларымен сырласу кеші. Гендерлік зерттеулерде hen party-дың тарихын зерттеген кітап 1998 жылы басылып шықты. Бірақ антрополог ғалымдардың айтуынша, ежелгі Грекияда той алдында тек әйелдер жиналып, ойын-сауық кешін өткізген. Бұл ХХІ ғасырда қайта жанданған тенденция болып саналғанымен, АҚШ-та және Батыс елдерінде 1980 жылдардан бастап зерттеле бастады. Үрдістің заманға сай тойлану сипаты да өзгере бастаған. Тойдың эвалюциясы адамзаттың дамуымен, кез келген елдің әлеуметтік-экономикалық дамуымен тікелей байланысты болғандықтан, мұны той мәдениетінен, әйел құқығы тұрғысынан бөліп қарау дұрыс емес. Орта ғасырда hen party ұзатылатын қыздың «еркіндігімен» қоштасу кеші болған. Яғни әйел тұрмысқа шыққан кезде өзінің еркіндігін жоғалтқан. Екінші жағынан қарасақ, құрбылары ұзатылатын қызға «жаңа өмірге қадам басып жатырсың, бақытты бол» деп тілек айтып, кеш өткізеді. Сондықтан тырнақ астынан кір іздеудің қажеті жоқ. Той алдындағы жиын, әр мемлекетте әртүрлі сипатта қолданылады. Қазақстанда біреулер арнайы тақырып аясында өткізеді. Бұл – әр қыздың өз таңдауы.
Дайындаған К.ЕСІМ