Өз көлігімен сапарға аттанатындықтан әрі азық-түлік пен керек-жарағын тиеп алатындықтан, саяхат отбасы бюджетіне салмақ салмайтындай, барынша үнемді болмақ. Ал Астана маңында көлікпен барып қайтатын табиғаты көркем жерлер аз емес. Біз оқырманға осындай көпшілік көңілінен шыққан бағыттарды санамалап бермекпіз. Түсінікті болу үшін бағдарларды қаладан шығатын үлкен тасжолдардың бойынан іздейміз.
Бурабай, Зеренді, Имантау, Айыртау
Елордадан Бурабай–Көкшетау бағытындағы тақтайдай тегіс тасжолмен орманды өлке саналатын Ақкөл, Бұланды аудандарына жетіп, тынығуға болады. Алайда көпшілік бірден өтіп, Бурабай ұлттық табиғи паркіне аттанады. Қашықтығы – 260 шақырым. Онда Шортанды, Бурабай, Үлкен және Кіші Шабақты көлі, Көкше, Жеке батыр тауы, Бөлектау, Оқжетпес және Жұмбақтас бар. Кенесары үңгірінің өзі – жаяу соқпақпен барып шығуға таптырмас серуен. Мұнда бағасы түрлі сегментке арналған алуан демалыс орындары, шипажайлар көп. Ал көлігімен барғандар ұлттық парк тамашасын аралап, қалада тамақтанып, тегін немесе ақылы жағажайда суға шомыла алады. Онда жалға берілетін пәтерлер, шағын үйлер де оп-оңай табылады. Әркім қалтасына қарай жатын орын таңдайды. Осы маңайда Ақылбай ауылы тұсынан Кіші Шабақтыға және Бурабай кентінен өтіп кетіп, Үлкен Шабақты көліне, Қатаркөл ауылына жетіп, Қотыркөлге аялдаса да болу керектігін көпшілік біле бермейді. Бурабайдың өзінде демалуға келетіндер қатары өте көп болғандықтан, Көкше өлкесін білетіндер Зеренді жолының бойындағы Қараүңгір көліне барады. Осы көлден 50 шақырым жерде Ұялы деген ауылдың тұсында Әулиебұлақ деген шатқалдағы бұлақ бар, көктемде суы тасып, сарқырама болып ағады. Бұл да – көріп қайтуға тұрарлық ғажайыптың бірі. Болмаса, одан әрі жүріп, Зеренді кенті жанындағы көлге жетеді. Бұл – «Көкшетау» ұлттық табиғи паркінің аумағы. Біз тоқтала кететін Айыртау мен Имантау да осы қорғалатын аумаққа кіреді. Зеренді мен Астана арасы – 315 шақырым. Мұнда да сыңсыған қарағай-сарымсын орманы бар. Қызыл Кардон тұсынан өтіп, Қарсақ деген ауылдан солға бұрылсаңыз, Үлгілі деген шағын ауыл тұрғындары «Айдаһар үңгіріне» жолды көрсетіп жібереді. Солтүстік Қазақстан облысы аумағындағы Имантау, Айыртауға баруыңызға болады. Мұнда Имантау мен Шалқар көлдері бар. Айыртау Көкшетаудан 70 шақырым, Имантауға жету үшін тағы 15 шақырым жүресіз. Бұл мекендерде табиғатының көркі Бұланды, Бурабайдан кем түспейді. Тауы, сылдырап аққан бұлағы, қарағайлы орманы, су мөлдір көлдері бар. Демалу бағасы Бурабайдан әлдеқайда арзан. Ондағы туристер қатары аздау. Тек алдын ала жалға алатын орынға тапсырыс беріп қою керек.
Бестөбе шатқалы, Көбейтұз, Бұйратау
Бестөбе шатқалы Ақмола облысының Степногор қаласына қарасты алтын өндіретін Бестөбе кенті мен Ерейментау ауданының Сілеті ауылы аралығында орналасқан. Сарыарқаның геологиялық феномені аталатын шатқалға екі бағытта баруға болады. Жақын тұсы 230 шақырымдай, алдымен Павлодар тас жолында Торғай ауылына жетіп, одан соң Сілеті ауылына кетеді. Екі ауылдың арасында 20-25 шақырым жол жөндеу көрмегендіктен, көлік жылдамдығын 40-60-тан асыруға мүмкіндік бермейді. Сілеті ауылынан грейдер аталатын қиыршық тас төселген жолмен Бестөбе кентіне жетіп, өзенге дала жолымен бару керек. Болмаса осы бағыттың кез келген тұсынан оң жаққа бұрылып дала жолымен тура барса тереңге жасырынған өзен үстінен түсесіз. Екінші бағыт – Бурабайға баратын ақылы жолмен шығып, Ақкөл ауданы орталығынан оңға бұрылып, Степногор қаласына жетеміз. Одан әрі – Бестөбе кенті. Сілеті өзені төбені тереңінен екіге жарып ағады, екі жағы жартас, тік жарға айналдырған. Жұрт оны ауызекі тілде «Сілеті каньоны» атайды. Шатқалдың етегінде өзеннің екі жағы терек, қарағаш, қайың, шеңгел, қараған, итмұрын, қамыс қаулап өткен. Өзеннің суы таза, асты ұсақ тас немес қиыршық құм. Көп тұсы етекке көлік түгілі жаяу адам түсе алмайтын құзға айналған. Сондықтан өзен жағасына еркін баратын әрі суға шомылатын тұс санаулы. Бірақ көпшілік бұл жақтың жолын білмейді, не жолының кей тұсындағы ойлы-шұңқырлы тұсынан қашады. Мұнда аялдайтын қонақүй, дүкен жоқ. Ұялы байланыс та ұстамайды. Белсенді немесе экотуризмге қызығатындарға, шатыр құрып түнейтіндерге өте ыңғайлы.
Ерейментау ауданы тұсынан әрі өтіп кетсеңіз, атақты қызыл көл Көбейтұзға жетеміз. Астанадан 170 шақырым. Қаладан 155 шақырым жүрген соң жол шетінен «Қоржынкөл стансасы» деген белгіден солға бұрылып, жолдан түсеміз, сәл артқа жүргенде жоласты өткелі кездеседі. Содан жолдың арғы бетіне өтсеңіз, Теңіз көлін көресіз. Оны 10 шақырымдай жағалап жүріп отырғанда дала жолы солға кетеді, сол тұста төбе тасалап тұрған қызыл көлдің үстінен түсесіз. Көл өте тұзды, таяз. Әрі биыл қызыл түсте емес. Білетіндер «ол бірнеше жылда бір рет қана қызыл түске боялады» дейді. Демалушылар суы таза әрі тереңдеу Теңіз көлінің жағасына аялдап, суына шомылып, тынығады.
Ерейментау ауданында табиғаттың көркем жерлері мен тарихи ескерткіштер көп. Аудан аумағындағы «Бұйратау» ұлттық парк филиалында Сұңқар тауды көріп, Қарағайлыны аралап қайтуға болады. Табиғи парк аумағына кіру үшін ақы төлейсіз. Ал Торғай ауылының тұсынан солға бұрылсаңыз, «Құмай-Қосбатыр» түркі археологиялық-этнографиялық кешенін көріп қайтуға болады.
Келесі бағыт – Баянауыл табиғи паркі. Астанадан Екібастұз қаласы арқылы барсаңыз 450 шақырымдай. Жасыбай көлі негізгі туристік аймақтың орталығы десек те болады. Көлде Махаббат аралы орналасқан, қайық жалдап сонда баруға болады. Ал Баянауыл кентінің жанында Сабынды көлі орналасқан. Сонымен қатар парк аумағында Қоңырәулие үңгіріне барып, Найзатау тауына шығып, Кемпіртас пен Саймантасты тамашалауға болады. Ерінбесеңіз ең биік шоқы – Ақбетке де шығып қайтыңыз.
Балқаш, Қарқаралы
Қарағанды тасжолына түссеңіз, ең бірінші ақылы жағажайы бар Жалтыркөлге барасыз. Оған жету үшін Жібек жолы ауылының шетіндегі көлік ақысын төлейтін терминалдар тұсынан 8 шақырым ғана жүресіз. Одан әрі Бабатай ауылының тұсынан солға бұрылсаңыз немесе әрірек өтіп Аршалы ауданда солға бұрылып, Михайловка ауылы бағытына шықсаңыз да Вячеславка су қоймасына жетесіз. Мұндай ақылы жағажай, демалыс орындары бар. Өз бетіңізбен бара салсаңыз да жағалау орманды, қойманың суы таза. Онда балық көп – балпаңбалық, оңғақ, табан, алабұға, көксерке, шортан бар.
Бабатайдан грейдер аталатын жолмен тағы 30 шақырым жүрсеңіз, төбе үстіндегі үлкен байланыс мұнарасын көресіз. Сол төбеден асып түсе қалсаңыз, Үлкен Сарыоба тұзды көліне жетесіз. Тұзы денсаулыққа пайдалы деп шипа іздеген жұрт сонда ағылады. Жағада демалыс орны, дүкен жоқ болғандықтан азық-түлікті өзіңіз алып барасыз. Әрі көлеңке, саялайтын ағаш жоқ болғандықтан тент немесе жазғы шатырды алып алу артықтық етпейді.
Аршалы ауданын кесіп өтіп, Михайловка ауылына бара жатқан жолдың сол жағында қыраттардың арасында Жылантас атты табиғаттың ерекше тасы бар. Жұрт кейде оны Құлақтас дейді. Аршалыдан 11,5 шақырым. Қасында қайнар бұлақ бар.
«Бұйратау» ұлттық паркін көпшілік біле бермейді. Оның көп бөлігі Қарағанды облысының Оскаровка ауданы аумағында Ерейментау ауданымен шекаралас тұста орналасқан. Оған да түрлі туристік турлар ұйымдастырылады.
Келесі бағыт – Қарқаралы. Ол Астанадан 380 шақырым қашықтықта. Мақат пен Көктас ауылдарының арасында ғана жолда аздап кемшіліктер бар. Қалған жол өте жақсы жағдайда. Ақтау қаласы тұсынан трассадан түсіп, ары қарай Ботағара кентіне бет аламыз. Одан кейін жалғыз үлкен жолдан адаспай Қарқаралы қаласына жетесіз. Мұнда жұрт жақсы белетін Әулиекөлді (Шайтанкөл – авт.), Жиренсақал шыңын, әдемі орманды тауларын жұрт жақсы біледі. Қалада Құнанбай мешіті мен Абай аялдады деген үйді көруге тұрарлық. Қарқаралыны жырлап өткен Мәди Бапиұлының да зираты осы кент шетінде. Табиғи парк аумағында танымал – Шахтер, Тасбұлақ демалыс орындары орналас-қан. Одан басқа көптеген шипажай, демалыс орны аз емес. Қала қай тұсынан жақын болғандықтан, қажетті затты сатып алуға оңтайлы. Осы тұстан қашық емес Кент тауларына да барып қайтуға тұрарлық.
Қарағанды қаласын асып, Алматы бағытында көлікпен аттанғандарға жол бойы Балқаш көлі серік болады. Астанадан сәл қашықтау болса да Балқашқа барып, суына шомылып, күнге қыздырынып қайтатындар аз емес. Аралық – 620 шақырым. Бірер жыл бұрын бұл сапарға күреліп тасталған жолдың азабы кедергі еді, қазір асфальт жабыны жолдың бір бағыттына төселіп қойған, машиналар сонымен жүреді.
Балқашқа 70-80 шақырым қалғанда сол жақтан Бектауата тауы менмұндалайды. Ерінбей жолдан бұрылып, 12-15 шақырым жүріп, көріп кету керек. Тау беткейі теп-тегіс болғандықтан бір қараған адамға, тау емес алып тас секілді көрінеді. Мұнда Әулиетас үңгірі бар. Ауылға барар жолдың бойында бейіт көп. Әнші Шашубай Қошқарбайұлы да осында жерленген.
Балқаш көліне бармас бұрын, Балқаш қаласына соғып, базарынан керек-жарақты алып, жағажайға аттануға болады. Алайда жатын жер, демалыс орнын іздейтіндер Тораңғылық немесе Шұбартүбек аулына аялдайды. Мұнда шағын, жекеменшік демалыс үйлері жеткілікті. Тек оларды сапарға аттанардан бұрын хабарласып, броньдап қоюды ұмытпау керек.
Қорғалжын қорығы, Нұра өзені
Қорғалжын тас жолымен шықсаңыз, жолай Ақмол кентіндегі АЛЖИР мұражайына аялдап, тарихымыздың зұлмат тұсына куә боласыз. Ары қарай беталыс – Қорғалжын қорығы. Елордадан аудан шетіне дейін 140 шақырым. Визит орталықтан қорыққа қалай жету керектігін біліп, гид жасақтаған топқа қосыласыз. Мұнда мамыр айында келсеңіз, көктемгі құс базарын тамашалайсыз. Осы ғажайыпты көріп қалуға әлемнің көптеген орнитологы келеді. Жол бойындағы ауылдарды жанап Нұра өзені ағады. Ол қорықтағы Теңіз көліне құяды. Егер қармақ ұстап, балық аулауға ниетіңіз болса Сабынды ауылының тұсында балық аулайтын жақсы орындар бар. «Дудар-ай» әнінде айтылатын Мариям Жагорқызы осы ауылда жерленген. Мария Рекинаның мазары ауылдан 9 шақырым қашықта орналасқан. Егін көп салынбағандықтан басқа көршілес аудандарға қарағанды Қорғалжын аумағында көптеген тарихи ескерткіш бұзылмай бүгінге жеткен. Қаныкей, Ақ Еділ Қожа, Әліптомар, Беспақыр мазарлары және Жәнібек Шалқар, Бытығай кесенелері тарихтан сыр шертеді.
Астана–Теміртау тасжолы Нұра ауданы бағытында кетеді. Ауылдардың дені Нұра өзенінің екі бетін жағалай қоныстанған. Балық аулап, суға шомылып, тоғай арасында тыныстаушылар үшін өзен бойында орын көп.
Астрахан тасжолының бойы да тарихи ескерткіш, табиғаттың ерекше нысаны дейтін туристік локацияларға жұтаңдау. Тарихи ескерткіштері отарлау кезінде, кейін Тың игеру тұсында жойылып кеткен. Тасжол Есіл өзенін жағалап жүретіндіктен шағын демалыс орындары баршылық. Кез келген тұсынан аялдап, тал-терегіне саялап, суына шомылып, балық аулауға болады.
Жәнібек АМАНГЕЛДІ