Таразда «Бақытты отбасы» орталығы ашылды
Таразда «Бақытты отбасы» орталығы ашылды
370
оқылды
Тараз қаласында Nur Otan партиясының «Бақытты отбасы»  жобасы аясында «Бақытты отбасы» орталығы ашылды.    width= Игі шараға Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаевтың  қатысатындығы бір күн бұрын белгілі болғандықтан орталық алдына жиылған көпбалалы аналардың қарасы қалың болды. Аймақ басшысы орталық жұмысымен таныспас бұрын  ең алдымен мекеменің негізгі міндетін осы көпбалалы аналарға  егжей-тегжейлі  түсіндірді. Жалпы,  «Бақытты отбасы» отбасы институтын қолдау орталығы тұрғындардың осал топтарына қолдау көрсетудің кешенді бағдарламасын жүзеге асыратын болады. Оның жұмысы негізі  психологиялық, құқықтық және әлеуметтік тегін кеңестер беру,«Бақытты отбасы» ипотекалық бағдарламасы бойынша жұмыстарды үйлестіру,  жұмыспен қамту шараларын қамтамасыз ету және  жомарт жандардың қайырымдылық көмектерін ұйымдастыру  бағытында жүргізілмек.  Осы аталған бағыттардағы шаралар кешенін жүзеге асыруда орталықта психологтар, әлеуметтік қызметкерлер, заңгерлер мен медиаторлар психологиялық, әлеуметтік, құқықтық көмектер көрсететін болады.  Сондай-ақ, жеңілдетілген несие, қайта даярлау және жұмысқа орналасу бойынша тегін кеңестер беру, әлеуметтік төлемдер мен жәрдемақылар төлеу мәселелері бойынша түсіндіру, ақпараттандыру жұмыстары жүргізіледі. Орталық жұмысының басты міндеттерінің бірі – аз қамтылған отбасыларды, көпбалалы аналарды өз құқықтарын сауатты пайдалануға бағыттай отырып, өздеріне тиесілі әлеуметтік көмектерді толық алуға жан-жақты көмектесу болып отыр. Облыста бүгінге 32,6 мың көпбалалы, 15 мыңға жуық атаулы әлеуметтік көмекке зәру отбасылар, 45,9 мың мүгедек жандар бар десек, орталықта халықтың осал топтарының базасы құрылады.  Сондай-ақ барлық тиісті мекемелер мен органдар арасында салааралық жұмыс жоспарлары жасалады.  Психологтар күйзелісті отбасылармен дербес жұмыстар жүргізеді. Табысы төмен отбасыларға «Казақстанның Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ арқылы берілетін 2 пайыздық  ипотекалық несие алуға көмек көрсетіледі және  жұмысқа жарамды азаматтарды жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тарту жұмыстары үйлестіріледі. Бір сөзбен айтқанда орталық жамбылдық жұртшылық үшін жылы ұя,  қамқоршы  мекемеге айналмақ. Саятхан Сатылған, Жамбыл облысы