«AMANAT» партиясында эко­номика, кәсіпкерлік және аграрлық сектордың өңірлердегі мәселелері бойынша кеңес өтті.
Кәсіпкерлердің көңілі неге алаң?
750
оқылды

Кеңесте Маңғыстау, Батыс Қазақстан және Ақтөбе облыстарының кәсіпкерлері вице-министрлер мен «Атамекен» ҰКП өкіліне сұрақтарын онлайн түрде қойып отырды. Отырысқа Энергетика вице-министрі Әлібек Жамауов, Қаржы вице-министрі Дәурен Темірбеков, Сауда және интеграция министрі Қайрат Балықбаев, Ауыл шаруашылығы вице-министрі Әбілхайыр Тамабек, Экология және табиғи ресурстар бірінші вице-министрі Нұркен Шәрбиев және комитет басшы­лары, сондай-ақ Парламент Мәжілісінің депутаттары Снежанна Имашева, Ғалым­жан Елеуов пен Қазыбек Әлішев қатысты.

Кеңесті жүргізіп отырған «AMANAT» партиясының Хатшысы Эльдар Жұмаға­зиев партияда трансформация жүзеге асырылып жатқанын айтты.

 «Кеңестердің жұмысы өзгеріп, саннан сапаға көшу болып жатыр. Партия ая­сында мыңнан астам кеңес жұмыс істеді. Қазір олардың саны үш есеге дейін азай­ды. Кеңестерді нақты мәселе шешетін партияның органына айналдыру жүзеге асырылып жатыр. Бүгінгі жиын сияқты кәсіпкерлер келіп, өз мәселелерін айта алады. Атырау облысында осындай ашық форматтағы кеңес алғаш рет өткізілді. Өңірлердегі кәсіпкерлер министрлік өкілдеріне тікелей сұрақ қойып, жауап алу мүмкіндігіне ие болды. Қатысушылар өз мәселесін ашық айтып, оған жауап алғанына ризашылықтарын білдірді. Алайда бірден шешілмейтін мәселе де аз емес. Күзде партияның басшысына ұсы­ныс береміз. Осындай кеңестерде ше­шілмеген мәсе­лелерді сол кеңесте қайта көтереміз», – деді Э.Жұма­ғазиев.

Жиында алғашқылардың бірі болып мәселе көтерген  Батыс Қазақстан облы­сының кәсіпкерлері киіктің көбеюіне қан­дай әрекеттер атқарылып жатқанын сұрап, шаруасы шатқаяқтап тұрған шаруа­­лардың қазіргі күйі күрделі екенін жеткізді.

«Облыстың оңтүстік аумақтарындағы киіктерден зардап шегіп отырған ша­руалардың қазіргі жағдайы мәз емес. Оның үстіне, жанар-жағармайдың қым­баттауы, малмен күнін көріп отырған ша­руалардың қалтасын қағып, мал азығын дайындауға кедергі жасауда. Қазір оны Батыс Қазақстан облысындағы үлкен төтенше жағдай деп айтуға болады. Аудандармен түзілген актілерге сәйкес жалпы облыс бойынша 1 243 шаруашы­лықтың 1 317 838 гектар жайылым, 23 339,5 гектар шабындық, 2 976 гектар егіс­тік, 8 гектар бау-бақша жер­лерін киіктер таптаған.

Облыстың шаруа қожалықтары биыл­ғы киік санының күрт артуы және шөп өнімділігінің төмендігіне орай, 15.03.2019 жылы №108 Ауыл шаруашылығы ми­нистрі бұйрығымен бекітілген Асыл­тұқымды мал шаруашылығын дамытуды, мал шаруашылығының өнімділігін және өнім сапасын арттыруды субсидиялау қағидаларына сәйкес ауыл шаруашылығы жануарларының аналық басының азы­ғына жұмсалған шығындар құнын арзан­датуды сұрап отыр», – деді Батыс Қазақ­стан облыстық мәслихат төрағасы Мұрат Мұқаев.

Сонымен қатар Мұрат Рахметұлы киіктерді корал әдісімен аулап, етін мал сою ке­шендері арқылы өңдеу мәселесін де кө­терді. «Қазір Орал киіктер популя­ция­сының саны 2 млн-нан асып кетті. Киік­тер осыған дейін 500 шақырым жер­де мекендейтін. Қазір олар Орал қала­сынан 50-60 шақырым жердегі ауылдарға келді. Олардың саны мекендеу аймағын кеңей­тіп отыр. Нәтижесінде, Ақжайық, Тас­қала, Қазталов, Бәйтерек ауылдары алқаптарының зақымдалуына әсер етіп отыр. Киік санын реттеуде оларды аулап, өндіріске жіберу үшін көп кеңес өткізілді. Облыс орталығында киік союға мүмкіндігі бар жалпы қуаттылығы әртүрлі 3 ет өңдеу кәсіпорны бар. Бірақ әлі де киіктердің санын реттеуге қатысты еш­қан­дай тетік жоқ. Қазірден бас­­тап біз онымен айналысуымыз ке­рек», – деді ол.

Бұл мәселеге қатысты Экология және табиғи ресурстар бірінші вице-министрі Нұркен Шәрбиев жауап берді.

«Біз биологиялық негізді күтіп отыр­мыз. Механизмдер мен мерзімге келетін болсақ, спорттық-әуесқойлық аң аулау мәселесі қарастырылды, бірақ заңнамаға сәйкес алдымен аңшылық шаруашылық­тарды тіркеу қажет. Ал тіркеу осы күзде жүреді. Сәйкесінше, бұл істі биыл спорт­тық-әуесқойлық аң аулау бойынша жү­зеге асыру мүмкін емес. Осы жыл барлық аңшылық шаруашылықтар 15 қыркүйек­тен 1 желтоқсанға дейін тіркеуден өтуі тиіс. Содан соң институттар киіктерді ау­лаудың жаратылыстану-ғылыми негіз­де­месін әзірлейді», – деді ол.

Кеңесте өңірлерден қойылған сұрақ пен ұсыныс өте көп болды. Мәселен, Маңғыстау облысының кәсіпкерлері тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеу мәселесін көтеріп, осы бағытта өңірлерді қосып жұмыс тобын қарастыруды ұсынды. Сонымен қатар шағын және орта бизнес субъектілерін тексеруге жа­рия­ланған мораторий және табыс са­лығынан босату уақытын созуды сұрады. Сондай-ақ «Жер аманаты» комис­сиясының мү­шесі Бауыржан Атауов жер мәселесін көтерді.

Аймақтағы шаруаларды жанар-жағар­май бағасының шарықтауы алаңдатып отыр. Олар арзандатылып берілетін жа­нар-жағармай бағасының арзан болмай тұрғанын айтты. Жиында Ауыл шаруа­шы­лығы вице-министрі Әбілқайыр Тама­бек бұл мәселенің негізінен Энергетика министр­лігіне қатысты екенін алға тарт­ты. 

«Ал арзандатылған жанар-жағар­майдың көлеміне қатысты мәселе жоқ. Көлем толық бекітілді – 426 мың тонна. Батыс Қазақстан облысына бекітілген көлем былтырғымен салыстырғанда 2 есе көп. Тек бекітілген көлемді ешқан­дай облыс алмай отыр. Себеп – баға қым­бат. Қазір жанар-жағармай­дың на­рық­тағы бағасы 295 теңге болса, арзанда­тылған жанармайды Қостанай облысы­ның шаруалары – 283, Ақмола облысы – 275, СҚО 276 теңгеден алып отыр. Көршілес Ресейдің ЖЖҚС-да 257-260 теңгеден сатылып жатыр. Яғни, біздегі жеңілдетілген жанар-жағармай Ресейдегі ЖЖҚС-дағы бағадан қымбат. Біз өз тара­пымыздан бұл мәселені кө­тердік. Энерге­тика министрлігі түбегейлі бас тартты. Содан кейін Премьер-Ми­нистрдің атына хат жолда­дық», – деді вице-министр.

Өз кезегінде партия Хатшысы Эльдар Жұмағазиев күзгі орақ науқаны мен мал азығын дайындау үшін арзандатылған бағамен берілетін жанар-жағармайдың бағасына қатысты шаруалардың жанай­қайын арнайы хат арқылы Энергетика министрлігіне жеткізетінін айтты. 

Жалпы, бұл кездесу «AMANAT» пар­тия­сының жанынан шағын және орта биз­несті дамытудың өзекті мәселелерін талқылау және шешу, салалық бизнес-қауым­дастықтар мен мемлекеттік орган­дар арасындағы кері байланысты күшейту, өт­кір тұрған түйінді мәселелерді жедел ше­шу бойынша арнайы алаң құруға ба­ғыт­талды. Жиын соңында партия Хат­шысы Э.Жұмағазиев кеңестердің осын­дай жаңа форматтағы отырысы аймақ­тарда да ұйымдастырылатынын атап өтті.

Наурызбек САРША