Эльмира Әмзиева – «Қазақстанның саңыраулар қоғамы» қоғамдық бірлестігінің Талдықорған оқу-өндірістік кәсіпорнын­дағы шебер қолды тігіншінің бірі.
Шебердің қолы ортақ
584
оқылды

Жетісу облысында соңғы кездері жеңіл өнеркәсіп саласы бойынша сәл де болса ілгерілеу бар. Осы жетістікке Эльмира жұмыс істейтін кәсіпорын да шама-шарқынша үлес қосып отыр.

Эльмира 2004 жылы Семей қала­сындағы мамандандырылған мек­теп­ті бітірген. Содан бері жеңіл өнеркәсіпте тігінші болып еңбек етіп келеді. Талдықорғандағы оқу-өндірістік кәсіпорында жұмыста жүргеніне 12 жылдан асыпты. Әріптестерінің айтуынша, өз ісіне мығым, жауапкершілігі аса жоғары, тапсырыстарды тап-тұйнақтай орын­дайтын мықты маманның қыз­метіне сұраныс аса жоғары. Тапсы­рылған міндетті уақытында әрі сапалы орындайды. Киім пішушінің озық әрі күрделі үлгілерін орындауда тігістің небір қиын түрлерін жүзеге асырады. Үшінші топтағы мүгедек екендігіне қарамастан, «Тігін бұйым­дарын тігу мен өңдеудің негізгі техно­логиялары» курсын да ойда­ғыдай тәмамдап, шеберлігін шыңдай түскен. 

Жұмыстағы әріптестері де бірі­нен-бірі өткен ісмер. Мекемеде он тігінші жұмыс істейді. Шеберлердің қолынан жаздық, қыстық киімдер, арнайы киімдер, матрастар мен көрпелер, жастықтардың түр-түрі шығады. Тек тапсырыс үзілмесін деңіз. Ал сапа мен тапсырыстың орындалуында ешқандай кемшілік пен кешігу болмайды. Ұжымның бірлігі мықты. Қандай мәселе болмасын, өзара күш біріктіре отырып шешеді. Шыдамдылық пен ұқыптылықты, тұрақтылықты қажет ететін мамандық иелерінің міндетке адалдығы, ыждағаттылығы қайран қалдырады. Азды-көпті бос уақыт­тарында да қолдарынан ине мен жіп түспейді. 

Эльмираның арманы асқақ. Алдағы кезде өзінің шағын ғана сәнді киімдер дүкенін ашсам деген үлкен мақсаты бар. Өкінішке қарай, үш ұлының үшеуінде де аналары сияқты есту жағынан мүгедектік анықталған. Үлкен ұлы Абай такси жүргізеді, ортаншысы – Әлібек техникалық қызмет көрсету орнында жұмыс істейді. Кенжесі – Алан қаладағы колледждердің бірінде электр мамандығын оқып жатыр. 

Болат АБАҒАН, 

Жетісу облысы