«Бәрін құртқан шошақ тымақтылар – елді де, жерді де. Алаштың азаматтарында қазір нең қалды». «Шошақ тымақтылар» дегені буденовка кигендер екенін артынан білдім. Ол кезде «Алаш азаматы» деген сөзді жиі еститінмін, бір күні малшы жігіт жоғалып кетіп елдің бәрі шулап, «Алаштың азаматы емес пе, неге іздемейсіңдер?» дегенде абырой болып үш күннен кейін табылып, халықтың қуанғанын білем. Күндіз-түні аттың үстінен түспейтін охран-шал Асаубай суға кетіпті дегенді естіп, жаның жәннатта болсын деп дұға еттік. Кейінірек, Зайсан қаласындағы М.Әуезов атындағы қазақ орта мектебінде оқып жүргенде 1910 жылы ашылған мектептің бұрынғы аты «Мектеп Казахия» екенін білдік. 1918 жылы май айында А.Байтұрсынов, М.Дулатов, Р.Марсеков Зайсан қаласына келіп, осы ғимаратта Алашорданың шығыс бөлімшесін құрған екен.
Алаштың арыстарымен халқымыз М.Горбачевтың жариялық кезінде қауышса, архив материалдарымен еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін танысып, оқып-білу дәрежесіне жетті. М.Қойгелдиев, Т.Жұртбай, Е.Сыдықов, Д.Қамзабекұлы еңбектерінде Алаш пен Алаш партиясына қатысты қыруар материалдардың жарыққа шығуы XX ғасырдағы қазақ интеллегенциясының тек Орта Азияда ғана емес, Ресейдегі түркі-моңғол-шығыс халықтарының алдында болып, Ресей партияларымен тең дәрежеге жеткені белгілі болды. Жақында ғана жарық көрген «Алаш ісі. 1920-1930 жж. ОГПУ жүргізген жасанды тергеу ісінің құжаттары мен материалдары» (құрастырған М.Қойгелдиев, Алматы – 2022, 984 бет) атты еңбекте 10 жыл бойы қызыл империяның жендеттерінің жалған құжат жасап, ұлт патриоттарын ұзақ жылдарға түрмеге тоғытып, ату жазасына дейін кескені бұлтартпас архив деректері арқылы берілген. Оқушыны таңғалдыратыны – Кеңес өкіметі орнап, шалажансар кезінде нығаймай жатып-ақ Алашорда серкелерінің соңына түсіп, Бөкейханов пен Дулатов, Ақпаевтардың тұтқынға алынғаны көрінеді. (Алаш ісі, 6-бет). Кеңес өкіметінің алғашқы жылдарында басталған репрессия қазақтың ұлт-азаттық интеллегенциясын толық құртқанға дейін жалғасқан.
Ыдырыс Мустамбаевтың 1927 жылы 28 мартта тергеушіге берген жауабында 7-8 адамнан құралған крайкомның аты ғана болмаса, шындығында барлығын Голощекин билеп-төстейді, нағыз диктатор деп тайсалмай жауап берген. (бұл да сонда, 11-бет)
Бүкіл саналы өмірін архив ақтаруға жұмсаған зерттеуші «Алаш қозғалысы» атты екі кітаптан тұратын монографиялық зерттеуін (Алматы. – 2008-2017 жж.) жариялады. Еңбектің 1-кітабында тарихқа алаштық зиялылар атымен енген буынның қоғамдық күш ретінде қалыптасу негіздері, оның кең ауқымды ағартушылық қызметі (қазақ тілін әдебиет және ғылым тіліне айналдыру, ұлтқа арнап газет-журнал шығару), Ресей мемлекеттік думасына депутат ретінде сайланып жүргізген қоғамдық-саяси қызметі, билік және кең ауқымдағы адами құндылықтарды мұрат тұтқан еңбегі отандық тарих ғылымында соңғы жылдарға дейін Ресей, Өзбекстан және Қазақстан архив мекемелерінің жабық қорында сақталып келген құжаттар арқылы алғаш рет іргелі тұрғыдан талдауға алынды.
Еңбекті оқып отырғанда 1917 жылы желтоқсанда Орынбор қаласында өткізілген Екінші жалпықазақ съезінің қазақ халқының ұлттық мемлекеттілігін жаңғырту мақсатында Ұлт кеңесі – Алашорда өкіметін құрып, Алаш автономиясын жариялау туралы қабылдаған шешімі – ХVІІІ ғасырдың 30-жылдары патшалық Ресейдің қазақ жеріне мысықтабандап кіріп, ХІХ ғасырдың ортасында қазақ жерін толық отарлап жойылған хандықтың орнына, арада екі ғасыр өткенде қайтадан ту көтерген Алаш ұлтының жаңғыруы, яғни тәуелсіз қазақ мемлекетінің қайта туғанын көрсетеді. М.Қойгелдиевтің большевиктер өкіметі легитимді емес, Қазақстанға екі ғасыр бодандықта болған қазақтың бостандықты аңсаған қажеттілігінен құрылған Алаш Автономиясын күшпен құлату – шешен тарихшысы А.Автархоновтың «большевиктердің Кавказ бен Орта Азияны басып алуы – Ресей империясын толық ыдыраудан сақтап, тағы да 70 жыл өмір сүруін ұзартты» деген идеясымен мазмұндас екенін көреміз.
Алаш партиясы қазақ халқы мен болмысына жат тап күресі дегенге мүлдем қарсы болды: «орыстың байы кедейі екені рас-ақ шығар. Бірақ орыстың байы да, кедейі де қазақты жейді. Орыстың құлдығынан құтылып шықпай жатып, кедей, бай болып жіктелетін жайымыз жоқ... кедейін жақтаған орыс партияларын алсақ та, олардың да есіл-дерті, нысана қылатыны – орыс кедейінің үстемдігі, орыс кедейінің ырзалығы, орыс кедейінің қожалығы» деген Алаш партиясының ұстанымын келтіре отырып, орыс шовинизмінің орыстың байында да, кедейінде де ортақ идеясы екенін көрсетеді. (Алаш қозғалысы, 2-том. 26-27 бб). Осы орайда 30 жыл АЗТМ-да (Алматы ауыр машина жасау зауыты) жұмыс істеген қазақ жұмысшысының «Осы сендер пролетариат, интернационализм дейсіңдер, сол орыс пролетариаты мен өмір бойы бірге жұмыс істеп бірге жүрдім, орыстың ең ұлтшылдары мен есерсоқтары аузына не келсе, соны айтатындары – жұмысшылары екен. Қайта оқығандары, көзі ашықтары дұрыс па деп қалдым ғой – дегені бар». Демек, Егеменді Қазақстанда 30 жыл бойы орыс тілінің үстемдік құрып, ықпалынан шыға алмай отырғанымыз, тағы да Алашорда арыстарының көрегендігін көрсетеді.
Зерттеудің негізі тергеу материалдарынан тұрады. Тергеу мен қызыл империяның жендеттік жүйесі қазақ қоғамының негізі болып табылатын үш топқа – ұлт зиялыларына, байларға, қожа-молдаларға бағытталған еді. «Бай» деген сөзді кеңестік идеяның жаман жексұрын қылып көрсеткені болмаса, ХІХ ғасырдағы қазақтың жылқы шаруашылығы жайында көп жазған И.Хантинский былай дейді: «қазақта «бай» деген сөз «богатый» деген орыс сөзінің баламасы емес, бай – зат дүниесімен қатар ақыл-ойы, парасаты толысқан кісіні айтады». (А.Тоқтабай, Қазақ жылқысының тарихы. А. – 2010, 127-бет). Мысалы, жаңа ру жасау үшін төрт нәрсе керек: ру қоныстайтын жер, руды басқаратын биі, қорғайтын батыры, бағатын байы анықталатын. Ол кезде пенсия, сақтандыру қоры жоқ, кедей-кепшіктердің соғымы, ат майы т.б шығындары байдың мойнында болатын.
Патша өкіметі батырлардың көбін құртып болған, кеңестік билік, ұлттың бүкіл бетке ұстарларының ішінде ауыл экономикасын ұстап тұрған байларды кәмпескелеп құртты, «құдай жоқ» деп дін адамдарын құртты. Нәтижесінде, кедей-кепшік, құл-құтан, жағымпаз-жандайшап т.с.с. топтар қалды.
Ахмет Байтұрсынұлы 1937 жылы НКВД тергеушісінің «совет өкіметіне қарсы қандай мазмұнда үгіт-насихат жүргіздіңіз?» деген сұрауына жауап беріп: «мен Голощекиннің басшылығымен қазақ өміріне жасалған қиянатқа байланысты совет өкіметінің атына мыңның бірін де айтып жеткізе алмаған болар едім. Өйткені қазақ өмірінде орын алған апаттың ауқымын сөзбен жеткізу мүмкін емес, тіптен мұндай айқын да дәлелді фактілерді мойындату үшін сөз жұмсаудың өзі де артық», – деп таусыла жазды.
1960 жылдың өзінде көрнекті қоғам және мәдениет қайраткері, әдебиетші Ілияс Омаров былай деп жазып еді: «Мағжан – қазақ поэзиясының жарық күні. Күн нұр шашса, кейбір «әдебиеттің жұлдызы боламыз» деп жүргендер сөніп қалады. Осы бір кертартпалардың қырсығынан күніміз әлі күнге дейін нұрын шаша алмай келеді» (І.Омаров, Серпін, Алматы. – 1970, 89-бет). Қызыл империяның саясатына уланған, алаш арыстары көрден тіріліп келетіндей болып күндіз-түні, жылдар бойы күзеткен қазақтың өз ішінен шыққан күзетшілері болмаса Ахмет, Мағжан, Міржақып, Жүсіпбектердің ақталып халқына қауышуы 20-30 жыл бұрын ертерек болар еді. Бұл бейбақтар 20-30 жыл бұрын ертерек тірілгенде екі ұрпақ ұлтжанды болып өсіп, нағыз патриоттар тәрбиеленер еді. С.Мұқанов, Ә.Тәжібаев сияқты күзетшілердің арқасында алаш арыстары жасаған әдебиет халқының игілігіне айналмады. «Қорғансыздың күнін кешкендер» (Алматы, 2019) монографиясында М.Қойгелдиев М.Әуезовтің белгілі әңгімесінің атын жаңғыртып, күресте жанын пида еткен алаш зиялыларының әдеби мұрасына тоқталады. Ленин, Сталин, Голощекинмен айтысып, ел мен жер үшін жанын пида етуге даяр асылдардың қызыл империяның алдында қорғансыз қалуы, қазақтың қорғансыз қалуы деп түсіндіріледі.
Осы ретте М.Қойгелдиев алаштық буынның өмір жолына қатысты тарихи фактілерге сүйеніп, мынадай тұжырымға келеді. Жүсіпбек Аймауытұлы 1932 жылы Мәскеуде атылды. Міржақып Дулатұлы Ақтеңіз – Балқаш каналы бойындағы лагерьде өмірден озды, лагерден оралған Ахмет Байтұрсынұлы жұмыссыз рухани азапта жүріп, бірер жылдан соң қайтадан қамауға алынып, атылды. Бұл тізімді жалғастыра беруге болады. Соның нәтижесінде қоғам өміріндегі алаштық ағартушылық кезеңнің енді күш ала бастаған сәтінде саяси режим тарапынан қиылғаны сияқты, әдебиет пен қоғамдық ойдағы ұлтшылдық ағымы да өзінің табиғи сөресіне жетпестен сөндірілді. Сөйтіп, басында М.Жұмабаев, Ж.Аймауытов, М.Әуезов тұрған әдебиеттегі жаңа мазмұн-бағыт үзіліп қалды, оның орнын көркем ойдағы социалистік реализм аталған бағыт басты. Сондықтан 1929–1989 жылдар аралығында «советтік дәуір әдебиеті», «социалистік реализм әдебиеті» деген атпен оқытылып келді.
Алаш арыстарының шығармалары мен поэзиясын 60 жыл бойы жауып тастау Қазақстанның алашшыл-түрікшіл-отаншыл әдебиетіне балта шапты. Алаш арыстары әдебиеттің әртүрлі жанрларында жемісті еңбек ете отырып, ақын, прозашы, тілші, драмашы, сыншы, публицист аудармашы болды, нағыз шығармашылық кемелдеріне келіп тұрған шақта 40-50 жас арасында атылды. Жүсіпбек Аймауытов 1926 жылы жазған «Шернияз» драмасында көне жыраулар дәстүрімен былай дейді:
Қиянат зорлық қылғаны
...
Ой кер заман, кер заман,
Талан-тараж қан жылау,
Қабақ қату қансырау,
Азаматы жабылу,
Малы күнде сабылу
Ұлып жатыр ұлы жүз,
Қырғын тауып аштықтан
Ел еңіреп егілу,
Кіші жүзі тұншығып
Елін әскер жеміру,
Орта жүзі ойсырап,
Сұм Колчактан езілу
«Сорлатам» деп қазақты
Қазақтың бар көзқарақты
Азаматын қырам деп
Атаман Дутов (Ринов) желігу.
(Ж.Аймауытов шығармалары, Алматы – 1989, 542-543 бб.)
Автор «Қиянат анатомиясы» (А., Арыс – 2020) еңбегінде Ж.Аймауытов жырлаған «Кер заманды» нақты деректермен, архив құжаттарымен дәлелдеп қызыл империяның қылмыстарын аша түседі. Зерттеуші белгілі советолог Ричард Пайпстың «Тоталитаризмнің басты мақсаты – мемлекеттегі бар билікті өзін-өзі көтерген самозванецтердің қолына алып оны «партия» деп атады, шын мәнінде бұл орден (Мальти ордені, Тевтон ордені т.б қылмыскерлер, мафиялар ұйымы АТ) ешқандай партия емес – орден көсемге және бір-біріне шын берілген қылмыскерлердің ұйымы» деген сөзін келтіре отырып, большевиктер партиясы марксизмді жамылған қылмыстық ұйым деген шешімге келеді.
Автор ұлттық тарихнамада алғаш рет «эмиссарлар институты», «вайнштейн синдромы» сияқты ұғым-терминдерді айналымға қосып, нақты тарихи фактілерге сүйеніп, бұл басқару институты мен теориясымақ ұстанымның қазақ елінің өміріне қаншалықты зардапты болғанын көрсетуге кітабының бірнеше тарауын арнайды (1 бөлім, 1 параграф, 2 бөлім, 1, 2, 3, 4 ж.б. параграфтар). Мәселен, ол қазақ ауқаттыларының мал-мүлкін кәмпескелеу тақырыбында жергілікті ұлттық басшылық пен партияның орталық комитетінің бюросы арасында жүрген ұстанымдар қақтығысын кітаптың бірнеше тарауларында мәскеулік және қазақстандық архивтік құжаттарға сүйеніп баяндайды. Орталық билік бұл ретте қазақ саяси басшылығының үстірт, экспериментке жақын реформалық өзгерістерге бармауға, қазақ қоғамының ішкі өміріне ешқандай да даярлықсыз, төтеннен және қауырт түрде араласпауға шақырған үніне құлақ аспады, мұндай әрекеттің апатты нәтижемен аяқталуы мүмкін екендігін болжап білуге ықылас танытпады.
Большевиктердің 1920–1933 жылғы басқаруы нәтижесінде 1 млн 130 мың қазақ босқын болып шекара асып, аспағандары қырылып елінен, жерінен айырылды. 2,2 млн қазақ қырылды. 48 млн төрт түлік малдан 1933 жылы 4 млн мал қалды.
Автор ұзақ жылдар Алаш, Алашорда мәселесін зерттеуінде мынадай тұжырымдарға келген:
1. Алаш идеясы, Алаш қозғалысы – қазақтың екі ғасырға жуық ұлт-азаттық қозғалысының заңды жалғасы;
2. Алашорда өкіметі – Кеңес өкіметіне балама өкімет;
3. Алаш пен Алашорда өкіметі 500 жылдық тарихы бар қазақ мемлекеттілігін жаңғырту болып табылады;
4. Алашорданы большевиктердің құртуы халық азаттығын ту қылып көтерген ұлт патриоттарының тұтас бір ұрпағын жойды. Алаш жойылғаннан кейін ғасырлар бойы келе жатқан ұлт-азаттық идеяларының арасында сабақтастық үзілді.
Жұмыстың ауқымы мен тереңдете зерттелуі тұрғысынан тың архив материалдары ғылыми айналымға кіргізу жағынан, теориялық деңгейінің жаңашылдығымен Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығына лайық деп есептеймін.
Ахмет ТОҚТАБАЙ,
тарих ғылымдарының докторы,
профессор