Уақыт өткен сайын ұлттық мұраларымыздың кейбірі естен шығып, кейбірі ұмыт болып барады. Солардың бірі – киіз басып, сырмақ тігу өнері.
Айнұр Батырханова: «Сырмақты күтіп ұстаса, жүз жыл сақталады»
3,794
оқылды

Киіздің пайдалану тарихы қанша ұзақ болса, сырмақ сыру тарихы да соншалықты тереңде. Біз ұлттық өнерге заманауи сән беріп, қайта жаңғыртып жүрген қолөнер шебері, «Текемет-сырмақ» брендінің негізін қалаушы Айнұр Батырхановамен тілдестік. 

– Бір сұхбатыңызда «Қазір қазақ қоғамында сырмақ пен текемет ұмытылып бара жатыр» депсіз. Сіздің сырмақ тігу ісін қолға алуыңызға не себеп болды? 

– Бала күнімізде әжелеріміз бен аналарымыздың қазан қайнатып, жүнді бояп, киіз басып отырғанын көріп өстік. Қазір қаланы қойып, ауылда киіз басып, сырмақ тігетін адам қалмай барады. Сол үшін және өсіп келе жатқан жастарға ата-бабамыздан қалған асыл мұрамызды үйретіп, ары қарай жалғастырсын деген мақсатпен текемет-сырмақты тігуді бастадық. Осыдан 5 жыл бұрын осы идея келді. Сырмақ пен текеметті енді тігіп бастаған кезде Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық универси­тетінде өнер саласы бойынша білім алған құрбым Самал да қызығушылық танытты. Сөйтіп, кәсібімізді бірге бастадық. Мен де Т.Жүргенов атындағы Өнер академия­сының монументалды кескiндеме фа­культетін бітіргенмін. Басқа шетелдерде кескіндеме өнерінің дамығанын көрдік. Сондан «неге ұлттық қолөнерімізді дамытпасқа?» деп сырмақ тігуді бастадық. 

– Сырмақ пен текеметтеріңіздің за­манауи дизайны бірден көзге түседі. Модерн стилінде оюлар мен түстерді үй­лестіруде арнайы дизайнерлердің көбегіне жүгінесіздер ме?

– Жоқ, текемет пен сырмақты да­йындағанда ешқандай дизайнердің көмегіне жүгінбейміз. Өнер академиясын бітіргендіктен, мамандығым суретші болғандықтан, оюды ою, түс таңдау және жүнді қалаған түске бояу процестерін өзім істеймін. Барлық дизайн жанымның бір бөлшегі сияқты. 

– Халқымыз әр оюдың мәні мен маз­мұнына ерекше көңіл аударған. Ал сіздер сырмақ пен текеметке көбіне қандай оюды қолданасыздар? 

– Ең жиі қолданатын оюымыз – қошқармүйіз. Бұл ою қазақ халқының символына айналып кеткен. Мысалы, көрші қырғыз халқы көбінесе елікке ұқсас оюларды қолданады. Ал қазақтар қошқар мүйізді оюды пайдаланған. Әр оюдың өзіндік сыры болады. Біреуі көз тиюден қорғаса, екіншісі шаңыраққа байлық пен дәулет алып келеді. 

– Сырмаққа қажетті шикізаттарды қайдан аласыздар? Елімізде шыға ма? 

– Сырмаққа қажетті шикізаттар өзіміздің елде өндіріледі. Тараз, Шымкент қалаларында жүн өңдейтін арнайы өндіріс орындары бар. Олар меринос қойдың жүнін өңдейді. Солардан жүнді таза, жуылған, түтілген күйінде аламыз. Кейін жүнді арнайы технологиямен 90 градус ыстық суда, қоспаларын қосып өзіміз бояймыз. Сонда сырмақтың бояуы шықпайтын болады. Жалпы, бүкіл Қазақ­станға жүн өңдейтін екі цех жетпейді. Өйткені бір қаладағы өндіріс тек өз аума­ғындағы ауылдардың жүнін ғана қамта­масыз етеді. Сондықтан кәсіпкерлерге тек саудамен айналыса бермей, өзіміздің қойдың жүндерін тазалап, тері өңдейтін үлкен зауыттар салса деген ұсыныс айтар едім. Өйткені ауылдарда қойдың жүні де, терісі де қоқыста жатады. Оны керек етіп сатып алатын адамдар жоқ. Себебі ешкім бұл салаға мән беріп қарамайды. Егер бізде кәсіпкерлер осы істі қолға алса өсіп келе жатқан ұрпақ таза былғарыдан аяқкиім киер еді. 

Шетелдіктер ерекше қызығушылық танытады

– Жалпы, текемет пен сырмақ туралы білсек те, олардың жасалуындағы ерекше­ліктерге мән бермейміз. Екеуінің айырма­шылығы қандай? 

– Сырмақ жасау үшін, ең бірінші, жүнді түрлі түсті бояумен бояймыз. Содан кейін бір түсті жүнді жайып, одан киіз басамыз. Киіз дайын болғаннан кейін одан ою оямыз. Екі түстен ою ойсақ оны бір-біріне кіргізіп, оюды ойсыра­тамыз. Мысалы, бір киізді аққа, екін­шісіз қызылға бояп, ою ойған­нан кейін екеуі­нің киізінің орын­дарын ауыс­тырамыз. Мұны оюды «ойсырату» дейді. Осыдан кейін біріккен екі түсті оюды тіге­міз. Бұл «жөрмеу» деп аталады. Ті­гіс көрінбес үшін оюдың орта­сына қайырылып жасалған жіпті қайта тігеміз. Мұны «жиек басу» деп атайды. Соңында осы­лардың арасын көктеп тігіп шығады. Мұны «сырмақ сыру» дейді. Сырып тіккен­діктен де қол­өнер сырмақ деп аталады. 

Ал текемет жасау үшін боялған жүнді жайып ала­мыз да, оны шала күйінде илей­міз. Мұны «талдырма» деп атайды. Кейін осы тал­дыр­мадан ою ойып, басқа түс­тегі жайылған жүннің үстіне қойып, қайта баса­мыз. Ешқандай ине мен жіп пай­да­ланбаймыз. Тігусіз болған­дық­тан «текемет» деп аталады. 

– Қолөнердің бағасы қара­пайым халық үшін қолжетімді ме? Сұраныс қай деңгейде? 

– Қолөнер болғандықтан сырмақ пен текеметтің бағасы жоғары. Өйткені 2х3 метр бір сырмақ жасау үшін 5-6 шебер бір ай жұмыс істейді. Соншама еңбек еткен­діктен де сырмақтың бағасы арзан бол­майды. Көп адам сырмақты базардағы кілем­нің бағасымен салыстырып, қым­бат­сынады. Бірақ қолдан шыққан бұйым болғаннан кейін еңбекті біз де арзанға сата алмаймыз. Бірақ қазір сырмақтың қадірін түсініп, сұраныс білдіретіндер саны артып келеді. Әсіресе, шетелдіктер сырмақ пен текеметті ерекше бағалайды. Соңғы кезде сырмақты қыз жасауына қосатындар да көбейді. Сосын үйлеріне арнайы қазақи бөлме жасайтындар да сырмақ алады. Студья мен үйдің ин­терьеріне арнайы эффект беру үшін де тапсырыс беретіндер бар. 

Балалар жалаңаяқ жүрсе, моторикасы дамиды

– Базардан алған бір кілем екі жылдан кейін ескіріп, өңін жоғалта бастайды. Ал сырмақ қанша жылда тозады? 

– Қазір кейбір отбасыларда бұрыннан бері келе жатқан сырмақтар әлі бар. Сырмақты күтіп ұстаса, жаңбыр мен далаға тастамаса, 100 жыл сақталады. Тек күтім керек. Сырмақ – экологиялық таза, табиғи өнім. Балалардың денсаулығына да пайдалы. Жөрмеп, жиек басқаннан кейін оюлардың ортасындағы жіп бетіне шығып тұрады. Осылай тігілген сырмақ­тың үстінде балалар жалаңаяқ жүрсе, олдардың моторикасы дамиды. Қазіргі физиолог ғалымдар адамдардың таба­нында өте күшті рефлексогенді нүктелер орналасқан дейді, яғни ол – сезімтал жүйке ұштары шоғырланған аймақ. Табанның бір шаршы сантиметріндегі осындай рецепторлардың саны дененің басқа жеріндегілерден әжептеуір көп. Адам сырмақ үстінде жүрген кезде осы­лардың белсенділігі артады.

Ауыл аралап, сырмақ тігуді үйретер едім

– Осы өнерді әрі қарай жалғастыратын шәкірт тәрбиелеу ойда бар ма? 

– Әрине, шәкірт тәрбиелеу ойымызда бар. Шетелге барғанда ауғанстандық­тардың бір ауыл болып кілем тоқып отырғандарын көрдім. Ауыл адамдары басқа ешқандай жұмыспен айналыспайды, тек ұрпақтан-ұрпаққа жалғасқан өнерді еңбектеген баладан, еңкейген қартқа дейін істейді. Көрші өзбек елі де станокпен емес, бәрі қолмен таза жібектен кілем тоқиды. Бір фабрикада 400-500 шебер кілем тоқумен айналысады екен. Біз де сол деңгейге шықсақ дейміз. Ауыл-аймақта екі қолға бір күрек таппай жүр­гендер қаншама? Ұлттық өнерімізді жандандырып, қазақтың сырмағын өзбек елінің кілемінің дәрежесіне жеткізсек бүкіл ел болып сырмақ тігер едік. Сонда ұрпақ та ұлттық мұрамызды ұмытпайды. Өз тарихымыз бен өнерімізді таныту үшін Үкімет тарапынан қолдау болса ауыл-ауылды аралап, аналарымызға сырмақ тігуді үйретер едім. 

– Сырмақты бірнеше елдегі «Ежелгі кілемдер» көрмесіне апарыпсыздар. Сол жайлы айтып беріңізші? 

– Қытай елінде халықаралық «Табиғи кілемдер» көрмесіне қатыстық. Ол жерде қолдан таза жібектен тоқылған кілемдер көрсетілді. Иран, Үндістан, Ауғанстан, Германия, Өзбекстан сияқты көптеген елден қолөнер шеберлері келіп қатысты. Біз текемет-сырмақты апарғандықтан бәрі бізге ерекше назар аударды. Өйткені басқа елдер тоқылған кілемдерді әкелді. Біз сияқты киіз басып сырмақ апарған ешкім болмады. Оюларымыз да басқа кілемдерге қарағанда ерекше көзге түсті. Шетелдіктер біздің қолөнерімізге таңыр­қай қарады және жақсы қабылдады. Қазір әлем халқы «мынау иранның кілемі екен» деп бірден таниды ғой. Сол сияқты бола­шақта қазақтың сырмақ пен текеметін бүкіл әлем таныса деген ойымыз бар. Сондай-ақ текемет-сырмақты Италияға, Ауғанстанға, Өзбекстанға түрлі көрме­лерге апарып жүрміз. 

– Жақында дизайнер Ая Бапани киіз­ден, текеметтен жасалған киімдер топта­масын көпшілік назарына ұсынып, әлеу­меттік желіде қызу пікірталас тудырды. Біреулер ұлттық өнерімізден көйлек тік­кенді қолдамаса, енді біреулер жаңашылдық ретінде қабылдады. Жалпы, киізден киім тігуге қалай қарайсыз? 

– Әрине, киізден киім тігуге болады. Бірақ оны қалың етіп емес, күнделікті кигенге қолайлы етіп жұқалау жасаймыз. Мысалы, біз жүннен жұқа талдырма дайындап, содан жібек матаға ою ойып, шапандар мен орамалдар дайындаймыз. Қойдың жүнінен аяққа киетін байпақтар жасаймыз. Бұл байпақтардың адам ден­саулығына пайдасы үлкен. Қан айналым­ды жақсартады. Қай жеріміз ауырса, сол жерімізге қойдың майын жағамыз ғой. Сол сияқты қойдың жүнінің құрамында да ланолин бар. Ол байпақ киген адамның табанынан өтіп бойындағы ревматизм сияқты буын ауыруларын емдейді. Бола­шақта өндірісті кеңейтіп, қойдың жүнінен кілем тоқу сынды жоспарымыз бар. 

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан 

Көктем ҚАРҚЫН