"Бұл – үкім емес, мүмкіндік" дейді ВИЧ індетін жұқтырған Бауыржанның анасы Әлия. Шымкенттік Қанат Әлсейітов пен Әлия Масаурованың тұңғышы Бауыржан да 2006 жылдың ақпанында бронхит диагнозымен 3 күн жансақтау бөлімінде жатқан. Кейін сауығып үйге шыққан соң, ауруханаға түскен балаларға ВИЧ-пен ауырып жатқанын естиді. Қауіпті дерттің өз балаларына да жұққанын естігенде ерлі-зайыпты көпке дейін сене алмай жүріпті. Бір-біріне «неге біз?» деген сұрақты жиі қоятын.
Қанат Әлсейітов балалардың құқын қорғау барысында біраз еңбек етіп, белсенділік танытып жүретін. «Балам күніне 8 дәріден ішетін. 10 жыл бойы үздіксіз 8 дәріден ішу – әрине, өте қиын. 10 жылдан соң баламның ағзасы шаршады-ау деймін, қинала бастады. Кейін комиссияның шешімімен 2 дәріге өттік. Әрине, бұл да оңай емес. Негізінен, біз бұған мойынсұнып, мықтымыз деп өзімізді алдаусыратқанымен, нағыз қиындықты өмір бойы дәріге тәуелді болатын бала көреді», – дейді ана.Оңтүстік Қазақстан облысындағы 149 баланың ата-анасының ішінде ең алғашқылардың бірі болып, еңсесін тіктегендердің бірі – осы отбасы еді. Бүгінде Қазақстанда алғаш болып өзінің осы індетке шалдыққанын ашық айтуды бастаған жасөспірім Бауыржан дерті туралы 5 жасынан біле бастаған. Ата-анасы мұны алдымен ойын түрінде ұйымдастырып түсіндіріпті. Қанында әлдебір вирустың бар екенін, онымен кәдімгі барлық адам сияқты өмір сүре беруге болатынын, бастысы дәрілерін уақытылы ішіп, вирустың көбеюіне жол бермей отыру қажет екенін санасына құйған. [caption id="attachment_25389" align="alignright" width="455"] Әлия Масаурова[/caption]
Осы күні Бауыржан да, оның ата-анасы да ешкімнен оқшауланбай-ақ ашық өмір сүруге бел буған. «Мүмкін, достарымыздан, таныстарымыздан айырылармыз. Бір дос жоғалтсақ, тағы бірі табылар. Бұл бізге берілген үкім емес, мүмкіндік. Ұлыма үнемі осыны айтып отырамын. «Сені танымайтын жасөспірім саған қарап, бұлай да өмір сүруге болатынын білуі тиіс» деймін. Демек, өзгеге мүмкіндік сыйлайсың деп қолдап отырамын», – дейді Әлия. Ол баласының дәрігер болғанын, ұлының жанын түсінетін, оған қолдау көрсететін жар кездесуін тілейді. Ал Бауыржан қоғамның АИТВ жұқтырғандарға қарым-қатынасы өзгелермен бірдей болғанын және ертерек осы кеселге вакцина табылса деп армандайды.