БАӘ астанасы Абу-Дабиде 12-17 жас аралығындағы жаcөспірімдер арасында ММА-дан әлем чемпионаты өтіп жатыр.
Жарысқа еліміздің атынан 14-15 және 16-17 жас аралығындағы жасөспірімдер құрамасының 35 мүшесі қатысады.
Екінші жарыс күнінің нәтижесінде 40 келіге дейінгі салмақта Маңғыстау облысының өкілі Еркебұлан Иманғали әлем чемпионы атанды. Ол финалда ливандық спортшы Омар Антармен кездесті. Төрешілер бірауыздан қазақстандық спортшыны жеңімпаз деп тапты.
Тағы бір жүлдегер – Түркістан облысының спортшысы Орынбасар Пердебек 44 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде үшінші орынға ие болды. Қазақстандық спортшы Украина мен Болгария өкілдерін жеңді. Жартылай финалдық кездесуде әлем чемпионы атанған Польша өкілі Ксавер Мосингтен төрешілер шешімімен жеңіліп қалды.