Елдің бәрінің үміті соның үстінде. «Осы тезірек өссе екен, аяғынан нық тұрып кетсе екен, үлкен азаматқа айналса екен» деп баланың тілеуін тілейтіні сияқты Жезқазған – Ұлытау аймағының халқы да облыстың жылдам дамып, жаңарып, жасарып кеткенін қалайтыны жасырын емес.
Бұл орайда облыс басшылығы қысқа мерзімде жасаған Ұлытау облысын әлеуметтік-экономикалық дамытудың 2022–2026 жылдарға арналған кешенді жоспары Президент тарапынан қолдау тауып, Үкімет бекітті. Осы жоспардың бір саласы облыстағы әлеуметтік нысандар салуға, тұрғын үй құрылысын дамытуға бағытталған. Қандай жоспарлар бар, нендей жұмыстар атқарылуда? Ұлытау облысының құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Жеңіс Әлімжанның айтуынша, ең бастысы, жуық арада облыс орталығының Бас жоспарына түбегейлі өзгеріс енгізілмек. Бұл әрине, түсінікті. Өйткені Жезқазған облыс орталығына лайықты қалаға айналуы керек.
– Тамыздың соңына таман Бас жоспар түпкілікті бекітіледі деп күтілуде. Құрылыс содан соң қарқын ала бастайтыны айтпаса да түсінікті. Кешенді жоспарға сәйкес 47 жаңа нысан бой көтереді. Әрине, бәрі бірден бола қалмайтыны да белгілі. Кейбір нысандардың құрылысы басталып та кетті. Мысалы, Жезқазған қаласында Абай атындағы мамандандырылған дарынды балалар мектебі үшін құны 1,47 млрд теңгені құрайтын 200 орындық жатақхана салынады. Бас мердігер – «Қаршыға–97» ЖШС қазір жұмысты бастады, келесі жылы жатақхана пайдалануға беріледі, – дейді Ж.Әлімжан.
Оның айтуынша, халықты баспанамен қамтамасыз етуге де баса көңіл бөлінбек. Бұл ретте Kengir көппәтерлі тұрғын үй кешенінің құрылысына көп үміт артылуда. 11 үйден тұратын тұрғын үй кешенінің екеуінің құрылысы қазірдің өзінде қызу қарқынмен жүріп жатыр. Қалған 9 үйдің ЖСҚ сараптамасына оң қорытынды берілсе, Қаржы министрлігі мен Индустрия және инфрақұрылымды дамыту министрлігі бірлесіп қаражат бөлу мәселесі пысықталатын болады.
Бұдан басқа, Ұлытау облысы бойынша жалпы ауданы 27,4 мың шаршы метрді құрайтын 430 пәтерлік 9 көпқабатты тұрғын үй республикалық бюджет есебінен салынатын болады. Бір атап айтарлығы, бұл үйлер тек облыс орталығында ғана емес, Сәтбаев қаласы мен Жаңаарқа ауданында да салынатын болады. Нақты айтқанда, Жезқазған қаласында – 3, Сәтбаев қаласында – 2, Жаңаарқа ауданында 4 жаңа үй бой көтереді.
Сонымен қатар «Қазақмыс Корпорациясы» ЖШС және «Самға» ЖШС жеке инвестиция арқылы тұрғын үйлер салуға ниет танытып отыр.
Облыс құрылғанға дейін басталған тұрғын үйлер құрылысы да жалғасын тауып жатыр. Айталық, былтыр республикалық бюджет қаражаты есебінен басталған жалпы ауданы 11,7 мың шаршы метрді құрайтын көпқабатты 3 үйдің құрылысы мен 1 жалға берілетін үйді қайта жаңарту жұмыстары жалғасуда. Жеке құрылыс компаниялары бастаған тұрғын үйлердің құрылысы да қарқынды жүріп жатыр. Олар барлығы 144 пәтерлік 6 тұрғын үйді пайдалануға бермек.
Осы жылдың соңында облыс бойынша 16 көпқабатты үй халық игілігіне беріледі.
– Тұрғын үй құрылысы келесі жылы да жалғасын табады. Республикалық бюджеттен 2024 жылы 300 пәтерлік 5 тұрғын үйдің құрылысын бастау жоспарда тұр. Бұл 5 үйдің екеуі Жезқазғанда, 3-уі Сәтбаевта салынбақ. Бұдан тыс жеке компаниялардың коммерциялық негіздегі үш тұрғын үй құрылысы да қоса жүргізіледі деп күтілуде, – дейді басқарма басшысы Ж.Әлімжан.
Дәулетті өңірде сәулетті нысандар бой көтеріп жатса, қандай ғанибет! Сайып келгенде, бұл халықтың тұрмысын, әл-қуатын арттыра түседі.
Майлыбай КЕТЕ,
Ұлытау облысы