Ғылыми жаңалығын түсінде көрген
Ғалымдар түстің бірнеше түрін ажыратады. Біріншісі – физиологиялық түстер, бұл ұйықтап жатқан адамның сыртқы жағдайларымен тікелей байланысты. Мәселен, жаурау, шөлдеу, аштық сезімі түске тікелей әсер етеді. Екіншісі – күнделікті түстер, яғни күн сайын адамда не қайталанатыны туралы түс. Бұл түстің түрі әдетте есте онша анық қалмайды. Келесісі – өткен шақтан қалған естеліктер, бұрын болған оқиғаларды қайта бастан кешіретін түстер. Одан кейінгісі – адамға өмірінде туындаған мәселені шешуге мүмкіндік беретін түстер. Мұндай түстер біздің өмірімізде саналы түрде не шешетінімізді түсінуге көмектеседі. Мысалы, тарихта осындай түстер арқылы жаңалық ашқан біршама тұлға бар. Атап айтсақ, орыс химигі Д.Менделеев өзін әлемге танымал еткен кестесін, яғни химиялық элементтердің периодтық жүйесін түсінде көріп, дереу қағазға түсірген. Ал неміс химигі Ф.Кенуле бензолдың құрылымдық формуласын түсінде көрген. Жазушы Ф.Достоевскийдің «Жасөспірім» атты романының негізгі сюжеті ең алдымен түсіне кірген. Осындай тұлғалар қатарында көрнекті орыс ақын-жазушылары А.Пушкин, В.Маяковский, А.Фетте де бар. Олардың да шығармашылығында түс көру, соңынан оларды жырға қосып, поэмаға айналдыру кездеседі. Соңғысы – көпшілігіміз көретін қайталанатын түстер. Зерттеушілер егер түстер жиі қайталана беретін болса, бұл шешілмеген мәселенің көрінісі екенін айтады.
Сүзгіленген ақпарат түсімізге кіреді
Мамандар жалпы түс көрудің бес түрлі себебі барын айтады. Олар – ерекше әсер қалдырған, күндіз өңде көрген жайлардың, оқиғалардың әсерінен түс көру, күндіз істеген шаруаларға, жұмыстарға байланысты түс, ауырған себепті көрген түс, аян беру және жанның мазасыздануына байланысты түс көру. Түс көру туралы сөз қозғағанда Зигмунд Фрейдті атап өтпеуге болмайды. Әлемге әйгілі америкалық психолог 1900 жылғы «Түс жору» еңбегінде түс көрудің айқын мазмұнымен қатар тылсым астары да барын, сондықтан түс адамның бейсаналық деңгейіндегі ойларының символдық бейнесі екенін жазады. Ол өз еңбегінде түс көруді екі топқа бөледі. Біріншісі – адамның түйсігінің осы шақта немесе өткен шақта болған оқиғаларына түс арқылы шолу жасауы. Мұндай түстерді ол болашаққа қатысы жоқ деп санады. Екіншісі – болашақты түс арқылы көру немесе жорамалдау. Фрейдтің теориясы бойынша түс – адам санасында ішкі (арман-тілектер) және сыртқы (күнделікті тіршіліктегі түрлі жағдайлардың) әсерден туындайтын адам жанының реакциясы.
Сомнолог Әділ Бейсенбаевтың айтуынша, түс – адам қабылдаған ақпараттың айнасы.
– Біз күнделікті өмірде өте көп ақпарат аламыз әрі оны өңдейміз. Қарапайым, көшеде кездейсоқ көрген адамдарды да ми өзіне ақпарат ретінде есіне сақтап қалады. Біз ол адамды танымасақ та, сөйлеспесек те, миға ол да «керек». Осылайша, миллиардтаған ақпараттың барлығы мида бір-бірімен жалғасып, байланыс құрады. Осы байланыстар арқылы электр сигналдары пайда болады. Сол электр сигналдарын есте сақтау қабілеті дейміз. Адам ұйықтап, ақпаратты қабылдай алмайтын күйде болғанда ми ішкі жұмысына кіріседі. Күні бойы жиналған ақпаратты сүзгілейді. Біз ұйықтап жатқанда, ми нені сақтау керек, ал нені ұмыту қажет екенін «шешеді». Осы сәтте, яғни миымыз ақпаратты сүзгіден өткізіп жатқан кездегі сигналдардан пайда болған образдарды түс деп атаймыз, – дейді ол.
Жаман түсті жоруға бола ма?
Түс жору – халқымыздың ежелден бері жалғасып келе жатқан ерекше ғұрыптарының бірі. Халық нанымы бойынша кез келген адам түс жори алмайды. Тек түс жори алатын қабілетке ие дана адамдарға жорытқызған. Көрген түсті дабыра қылып жұртқа айтуды да құп көрмеген. «Бабалар сөзі» атты көптомдық еңбекте егер адамның көрген түсін біреу: «Мына түсті менің басыма көшір, жақсылығын маған бер» деп тілейтін болса, түстің бақыты сол кезде ана кісіге ауып кететіні айтылған. Мұны қазақ «Түсті көшіріп алу» деп атаған. Бұған қоса, «Кері жорыған түс түбіңе жетеді», «Түс – тәңірдің аяны», «Түс мәтінін білмесең жорыма, білмеген дұғаны оқыма» деген тәмсіл сөздер де қалған. Түс жоруға қатысты ең кең тараған «Түс – түлкінің боғы» деген сөз бар. Кейбір күрделі, қорқынышты түстерді беталды жори бермейді. Жаман түс көрген адамды шошытып, үмітін үздіріп алмауы үшін «Түс – түлкінің боғы» деп жаман түсті жорымай қоятыны осыдан.
Түс жоруға қатысты Абылай ханның түсін өзіңнен кейінгі ұрпағыңның ұсақталуы деп Бұқар жыраудың жоруы, қайда жерге барса да өз көрін қазғандарды көрген Қорқыттың түсі, Асан Қайғының қазақ жерін орыстың басып алу қаупіне алаңдап: «Бұл арадан көшпесең, айтқаныма түспесең, орыс алар қалаңды, шулатар қатын-балаңды, осыны көрдім түсімде!» деуі және осы секілді басқа да аңыз-әңгімелер халқымыздың түсінігінде түс жорудың маңызы бөлек екенін білдірсе керек.
Қазақта «түс садақасы», «түс құдайысы» деген ұғымдар да бар. Әсіресе, түс садақасына қатысты оқиғалар қазақ хандарының, батырларының өмірлерінде көп ұшырасқан. Мысалы, Абылай ханның өз сардарларының бірі Жәнібектің түсін оңға жорып, түс садақасын жасау арқылы жеңіске жеткені жайлы аңыз-әңгіме кімді болса да қызықтырары хақ. Бұл аңызда түс жорудың екі түрлі шарты ескерілген. Бірі – қандай түсті де жақсылыққа жору, екіншісі – келер қауіпті құдайы, садақа беру арқылы болдырмау.
Дін түсті қалай түсіндіреді?
Ислам дінінде де түс жоруға ерекше мән берілген. Мұны бізге дінтанушы Мәдина Жұмаділлаева былайша баяндап берді:
– Әнас ибн Маликтің (р.а.) айтуынша, Мұхаммед Пайғамбар (с.а.с.) түс жорушыларға мынандай кеңес берген: «Түсте көрген заттардың атауларын түстің жорылуына негіз етіп алыңыз. Олардың тұспалды мағыналарын жорамалға салыңыз. Түс алғашқы жорушыға қарай шынға айналады», – дейді ол.
Дінтанушының айтуынша, түс жоруға қатысты біршама діни еңбекте де зерделенген. Мәселен, Имам Құртуби «Дәл-Жамиу ли ахкамил-Құран» атты еңбегінде Имам Мәліктен «Кез келген адам түс жори ала ма?» деп сұрағанда, ол «Түсті жақсы жори алатын адам ғана жоруы керек. Егер түсті жақсы деп ырымдаса, жақсыға жорысын, жақсыға ырымдамаса да жақсыға жорысын яки үндемесін» деп жауап бергені жазылған. «Жаман түс болса да жақсыға жору керек пе?» деген сұраққа Имам Мәлік: «Жоқ! Түс – пайғамбарлықтың бір бөлігі, онымен ойнауға болмайды!» деп түсіндірген екен.
Ибн Сирин Мүнтәхабул-Кәлам өз еңбегінде әуелі түс жорушы түсті тыңдағанда немесе оның жаман екенін ырымдап оны жорымағанда я болмаса түсті жеткілікті түрде түсінбегенде былай деп дұға оқуы тиістігін айтады: «Жақсылығы – өзіңе, жамандығы – дұшпаныңа, жақсылығын өзің көр, жамандығынан сақтан!». Егер түстің жорамалы түс көрушіге ғана қатысты болса, осылай дұға оқиды. Ал ол түс баршаға қатысты деп есептесе, «Жақсылығы – бізге, жамандығы – дұшпандарымызға, жақсылығын біз көрейік, жамандығынан сақтанайық» деп дұға оқуы тиіс делінген.
Түйін:
Қысқасы, түс көру – біздің күнделікті өміріміздің бөлшегіне айналған тылсым құбылыс. Ал түстің сырын ашуға ұмтылатындар әлі де көп. Әр саланың зерттеушісі әртүрлі пікір айтады. Демек, адамзат болмысындағы осынау құбылыс пенденің көп құпиясының бірі болып әлі біраз уақыт сырын бүгетін шығар.
Жанель ҚҰТТЫБАЙ