Өйткені кәріз суы ағатын аумақ қоршалмаған, қауіпсіздік талаптары сақталмаған. Ал тұрғындар ағысы қатты суға ойын балалары абайсызда құлап, өлім-жітім көбейе ме деп алаңдайды.
Қайғылы оқиға кеше кешкі сағат алты шамасында болған. Ең алдымен, бес жасар ойын баласының аяқкиімі каналға түсіп кетеді. Жеткіншек соны аламын деп суға ағып кеткен. Оның денесін саяжай тұрғындары үш сағатта әрең тапқан.
Манарбек Жанұзақов баланың суға құлағанын ести сала, елді мекендегі жігіттермен іздеуге кіріскен. Ауыл азаматтары каналды бойлай бірнеше шақырым жүріп өткенімен, еш нәтиже болмаған. Ақыры құтқарушылардың көмегіне жүгіндік дейді жігіт ағасы.
«Өзіміздің ауылдың ватсапта чаты бар. Соған жанұшыра айғайлаған әйел адамның жазбасы келді. Бес жасар бала каналдағы суға ағып кетті деді. Қолымыздан келген көмекті берейік, жас сәби ғой деп каналды жағалап кеттік. Аяқ жағына дейін бардық. Ары-бері жүгіріп, ТЖ қызметін шақырып, сағат кешкі тоғыз жарымда баланың мәйітін тауып алдық», – дейді Манарбек Жанұзақов.
Ажалы судан болған бала осында тұратын туыстарына қонаққа келген. Ағысы қатты, тереңдігі екі метрге жуық канал елді мекеннің дәл іргесінде ағып жатыр. Бұл биологиялық тазалаудан өткен кәріз суы. Оқушылар осы каналдың үстіндегі шағын көпір арқылы мектепке барады.
«Ашық-шашық тұрған сасық суға ұл-қыздарымыз құлап кете ме деп, күнде жанымызды шүберекке түйіп отырамыз», – дейді тұрғындар.
«Ертең осындай болмайтынына кім кепілдік бере алады. Ешкім. Тағы біреудің баласы кетіп қалуы мүмкін. Біздің сұрайтынымыз, каналды жауып берсін. Бізге сетка емес, бетондап жауып бергені жақсы. Сетканың үстіне балалардың ойнамасына кім кепіл?», – дейді Сұлупан Төребаева.
Бұл «Іле ирригация» су шаруашылығы мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының каналы. Аталған мекеме кәріз суын егістік алқабын суаруға пайдаланады. Олардың айтуынша, каналдан кейін салынған үйлер суға тым жақын орналасқан. Соған қарамастан қауіпсіздікті күшейту жолдарын қарастырып жатырмыз дейді.
«Канал 2016 жылы салынған. Ол кезде жобада бетін жабу көзделмеген. Себебі, ол жерде ондай мекенжай болған жоқ. Кейін көбейіп кетті. Екіншіден, саяжайға жер берілгенде су қорғау талаптары сақталмаған. Біз енді жоғары жаққа ұсыныс беріп, хат жазып жатырмыз. Ол жердің бетін жабамыз ба, сетка тартамыз ба, амалын қарастырып, ұсыныс жасалды», – дейді «Іле ирригация» су шаруашылығы МКК бас инженері Ербол Нүкен.
Мемлекеттік мекеме өкілдері бәріне жерді оңды-солды сатқан адамдар кінәлі деп отыр. Себебі, баспаналар каналдан кемі 25 метр қашықта тұрғызылуы тиіс. Сондықтан саяжай жұртын сабырға шақырды. Ал әкімдіктегілер каналдан өтетін өткел салып беруден басқа қолдан келер шара жоқ екенін ашық айтты.