Қабылдау барысында «Арай» шағын ауданындағы құрылыс жұмыстарымен келіспейтін қала тұрғындарының ұжымдық өтініші қаралды. Олардың пікірінше, мектеп пен демалыс аймағын орналастыруға арналған тізімнен Пушкин – Амангелді – Набережная көшесінен төменгі аумақтың шекарасын алып тастау керек. Қостанайдың жеке коттедждер орналасқан орталық көшелеріндегі жер телімдерін мемлекет меншігіне мәжбүрлі түрде тартып алу жұмыстары жүргізілуде. Осы ретте олар Қостанай қаласының орталығындағы Тәуелсіздік көшесінің бойындағы жер телімдерін жоспарлау құжатынан алып тастауды талап етіп отыр.
Жиналғандардың жанайқайын естіген Сайлаубек Ещанов ешкімнің үйін ешкім күштеп тартып алмайтынын атап өтті. Оның үстіне, тұрғындардың көпшілігі жаңа шағын ауданның құрылысына шынайы қызығушылық танытып отырғанын айтты. Қабылдау қорытындысы бойынша Қостанай облысы әкімдігінің Құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасына Тәуелсіздік көшесінің бойындағы аумақтарды мемлекет мұқ-
тажы үшін мәжбүрлеп алып қоюға жататын жер учаскелері тізімінен алып тастау туралы өзгертулер енгізу ұсынылды. Партияның облыстық филиалы бұл бағыттағы жұмысты бақылауда ұстайтын болады.