Радиациялық қауіп төндірмейтін жерді шектеусіз пайдалануға болады – Еділ Жаңбыршин

Радиациялық қауіпсіз аймақ қандай? Ол жерлерді пайдалануға бола ма? Оның залалсыз екеніне зерттеу жүргізілді ме? Бұған қазақ ғалымдары қандай болжам жасады?

Біз осы орайда көкейіміздегі көп сауалды ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Еділ Жаңбыршинге қой­ған едік.

– «Семей ядролық қауіпсіздік ай­ма­ғы туралы» Заң қабылданды. Заңның қан­дай ерекшеліктері бар?

– Заңның негізгі мақсаты – бұрын­ғы Семей ядролық сынақ алаңында (СЯА) және оған іргелес жатқан жер­лер­де радиациялық және экологиялық қауіпсіздіктің тиісті деңгейін қамта­ма­сыз ету. Сонымен қатар Семей ядролық алаңы жерлерінің пайдаланылуына мем­лекеттік бақылауды күшейту, ра­диа­циямен зиянданған аумақты реа­би­литациялау, Қазақстан Республика­сы­ның ғылыми әлеуетін дамыту, атом энер­гиясын бейбіт мақсатта пайдалану мә­селелерінде Қазақстан Респуб­ли­ка­сы­ның ұстанымын нығайту. 

– Оның залалсыз екенін кім зерт­тей­ді? Өзіміздің отандық институттар мен ға­лымдар ма? Шетелдік ғалымдар да қа­тыса ма?

– Зерттеулерді отандық ғылыми ор­­­талық жүргізген. Нақтылап айтсақ, 2008-2021 жылдар аралығында «Яд­ро­лық-энергетикалық жобаларды да­мы­ту» республикалық бюджет бағ­дар­ла­масы­ның «Қазақстан Республикасы­ның аумағында радиациялық қауіп­сіз­дікті қамтамасыз ету» кіші бағдарла­ма­сының шеңберінде «Ұлттық ядролық ор­талық» РМК-ны СЯА-да кешенді эко­логиялық зерттеулер жүргізді және олар келесі бағыттарды қамтыды:

- топырақ жамылғысындағы техно­ген­ді радионуклидтердің құрамын анық­тау;

- жерүсті және жерасты суларының радиациялық жағдайын бағалау;

- атмосфералық ауаның радиация­лық күйін бағалау;

- флора мен фаунаның радиациялық жағдайын бағалау;

- егер сынақ аймағында тұрғындар қо­ныстанған жағдайда, онда тұратын жә­не қызмет атқаратын адамдардың қа­былдауы мүмкін сәулелену дозала­рын есептеу. 

Кешенді зерттеу барысында жалпы 30 мыңнан астам қоршаған орта объек­ті­лерінің, оның ішінде топырақтың, су­дың, ауаның, өсімдіктер мен жануар­лар­дың сынамалары алынды. Олардағы жасанды радионуклидтердің құрамын анықтау үшін таңдалған үлгілерге 100 мыңнан астам зертханалық талдаулар жа­салды. Жер бедерінде 200 мыңға жуық радиометриялық өлшеулер жүр­гізілді. 5000-нан астам техногендік объек­тілер дешифрландырылып және олар­ға радиациялық зерттеулер жүргі­зілді, радиациялық жағдайдың 1000-нан астам картасы жасалды. СЯА үшін ГИС-жобасы құрылды, онда қазіргі уа­қытта бар барлық сауалнама нәти­желері жинақталған.

Осы жұмыстардың нәтижелері бойын­ша СЯА кешенді экологиялық зерттеулердің материалдары дайындал­ды және олар мемлекеттік экологиялық сараптамаға жіберіледі. СЯА зерт­теу­лердің басты нәтижесі ядролық сынақ­тар­дың салдарынан пайда болған ра­диоак­тивті ластанған учаскелердің ше­карасын анықтау.

Ұлттық ядролық орталықтың сы­нақ аумағын зерттеу үшін қолданған тә­сілі оң қорытындылар түрінде көрі­ніс табу арқылы МАГАТЭ сарапшылары тарапынан оң бағаланды.

– Семей сынақ алаңындағы қауіпсіз­дік аймақ деп отырғанымыз қандай ай­мақ? 

– Семей ядролық қауіпсіздік ай­ма­ғы­на (СЯҚА) тұрғындарға ядролық жә­не радиациялық қауіп төндіретін яд­ролық қаруды сынау нәтижесінде пай­да болған радиоактивті ластанудың бар­лық учаскелері мен объектілері кіре­тін болады.

Ядролық қауіпсіздік аймағы толы­ғы­мен дерлік СЯА шегінде орналаса­тын болады, бірақ сонымен бірге бір­қа­тар жағдайларда СЯА іргелес кейбір аумақтардың ядролық сынақтардың радиоактивті ластануына ұшырағанын ескеру қажет.

Ол үшін 2023–2024 ж.ж. бұл аумақ­тар­ға кешенді экологиялық зерттеу жүр­гізілетін болады.

СЯҚА аумағында тұрақты негізде ке­лесі іс-шаралар жүзеге асырылатын бо­лады:

– инфрақұрылым объектілерін тиім­ді басқаруды және дұрыс ұстауды, жөн­деуді, реконструкциялауды және жаң­ғыртуды ұйымдастыру;

– радиоактивті ластанудың та­ралуын шектеу бойынша жұмыстарды жүргізу;

– шектен тыс радиоактивті лас­тану­ға ұшыраған жерлерді қалпына кел­тіру;

– Семей ядролық қауіпсіздік ай­мағының қауіпсіздігін күшейту; 

– атмосфералық ауаның, жерасты жә­не жерүсті суларының, топырақ пен өсім­діктердің радиоактивті ластану дең­­­гейін тұрақты бақылауды қам­та­масыз ету, сондай-ақ Семей ядролық қауіпсіздік аймағындағы радионук­лид­тердің миграциясының параметрлерін анықтау.

Кешенді экологиялық зерттеулер нә­тижесінде қоршаған ортаның негізгі ком­поненттерінің радиациялық жай-күйі туралы алынған мәліметтер, СЯА әкім­шілік шекарасын оның радио-э­кологиялық жағдайына сәйкес қайта қарауға мүмкіндік береді. 

СЯА аумағы екі құрамдас бөлікке бө­лінеді:

1) тұрғындарға радиациялық қауiп төн­дiруi мүмкiн емес және босалқы жерлер санатынан шығарылуы және шаруашылық айналымға берiлуi мүм­кiн жерлер;

2) тұрғындарға радиациялық қауiп төн­дiретiн және онда болуы ерекше тәр­тiппен реттелетін СЯҚА құруға ұсы­­­нылатын жерлер. 

– Сынақ алаңы ядролық қауіпсіздік ай­мақ деп танылу үшін қандай крите­рий­лер қойылады? 

– СЯА радиоактивті ластануға ұшы­раған және ядролық қару сы­нақ­тары жүргізілген жерлері, кешенді эко­логиялық зерттеулер мен мем­ле­кет­тік экологиялық сараптаманың қ­о­­­рытындысы негізінде Семей ядро­лық қауіпсіздік аймағының жерлері деп ауыстырылады және танылады.

– Заң қауіпсіз аймақ деп белгілеп отыр­­­ған жерлерді пайдаланған және одан алынатын өнімдердің адамдардың ден­саулығына қауіп келмейтіндігіне ке­пілдік бере ала ма? 

– «Семей ядролық қауіпсіздік ай­ма­ғы туралы» Заң Семей ядролық қауіп­сіздік аймағын құру және пайда­лану кезінде туындайтын қоғамдық қатынастарды реттейді.

Тұрғындарға әлеуетті радиациялық қауіп төндірмейтін жерлерді босалқы жер­лер санатынан шығаруға және шек­теусіз шаруашылық айналымға беру­ге болады. Босалқы жерлерді басқа са­наттарға ауыстыру туралы шешім ке­шенді экологиялық зерттеу және мем­лекеттік экологиялық сараптама материалдары негізінде қабылданады. Бұл ретте кешенді экологиялық зерттеу ма­­териалдарында ұсынылатын қыз­мет­тің сипаты ескерілуі тиіс.

– Қауіпсіз деп танылған жерлерді қан­дай мақсатқа қолдану көзделеді?

– Семей ядролық қауіпсіздік айма­ғы­на кірмейтін бұрынғы Семей поли­го­­нының шартты түрде таза жерлерін (шамамен 8900 км2) шаруашылық қыз­метке одан әрі беру мүмкіндігі пай­да болады.

Тұрғындарға радиациялық қауіп төн­дірмейтін жерлерді Қазақстан Рес­пуб­ликасының нормативтік-құқықтық ак­тілер талаптарын сақтай отырып, шек­теусіз пайдалануға болады.

Сұхбаттасқан 

Жадыра МҮСІЛІМ