Аудан орталығындағы жекеменшікке кетіп, ғимараты мен ақ халатты дәрігерлерінің жалақысы жыр болған «Авиценна–Бурабай» ЖШС-гі түйінді мәселе күні бүгінге дейін шешімін таппаған. Мұнымен қоса, «Бурабай Жылу» коммуналдық кәсіпорнының жүзден астам жұмысшысы жалақыларын даулап жүргеніне екінші жылға кеткен...
Жүзден астам жұмысшы алғашында еңбек шартымен «Термо-Транзит» коммуналдық кәсіпорнына қабылданған. Кейін ұйымның атауы өзгертіліп «Бурабай Жылу» коммуналдық кәсіпорнына ауыстырылған. Осыдан үш жылдай бұрын ғана жұмысын бастаған «Бурабай жылу» коммуналдық кәсіпорны 5 мыңға жуық аудан орталығындағы абонентті жылумен қамтиды. Бірақ осы үш жылдың ішінде ғана коммуналдық кәсіпорынның жағдайы шатқаяқтап жұмысшылары алдында да, мемлекет алдында да қарызға белшесінен батқан. Кәсіпорын салық үшін 400 миллион қарыз болса, жұмысшыларына 68 миллион теңгеден астам жалақысын тауып бере алмаған. Жалақыны төлейтін еш мүмкіндік те жоқ. Өйткені қарызға батқандықтан кәсіпорынның барлық есепшоттары толықтай бұғатталған.
Компаниядағы жағдайды түзетуге мәжбүр болған аудан әкімдігі қаланы жылумен қамтуды «Жаңа тұрмыс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне тапсырыпты. Бірақ бір қызығы «Бурабай Жылуды» қарызға батырып, қу тақырға отырғызған басшысы Зейнұр Әлібеков енді су жаңа жылу кәсіпорнының су жаңа басшысы болып қайта тағайындалып шыға келген.
Жалақылары мен зейнетақыларын жылдан астам уақыттан бері ала алмаған жұмысшылар жергілікті биліктен бастап, Бас Прокуратура, Мемлекет басшысына дейін хат жазса да, түйіні тарқатылмаған. Облыстық еңбек инспекциясына арыз-шағымын жеткізіп, тексеріс жүргізілуін сұраған. Алайда қарапайым жұмысшыларға бұдан еш пайда болмапты. Осы жылдың көктемінде тексеріс жүргізген инспекция онсыз да қарызға батқан кәсіпорынға 5 миллион теңгеге жуық айыппұл салып кеткен.
Жалақыларын ала алмай зар илеп жүрген жұмысшылардың бәрі дәнекерлеуші, слесарь, от жағушы сияқты қарапайым еңбек адамдары. Коммуналдық кәсіпорын жұмысшылары жергілікті биліктен берген уәдесіне әбден тойып болғандарын ашына жеткізді. Маңдай терімен ауыр еңбек етсе де, жалақысы төленбеген жұмысшылардың біразы кетіп қалған. Бірақ екінші жылға кеткен жергілікті билік пен коммуналдық кәсіпорынның «әләулайымы» енді «хәлаулайымға» ұласыпты.
– Жүзден астам адам жалақыларымызды ала ала алмай бармаған жер, баспаған тауымыз қалмады. Жүзден астам жұмысшының әрқайсысына 400 мың теңгеден 6 миллион теңгеге дейін алашақ қарызы бар. «Жаңа тұрмыс» «Бурабай жылудан» қалған дебиторлық қарыздың бәрін өзіне алғанымен жұмысшылардың жалақысын алмапты. Мен осы коммуналдық кәсіпорында табан аудармай, 27 жыл қызмет еткен адаммын. Соңғы жылдары кәсіподақ ұйымының төрағасы болып еңбек еттім. Бастыққа халықтың жалақысын беру керек деп бірнеше мәрте дауласып қалдым. Соның кесірінен мені жұмыстан шығарып жіберді. Қазір Бурабай кентінде дәл осындай жылу беретін коммуналдық кәсіпорында қызмет етемін. Бірақ онда жалақысы мен зейнетақысы, медициналық сақтандырулары бәрі уақытында төленеді. Осы уақыттан бері аудан және облыс әкімдіктеріне, прокуратураға, тіпті Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа да хат жаздым. Бірақ құрғақ уәдені беріп келе жатқандарына екінші жылға кетті. Халық қашанғы шыдайды? Біз кімге керекпіз? Кәсіпорынның құрылтайшылары Бурабай ауданы әкімдігі мен аудандық тұрғын үй-коммуналдық кәсіпорнын сотқа бердім. Басқа амалым да қалмады, – дейді қарызға батқан кәсіпорынның бұрынғы жұмысшысы Сергей Аксененков.
Кәсіпорын жалақымен қатар зейнетақы, медициналық және әлеуметтік аударымдардың ешқайсысын төлемей келген болып шықты. Жұмысшылардың зейнетақы, әлеуметтік және медициналық сақтандырулары өндіріліп алынғанымен ол есепшоттарға аударылмаған. Өткен жылдан бері «Жаңа тұрмыс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне ауысқан жұмысшылар өткен жылдар жалақысын ала алмаса да басқа барар жері болмаған соң жұмыстарын жалғастыруға мәжбүр болған.
– Менің жеке басыма ғана 118 мың теңге қарыз. Зейнетақы қорыма қомақты қаржы аударылмаған. Жаңадан ашылған «Жаңа тұрмыс» компаниясы бұрынғы «Бурабай Жылуға» төленбеген тұрғындардың қарызын жинап алған. Ал еңбекақымыз сол күйі қала берді. «Бурабай жылуды» сотқа бергенмен де ештеңе ала алмаймыз. Өйткені қазір шоттары бұғаттаулы, иелігінде де ештеңе жоқ. Мен денсаулығым сыр беріп ауырған соң медициналық сақтандыруға бір жылға толықтай өзім төлеуге мәжбүр болдым. Өкпемде дақтар пайда болған екен. Қазір жұмыстан кетіп басқа жұмысқа ауыстым, – дейді коммуналдық кәсіпорын жұмысшысы Леонтий Тыщенко.
Зейнетақысы мен медициналық сақтандыруы мүлде аударылмағандықтан жұмысшылар өз қалтасынан медициналық аударымдарды жасауға мәжбүр болған. Өйткені онсыз аурухана да қабылдамайтын болған. Бұрынғы «Бурабай жылу» қазіргі «Жаңа тұрмыс» коммуналдық кәсіпорын басшысы Зейнұр Әлібеков пікір білдіруден үзілді-кесілді бас тартты. Ал аудан әкімдігіне қарасты тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы бір кәсіпорынды банкротқа ұшыратып, жұмысшыларын жылдар бойы жалақысыз қалдырған басшыдан артық жұмысын жақсы білетін басшы маман таппағанын айтып ақталмақ болды.
Өткен жылы жылу маусымы келіп қалғанда бұрынғы «Бурабай жылудың» есепшоттары бұғатталып, жағдайы аса өткір болды. Осы кезде қаланы жылумен қамтамасыз ету «Жаң тұрмыс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне тапсырылды. Зейнұр Әлібеков – өндіріс үшін таптырмайтын маман. Оған тең келетін альтертанива болмады. Сондықтан әкім Зейнұр Әлібековты кәсіпорын директорлығына тағайындады, – дейді Бурабай аудандық ТҮКШ бөлімінің басшысы Арман Әбдірахманов.
Аудан әкімінің тұрғын үй және коммуналдық мәселелер жөніндегі орынбасары Ерлан Биданов та бөлім басшысының жауабын қайталады.
– Жұмысшылардың жалақысы жөнінде бөлім басшысы толық жауабын берді ғой. «Жаңа тұрмыс» ЖШС мамыр айынан бері жалақыларын ала алмай отырғаны жалған. Шілде айындағы жұмысшылары алдындағы жалақысы толықтай берілген. Басқа айтатын ештеңе жоқ, – деді Ерлан Еркебайұлы.
Сонымен қарызға батқан «Бурабай жылудың» жұмысшылар алдындағы жалақысы қашан әрі қалай төленетіні беймәлім болып тұр. Биліктің барлық сатысына шағымданған жұмысшылардың басым бөлігінің жалақы алудан үміттері де үзілген. Жүздеген отбасының асыраушы адамның маңдай тері еңбекақысының осылай шырғалаңмен екі жылға жуық уақыт берілмеуі Бас Прокуратура, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі сияқты басқа да қадағалау органдарының шұғыл назарына алынуы тиіс деген ойдамыз.
Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ,
Ақмола облысы