Маусым айымен салыстырғанда бос орындар саны 8,1 мыңға немесе 9%-ға артты. Жасыратыны жоқ, бүгінде елде білікті маман табу мұңға айналды. HR мамандары оларды тауып, тартудың бір құпиясымен бөлісті. Егер вакансия туралы хабарландыруда «Еңбекке жарамсыздық парағы төленеді» деп жазса, ол өз қадірін білетін майталман мамандарды қызықтырады екен.
Себебі бұл – компанияның әрбір команда мүшесін бағалайтынын білдіреді. Әйтпесе, қазіргі заманда еңбекақы төлеу қорының жүктемесі өсіп бара жатқандықтан, компаниялар өз персоналының үлкен бөлігін аустаффингке шығаруға немесе олармен азаматтық-құқықтық сипаттағы (АҚС) шарт бекітуге, болмаса жұмыстары мен қызметтерін, өндірісін аутсорсингке тапсыруға үйір болып барады.
Үкімет 35 АЕК-ті неге көпсінді?
Осы орайда салада бір жаңалық бар: 2023 жылғы шілдеден бастап халық арасында «больничный» аталатын, уақытша еңбекке жарамсыздығы бойынша төленетін жәрдемақы көлемі айтарлықтай артып отыр.
Жаңа норма биыл қабылданған «Кейбір заңнамалық актілерге әлеуметтік қамсыздандыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңында қарастырылған. Осы заң арқылы қолданыстағы Еңбек кодексіне тиісті түзетулер енгізілді.
Бұған дейін ел Үкіметінің 2015 жылғы 28 желтоқсандағы №1103 Қаулысымен бекітілген дәл осы жәрдемақының мөлшері небәрі 15 айлық есептік көрсеткіш болатын. Бұл биыл 51 750 теңгеге тең еді. Енді оның көлемі 25 АЕК-ке немесе 86 250 теңгеге дейін шамалы өсірілді.
HR-менеджер Айдар Қасенов мұны да аз санайды.
«2023 жылғы 1 шілдеден бастап күшіне енген жаңа заң жобасында «еңбекке уақытша қабілетсіздігі бойынша 1 айға төленетін әлеуметтік жәрдемақының мөлшері тиісті жыл үшін айлық есептік көрсеткіштің 25 еселенген мөлшерінен аспауы тиіс» деп қадап айтылған. Бұл елдегі ең төменгі жалақыдан, яғни 70 мың теңгеден сәл ғана көп. Сонымен бірге осы азғантай сомадан барлық салық пен жарна – зейнетақы жарнасы, жеке табыс салығы, әлеуметтік салық, медсақтандыру жарнасы ұсталады. Яғни, ресми жалақысы 150 мыңнан көп адамдарға жұмысқа уақытша жарамсыздық парағын рәсімдеу тиімсіз болып шығады. Салдарынан еңбеккерлер едәуір табысын жоғалтпас үшін ауырып жүріп, жұмыс істеуін жалғастырады. Бұл әрине, жұмыс сапасына кері әсер етеді», – деді Айдар Қасенов.
Оның айтуынша, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Шәпкенов болып тұрған тұста, ол еңбеккерлердің қамын ойлап, 2021 жылы еңбекке уақытша жарамсыздығы үшін жәрдемақыны 15 АЕК-тен бірден 35 АЕК-ке дейін, яғни екі еседен көпке көтеруді ұсынды.
Оның командасы тиісті заң жобасын да әзірлепті. Алайда мақсатына жете алмай кетті. Бұл ведомствоны бір жылдай ғана басқарған оны 2022 жылдың көктемінде Еңбекминіне қайтадан оралған Тамара Дүйсенова ауыстырды. Салдарынан жәрдемақы көлемі 25 АЕК-пен шектелді.
Еңбек заңнамасына сәйкес, еңбекке уақытша қабілетсіз болып қалған жұмыскерлерге жұмыс берушілері өз есебінен төлейтін әлеуметтік жәрдемақының көлемін мемлекет шектейді. Әлгінде айтылғандай, жұмыс беруші 25 АЕК-тен аспайтын мөлшерде ғана төлейді.
Осылай шектеу арқылы Еңбекмині Қазақстанның өз мойнына алған халықаралық міндеттемелерін бұзып отыр. Өйткені Халықаралық еңбек ұйымының конвенциясында белгіленген деңгейге сәйкес еңбекке уақытша жарамсыздық төлемақысы еңбеккерлердің табысының 45%-ын құрауы шарт.
Ұлттық статистика бюросының дерегінше, 2023 жылғы екінші тоқсанда республикадағы орташа жалақы 365 502 теңгені құрады. Бұл соманың 45 пайызы 164 475 теңгені құрайды. Демек, «больничный» мөлшері де осыншаны құрауы қажет еді.
Ал елімізде уақытша еңбекке жарамсыздығы бойынша жәрдемақының табысты алмастыру көрсеткіші небәрі 23,6%-ды құрайды (86 250 теңге). Бұған дейін 19,8% болатын. Яғни, ХЕҰ белгілеген межеден – 45 пайыздан екі еседей кем.
Жоғары жалақы – тек жаны сірілерге...
Сөз болып отырған заңнамалық норма қабылданғанға дейін оны қоғамдық талқылауда қорғаған Еңбек министрлігінің мамандары осы жәрдемақыны 35 АЕК-ке көтерсе де аз болатынын білдірген еді. Жұмыскердің жалақысы 90 мың теңгені құраса, онда 3 күн ауырған жағдайда жәрдемақы көлемі 12 мың теңгені, 10 күн үшін –42 мың теңгені және 15 күн үшін 64 мың теңгені құрайды.
«Жалақысы 250 мың теңге болса, 3 күн үшін жәрдемақы көлемі небәрі 35 мың теңгеге, 1 ай үшін 102 мың теңгеге (35 АЕК) теңеледі. Яғни, бір ай науқастанған еңбеккер жалақысының жартысынан көбін жоғалтады. Жәрдемақы оны өтемейді. Соның кесірінен жалақысы 150 мың теңгеден асатын барлық жұмыскерге еңбекке уақытша қабілетсіздігіне байланысты 5-6 күннен асатын мерзімге жұмыста болмау тиімсіз. Сөйтіп, толық емделмей жұмысқа ерте шығады. Бұл дерттің қайта меңдеуіне, созылмалы ауруларға немесе мүгедектікке соқтыруы ықтимал. Жұмыскерлердің лайықты әлеуметтік қорғауды алу құқықтарына қысым жасалады», – делінді министрліктің 2021 жылғы реттеушілік әсерді талдауында.
Алайда Үкімет осыған құлақ асып, уақытша еңбекке жарамсыздық жәрдемақысын 35 АЕК-тен жоғары ету орнына, оны ақырында 25 АЕК-ке дейін түсіріп тастады.
Сарапшылардың пікірінше, осының кесірінен шенеуніктер ұлт саулығына соққы беріп отыр деуге болады. Өйткені аталған жәрдемақының мемлекет кепілдендірген мөлшері әлдебір дертке шалдығып немесе жарақат алып, еңбекке жарамай қалған жұмыскерлердің емделумен, операциялармен, медициналық рәсімдермен және манипуляциялармен, дәрі-дәрмектер алуымен, кейінгі қалпына келумен, соның ішінде оңалту іс-шараларымен, дәрі-дәрмектермен, көлік шығыстарымен және басқасымен байланысты толып жатқан қосымша шығыстарын мүлдем өтемейді.
Озық елдер озып барады
Мемлекеттің шектеп отырған жәрдемақысы науқастанған жанның ас-ауқатынан да аспауы мүмкін. Мұның сыртында билік органдары «Тарифті инвестицияға айырбастау» бағдарламасын енгізіп, жылу, жарық, су және басқа да монополистердің коммуналдық ақыны күрт арттыруына жол берді. Содан бұқараға тонаушы сыйақылар сұрайтын банктерден немесе микроқаржы ұйымдарынан кредит алып, борыш батпағына бата беру ғана қалады.
Салдарынан сырқаттана жүріп, жұмысын жалғастыратындықтан қазақстандықтар шетінен аурушаң.
Ұлттық статистика бюросының дерегінше, Қазақстанда еңбекке жарамды жастағы тұрғындардың саны азайып барады. Әрбір 1 мың жұмыс істейтін азаматқа 740 қария немесе баладан келеді (5 жыл бұрын 496 қарт не баладан келетін). Осыдан елдегі жұмыс қолына түсетін демографиялық жүктемені аңғаруға болады. Мамандардың айтуынша, дұрысы, 1 қария не балаға 1,5, не 2 жұмыс істейтін адамнан келгені абзал.
Сарапшылар адамзатқа соққы болған пандемиядан кейін аурушаң адамдар қатары көбейгеніне назар аудартады.
The Times басылымының жазуынша, осыған орай таяуда Ұлыбританияда реформа басталды. Оның аясында сырқаттанып, жарамсыздық парағын рәсімдеген жұмыскерлерге салықтық жеңілдіктер енгізілетін болады. Билік осы арқылы халықтың ауру-сырқауының жоғары деңгейін төмендетіп, экономикалық өсімді ынталандыруға ниетті. Себебі Бюджеттік жауапкершілік басқармасының (OBR) мәліметінше, ұзаққа созылған дерті салдарынан жұмыскерлердің уақытша еңбекке жарамай қалуы бір жылда мемлекетке 16 миллиард фунт шығын келтірген.
Дамыған елдердегідей жарылқап тастамағанымен, ел Үкіметі ең құрыса, жұмыс берушілер төлейтін уақытша жарамсыздық жәрдемақысының шегін батыл көтерсе жөн.
Айхан ШӘРІП