Бірақ биылғы жағдай былтырғымен салыстырғанда біршама тәуірлеу. Өйткені жаңа оқу жылы қарсаңында өткен жылғы кадр тапшылығы бірден 20 бірлікке азайған. Облыста педагогтер жетіспеушілігін бірінші кезекте жергілікті бюджет есебінен жас кадрлар дайындау арқылы реттеуге баса мән беріліп отыр.
Облыстық Білім басқармасының мәліметі бойынша, аудандар арасында кадр тапшылығы Панфилов ауданында тым өзекті. Шекаралық аймақтағы мектептерде 41 маман жетіспейді. Сондай-ақ Ескелді және Ақсу аудандарындағы білім ошақтарында 25 орыннан бос тұр екен. Пәндер бойынша салыстырар болсақ, математика мұғалімдеріне сұраныс тым жоғары. Мұндағы қажеттілік 40 адамнан асады. Сонымен бірге орыс және ағылшын тілдерін оқытатын, химия мен физикадан дәріс беретін мамандарға сұраныс басқа пәндерге қарағанда көбірек.
Білім басқармасындағылардың айтуынша, педагогтер жетіспеушілігі тек біздің облыста емес, бүкіл елімізде өзекті. Соған сай қазір республикалық және облыстық деңгейде бірқатар кешенді шара қолданылуда. Мәселен, кейінгі төрт жылда мұғалімдердің жалақысы жыл сайын тұрақты түрде 25 пайызға артып келеді. Мықты мамандарға тағы да басқа ынталандыру шаралары қарастырылған. Соның ішінде қоғамдағы педагогтер мәртебесін заң тұрғысында бекіту, қаржылық жағынан қолдау, мұғалімдердің қызметтік мансабының өсуіне және біліктіліктерін арттыруына ерекше мүмкіндіктер қарастыруға баса назар аударылуда.
Сөз басында айтып өткеніміздей, облыстағы педагог кадрлар қажеттілігін қамтамасыз етудегі ең басты тиімді шаралардың бірі – жас мамандар дайындау. 2017 жылдан бастап өңірде жергілікті бюджет қаржысы есебінен тапшы мамандықтарға жастарды оқытуға 552 грант беріліпті. 2021-2022 жылдары еліміздегі жоғары оқу орындары біздің облыс үшін 158 жас мұғалімді оқытып берген. Қазір олардың басым бөлігі өңіріміздегі білім беру мекемелерінде табысты еңбек етуде. Былтырғы оқу жылында білім ұйымдарына колледждер мен жоғары оқу орындарын бітіргендер қатарынан 308 жас маман жұмысқа орналастырылған. Биылғы жаңа оқу жылында жергілікті бюджет есебінен педагогикалық бағытта оқып шыққан тағы 200-ге жуық жас маман облыс мектептеріне қабылданбақ. Олардың арасында 35 шет тілі мұғалмі, 18 математика мұғалімі, бастауыш сыныптардың 14 және химиядан білім беретін 5, физикадан дәріс беретін 2 мұғалім бар.
Білім саласындағылар жыл сайын жоғары сұранысқа ие педагог мамандықтарға талдау жүргізеді және соның қорытындысына сай жергілікті бюджеттен кадрлар дайындауға білім гранттары бөлінеді. Осындай талдау арқасында кейінгі жылдары барлық білім беру мекемесін қазақ тілі және дене тәрбиесі мұғалімдерімен толық қамтамасыз етуге қол жеткізіліпті. Мектептердегі педагог-психологтердің, информатика, музыка, биология және бастауыш сыныптар мұғалімдерінің жетіпеушілігі де айтарлықтай азайған. Жаңа оқу жылында берілетін гранттар тізімі дәл қазір анықталған кадрлық тапшылықтың өзектілігіне және талапкерлердің қалаған мамандықтарына түсуге берген өтініштеріне байланысты қалыптастырылмақ.
Саладағы мәселелердің өзектілерінің бірі – жоғарыда айтылған қолдау шаралары арқылы қажетті мамандық алып шыққан жастардың ауылдық мектептерде тұрақтап қалуына қол жеткізу. Жасырары жоқ, білім алу кезінде қала көрген жастардың дені ауылға қайта оралуды қаламайды. Ал зордың күшімен келгендер ұзақ тұрақтамайды. Жас педагогтерді ауылдық жерлерде тұрақтандыру үшін қолданылып келе жатқан «Дипломмен – ауылға!» жобасы аясында Жетісу облысы бойынша 2009-2022 жылдары білім саласында 2 772 маманға көтерме жәрдемақы беріліпті. Сонымен бірге 1 127 адам тұрғын үй салу немесе сатып алу үшін 1 500 АЕК мөлшеріндегі қолжетімді несиеге ие болған. Тағы басқа да түрлі қолдау шарасы жүзеге асырылған. Сондықтан алдағы кезде де «Дипломмен – ауылға!» сынды жобаларды жалғастырған дұрыс.
Облыстағы 340 жалпы білім беретін мектепте 15 700 мұғалім еңбек етеді. Олардың тең жартысы – жоғары, бірінші, сарапшы, зерттеуші және шебер санатындағы ұстаздар. Саладағы қызметкерлердің жалпы санының 90 пайызға жуығы жаңа форматтағы аттестациялаудан өткен. Педагогтердің біліктілігін арттыру да басты назарда. Мұнда бірінші кезекте Жетісу облысы тұрғындарының 80 пайызы тұратын жергілікті жерлердегі білім мекемелеріндегі кадрлардың біліктілігіне көңіл бөлінеді. «Білім беру сапасын арттыру және тиімді жұмыс істеудің режимі» арнайы жобасы жүзеге асырылуда. Мұндағы басты мақсат – ауылдық мектептердің проблемаларын шешу, ауылда еңбек ететін мұғалімдердің кәсіби құзыреттілігін арттыру, талантты балаларға арналған білім ұйымдарының тәжірибесін кеңінен тарату. Осыған байланысты Талдықорғандағы М.Арын атындағы №24 мамандандырылған лицей, №20 лицей және Білім-инновация лицейі сияқты жетекші оқу орындары шалғайдағы 24 ауылдық білім мекемесі үшін магнит-мектеп ретінде бекітіліпті.
Болат АБАҒАН,
Жетісу облысы