Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы Юрий Мельниченко грек-рим күресінен ұлттық құраманың бас жаттықтырушысы болып тағайындалды. Бұл туралы Қазақстан күрес федерациясының баспасөз қызметі хабарлады.
«Юрий Мельниченко ұлттық құраманың бас бапкері болып екінші рет тағайындалып отыр. Сидней Олимпиадасынан кейін Дене шынықтыру және спорт істері агенттігінің бұйрығымен ол ұлттық құраманың бас бапкері болып тағайындалған. Екі жылдан соң оның басшылығымен Пусан қаласында XIV жазғы Азия ойындарында ел құрамасы екі алтын медаль жеңіп алды. Афиныдағы Олимпиада ойындарында грек-рим балуандары екі медаль жеңіп алып, жалпы командалық есепте үшінші орынға ие болған», - деді Аспандияр Есенжолов.
Юрий Мельниченконың ұлттық құраманың бас бапкер ретіндегі алғашқы турнирі Дортмунд қаласында өтетін Grand Prix Germany халықаралық турнирі болмақ.
Юрий Мельниченко 1997 жылы халықаралық күрес федерациясының шешімімен «Грек-рим күресінен планетаның ең үздік балуаны» атанған болатын.