Бюджет қаражатын депозитте сақтаған «Аграрлық несие корпорациясының» экс-басшысы қамалды
Бюджет қаражатын депозитте сақтаған «Аграрлық несие корпорациясының» экс-басшысы қамалды
Фото: Интернеттен алынды
224
оқылды
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет квазимемлекеттік компаниялардың банк депозиттеріне миллиардтаған бюджет қаражатын негізсіз орналастыру фактісін тексеріп жатыр, ­– деп хабарлайды «ҚазАқпарат». Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі серіктестік департаментінің бас сарапшысы Сымбат Исрапулова: «Көрсетілген қаражаттар нақты мемлекеттік бағдарламаларды іске асыру үшін бөлінген. Алайда квазимемлекеттік сектор оларды мақсаты бойынша қолданудың орнына депозиттік шоттарға орналастыру арқылы минималды пассивтік кіріс алып отырған», ­– деді. Бұл жағдай мемлекеттік бағдарламалардың уақтылы және сапалы іске асырылуына теріс әсер еткен. «Квазимемлекеттік сектордың жекелеген лауазымды тұлғалары осы жағдайды жеке пайда табу үшін заңсыз пайдаланып отырғаны тергеуде анықталды. Яғни 2017-2018 жылдары Ауыл шаруашылығы министрлігі «Аграрлық несие корпорация» АҚ Басқарма төрағасы Нармұхан Сарыбаевтың басшылығымен банктің депозиттік салымына 5,3 млрд теңге сомасында ақшалай қаражат орналастырылған. Сарыбаев жүйелі түрде және бірнеше траншпен келісім агенті ретінде шығып, депозитті тартқаны үшін 53,5 млн теңге мөлшерінде банк сыйақысын алған жеке тұлғадан 11 млн теңге көлемінде пара алған», – деді ол. Агенттік өкілінің айтуынша, 2019 жылы Н. Сарыбаев «Оңтүстік аймақтық инвестициялық орталығы» ЖШС Басқарма төрағасы болып сайланғаннан кейін (құрылтайшысы Түркістан облысының әкімдігі) осыған ұқсас сызбамен екінші деңгейлі банктің депозиттік шотына 1 млрд теңге орналастырған. Ол үшін жүйелі түрде 1,5 млн теңге көлемінде пара алған. «Қазіргі уақытта Сарыбаев Нұр-Сұлтан қаласының тергеу изоляторына қамауға алынды. Сот оған қатысты 2 ай мерзімге күзетпен ұстау түрінде бұлтартпау шарасын санкциялады. Агроөнеркәсіп кешенінің субъектілерін субсидиялағаны үшін пара алу деректері, сонымен қатар басқа да адамдардың қатыстылығы тексерілуде», ­– деді ол.