Алматыдан Ахмет Байтұрсынұлы музей-үйінің директоры Райхан Сақыбекқызы хабарласып, Астанада Ахаңның жиеншары тұратынын айтып, «сол кісімен жолығып, сұхбаттассаң қайтеді» деді. Ахаңның жиеншары дегенге біз де елең ете қалдық. Төрехан Сәдуұлымен біз осылай таныстық.
Ахаңды ардақтапты жиеншары
2,185
оқылды

Төрехан аға ұзақ жылдар Орын­бор­да, сосын Қостанай облысы­ның Лисаковск қаласында тұрған. Тіпті, өзінің Ахмет Байтұрсынұлына жақын­ды­ғы бар екенін соңғы жылдары ғана бі­­­ліпті. Бала кезінде Ахаң туралы еміс-еміс естігені болмаса, көп хабардар бол­­­маған. Мінезі біртоға, қақ-соқпен ісі жоқ, өмірбойы мектепте мұғалім бол­­­ған кісі екен. Ең қызығы, өнерге бір­­­табан жақындығы бар. Сурет те са­ла­­­ды, мүсін де соғады, карикатураға да бейім. Мұның бәрін хоббиім деп тү­сі­неді. 

Төрехан аға соңғы он жыл бойы бас ауруымен алысып келеді екен. Мида ісік пайда болып, екі рет отаға түскен. Соң­ғы екі жыл ескі ауруы қайта мазалап жүр­ген сияқты. Мидағы ісік көзге де әсе­рін тигізбей қоймапты. Портрет жан­рын ерекше меңгерген Төрехан аға­ның үйі сурет көрмесі ме дерсің. Түр­лі жанрдағы портреттер үйде самсап тұр.

«Менің туған жерім – Орынбор об­лысы Адамовка ауданы. Әкем Әбу шы­ғармашылыққа жақын болды. Жазған өлең­дері, көркем дүниелері бар. Өкі­ніш­ке қарай, өмірден ерте кетті. Әже­міз­дің есімі – Нұрзипа. Нұрзипаның әкесі – Жұқан. Ол Ерғазы атаның ба­ла­сы. Ерғазы – Байтұрсынның інісі. Ер­ға­зы атамыз Ахмет атаны қолынан же­тектеп, төрт жылдық орыс қазақ учи­лище­сіне апарған. Ахмет ата жетімдер мен сырттан келген балаларға арналған пансионда жатып оқыды. Бала Ахметтің бұрын ауыл молдасынан хат танығаны бар, әрі анасы Күңше де орыс кирил­ли­­­цасымен әліппені үйреткені бар, тез үй­реніп кетеді. Кішкентай кезімізде Ахмет атамен туыс екенімізді білген жоқ­пыз. Әкеміз өте ерте, 28 жасында қай­тыс болды. Анам маған кейде сы­быр­лап, Ахмет ата туралы айтып отыра­тын. Онда Ахмет ата ақтала қоймаған кез. Орынбор облысында қазақ мек­те­бінде оқыдым. Кейін әкем қайт­қан соң, Қостанай облысына көшіп келдік. Ли­са­­ковскіде қазақ мектебі жоқ. Мен орыс тілін білмеймін. Соңғы партаға отыр­ғызды. Сөйтіп, қиналып жүріп, тілді үйрендік. Ол кезде бізге Ахмет ата­лар туралы «Халық жауы» деп түсін­ді­ретін. «Халық жауының» ұрпағы еке­ні­мізді білмеппіз де. Бір күні Қоста­най­да туыс атамыз бар екенін білдік. «Ол кісіге хабарласыңдар» деді. Хабарласуға ұял­дым. Кейін сол нөмірді жоғалтып алдым. 

Өткен жылы қызық оқиға болды. Бір күні таксиге отырсам, шо­пыры аңқылдап қалған жігіт екен, ол да қостанайлық болып шықты. Құдай­дың құдіреті, сол баяғы өзім жоғалтып ал­ған нөмірім. Содан келесі күні әлгі кісі­ге хабарластым. Есімімді айтқаным сол еді, «Төрехан, сен қайдасың, мен се­ні көптен бері іздеп жүрмін ғой» де­гені. Сөйтсем, ол кісі Баймағамбетов деп іздеп жүріпті. Шошақ атадан тара­ған ұрпақтар осылай табыстық» дейді аға. 

Аштық болды, зұлмат жылдардың қа­­сіреті тағы бар. «Балапан басымен, тұ­рым­­тай тұсымен» кеткен заман. Нұр­­зипа апа да бауырларынан айрылып, жо­ғалтып алған. Ұзақ жылдар бойы сің­лісі Бадыгүлді іздеп, таба алмаған. Ба­дыгүлдің балалары да Нұрзипадан тара­ған ұрпағын іздеген. Әжеміз Ахмет ата­ны әке тұтқан, үнемі мақтанышпен ай­­тып жүреді екен. Оны да кейін бі­ліпті. 

«Нұрзипа апаның Бадыгүл деген ту­ған сіңлісі болған. Аталарымның қа­бірін іздеп, Ақкөлге барғым келеді. Атам­ның музейі де сол жақта. Ахмет атам тұрған үйлерді көрсем деймін. Оған қазір денсаулығым мүмкіндік бер­мей тұр. Тіпті, Алматыдағы музей-үйіне де жете алмай отырмын» дейді Төрехан аға. 

Тарихтан белгілі, Шошақтан та­ра­ған бес ұл бар. Оның екіншісі – Байтұрсын. Ақтас, Байтұрсын, Саба­лақ­тың да тағдыры оңай болмаған. Қазақ жерінде отарлық аймақтық бас­қару жүйесі жүзеге асқан он жеті жыл ішінде «Орыстың уезд басқарып отыр­ған полковник бастығын ұрған» деген ерек оқиға еш жерде болмаған. Уезд бас­тығы Яковлевті ұрды деген желеумен Ақтас, Байтұрсын, Сабалақтың қол­да­рына кісен салынып, түрмеге айдаған. Уездің қатаң бұйрығымен Шошақ ба­ла­ларының барлық мүлкі, малы түгел­дей кәнпескеге ұшырап, Торғайға ай­дал­­ды. Шошақтың басқа балалары ол кезде ауылда болмағандықтан, қу­ғы­н­нан аман қалады. Олардың бірі – Ер­ға­зы. Тергеушілердің Ақтас пен Бай­тұр­сынға көрсетпеген қорлықтары қал­маған. Көп ұзамай сот болып, үшеуін де Сібірге, каторгаға айдаған. Сол қуғын-сүргіннен аман қалған Ер­ға­зы ағаларының балаларына ие бо­лып, білім алуына, азамат болып қалып­тасуына айрықша еңбек сіңірді. 

Төрехан Сәдуұлы әкесі қайтыс болған соң, анасы екінші рет тұр­мыс құрғанын, сол себепті Қостанай облысына қоныс аударғанын айтады. Бала Төрехан да анасымен бірге кетеді. Сөйтіп, туыстарынан көз жазып қа­ла­ды.

«Аталарым туралы шежірелермен енді қанығып отырмын. Солардың бә­рін жинақтап, бір кітап шығарғым ке­леді. Ахмет ата туралы деректерді де ен­ді жинақтап жатырмын. Атама құр­ме­тім болсын деп, фотокәртішкесінен ол кісінің портретін салып шықтым» дейді жиеншары. Ол портрет Төрехан ағаның үйіндегі ең құнды дүниенің бірі. Оны Алматыдағы музейге тапсырғысы келетінін де жасырмады.

Ұзақ жылдар бойы Лисаковск қаласында мектепте бейнелеу пә­нінен сабақ берген. Магнитогорск қа­ласында жоғары білім алған. Көр­кем­­сурет мамандығын бітірген. Әскер­де жүргенінде де суретшілікпен айна­лыс­қан. Қабырғаларды безендіру, түрлі кар­тиналар салу – Төрехан ағаның сүйік­ті ісі. Лисаковск қаласында да қо­сым­ша осындай жұмыстармен айна­лыс­қан. Бір жылдары қала әкімдігі тап­сырысымен мұзды қалашық салып бас­таған. Мұз қалашықта көбінде қа­зақ­тың батырларын, ұлттық жәдігер­лер­ді салады екен. Ол мұз қалашық жер­гілікті тұрғындардың көз қуаны­шы­на айналған. Қандай жұмыс болса да тартынбай, аянбай еңбек еткенді жа­ны сүйеді. 

«Ахмет атамның портреті – менің үйім­­дегі ең құнды дүние. Одан бөлек, порт­рет салатын әдетім бар. Інілерім­нің, балаларымның портретін салдым. Мұ­ның бәрі жаңа стильмен яғни абст­рак­тілі экспрессионизм жанрын пай­да­­­ланамын» дейді кейіпкеріміз. 

Денсаулығы сыр бере бастаған соң, Астанаға көшуге тура кел­ген. Өйткені екі рет отаны да осы қа­ла­да жасатқан. Лисаковск мен Астананың ор­тасында жиі-жиі қатынау қиын бо­лып кетіпті. Бірінші отадан кейін үйде біраз уақыт ем қабылдап, үйде жатқан.

«1917 жылы мектептен жұмыстан шы­ғуға тура келді. Содан бері үйде жұ­мыс істеймін. Қолөнермен айна­лы­са­мын. Үйге қажетті заттарды істеу – ма­ған ұнайды. Салған суреттерімді де, ж­а­са­ған бұйымдарымды да ешкімге сат­қан емеспін» дейді.

Талантты суретші болса да, ешқашан тапсырыспен сурет салып көрмеген. Таныс­тардың, туыстардың өтінішімен бірнеше рет портреттерін салыпты, оған да бір тиын алмапты. Әлі де көп дүние жасағысы келеді. Тек денсаулығы мүм­кіндік бермей отыр. «Әлсізбін, тез шар­шап қаламын. Көзім де дұрыс көр­мейді. Жасым 64-ке келді. Соңғы алты айда қатты жүдеп кеттім» дейді кейіп­кері­міз.

Суретші ретінде салған суреттерінен Ли­саковск қаласында арнайы көрме өт­­кізген екен. Үлкен қалаларда сурет көр­­месін өткізгісі келгенімен, мүмкін­дігі жоқ. Суретшілер одағына да, Мү­сін­шілер одағына да мүше емес. Аста­надағы Суретшілер одағына барға­ны­мен, бірлесе жұмыс істейтін қауқары бол­май тұр. Үйден жарты қадам аттап шы­ға алмайды. Жолдасының көмегімен ғана аулаға шығады. Ендігі тағдыры – Аста­надағы «Ұлттық нейрохирургия ор­та­лығы» дәрігерлері қолында. Үшін­ші ота жасала ма, жоқ па, әлі де белгісіз. 

Төрехан ағаның ең үлкен арманы – аман-есен сауығып шықса, «Ахмет атам жүрген жолдармен жүріп өтсем» дейді.

 

P.S. 

Қазақстан тарихының ең қайғылы беттері – ол жаппай ашаршылық пен қуғын-сүргін көрген жылдар. Зұлмат жылдардағы орасан зор шығын талайлардың жүрегіне жара салды. Жарияланбаған, әлі де құпия сақталған деректер өте көп. «Балапан басымен, тұрымтай тұсымен» кеткен қиын уақытта туған қайда, ағайын қайда, бәрінен бейхабар кеткен жандар көп. Ата-бабасының кім екенінен хабарсыз қалғандар да жетерлік. Төрехан Сәдуұлының өкініші де осы. Жоғалтқанын тауып, өшкенін қайта жаңғыртқысы келеді. 

 

Гүлзина БЕКТАС