Су маржанын сүзіп, атакәсіптің желкенін керген жұртшылық тұрмысы құлдырап бара жатқанын айтып, мұңын шақты. Халықтың уәжіне құлақ түрсек, биыл келген мол судан қайыр болмай тұрғанын алға тартады.
Тұрғылықты халықтың айтуынша, күн санап Кіші Арал теңізінің болашағы бұлыңғыр тартып барады. Қазір Көкаралдағы су деңгейі вегетациялық кезеңнің әсерінен күрт азайып кеткен. Оған Сырдариядан түсетін су мөлшерінің төмендеуі және аптап ыстықтан судың булану мөлшерінің артуы кері әсер етіпті.
«Вегетациялық кезеңнің әсерінен дария суының деңгейі биыл да түсіп кетті. Яғни, Сырдариядан келетін су мөлшерінің күрт азаюына байланысты теңіз деңгейі 48,80 белгісіне жетіп, судың тұздылығы артып барады. Теңізде су маржаны да азайды. Өйткені тұзды су уылдырық шашу былай тұрсын, балықтардың мекендеуіне де қауіп туғызып тұр. Дарияда су тапшы. Соның салдарынан жағалай қоныстанған елдің еккен азын-аулақ бау-бақшасына су жетпей жатыр. Жағдай бұлай жалғаса берсе, тұрғылықты халықтың тұрмысы төмендеп кететін түрі бар», – деп түсіндірді бұл жайында «Тұран ойпаты-Арал теңізі» қоғамдық бірлестігінің атқарушы директоры Айжарық Ералиев.
Жергілікті жұртшылықтың айтуынша, былтыр басталған бөгет жұмысы да көңіл көншітпейді. Бұл жұмыстарға Үкіметтен 5 млрд теңге қаралған болатын. Бұл қаражатқа кезең-кезеңімен жоспарлы жұмыстар атқарылуы тиіс. Алайда өңір халқы бүгінде жөндеу жұмыстары тоқырап тұрғанын алға тартады. Халық соның себебін білмей, әрі-сәрі күйде жүр. Сондай-ақ «Сарытерең» каналының да жағдайы мүшкіл. Каналды құм басып, келешегі бұлыңғыр тартып тұрғанына алаңдаулы.
«Теңізде аулайтын балық қалмағандықтан, балықшы қауымы тағы сенделіп кетті. «Қой көрмеген қуалап өлтіреді» дегеннің кері келіп, баз біреулер теңізді теңдей бөліп алып, майшабаққа дейін тауысты. Жергілікті тұрғындар бірлі-жарым малына шөп шабатын жер таппай, өзара таласып жатыр. Ауылдардағы жайылым және шабындық жерлердің күйі қашқан. Бұл тұрғыда Аралды құтқару қоры меншігіндегі Барсакелмес қорығы мен орман шаруашылығының жұмысына халықтың көңілі толмайды. Соның ішінде ауданға қарасты Жаңақұрылыс пен Қаратерең ауылындағы бұқараның жағдайы сын көтермейтін күйге жеткен», – деп ойын толықтырды қоғамдық бірлестік директоры.
Онсыз да теңізге шөліркеген халық енді жайылым жердің тапшылығынан зардап шегіп отырғанын айтады. Елеусіз қалған елді мекен аз емес. Сондай аталмыш ауыл тұрғындары тұрмыс кешу күн санап қиындап тұрғанына алаңдаулы. Жағдай түзелмесе, тоқырау жылдарындағыдай жайлы мекенге үдере көшуден басқа амал қалмай тұрғанын жеткізді.
«Біз Арал ауданынан шалғай орналасқан Қаратерең ауылында тұрамыз. Қазір ауыл халқының 70 пайызы жұмыссыз. Биыл Сырдария суының төмендеуіне байланысты балық болмай, халықтың тұрмыстық ахуалы күрт нашарлады. Онсыз да теңізді аймақта балық шаруашылығының болашағы бұлыңғыр тартып тұр. Соған орай ауыл халқы мал өсіруге бетбұрыс жасады. Алайда Барсакелмес қорығы мен орман шаруашылығы ауыл маңындағы мал жайылымы жерлерін бөліп алды. Соның салдарынан ауыл халқы жайылым және шабындық жерге зәру күйде отыр. Елдің жайын ойлап, ең болмағанда тұрғылықты халықтың төрт түлігін түлетуге жағдай жасалса нұр үстіне нұр. Бірақ халықтың талабын есітер құлақ табылар емес», – деп мұңын шағады Қаратерең ауылының тұрғыны Ғарифолла Еңсегенов.
Осылайша, ауыл тұрғындары балық шаруашылығынан береке қашқанын айтып отыр. Бұл аздай, төрт түлігін түлетуге де мүмкіндік жасалмай тұрғанына ашынады. Сондықтың шалғай ауылдардың тұрмыстық ахуалына мән берілсе деген жанайқайын жеткізіп отыр. Теңіз тағдырына бейжай қарамай, ауылға тиесілі жайылым және шабындық жерлер ел игілігіне берілсе деген талап-тілегі бар.
Ербақыт ЖАЛҒАСБАЙ,
Қызылорда облысы