«Қонжықтың» қомақты сыйы

Балаларға арналған Qonzhyq AAP мобильді қосымшасы ұлттық құн­дылықтарды дәріптейді. Қолданысқа шыққан күні-ақ ата-ана­лар­дың ықыласына ие болған қосымшада 250-ге жуық ертегі, 1 700 ән-күй және түрлі бесік жыры қамтылған.

Балалардың бойына ұлттық құн­ды­лық­тарды сіңіру қашанда маңыз­ды. Осыған орай Qonzhyq мобильді қо­сым­шасы жас ұрпақтың ұлттық музыкаға, әде­биетке, мәдениетке, салт-дәстүрге жә­не ана тілін үйренуге деген қызығушы­лы­ғын оятуға бағытталған. Қазір қосым­ша­да 150 мыңнан астам тіркелген қол­дану­шы бар. Тіпті, шетелдегі қазақтар ара­сында да жоғары сұранысқа ие. Qonzhyq App қосымшасында халық фольк­лоры­ның классикалық және заманауи алтын жинақтамасы енгізілген. Бүгінде қосымшада ертегілер, заманауи және ха­лық әндері, түрлі аспаптағы күйлер, бесік жыр­лары, классикалық және заманауи ақындардың поэзиясы, сонымен қатар Абайдың қара сөздерінің жеңілдетілген нұсқасы да қоса жүктелген. Мобильді қо­сым­ша идеясының авторы – Әйгерім Исатаева.

Авторы бастапқы кезде балаларға арналған «Қон­жық Марио» атты ертегілер сериясын шы­­ғарған. Бұл ертегілер топтамасы кіш­кен­тай оқырмандарға түсінікті тілде, ба­ла­лар психологімен бірлесе отырып жа­зылған. Кітапшалар бүкіл ел бойынша жақ­­­сы сұраныcға ие болып, сатылды. Уа­­қыт өте келе автор барлық жи­нақ­талған ұлт­тық фольклорды мобильді қо­сым­ша ре­тін­де шығаруды ұйғарады. Қосым­шада син­х­рон­далған мәтін де қоса қарас­тырылған. Яғ­ни, синхрондалған мәтін тыңдаумен қа­тар оқуға мүмкіндік береді. Қосым­ша­да­ғы бөлімдерге келсек, ерте­гі­лер бөлімінде ха­лық және авторлық ер­­те­гілер қамтылса, әндер бөлімінде  ба­ла­ларға арналған  1 200-ден астам ән бар. 

Бүгінде қосымшаны пай­далану­шы­лар аудиториясы кеңей­ген­діктен, сұра­ныс та көбейген. Осыған орай коман­да қолдану­шы­лар­дың ұсыныс-тілектерін ескере оты­рып, жаңаша кон­тент жасауда. 

– Қосымшамызда көпшіліктің құла­ғын­да жатталып қалған ертегілер мен күй­лер де, көне, көбі ести бермеген туын­ды­лар да бар. Ең жиі тыңдайтындарына кел­сек, Алдар көсе мен Қожанасыр тура­лы ертегілер және «Адай», «Ақсақ құлан», «Көңіл толқыны» күйлері. Кейінгі ұрпақ­қа көп пайда алып келер мұра болуы үшін түрлі ұлттық контентпен толықтыру ойда бар. Мысалы, салт-дәстүр, жөн-жорал­ғы­лар, ұмытылып бара жатқан кәделеріміз ту­ралы айтқымыз келеді. Мақал-мәтел­дер, жұмбақтар – осының барлығы қо­сым­шамызда болуы үшін жұмыс істеп жа­тырмыз, – дейді жоба авторы Әйгерім Исатаева.

Бұған қоса, Qonzhyq AAP мобильді қосымшасы Астана қаласында БҰҰ-мен серіктесе отырып, қоғамдағы маңыз­ды тақырыптарды қозғайтын жаңа­­ша ертегілердің тұсаукесерін өт­кізді. Атал­ған жобаға Qonzhyq App де­меу­шілік жа­сай отырып, жинақтағы ер­тегілер ды­быс­талды. Ертегілердің ау­дио нұсқасын қо­сымшадан тегін тын­дауға болады. 

Мобильді қосымшаның басты ерек­ше­ліктерінің бірі – балаларды оқыту тұр­ғы­сында түрлі әдісті қолдана білген. Қо­сымша барлық қолданушыға тегін. Қазақ жә­не орыс тілдерінде пайдалану қол­же­тімді. 

Жанель ҚҰТТЫБАЙ