Кейінгі кездері елімізде спорттық нысандардың жетіспеушілігі өзекті мәселеге айналды. Соның ішінде стадион мәселесі қанша рет көтерілсе де шешімін таппай келеді. Оны қойшы, тіпті стадион тұрмақ кейбір мектептердегі спортзалдардың жағдайы мәз емес. Жуырда өткен Үкімет сағатында бұқаралық спортты тежеп тұрған түйткілдер 3 сағат бойы талқыланды. Зерттеулерге сүйенсек, Қазақстан азаматтары саламатты өмір салтын ұстануға құлықсыз. Мұны жағдайдың тиісті деңгейде жасалмай отырғанынан деп топшыладық. Бізге іс пен сөздің арасындағы алшақтықты жоятын уақыт әлдеқашан келді. Әншейінде Еуропа елдеріне еліктеп, олардың тың тәжірибесін реформалауға асығамыз. Дамыған 30 елдің қатарына қосылуды мақсат тұтқанымыз да рас. Алайда әлі күнге дейін кейбір өңірлерде спортзал жоқ мектептерде оқушылардың білім алып жатқанын ойламаймыз. Өкініштісі, бүгінгі таңда еліміздегі 1 970 мектепте спортзал жоқ. Бұл туралы Үкімет сағатында Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова айтты.
– Бұл жағдай спорт секцияларының жұмысы мен жастардың спорт клубтарын құруды бұлай тұрсын, денешынықтыру пәні бойынша міндетті сабақтарды толық өткізуге мүмкіндік бермейді. Сондықтан да бүгінгі таңда мектептен тыс спорттық іс-шараларды кеңейту, қосымша білім беру мұғалімдерін тарту, мектептің спорт күнтізбесін қалыптастыру бойынша әлі де жұмыстар жүргізу қажет, – деді министр.Ол, сондай-ақ өңірлер ұсынған статистикалық мәліметтерге сәйкес мектеп оқушыларының ішінде 1 млн 365 мың бала денешынықтыру және спортпен шұғылданатынын, Білім және ғылым министрлігінің деректері бойынша 2019 жылы 5 428 мектеп спортзалымен қамтамасыз етілгенін мәлімдеді. Тағы бір айта кетерлігі, Алматы мен Нұр-Сұлтан қалаларында, сондай-ақ Атырау, Қызылорда, Маңғыстау облыстарында мектептерді спортзалдармен қамтамасыз етудің ең жоғары деңгейі байқалған. Жалпы, Қазақстандағы денешынықтыру пәнінің бағдарламалары даладағы бейімделген алаңдарда өтетін сабақтардан бөлек, гимнастика, акробатика, волейбол, баскетбол, жеңіл атлетика сияқты спорт түрлерін қамтиды, арнайы жабдықталған спортзал болуын талап етеді. Ал Білім заңына сәйкес бекітілген жүйеде Қазақстан балаларының білім алуы міндеттелген болса, оның ішінде денешынықтыру сабағы нақты көрсетілген. Соның негізінде мектептерде спортзалдар мен белгілі бір ауладағы алаңдардың болуы міндетті. Бұл орайда спортзалы жоқ мектептерден күрмеулі мәселенің себебін сұрай қалсаң, көпшілігі қаржының һәм мектептің бастапқы кездегі құрылысының дұрыс болмауын, мектеп оқушыларының саны стандартқа сай емес екенін айтып сылтауратады. Мұндай жайсыз мәселелер тез арада бақылауға алынып, шешімін табуы керек. Өйткені мектептердегі спортзалдың жоқтығы ата-аналарды да алаңдатып отыр. Баласының денешынықтыру сабағында спортпен шұғылданбай отырғаны кімге ұнай қояр дейсің?!
– Қаражаттың жеткіліксіздігінен ауылдық жерлерде спортқа деген көзқарас төмендеп кеткен. Кейбір шалғай ауылдардағы мектептердің спортзалдарының жағдайынан адам ұялады. Осы мәселені мықтап қолға алғанымыз жөн. Ауылда, ауданда спортты дамытпай елімізде жақсы спортшылар шығады дегенге сену қиын. Қаражат жеткіліксіз болғандықтан, спортқа мүлдем көңіл бөлінбейді. Сол себепті жыл сайын ауылда, ауданда спортты дамытуға республикалық бюджеттен қаражат бөлінуі керек, – дейді спорт журналисі Қуанышхан Өмірхан.Елбасы Н.Назарбаев «қазақстандықтардың бұқаралық спортпен қамтылуын 30 пайызға жеткізу керек» деген межені белгілеп, тиісті орындарға тапсырма берді. Ал бұқаралық спортты дамытамыз десек алдымен мектептердегі спортзал мәселесін дұрыс жолға қойғанымыз жөн. Өйткені спортзалдың оқушылар үшін алар орны ерекше. Спортзалы жоқ білім ордаларындағы балалар бұқаралық спортқа бет бұрады деуге сену қиын. Бала спортпен мектеп қабырғасынан бастап шұғылданбаса, алдағы уақытта өзіне зиянды іспен айналысып кетуі әбден мүмкін. Сондықтан мектептердегі спортзал мәселесін күн тәртібіне қоятын уақыт жетті! Абылайхан ЖҰМАШ