Бүгінде аталған өңірде 216 800 гектар орман бар. Оны бас-аяғы 651 орманшы күзетіп жүр.
«Табиғатты қызғыштай қорып жүрген азаматтардың еңбегін билік бүгінге дейін елемегені рас. Еліміздегі мыңдаған орманшы түкке жетпейтін жалақыға жұмыс істеуге мәжбүр. Олардың еңбекақысы небәрі 70 000 теңге. Қазіргідей қымбатшылықта бұл ақшаға адамдар қалай жан бағады? Орманшылардың жалақысы өседі деп сүйіншілеген Экология және табиғи ресурстар министрлігі азаматтарды алалап, әділетсіз әрекет жасап жатыр. Еңбек адамдарын бұлай өтірік уәдемен алдауға болмайды. Бұл мәселемен ресми түрде айналысамын», – деді депутат.
Халық қалаулысының айтуынша, «Орман және жануарлар әлемін қорғау жөніндегі Орал қаласының шаруашылығы» МКК мамандары бүгінде 27 839 гектар орманды күзетеді. Айлықтары бар болғаны 70 000 теңге. Жалақы аз болған соң маман тапшылығы мәселесі де күн тәртібінен түспей келеді.
«Орманшылардың техникалық жарақтары тіпті жұтаң. Оралдағы мекемеге 27 839 гектар орманды өрттен қорғау үшін 1 ғана өрт сөндіру көлігі берілген. Алайда 2015 жылы зауыттан шыққан көлік жолсыз жермен жүре алмайды. Ұзындығы 200 шақырымнан астам аумақты жалғыз көлікпен қалай өрттен қорғауға болады?», – дейді Н.Аралбайұлы.
Сапар аясында депутат Орал орман шаруашылығы тәлімбағына да ат басын бұрды. Халық қалаулысының айтуынша, шенеуніктерге жоспарды ести сала алашапқын болатын шақтың келмеске кеткенін түсінетін кез жетті. Жергілікті жердегі шенділер алдымен тапсырманың түбіне үңілуді, бастаманың байыбына баруды үйрену керек. Сондай-ақ, депутат тәлімбақ қызметкерлерінің де жалақысы мардымсыз екенін және бұл салаға баса мән беру қажет екенін жеткізді. «Жұртқа жақсы жалақы төлеу керек, формализмді жою керек!», – деп түйіндеді халық қалаулысы.