Есімі бүкіл республиканың жұртшылығына әділдік жолындағы күрескерлігімен, қарапайым халықтың жоғын жоқтап, мұңын мұңдап жүретін мінезімен танылған нағыз жауынгер журналист Сандуғаш Дүйсенованы біраз уақытқа да болса қамап, уақытша оқшаулау барысында ар-намысына нұсқан келтірер қадамдарға барған полиция қызметкерлерінің әрекеті әлеуметтің наразылығын тудырды.
Дәл осындай шектен шыққан жағдай тіркеліп жатқанда өздерінің кейбір қоғамдық пікірге өзек болар жұмыстарын көпшілікке жеткізуге келгенде, тезірек жариялауда сол Сандуғашқа жүгінетін прокуратура, сот сынды құқық қорғау органдарының қайда қарап қалғанын, неге жұмған аузын ашпағанын әлі түсіне алмай отырмыз. Басына іс түскенде, жанайқайын ешқайда тыңдата алмағанда, Сандуғашты іздейтіндердің де бастапқы кезде ізім-қайым болып кеткені көңілімізді қынжылтты. Тек жергілікті журналистердің шағын тобы дабыл қаққаннан соң барып, жағдай оңалғандай болғаны рас. Мұнда да БАҚ өкілдерінің негізгі тобы жоғары жақтан соғар желдің бағытын өзгертер шақты күтіп, аңысын аңдыды. Соған қарағанда, «журналистік ынтамақтастық», «журналистік бауырластық», «журналистік достық» деген сөздерден де салмақ қашып, қадір қалмағандай...
Менің түйсігім алдамаса, бұл сорақылық – Сандуғаштың сағын сындырып, үнін шығармау жолында біраз уақыт ойластырылып барып жасалған, жоспарланған қастандық. Көктемде Мәжіліс депутаттығынан үміткер ретінде тіркелгенде және жұрттың көңілін өзін аудара алғанда осындай қадамдар жасалған еді. Одан кейін бірер ай бұрын ғана әлеуметтік желілерде журналиске қатысты жағымсыз дүниелер жарияланып, біраз әңгіме болған. Қалай болғанда да, дәл қазір аса ауқымды қоғамдық пікірге өзек болып, жұртты алаңдатып отырған жағдайдың ақ-қарасын ажыратуды, халыққа дұрыс-бұрысын жеткізуді тиісті құзырлы ұйымдардың қарауына қалдырайық.
Менің айтпағым Сандуғаш Дүйсенованың күнделікті тірліктегі, отбасындағы бейнесі, журналист ретіндегі беделі мен биігі, шындық жолында ештеңеден тайсалмайтын қайсарлығы жайлы болмақ. Төмендегілердің барлығы менің өзімнің жеке түйгенім екенін де ескерте кеткенді жөн көріп отырмын.
2001 жылы Алматы облысының орталығы Талдықорған қаласына ауыстырылды. Өздеріңіз білетіндей, 1997 жылы еліміздегі бірқатар облыс пен ауданды ықшамдау барысында тарқатылған аймақтардың бірі Талдықорған облысы болатын. Сонан кейін қаланың қараусыз, иесіз қалғанын көрдік, іссапарға жиі келетінбіз. Ол кезде Сандуғаш қатты танымал емес, қалалық газетте, телеарнада шапқылап жүретін. Жұмыс барысында жолығып қалатынбыз. 2002 жылы біз Талдықорғанға көшіп келгеннен кейін жиі араласа бастадық. Ал 2004 жылы «Айқын» және «Литер» газеттері ашылғанда, Алматы облысы бойынша тілшілікке таңдау екеумізге түсті. Содан бері журналистік міндетті қатар атқарып келеміз. Соңғы жылдары «Время» газетінің тілшісі ретінде небір «шулы» мақаласымен ел арасындағы беделі барынша артты.
Сан рет сапарға бірге шықтық, жолда да қалдық, күні бойы нәр татпай жүрген кездер де болды. Басымызды қатерге тігіп, «Қорғас» кеденіндегі былық-шылықтарды қаншама рет жаздық. Шығыстағы шекарада орналасқан, жолы қиямет-қайым болған Достық стансасына да бірнеше рет барып, ол жақтың көзден таса, көңілден тысқары жатқан проблемаларын көтердік. Ұйғыр ауданындағы шиеліністі жағдайларды жұртқа жеткіздік. Облыстағы былық-шылықты, жемқорлықты, кемшілікті, шектен шығуды сан мәрте қаузадық. Кейде сонымыз үшін өңірдегі жоғары басшылықтың алдына да барып, терлеуге тура келгенін де жасырып қалмаймын. Бірақ ешқашан, ешбір деңгейде дәл мынандай қорқыту-үркіту болып көрмепті. Өзіміз өмір сүріп отырған ортаның бақуаттылығы, әділдігі мен теңдігі бәріміз үшін қажет екенін түсінетін жандар көп еді ол кезде. Біздің қара басымыздың қамын емес, жалпақ жұрттың жайын ойлайтынымызды мойындайтын.
Біраз жыл бұрын облысты басқарып отырған бір ағамыз: «Кемшілік жоқ емес, бар, көп. Соны бірлесе түзеп, реттеу үшін, бүкіл республикаға жариялаудан бұрын алдымен маған келіңдер, қалай шешудің жолын бірлесе отырып, ақылдасайық та?! Содан кейін болмай жатса, көрерміз. Жоқ дей берсек жоғаламыз, бар дей берсек оңаламыз. Облыстың абыройы бәрімізге ортақ қой» дейтін. Кез келген мәселені, түсінбестікті тарқатуға болады ғой. 30 жыл осы облыста журналистік қызметте жүріп, БАҚ өкіліне қатысты дәл осы жолғы Сандуғашқа қарсы қолданылып отырған шектен шыққан жағдайды естімеппін де, көрмеппін де.
Басқа басқа, коронавирус жағадан алып, жұртшылық не істерін білмей дағдарып қалғанда еріктілердің басын біріктіріп, қарапайым халыққа нақты көмек ұйымдастырғанын ел ұмыта қойған жоқ. Халықтың қайда барарын білмей отырғанын жазды, жариялады, көрсетті. 2022 жылдың қасіретті қаңтарында Талдықорған мүлде қараусыз, қорғансыз қалып, қаланың орталығында ойран-топыр болып жатқанда дәл осы Сандуғаш сол қауіпті оқиғалардың бел ортасында жүріп, бейберекетсіздік пен бақылаудың жоғын пайдаланып, тонауға кіріскендерді тоқтатқандардың көш басында болғанын, қаланың кіреберісінде тұрып Мемлекет басшысына бірнеше бейнеүндеу жариялағанын бәріміз білеміз. Егер Талдықорғандағы орталық алаңда тұрған ескерткіштің құлатылғанын суретке түсіріп үлгермесе, әлем жұртшылығы Қазақстанда ескі дәуірдің аяқталып, жаңа дәуірдің басталғанын білмес еді.
Жетісулық журналистер өңірдегі барды бар, жоқты жоқ деп жазатын, көзі көрген, куә болған сорақылықтардың қанын сорғалатып жұртқа жеткізетін, шындық жолында ешкімнің лауазымына, бет-беделіне қарамайтын бірден-бір журналист Сандуғаш Дүйсенова екенін мойындайтыны анық. Сандуғашқа бұған дейін де бірнеше рет «ескерту» жасалған болатын. Облыстық әкімдікте жиналыста отырғанында көлігінің дөңгелектерін тілгілеп кеткен. Одан кейін машинасының астына «тыңдағыш» құрал орнатылғаны анықталған еді. Пәтерінің есігін бүлдірген болатын. Ал былайғы ұсақ-түйек қоқан-лоқылар – өз алдына бір төбе. Солардың ешқайсысына бой бермей, өзінің журналистік міндетіне адалдықтан айнымаған әріптесіміздің қазіргі жағдайы барлығымыздың жүрегімізді ауыртады. Кісі өлтіріп ұзақ жылға сотталған жанның ЖСН-ін жариялады деп кінәлаудың өзі ақылға сыймайды. Дәл осындай ойдан шығарылған айыптау арқылы екі баланың анасын, немерелердің әжесін кәнігі қылмыскер сынды жалаңаш суретке түсіріп, қамауға алу деген мүлде шектен шыққандық екені дау тудырмауға тиісті. Қаламын қару еткен журналитке осыншама қысым жасағандар байқаусызда жаза басып қалған қарапайым адамға не істемейді деген сауал да мазалайды.
Қазір әлеуметтік желілерде талқыланып жатқан басты тақырыпқа айналған журналист Сандуғаш Дүйсенованың ұсталғаны және уақытша оқшаулау кезінде оның құқығы бұзылғаны туралы Жетісу облыстық Полиция департаментіне хабарласқанымызда ондағылар төмендегідей жауап қайтарды:
«11 тамызда соттың санкциясымен сотқа дейінгі тергеп-тексеру аясында аз. Д-ға қатысты жеке тінту жүргізілгенін хабарлаймыз.
Жеке тінту рәсімі тергеуші, криминалист және екі куәгердің қатысуымен (барлығы тінтілген адаммен бір жынысты) Қылмыстық-процестік кодекстің талаптарына сәйкес жүзеге асырылды.
Осы тергеу әрекетін жүргізу кезінде ғылыми-техникалық құралдарды (бейнекамера) қолдану міндетті және ҚПК-мен реттеледі.
Аз. Д-ны жеке тінту нәтижесінде тыйым салынған заттар табылған жоқ».
Ал Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі оқиға болған сәттен ішкі істер органдарына хабарласып, мәселенің мән-жайын бақылауға алғанын хабарлады.
«Журналист Сандуғаш Дүйсенованың ұсталғаны расталды. Жетісу облыстық Полиция департаментінің мәліметінше, Сандуғаш Талдықорғанда жеке өмір мәліметтерін тарату туралы арыз бойынша ұсталып, ешқайда кетпеу және тиісті мінез-құлық туралы қолхатпен шығарылған. Қазір тергеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Министрлік мәселені назарда ұстайды және журналиске қандай да құқықтық көмек көрсетуге дайын», – деп жазды министрліктің баспасөз хатшысы Нұрбек Амиша Facebook желісінде.
Журналистің кісі өлтірушіні табуға көмектесу мақсатында өзінің Instagram желісінде оның ЖСН-ін жариялауы басты айып болып тағылып отыр. Адам өлтіргені үшін сотталған жан дәл сол үшін арыз жазған және онысында дәл сол ЖСН үшін балалары мектепте буллингке ұшырағанын келтірген. Алайда жергілікті тұрғындар кісі өлтірген азаматтың отбасы ол ұстала салысымен, ауылдан көшіп кеткенін айтады.
«Балаларының барлығы кішкентай. Біреуі 9-сыныпта оқиды. Бірақ әкелері қамалысымен, екі күннен кейін көшіп кеткен», – дейді сотталған азаматтың ауылдасы Сәулеш Әмитова. Демек, журналиске тағылған айыптың орынды, орынсыз екенін анықтау қажет. Ал құқық қорғаушылардың өрескел әрекеті тергеудің әділ өтеріне күмән тудырып тұр. Мұндай әрекеттерді Қазақстандағы реформаларға қарсы топтардың ісі ме деген де күдігіміз бар.
Болат АБАҒАН,
Жетісу облысы
© коллаж: Елдар ҚАБА