Алматыдай алып шаһарда ығы-жығы халықтың қайнаған тіршілігі қайта жанданады. Жаңа оқу жылы қарсаңында мектеп оқушылары үшін әзірленген жобалар да жоқ емес. Солардың бірі – «Мектеп автобусы» пилоттық жобасы.
Жоба бастауыш сынып пен мектептен шалғайда тұратын оқушыларға арналған. Оның аясында арнайы қоғамдық көлік арқылы оқушыны тұрғылықты жерінен мектепке және кері бағытта тегін тасымалдау қарастырылған. Бастама мұғалімнің қарауымен және балаларды тасымалдау ережелеріне сәйкес жүзеге асырылады.
Жоспар бойынша бірінші кезеңге қаланың 7 ауданында орналасқан 30 мектеп таңдап алынды. Олар Алатау, Әуезов, Бостандық, Жетісу, Медеу, Наурызбай, Түрксіб аудандарында орналасқан. Солардың ішінде 7 мектеп Бостандық ауданына тиесілі. Алматы қалалық Білім басқармасының мәліметінше, мектеп автобустары ең алдымен аса қажет деп тапқан аудандарға енгізіледі. Коммуналдық автопарк Білім басқармасымен бірлесіп 100 мектеп автобусын сатып алған. Автобустың 20, 30, 50 орындықтан тұратын түрлері бар. Қаладағы 8 мыңға жуық оқушыға арналған жоба негізінде тасымалдау қызметі үшін бюджеттен 1,4 млрд теңге бөлінген екен.
Ал қауіпсіздік мәселесіне келер болсақ, әкімдік өкілдерінің сөзінше, автобус техникалық талаптарға, сондай-ақ, халықаралық қауіпсіздік стандарттарына сай келеді. Оқушыларға арналған автобуста қауіпсіздік белдіктері, апат кезінде шығу, өрт қауіпсіздігі жүйесі, мүгедектігі бар балаларға арналған пандус бар. Бостандық аудандық білім бөлімінің басшысы Айгүл Қасымбектің айтуынша, автобустар қаладағы тар жолды тауларға қатынайды:
– Бірқатар мемлекеттік мектеп осы жылдың қыркүйегінен бастап іске қосылатын мектеп автобустарымен қамтылады. Жобаны іске асыру үшін қалалық бюджеттен қаражат қарастырылған. Мектептер қазірдің өзінде бағыттарды, балаларды отырғызу уақытын, аялдамалар санын дайындады. Бір балаға бір орын бөлінеді, тұрақты орын болмайды. Оқушылардың қауіпсіздігі үшін мектеп қызметкерлері жауап береді. Олар балаларды үйден мектепке, мектептен үйге ертіп барады. Алдағы уақытта бұл жоба жалғасын тауып, барлық мектептерге автобус беріледі деп сенім артамыз», – дейді білім бөлімінің басшысы.
Әкімдік берген ақпаратқа сүйенсек, пилоттық жоба оқушылардың қауіпсіздік деңгейін арттыруға, яғни такси қызметін пайдаланатын немесе қоғамдық көлікпен қатынайтын балалар санын азайтуды қамтамасыз етеді. Қазір қалада 38 мыңға жуық бала мектеп автобустарына мұқтаж екенін ескерсек, тасымалдау көлігін қажет ететін мектептер әлі де көп. Осыған байланысты ата-аналар балаларының мектепке барып-келу жағдайына алаңдаушылық білдіреді.
– Қызым Қарғалы шағынауданынан «Орбитада» орналасқан мектепке қатынап оқиды. Ол жаққа №119 бағдарлы автобус жүреді. Өкінішке қарай, бұл автобуспен мектептен кешкісін қайту қиын. Себебі адам көп болады. Әсіресе, қыс айларында жарты сағат, 1 сағат көлемінде аялдамада күтіп қалады. Қыстың суығында оңай емес. Сыныбындағы 4-5 оқушы Қарғалыдан келіп оқиды. Мектеп тарапынан жекеменшік автобустар берілсе екен, – дейді қала тұрғыны Ләйлә Шакерова.
«Мектеп автобусы» жобасы алғаш рет қала әкімі Ерболат Досаевтың тапсырмасы негізінде №205 мектепте пилоттық режимде басталған еді. Бүгінде жобаның екінші кезеңін іске асыру үшін қалалық Мобильділік басқармасы қала мектептеріне арнап қосымша 50 автобус сатып алуды көздеп отыр.
Алтынай БАУЫРЖАНҚЫЗЫ,
Алматы қаласы