Алайда 66 білім ошағындағы жөндеу сабақ басталғанша аяқталмайды. Мектептегі құрылыс жұмыстарының мерзімінен кешігуіне мердігер компаниялар кінәлі ме? Әлде жұмыс барысын қадағаламаған жергілікті билік кінәлі ме?
Елімізде 66 мектепте жүргізіліп жатқан күрделі жөндеу жұмыстары 1 қыркүйекке дейін аяқталмайтын түрі бар. Оның 48-і жыл аяғына дейін пайдалануға берілсе, өзгесі оқушыларды келер жылы бір-ақ қабылдай алады. Бұл туралы Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев айтты. Елімізде онсыз да мектеп тапшы екені белгілі. Шалғайдағы ауыл баласы енді қайда барып оқиды?
– 28 мектеп өз ғимараттарында оқитын болады. Ол жердегі жөндеу жұмыстары оқу процесіне кедергі жасамайтындықтан, ол балаларды өз мектептерінде қалдырылып отыр. Екінші, 26 мектептің оқушысына көршілес жақын мектептерде оқу қарастырылған. Оқу процесіне зиян келтірмеу жағы да қатаң бақылауда ұсталынып отыр. Сонымен қатар 10 мектеп бейімделген ғимараттарда оқитын болады. Ал 16 мектепте тасымалдау жұмыстары қолға алынып отыр, – дейді Ғани Бейсембаев.
Апатты жағдайдағы мектебі бар ауыл «жаңа мектепті» аңсамайды. Тек құрылыс жұмыстарының ала жаздай бітпегеніне налиды. Мердігерлер мен жергілікті құрылыс басқармаларының салғырттығынан оқушылар бір жыл бойы өзге ауылға қатынап қиналатын болды. Жалпы, осындай проблемалық мектептердің саны – Алматы (53), Батыс Қазақстан – (26), Түркістан – (20), Маңғыстау – (17), Атырау (16) облыстарында басым.
Барлық өңірдің бас ауруына айналған
Апатты мектептерді жөндеу жұмыстары кейбір өңірде әлі аяқталмаса, кейбір аймақтағы оқушылар апаттық жағдайдағы мектепте оқуға мәжбүр. Айталық, Абай облысында үш білім ошағы апаттық жағдайда деп танылған. Жаңа оқу жылында олардың кейбірінде қауіпті болса да сабақ жалғаспақ. Мәселен, Ақсуат ауданындағы Екпін ауылындағы мектеп 1991 жылы қолданысқа берілген. Екі жыл бұрын білім ошағы орналасқан ғимаратты мамандар «апатты жағдайда» деп таныған. Бірақ төбесінен жаңбыр жауса су сорғалайтын, қабырғалары көгеріп, үгіле бастаған ғимаратта қауіпті болса да балалар әлі оқып келеді.
– Көктем кезінде, қар ерігенде кабинеттің бәріне су ағады. Үшінші қабатты былтырдан бері жауып тастады. Сондай жағдай болғаннан кейін. Балаларымызды оқытуға тура келеді. Өйткені осында тұрамыз. Басқа мектеп жоқ қой ауылда. Балаларымыз талапқа сай мектепте оқығанын қалаймыз, – дейді Екпін ауылының тұрғыны Жанар Жаңамергенова.
Қазір мектеп ғимаратының үшінші қабаты мүлдем жабық тұр. Ал спорт залының қабырғасы үгіліп құлаудың аз-ақ алдында. Сондықтан оған бес жылдан бері ешкім кірмеген. Абай облыстық Білім басқармасындағылар мәселені жақсы біледі. «Мектеп күрделі жөндеуден өткізуге жарамайтындықтан, жаңасын салып береміз» деп уәде еткен.
Ал Шығыс Қазақстан облысындағы Ақжар ауылында мектепте жоспарланған күрделі жөндеу іске аспай қалған. Қыдырбек Біләлов атындағы мектеп лицейі, облыста білім көрсеткіші бойынша үздіктер қатарында. Алайда қабырғасы сыз тартқан, есік, терезесі ескірген, парта, орындық пен тақтасы Кеңес заманынан бері ауыспаған ескі мектепке жаңа оқу жылында балалар қайта келеді. Биыл күрделі жөндеуге 119 миллион бөлінген. Бірақ келісімшарт жасаған мердігер қаржының аздығын желеу етіп, жөндеуден бас тартыпты.
– Мердігер компанияға келісімшарт негізінде аванстық қаражаты аударылған. Алайда олар бөлінген қаржы жөндеуге жетпейтінін, оның көлемін арттыру туралы мектепке ұсыныс жасаған. Нәтижесінде, күрделі жөндеу әлі басталған жоқ. Сот процесі жүргізіліп жатыр, – дейді Тарбағатай аудандық білім бөлімінің басшысы Самал Дәуітбаева.
Атырауда да дәл осындай жағдай. Құрманғазы ауданында М. Ломоносов атындағы мектептің құрылғанына 80 жыл болған. Бүгінде білім беру мекемесінің жағдайы нашар. Мектеп құрылған уақыттан бері мүлдем жөндеу жұмыстарынан өтпеген. Білім беру мекемесінің қабырғалары сөгілген, едені шұрық тесік, төбесі опырылуға шақ тұр. Сондай-ақ мектеп директорының сөзінше, білім беру мекемесінде спорт алаңы мен асхана қарастырылмаған. Ал Құрманғазы ауданы әкімінің айтуынша, биыл «Жайлы мектеп» ұлттық жоба бойынша 2 білім беру мекемесінің құрылысы басталған.
– Құрманғазы ауданында Президенттің тапсырмасы бойынша «Жайлы мектеп» жобасымен 2 мектептің құрылысы басталды. Біреуі Ақкөл ауылында, екіншісі – Ломоносов атындағы орта мектеп. Аталған мектептер 600 орындық, әрқайсысында спорт алаңы қарастырылған. Құрылыс жұмысын 2024 жылға дейін аяқтау жоспарланып отыр, – деді Құрманғазы ауданының әкімі Абат Жанғалиев.
Бірақ әкімдер уәде беруден шаршаған ба? Жөндеу жұмыстарының уақытылы аяқталуы тек аудандық басқарманың қолында емес, мердігерлердің жауапкершілігінде.
Мердігерлер неге жауапсыз?
Биыл құрылысы жаңа оқу жылына дайын емес мектептер саны күрт көбейген. Мердігерлердің айтуынша, бұған құрылыс материалдарының қымбаттауы да әсер етіп отыр. Бірақ заң бойынша конкурсты жеңіп алған мердігерлерге бюджеттен қосымша қаржы бағытталмайды. Дегенмен құрылыс материалдарының қымбаттауы мердігерлердің кінәсін толық ақтамайды. Өйткені елімізде жыл сайын жаңа оқу жылына қалып, құрылысы 6 жылға созылып келе жатқан мектептер де бар. Көкшетаудағы 410 орындық үш қабатты мектептің құрылысы 2016 жылдың күзінде басталған. Сол сәтте жергілікті билік пен мердігер компания мектепті 2017 жылы-ақ пайдалануға беруді уәде етіпті. Алайда олар 6 жылдан бері сол уәдесін орындай алмай келеді. Ендеше құрылыс жұмыстарының мерзімінен кешігуіне әкімдік те жауап беруі керек. Себебі тендер өткізіп, бюджеттен қаржы бөлінген соң мердігердің жұмысын тікелей қадағалап отыру жергілікті әкімдіктің құзыретінде. Дегенмен мердігерлер «биыл бітіреміз» деген құрғақ уәдемен уақыт өткізе береді. Осылайша, құрылыс жұмыстары кейінге қалып, зардабын ата-ана мен оқушы тартады.
Былтыр Жамбыл облысының әкімі жүгенсіз кеткен мердігерлерге айыппұл төлетті. Қордай ауданындағы 150 орынды мектептің құрылысына жауапты болған «Шұғыла-2002» ЖШС-ына 1,2 миллион теңге айыппұл салынған. Ал Қалғұты ауылындағы 180 орындық мектептің құрылысын жүргізген «Тебер дастройсервис» ЖШС-ына 312,6 мың теңге көлемінде айыппұл белгіленген. Бірақ болмашы айыппұл мердігерлерді сабасына түсірмеген сыңайлы.
Сонымен қатар барлық жергілікті әкімдік мердігерлерге мұндай талап қоймайды. Осындай сәтте оқушылардың болашағы үшін қоғам белсенділері де үнсіз қалмауы керек. Айталық, Төлеби ауданының белсенді ұстазы Гүлманат Байзақова Қостөбе ауылындағы мектептің апатты жағдайда тұрғанын басшылыққа дәлелдеп, бюджеттен ақша бөлдірген. Ол ауыл белсенділерін жинап, мердігерлерге арнайы талап қойып отыр және жөндеу жұмыстарын қадағалауды өз жауапкершілігіне алыпты.
– Мердігер компания мектеп құрылысына байланысты тендерді алған кезде ойланып алуы керек. Сондықтан уақытында мектептегі жөндеу жұмыстарын аяқтамағаны үшін мердігер компаниялар кінәлі. Қыркүйек айына дейін бітпеген құрылыс, бір апта қалған кезде де аяқталмайды. Қыста аяқтаймыз деп уәдені үйіп-төгетін мердігерлердің жұмысы сапасыз болады. Бұл мәселеде екінші кінәлі жақ –технодор. Мердігерлер арнайы форма толтырып, қанша материал алғаны жөнінде есеп беріп отыруы қажет. Ал технодор сол есептерге қол қояр алдында бәрін қадағалауы қажет. Үшінші – мектеп басшысы кінәлі. Ол күндіз-түні құрылыстың басында жүруі керек. Қазір директорлар: «Құрылыспен айналысқанымыз «мұғалім мәртебесі туралы» заңға қайшы» деп ақталады. Бірақ директор мен мұғалімді шатыстырмағанымыз абзал. Директорлың тікелей міндетіне мектептегі құрылыс жұмыстарын бақылау кіреді. Олар Құрылыс басқармасына хабарласып, жағдайды мәлімдеп отыруы керек. Құрылыс басқармасы мердігерге тапсырыс беруші ретінде жұмыстың уақытылы жүзеге асуын тексеруі керек, – дейді Гүлманат Байзақова.
Қыркүйектен кешіккен құрылыс жұмыстары көп жағдайда қыста аяқталады. Мердігерлер «тапсырсам болды» деп құтылуға асығады. Ал ата-аналар тарапынан бекітілген кестеден кешігіп, жөндеу жұмыстары қыс мезгілінде орындалған соң сапаға қатысты мәселелер де жиі туындайды. Сондықтан қоғам белсенділері мердігерлер жұмысына жауап бере алмаса, айыппұл төлеп қана құтылмай, келесі тендерге қатыспауы қажет деп санайды.
Көктем ҚАРҚЫН