Көп жағдайда өмірдің сан-соқпақ жолын көріп, зорлыққа тап болудың негізгі себебі – отбасылық әлеуметтік жағдайдың төмендеуінен, күйеуінің жаман әдетке бой алдыруынан, ене мен келіннің келіспеушілігінен туындайтынын өмірдің өзі дәлелдеп отыр.
Қызылорда қаласындағы «Қамқорлық» дағдарыс орталығы тағдырдан таяқ жеген осындай шарасыз жандарға көмек көрсетеді. Орталыққа бара қалсаңыз жанарына мұң-қасірет ұялаған, жақынынан жылулық таппай далада қалған бұрымдыларды көріп, жаның күйзеледі. Барар жері, басар тауы болмаған соң жат жерден жайлылық іздеген адамдардың сан қилы тағдыры естіген жанды еріксіз тебірентеді.
Жалпы мұқтаж жандарға шарапатын тигізіп келе жатқан бұл дағдарыс орны 2017 жылы ашылып, жұмысын бастапты. Орталық Қызылорда облысы әкімдігінің қолдауымен, облыстық Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының мемлекеттік әлеуметтік тапсырысы шеңберінде қолға алынған. Оның ашылуына «Самұрық» инновациялық идеяларды дамыту орталығы» қоғамдық қорының үлесі зор.
Қорғансызға пана болған дағдарыс орнынан тағдыр теперішіне ұшыраған талай жан жылулық тауып, өмірінің жаңа қырынан қайта қалыптасуына мүмкіндік алып келеді. Бұл орталыққа облыс аумағынан өзге, көршілес Өзбекстан мемлекетінен де көмек сұрап келетіндер қарасы аз емес.
– Жалпы орталықтың қызметін үйлестіріп келе жатқанымызға биыл 6 жыл болады. Орталық тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына әлеуметтік қызмет көрсетумен айналысады. Бұл дағдарыс орны 40 орынға негізделген. Тәулік бойы үзіліссіз жұмыс істейтін біздің мекемеге кез келген уақытта зорлық көрген жандар келе алады. Әрдайым біздің мамандар жапа шеккен жандарға көмек көрсетуге дайын. Негізінен, бізге келетін әйел адамдардың көпшілігі 5 жыл көлемінде тұрмыс құрған жандар. Әрқайсысының екі-үш баласы бар. Сондай-ақ екінші санатты 6-10 жыл аралығында отбасын құрған нәзікжандыларымыз құрайды. Үшінші санат бойынша 15-20 жыл көлемінде отбасылық өмірдің ыстығы мен суығын көрген аналарымыз жиі келеді. Көп жағдайда жәбірленушілер күш көрсету және психологиялық қысым бойынша шағымданады. Бұған қоса, еркінен тыс жыныстық қатынасқа итермелеу бойынша зәбір көргендер де кездеседі, – дейді дағдарыс орталығының директоры Жандос Түсмағанбетов.
Жәбірленуші орталыққа өз өтініші бойынша келіп, әлеуметтік көмек ала алады. Сондай-ақ зорлық-зомбылық құрбаны полицияға шағымдану арқылы өміріне қауіп төніп тұрғаны дәлелденсе, заң органының арнайы шешімі негізінде қабылданады. Орталық директорының айтуынша, екі тарап бір мәмілеге келсе, қайта татуластыруға мүмкіндік беріледі. Егер де шыныменен жәбірленушінің өміріне зор қауіп төніп тұрса, полиция тарапынан тиісті шаралар жүргізіледі. Алайда көп жағдайда отбасының ойрандалмай, тұтастығын сақтау бағытында жұмыстар жүргізілетінін алға тартты.
– Орталық көмегіне кәмелет жасына толмаған жасөспірімдер мен қариялар да жүгініп жатады. Бұған дейін баласынан зәбір көрген 80 жастағы кейуанаға дағдарыс орнының мамандары әлеуметтік және психологиялық кеңес берді. Қазір тағы бір 75 жастағы кейуана орталыққа жеткізіліп, тиісті көмек алуда. Алғашында әже өзінің қызынан қысым көргенім айтып, шағымданып келді. Айтуынша, қызы үйін кепілге қою арқылы несие рәсімдепті. Даудың негізгі себебі осыдан бастау алады. Уақыт өте келе қызы қарт анасына қысым жасап, түрлі қитұрқылыққа жол берген. Отбасында күнде ұрыс-жанжал болып, қария психологиялық күйзеліске тап болыпты. Нәтижесінде, денсаулығы сыр беріп, біздің орталыққа жеткізілді. Өйткені оны қарттар үйіне орналастыруға заң тұрғысынан мүмкін болмады. Жәбір көрген кейуанамен тиісті мамандар жұмыс жүргізді. Бүгінде қызы да қателігін түсініп, татуластыру шаралары қолға алынды. Дәл қазір әжеміз отбасы мүшелерімен байланыс орнату мақсатында үйіне уақытша жіберілді. Алдағы уақытта өз отбасына оралады деген үмітіміз зор, – деп ойын сабақтады орталық директоры.
Орталық басшысы көп жағдайда жаңадан отау құрған отбасыларда бір-бірін түсінбеушілік, зорлық-зомбылық сипатындағы жағдайлар өршіп тұрғанын мәлімдеді. Осы күнге дейін сондай 200-ге жуық адам дағдарыс орнының көмегіне жүгінген. Нақты айтқанда, 63 отбасы, 135 балаға көмек көрсетілген. Оның ішінде тағдыр тауқыметін тартқан нәзікжандылардың 92 пайызы орталықтың көмегімен өз отбасына қайта оралыпты.
Орталықты паналаушылар 6 ай бойына 8 түрлі мемлекеттік әлеуметтік көмек алады. Соның ішінде үш уақыт ыстық тамақпен және медициналық көмекпен қамтамасыз етіледі. Бұл тұрғыда соққыға жығылып, түрлі жарақатпен келетіндерге алғашқы жедел жәрдем көмегі көрсетіледі. Бұған қоса, төсек-жабдықпен, жуынатын орынмен, психологиялық кеңеспен қамтамасыз етіледі. Егер де белгіленген мерзімде мәселесі шешілмесе, құзырлы орындар арқылы қосымша тағы 6 ай жатуға мүмкіндік қарастырылады. Бір сөзбен айтқанда, орталықты паналағандарға үй жағдайында тұрмыс кешуге барлық жағдай жасалған. Сондай-ақ әрбір жәбірленушінің жеке басына қатысты ақпарат құпия сақталады.
Осы орталықты паналаушы жаннның бірі аты-жөнін құпия сақтауды өтінген келіншек алдамшы сезімнің құрбаны болғанын алға тартады. Өзінің жастықтың желігімен ойнап жүріп от басқанын кеш түсініпті. Сүйдім-күйдім деген жігіті аяғы ауыр екенін білген тұста өз жөнімен кеткен. Амалы таусылған қыз осы орталықты паналауға мәжбүр болыпты.
Тағдырдың ауыр соққысын алған ол бұл жерді паналағанына 6 айға жуықтағанын айтады. Орталыққа алғаш келгенінде жаңа туған шақалағы да бүгінде алты айды толтырып, өсіп келеді. Осы уақыт аралығында түрлі медициналық, психологиялық көмек алған жас ана өз болашағын жарқын елестетеді. Алға қойған жоспары ауқымды, мақсаты айқын. Ендігі кезекте баласының болашағы үшін жаңа өмір бастауға бекініп отыр.
Ал зорлық-зомбылықтың құрбаны болған тағы бір келіншек орталыққа жуырда ғана түсіпті. Өзінің айтуынша, танысы пәтерге күштеп кіргізуге бекініп, жаман ойын іске асыруға әрекет жасайды. Келіншек пәтерге кіруге келіспей, қарсылық танытады. Ақыр соңында мұны соққыға жығып, осы орталыққа келуге мәжбүр болады.
– Бойымда әлі күнге дейін қорқыныш сезімі бар. Түнімен шошынып, ұйықтай алмаймын. Орталық мамандары тиісті жұмыстарын жасап жатыр. Медициналық көмек те көрсетілді. Қазір алғаш келген күнге қарағанда әлдеқайда жақсарып келемін. Дағдарыс орталығының жұмысына шексіз ризамын. Қатарлас қыздарға, құрбы-құрдастарыма алдамшы сезімнің жетегіне еріп, жапа шегіп қалмауға кеңес беремін, – дейді жәбірленуші.
Дағдарыс орталығынан осы секілді сан қилы тағдыр иелерін кезіктіресіз. Олардың әрбірі біліп те, білмей де жасаған қателіктері үшін өкінетінін алға тартады. Ең бастысы, орталықтың көмегіне жүгінген әрбір жанның бойынан өткен күндерден сабақ алып, жаңа өмір бастауға деген құлшынысы байқалады.
Ербақыт ЖАЛҒАСБАЙ,
Қызылорда облысы
© коллаж: Елдар ҚАБА